Жер бетінің маңдайындағы жазықтардан оқшау көтеріліп жатқан, қатты тілімделген, беткейлері қия, биік бөліктерін таулар деп атайды.(41,42 суреттер.).
Жер бетінде жеке тұрған таулар өте сирек кездеседі. Әдетте таулар бір-біріне жалғаса, ондаған, кейде тіпті жүздеген километрге дейін созылып жатады. Мұндай жалғаса тізіліп жатқан таулар тау жотасы деп аталады.
Тау жоталары бір-бірінен тау аңғарларымен бөлінеді. Тау жоталары шоғырланып, таулы өлке құрайды.
Сонымен бірге бірнеше тау жоталары келіп түйісетін жерді т а у торабы деп атайды. Олар әдетте шығуға қиын, биік болады. Мысалы, Тянь-Шаньдағы Іле Алатауы мен Күнгей Алатаудың қосылған жері Шелек-Кебін тау торабын құрайды.
Дүние жүзіндегі ең биік тау — Гималай (42-сурет). Оның он бір шыңының биіктігі 8000 м-ден асады. Олардың арасында Жер шарындағы ең биік нүкте — Джомолунгма (Эверест) шыңы (8848 м) бар.
Таулы өлкенің айқын бір мысалы Памир болып табылады. Памирден солтүстікте Тянь-Шанъ таулары жатыр. Оның ен биік нүктесі — Жеңіс шыңы (7439 м). Еуропаны Азиядан бөліп тұратын Орал таулары онша биік болмағанымен, ұзындығы екі жарым мың километрге жетеді.
Таулардың биіктігіне қарай бөлінуі. Таулар биіктігіне қарай аласа, орташа биік және биік болып бөлінеді. Аласа таулар деп биіктігі 400 м-ден 1000 м-ге дейінгі тауларды айтады. Қазақстанның орталық бөлігіндегі Сарыарқаның таулары — аласа таулар. О р т а ша биік тауларға биіктігі 1000 м-ден 2000 м-ге дейін баратын таулар жатады. Оның мысалы — Қырым, Карпат таулары.
Биіктігі 2000 м-ден асатын тауларды биік таулар деп айтады. Мұндай тауларға Кавказ, Алтай, Тянъ-Шанъ, Жоңғар Алатауы жатады.
Таулар физикалық картада қоңыр бояумен бейнеленеді. Тау биіктеген сайын, оның бояуы да қара қоңырлана береді. Карта бойынша таулардың биіктігін биіктік шкаласының кемегімен анықтауға болады. Мысалы, жарты шарлар картасының биіктік шкаласын пайдаланып, Гималай таулары мен Кордилъер тауларының биіктігі 5000 м-ден астам екенін, ал Қазақстандағы Мұғалжар тауларының абсолюттік биіктігі 500-600 м екендігін білуге болады. Таулардың жеке шыңдарының биіктігі картада цифрлармен өте дәл белгіленеді. Мысалы, Тянь-Шаньдағы Хантәңірі шыңы (41-сурет) — 6995 м немесе Сауыр тауларының ең биік жері -Мұзтау 3816 м.
Ең алдымен тауды картадан тауып алады. Градус торын пайдалана отырып, шамамен оның географиялық координаталарын анықтайды. Содан кейін олардың созылу бағытын және ұзындығын белгілейді. Сонымен бірге таудың басқа обьектілерге қатысты, мысалы, көлге, өзенге, қалаларға байланысты қалай орналасқанын айқындайды.