ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН – АҒАРТУШЫЖӘНЕҚАЗАҚСТАНДА ХАЛЫҚҚА БІЛІМ БЕРУ ІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

Ыбырай Алтынсарин – аса көрнекті педагог-ағартушы, энтузиаст, ақын, фольклоршы, этнограф, қазақ балаларына арналған қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтардың авторы. Өзінің барлық күш-жігері мен талантын қазақ халқының санасын серпілтіп, оқу-ағартуға арнаған кемеңгер ойшыл. Ол Торғай өлкесінде жеті зайырлы мектеп ашты.

1850 жылы Орынборда патша әкімшілігі үшін орыс тілінде іс жүргізетін сауатты қызметшілер даярлау мақсатында қазақ балаларына арналған алғашқы мектептердің бірі ашылғанда атасы Ыбырайды оқуға береді. Табиғатынан зерек Ыбырай табандылық танытады. 1857 жылы ол мектепті табысты аяқтап, Орынбор шекара маңы комиссиясында үш жылға жуық кеңсе хатшысы қызметін атқарды. Бұл жерде де ол өзінің білімін жетілдіруді тоқтатқан жоқ, халқының тарихына, әдебиетіне үңілді, шығыстың, батыс еуропаның, орыстың әдебиетін, ғылымы мен көркем әдебиетін, мәдениетін зерделеуді жалғастыра берді.

Ы. Алтынсариннің бойында туған халқыма пайдамды тигізсем деген ұмтылыс басым болатын. Ол ұрпақ тәрбиелеп, педагогикалық қызметпен шұғылдануды армандады, бұл істі өзінің өмірлік мақсаты деп білді. 1860 жылы ол Орынбордан Торғай қаласына ауысып, туған халқына жақындай түсті, алайда Ы.Алтынсарин бұл жерде де өзінің сүйген ісімен алаңсыз айналыса алған жоқ. Оны біресе судьяның көмекшісі, енді бірде бастықтың орынбасары етіп тағайындаған патшалық биліктің жергілікті өкілдері шәкірт оқытумен шұғылдануға мүмкіндік бермеді. Тек 1865 жылы ғана ол педагогикалық қызметке біржолата бет бұрды. Одан әрі 20 жылға жуық өмірін халық ағарту жүйесінде басшы лауазымдарда адал қызметімен жалғастырды. Торғай уезінде халық ағарту инспекторы болғанда ол асқан ұйымдастырушылық шеберлігімен көзге түсіп, талантты педагог, жазушы-ағартушы, жұртшылық мойындаған ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Ы.Алтынсарин балаларға білім беріп, сауатын ашуды оқыған адамның қасиетті парызы деп санады.

Ы.Алтынсарин өзінің алдына Қазақстанда ағартушылықтың асыл мұраттарын халықтың қалың бұқарасына жеткізе алатын оқыған адамдарды даярлау мақсатын қойды. Ал осындай деңгейдегі кадрларды зайырлы халық мектептері арқылы ғана даярлау мүмкін еді [1].

Ы.Алтынсариннің бастамашылығымен және өзінің тікелей қатысуымен Қазақстанда халықтық зайырлы мектептер жүйесін құруы оның тарихтағы алатын жоғары орнын айқындап берді.

Қолөнер, ауылшаруашылығы мектептерін ұйымдастыру Ы.Алтынсариннің қызметінің жарқын бағыттарының бірі болып табылады. Ағартушы көпбейінді мектептердің жұмысын жолға қоюға мән берді, ал өзіне тиесілі жерді Торғай ауылшаруашылығы мектебіне пайдалануға беру туралы өсиет қалдырды.

Оның балаларды өз халқына пайдалы болу үшін және ауылшаруашалығының, өнеркәсіптің жетістіктеріне тарту үшін оқытуға ұмтылысы екі жақтан қарсылыққа тап болды. Отарлау саясатын жүргізген патша әкімшілігі жергілікті халықтың арасынан шыққан кеңсе хатшысы, аудармашы, іс қағаздарын орыс тілінде жүргізуге қабілетті шенеуніктердің төменгі буынын даярлауға ғана мүдделі болатын. Сондықтан олар Ыбырайға қарсы да болған жоқ, ешқандай қолдау да көрсетпеді. Екінші жағынан, жергілікті дін өкілдері жаңа өзгерістерге қарсы шықты. Қазақтың феодалдары үшін мал шаруашылығына негізделен тұрмыстық салт өмір мұраты болып табылатын. Сондықтан шаруашылық саласындағы қандай да бір жаңалық оларға қазақтың көшпелі өмір салтына жасалған қастандық болып көрінетін. Бұдан басқа, экономикасы артта қалған Қазақстан жағдайында шаруашылық жүргізудің прогресшіл түрлеріне көшудің өзі өте қиын еді, өйткені Қазақстан экономикасының қойнауында капитализм элементтері жаңа ғана пайда бола бастаған еді. Осыған қарамастан, педагогтың бастамашылығымен негізі қаланған кәсіптік мектептердің прогресшіл мәні болды [2].

