Жазықтар. Жазықтардың пайда болуы және өзгеруі

Құрлықтың көп бөлігін жазықтар алып жатыр.

Жер бетінің аз тілімденген, тегіс немесе белесті болып келген кең алқабын ж а з ы қ деп атайды. Жазықтың жеке бөліктері биіктігі жөнінен бір-бірінен шамалы айырма жасайды.

Көз алдарыңа бірсыдырғы тегіс, ормансыз, шөп өскен даланы елестетіңдер. Мұндай жазықтарда көкжиек жан-жақтың бәріне бірдей ашық және мүлдем түзу сызықпен шектелген. Бұл — т е г і с ж а з ы қ .

Жазықтардың екінші түрі- төбелі жазықтар. Төбелі жазықтардың жер бедері көбінесе күрделі болады. Онда жеке төбелер мен шоқылар, сай мен ойпаңдар кездеседі.

Жазықтардың беті әдетте бір жағына қарай еңіс болып келеді. Өзендердің ағу бағыты да осы еңіске сәйкес келеді. Жазықтың еңістігі план және картадан айқын көрінеді.

Жазықтар адамның шаруашылық әрекетіне қолайлы. Елді мекендердің көбі жазықтарда орналасқан. Тегіс жерлер егін егуге, тас жолдар мен темір жолдарды, өнеркәсіп құрылыстарын салуға қолайлы. Сондықтан адамдар жазықтарды ежелден бері жан-жақты пайдаланып келеді. Қазіргі кезде Жер шарындағы халықтың басым көпшілігі жазықтарда қоныстанған.

Абсолют биіктігіне қарай жазықтарды негізгі үш түрге ажыратады (43-су-рет). Теңіз деңгейінен есептегенде биіктігі 200 м-ден төмен жазық о й п а т деп есептелінеді. Ойпат физикалық картада жасыл бояумен белгіленеді. Ойпаттың теңіз жағасындағы бөлігі кейде теңіз деңгейінен төмен жатады. Оған біздің еліміздің батысындағы Каспий маңы ойпаты мысал бола алады. Жер шарындағы ең үлкен ойпат — Оңтүстік Америкадағы Амазонка ойпаты.

Абсолют биіктігі 200 м-ден 500 м-ге дейінгі жазықтар қ ы р а т жазықтар деп аталады (мысалы, Каспий теңізі мен Арал теңізінің арасындағы Үстірт). Қырат жазықтар физикалық карталарда сарғыш бояумен белгіленеді.

500 м-ден астам биіктіктегі жазықтар таулы үстірттерге жатады. Таулы үстірттер картада қоңырқай сарғыш түспен белгіленеді. Еуразияның солтүстігінде Енисей мен Лена өзендерінің аралығын кеңбайтақ Орта Сібір таулы үстірті алып жатыр. Африканың да көп жері таулы үстірт болып келеді.

Жазықтар шығу тегіне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Бұрын теңіз түбі болып, кейін кетерілудің нәтижесінде пайда болған жазықтарды алғашқы жазықтар деп атайды. Осындай жазыққа Каспий маңы ойпаты жатады.

Жер шарында өзендердің тосқындары мен шегінділерінен пайда болған жазықтар да бар. Мұндай жазықтарды құрайтын қиыршық, құм, саздардан тұратын шөгінді жыныстардың қалыңдығы кейде бірнеше жүз метрге жетеді. Осындай жазықтарға Ұлы Қытай жазығы, Оңтүстік Америкадағы Парана өзенінің бойындағы Ла-Плата, Азиядағы Месопотамия ойпаты жатады.

Сонымен бірге таулардың ұзақ бұзылу үрдісінің нәтижесінде пайда болған жазықтар да кездеседі. Мұндай жазықтар қатпарлануға ұшыраған қатты тау жыныстары қабатынан тұрады.

Сондықтан олар төбелі болып келеді. Төбелі жазықтардың мысалына Шығыс Еуропа мен Сарыарқаның жазықтары жатады.

Кейбір жазықтар лава тасқындарының жер бетіне шығып, жайылып, оның кедір-бұдыр жерлері тегістелуден пайда болады. Осындай жазықтарға Орта Сібір, Батыс Аустралия, Декан үстірттері жатады.

Жазықтарда ішкі күштердің әсерінен баяу тербеліс қозғалыстары байқалады.

Жазықтар сыртқы күштердің әсерінен әр түрлі өзгерістерге ұшырайды.