Ұстаз ауылдарды жиі аралап, жергілікті халыққа зайырлы білімнің пайдасын түсіндірумен болды, мектеп салу үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. Қазақтардан қаражат жинап, бірден мектеп құрылысын салуға кірісті. 1864 жылы қаңтардың 8-інде мектептің ашылу салтанаты болды. Мектепке 16 бала қабылданды, оның жанынан интернат ашылды.

Ыбырай Алтынсарин өлкеде әйелдерге білім берудің негізін қалады. Ол Ырғыз қаласында қазақ қыздарына арналған мектеп-интернат ашты. Оның бастамашылығымен қазақ балаларына арналған 7 бастауыш мектеп, 4 екісыныптық училище ашылып жұмыс істеді.

Ағартушы сондай-ақ, бастауыш мектептерге арнап мұғалімдер даярлайтын оқу орындарын ұйымдастырумен де айналысты, себебі мектептерде білім берудің сәл де болса кеңейе түсуі және қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-салтындағы оң өзгерістер осы саланың мамандарын даярлау қажеттілігінің мәселелерін шешеуді талап етті. 1879жылы құрылған Түркістан мұғалімдер семинариясы және Орынбор қазақ мұғалімдер мектебі (1883 жыл) алғашқы кәсіби оқу орындары болатын.

Ыбырай Алтынсарин зайырлы халық мектептерін ашумен шектелмей, оқу және әдістемелік құралдар жазды. Педагог-жазушы орыс-қазақ мектептеріне арнап екі оқу құралын жазды, оның бірі, «Қырғыз хрестоматиясы» және екіншісі «Қырғыздарды орыс тіліне үйрету жөніндегі негізгі нұсқаулық» олар орыс тілінде оқып жүрген қазақ балаларына арналған. Білімге құштарлық, туған халқына пайдасын тигізуге жігерлі ұмтылыс — Ыбырай Алтынсариннің өмірлік мақсат-мұраты болды. Ол қазақ және орыс халықтарының достығын жақтады, орыс педагогтары мен жазушыларының тәжірибелерін кеңінен қолданды.

Халық ағартушысы баспадан шығарған кітаптарда орыс графикасы негізінде жасалған жаңа қазақ алфавиті пайдаланылды. «Қырғыз хрестоматиясына» кіріспе мақаласында автор былай жазады: «…азия тілдерінің ешқайсысында да жалпы мазмұндағы кітаптарды мүлде жоқ десе де болады, біз осыған ұқсас нұсқаулықты өзімізге жақын орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық. Сондықтан да біз осы хрестоматияны ол өзінің мақсатына тікелей сай болуы, яғни барынша ғылыми және жалпыға бірдей пайдалы кітаптарға тікелей жол сілтеу қызметін атқаруы, соңғысына мазмұнымен де, алфавитімен де қайшы келмуі үшін орыс әріптерімен жазған барынша ыңғайлы деп ойладық» [3].

Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық қызметінде балаларды тәрбиелеу мен оқытудың алатын орны ерекше. Ол мектептердегі барлық оқыту және тәрбие үдерісіндегі басты қозғаушы күш ретіндегі мұғалімнің атқаратын рөліне үлкен мән берді. «Халық мектептері үшін, — деп жазды ол, – мұғалім бәрін қамтиды: тамаша жазылған педагогикалық нұсқаулықтарды да,… егжей-тегжейлі инспекторлық бақылауды да онымен салыстыруға келмейді».

Ол мұғалімдер өздерінің шәкірттерін жақсы көруі керек және оқушылар мен олардың ата-аналары да оларды жақсы көруі тиіс деп санады. Оның пікірі бойынша, тек сонда ғана тәрбие мен білім берудің алдында тұрған мақсаттарға қол жеткізуге болады.

Алтынсарин шәкірттердің адамгершілік тәрбиесіне баса мән берді және кедейлердің балаларын, қазақтың қыздарын оқытуға ерекше көңіл бөлді. Ол шәкірттердің бойында адамгершілік, еңбекке адалдық, Отан сүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға күш салды. «Олар кейіннен парақор болып шықпас үшін, -деп жазады ол, — олардың адамгершілік сезімдерін оятуға барлық күш-жігерімді жұмсаудамын» [1].

Білім беру және тәрбие мәселесін жан-жақты қамтуға ұмтылысымен Ыбырай Алтынсарин жаңаша оқыту мен тәрбиелеудің көшбасшысы, Қазақстандағы прогресшіл педагогикалық ақыл-ойдың негізін қалаушы деген атаққа лайық. Халық ағарту саласындағы оның сіңірген еңбегін замандастары жоғары бағалады.