Физикалық картаға қарасаңдар, өзендер мен олардың салалары жер бетін тілімдеп ағып жатқанын байқайсыңдар. Өзен суы табанын және жағаларын шайып, аңғар жасайды. Жазықтық өзендері жан-жағына бұралаңдап ағатындықтан аса кең аңғарлар түзеді. Неғұрлым еңістігі үлкен болса, соғұрлым өзен жер бетін көбірек жырымдап, өзгертеді.

Жазықтарды көктемде еріген қар суы мен нөсер жаңбырдан пайда болған беткі ағыстар қатты тілімдейді. Уақытша ағыстардың әрекетінің нәтижесінде жыралар мен сайлар түзіледі. Ж ы р а әдетте өсімдігінен айрылған жалаңаш беткейлерді судың жыруынан пайда болады. Жыраның беткейлері тік жарлы, бас жағы тарамдалып келеді. Егер уақытында шара қолданбаса, жыра әрі қарай тарамдалып ұлғая береді де, шаруашылыққа пайдаланатын жерлерді, яғни егістіктің, бау-бақшаның орнын, жолды тілімдеп бүлдіреді, түрлі құрылыстарға залал келтіреді. Оның ұлғаюын тоқтату үшін бас жағына кең, қиыршық тас төгеді, түбіне және беткейлеріне шым төсеп, өсімдік өсуіне жағдай жасайды.

С а й д а — жыра сияқты ұзынша ойыс. Оның жырадан айырмасы беткейлері түйетайлы, табаны мен беткейлері шымды келеді де, шөп және бұта өсімдіктерінің өсуіне қолайлы болады.

Жазықтар жел әрекетінен де көп өзгереді. Жел қатты жыныстарды бөлшектеп, үгінділерін ұшырып әкетіп отырады. Шөлдерде, далаларда, жыртылған жерлерде, теңіз жағаларында желдің әрекеті күшті жүреді.

Теңіздің немесе үлкен көлдің жайдақ жағалауына барып қарасаңдар, толқын айдап шығарып тастаған құм шөгінділердің үйіліп жатқанын көресіндер. Су айдынынан соққан жел құрғақ құмды оңай ұшырып алып кетеді. Құм түйіршіктері алдынан кедергі (бұта, тас, т.с.с.) кездескенге дейін желге ілесіп сырғи береді. Кедергіге жиналған құм бірте-бірте жел жақ беткейі түйетайлы, ық жақ беткейі тік, ұзынша жал тәріздес төбеге айналады. Төбенің төменгі екі жақ шеті ыққа қарай созылып, айшық тәріздес пішінге ие болады. Мұндай құм төбелер ш а ғ ы л деп аталады.

Шағылдың биіктігі жағаға жиналған құмның молдығына және желдің күшіне байланысты 20-30 м-ден 50-100 м-ге дейін барады, кейде одан да асып кетеді.

Жел шағылдың жел жақ беткейіндегі құм түйіршіктерін ұшырып, ық жағына түсіре береді. Соның нәтижесінде шағыл үнемі алға қарай жылжып отырады.

Үлкен шағылдар жылына 1 метрден 20 метрге дейін сырғып, орнын ауыстырады, ал шағын шағылдар қатты дауылдарда тәулігіне 2-3 м-ге дейін сырғиды. Жылжыған шағылдар орманды, егістікті, бақтарды, елді мекендерді басып қалады.

Құмды шөлдерде желдің әрекетінен үйілген, шағылға ұқсас құм төбелерді барқан дейді (44-сурет). Шағылдар теңіз, көл немесе өзен суы әкеліп үйген құмнан түзілсе, барқандар шөлдегі жергілікті тау жыныстарының үгілуінен үйілген құмнан түзіледі. Біздің елімізде барқандар Солтүстік Арал маңында, Қызылқұмда, Каспий маңы ойпатында, Оңтүстік Балқаш маңында таралған. Барқандардың биіктігі әдетте 15-20 м-дей болады, Жер шарындағы аса ірі құмды шөлдерде, мысалы, Сахарада, Орталық Азияда, Аустралияда оның биіктігі100-120м-ге дейін барады.

Шағыл сияқты барқандар да желдің әсерінен жылжып, көшіп отырады. Шағын барқандар жылына 100-200 м-ге, ал ірілері 30-40 м-ге жылжиды. Құмның көшуіне көп жағдайда адамның өзі себепкер болады.