Өзінің ақындық шығармашылығында педагог-ағартушы халықтың сауатын ашып, білім беру мәселелерін бірінші орынға қойды, жастарды білім алуға үндеумен болды. Ыбырай Алтынсариннің заманында білім алудың қажеттілігін дәлелдеу керек болатын. Мектепті ашу қаншалықты қиын болса, шәкірттеді жинау да соншалықты қиын блатын. Педагог Алтынсарин балаларға арнап, оларды оқып білім алуға шақырған өлеңдер жазды. Сол өлеңдердің ішіндегі ең танымалы — «Кел, балалар, оқылық!», онда ғылым мен білімнің адам өміріндегі пайдасы туралы айтылады.

«Өнер-білім бар жұрттар…» деп басталатын өлеңінде ақын қазақтарды өркениетті халықтар қатарына алып шығатын білім үшін күресу қажеттігі туралы ойды оқырманға жеткізуге күш салған.

Қоғамдық-ағарту тақырыбындағы өлеңдермен қатар, Алтынсариннің ақындық шығармашылығында ауыл өміріндегі әлеуметтік теңсіздік ашып көрсетілетін, байлардың сараңдығы мен қатыгездігі сын тезіне алынған шығармалары да бар. Сорлы халық бас көтермей бүкшеңдеп жұмыс істейді, тақта отырған хан олардың үстінен билігін жүргізеді, кедейлерді аяусыз қанап, тонайды, байлардан сый-сияпатын аямайды.

Алтынсарин туған табиғаттың көрінісін асқан шеберлікпен суреттеген. Табиғаттың өзіндік үйлесіміне, бояулары мен дыбыстарының нақышына таңдай қаға таңырқамаған бірде бір шынайы ақын болмаған шығар. «Табиғатқа тәнті болу жаңа дами бастаған рухтың бастапқы сәті. Әр адам оның ойын ғажайып түрімен, бояуымен, дыбысымен…жаулап алған құбылыстан бастайды», — деп жазған В. Г. Белинский.

Ақын-Алтынсарин дала табиғатымен тонның ішкі бауындай етене жақын. Ал көктемгі дала келбеті оны ерекше толғандырады. «Көктем» деген өлеңінде табиғат көріністері мен халық тұрмысының көріністері ажырағысыз жымдасып жатыр. «Құтты жерден» нәр алып құлпырған, «ұшы-қиыры жоқ кеңістік мөп-мөлдір шықтың жылуынан бусанып, жұпар иісті көк майсамен көмкерілгендегі» «көгілдір көкжиектегі» сайын дала көрінісі мәңгі жасай беретін тіршіліктің көктеммен қуанышты қауышу сәтінің сырлы сипатарымен толыға түскен.

Құландар, сайғақтар — бойлай өскен шөптерге риза болып дала төсін дүбірге толтырып ойнақ салады. Жарқыраған айна көлдер аққу-қаздардың қаңқылына толады. Ал ақшаңқан күн сәулесі көзге шаншылған сәтте алыс көкжиектен сәулелі көгілдір сағым қол бұлғайды.

Көктем өзімен бірге қуанышын ала келеді. Суреткердің қырағы көзі «көк масаты үстінде» асыр салған балаларды да, жолға бет түзеген көшті де, «әзіл-қалжыңы жарасқан» әйелдерді де, таң алдында қимай айырылсқан ғашықтарды да қалт жібермеген.

Сонымен бірге Ыбырай Алтынсарин табиғатты сұлу суреттей білген сырттай бақылаушы ғана болып қалған жоқ. Ол өмірдің мәніне, оның мәңгі жаңаруына терең үңіле білген философ-ақын. Ақын үшін табиғат — ұлы емші, ол өмірге тыныштық орнатады. Ақын өмірді қуанышпен қабылдайды, оның парасатты және тамаша екендігіне құлай сенеді. Осыны «Көктем» өлеңінен ғана емес, оның тағы да бір атақты «Өзен» өлеңінен де сезуге болады. Бір қырынан алып қарағанда, бұл жағасында көк шалғыны жайқалған, мал жайылған, ал мөлдір тұнығында балығы шоршыған өзеннің нақты бейнесі, ал екінші қырынан алып қарағанда ол — толассыз аққан өмірдің нышаны: Қаншама табын түссе де тұнығы лайланбайтын, жолын ештеңе де бөгей алмайтын тасқынды өзен бұл!

Әсем көріністің нақты суреттелуі, табиғаттың тебіреніспен сипатталуы, оның адамның ақыл-ойы, өмірі мен қам-қарекетіне астасып сезіміне әсер етуі автордың болмысты шынайы бейнелей білуін көрсетеді.

Ыбырай Алтынсарин өлеңнен басқа, әңгімелер де жазды, онда автордың демократиялық, гуманистік, ағартушылық идеялары көрініс тапқан. Онда әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда қазақ өмірінің XIX ғасырдың 60-70 жылдардағы тұрмысы мен әдет-ғұрпының көріністері суреттелген.

«Бай баласы мен кедей баласы», «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй және ағаш үй», «Надандық», «Өтіріктің зияны» және басқа да әңгімелерінде қоғамдық өмірдің: әлеуметтік теңсіздік, отырықшы тұрмыстың артықшылықтары, надандықтың кесірі, білім мен ғылымның пайдасы сияқты және басқа да маңызды мәселелер көтерілген.

«Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінде көшіп кеткен ескі жұртта қалған құрдас екі баланың көшіп кеткен ауылды қалай іздегені баяндалған. Олардың басынан кешкен оқиғаларды әңгімелей отырып автор екі баланың олардың әлеуметтік жағдайымен, өмір салтымен, тәрбиесімен, дағдылары және әдеттерімен шартты байланыстағы мінез-қылықтарын ашып көрсетеді.

Әңгіменің мәні — екі мінез-құлықты, екі әлеуметтік тұрпатты қарсы қою. Үсен — кедейдің баласы, ол еңбексүйгіш, оның бойындағы барлық қасиеттер осымен айқындалады. Өмірдің кез келген қиындықтарын еңсеруге қабілетті нағыз адамды еңбек қана тәрбиелей алады, ал думанды өмір — барлық кеселдің басы.

«Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінің педагогикалық мақсаты бар: ол үйретеді және жол сілтейді. Алтынсарин күрделілендіруді емес, мінездердің айқындығы мен қарапайымдылығына ұмтылады. Бұл мінездер ойдан шығарылған емес, олар өмірдің өзінен алынған. Өмірден ойып алған дәлдігі, дидактикалық қорытындысының жеңілдігі — осының бәрі «Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінің қазақ шәкірттерінің ғана емес, орыс оқырмандары арасында да кеңінен танылуына жол ашты. 1890 жылы «Родник» журналында әңгіме орыс тіліне аударылып басылды.

70-жылдары жазылып, «Қырғыз хрестоматиясында» жарияланған «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесі де Ыбырай Алтынсариннің дүниетанымын, демократиялық және гуманистік көзқарасын түсінуде маңызды болып табылады. Даладағы көне феодалдық құрылыстың іргесі шайқала бастаған 70-жылдары қазақ кедейлері отырықшылыққа көшіп, диханшылықпен шұғылдана бастайды. Алтынсарин оларды қолдайды. «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде еңбекқор Сейітқұл байларды жек көреді, олардан құтылудың амалын іздейді. Ол өзінің кедей-кепшік туыстарымен өзен бойын қоныстап, егіншілікпен айналыса бастайды. Алтынсарин егіншілердің бірлескен еңбегін жылы суреттейді, кедейлер одағының қалай нығая түскенін, бірте бірте басқаларды да өзіне тарта бастағанын көрсетеді: «…көшпелі кедейлер Сейітқұлға келіп қосылды. Бес-алты жыл өткенде ол басқаратын шаруашылықтардың саны төрт жүзге дейін жетті». Сейітқұл мен оның достарының табысын автор олардың ізденгіштігімен, олардың егіншілік пен саудаға үйренуімен түсіндіреді. «Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесіндегі сияқты Алтынсарин еңбексүйгіштікті дәріптейді — еңбек адамы ешқашан далада қалмайды, ырыс оны өзі іздеп табады.

«Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде Алтынсарин өзінің сүйікті тәсілі — антитезаны қолданады. Еңбекқор Сейітқұлға ұрлықпен, жұрттың малын тонаумен баюға жанталасқан ағасы қарама-қарсы қойылған. Ақыр аяғында оның ажалы кісіден болады. Жазушы зорлықпен, арамдықпен жиналған байлықтың берекесі болмайды деген ойды шегелеп айтады.

Көшпелі ел ғасырлар бойы бағып өсірген малын байлығым деп санаған. Ал ешқашан сарқылмайтын нағыз байлық ол — білім. Алтынсарин жастардың көзін осыған жеткізгісі келеді, оларды сендіруге ұмтылады. Тек білім ғана адамды құдыретті әрі бақытты ете алуы мүмкін.

Қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған тарихи қайраткерлердің арасында Ыбырай Алтынсариннің есімі құрметті орында тұр. Көрнекті ағартушы-педагог, ірі жазушы, талантты ақын өзінің саналы ғұмырының бәрін туған халқының бақыты жолындағы күреске арнады.

Ыбырай Алтынсариннің барлық сан қырлы шығармашылық және қоғамдық қызметінің ең басты міндеті қазақ халқын прогресшіл әлемдік мәдениетке жақындата түсуге, халықтар арасындағы достықты нығайтуға арналған.