География ғылымы және оның салалары. Физикалық география. Сендер биылғы оқу жылынан бастап география пәнін оқып үйренуге кірісесіңдер География — ең ежелгі ғылымдардың бірі. Грек тілінде гео — жер, графо_- жазу. Сонымен «география» сөзі «жерді сипаттап жазу» дегенді білдіреді. Ол бүкіл Жер бетінің және оның жеке бөліктерінің табиғат жағдайларын, халқының шаруашылығы мен әлеуметтік тұрмысын зерттейді.
География негізінен физикалық география және экономикалық география болып екіге бөлінеді.
Физикалық география (грекше физис — табиғат) табиғат денелері мен құбылыстарының Жер бетінде таралу заңдылықтарын зерттейді. Географияның бұл саласы табиғаттың құрамдас бөліктерінің (жер бедері, ауа райы, жер беті суы, топырақ өсімдік және жануарлар) бір-бірімен өзара байланысын, бір-біріне тигізетін әсерін, соның негізінде олардың аумақ бойынша сараланып таралуын анықтауды мақсат етіп қояды.
Экономикалық география (грекше экономия — шаруашылық басқару) өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын көлік пен байланыс құрал-жабдықтарын, халықтың аумақ бойынша таралуын қарастырады, табиғат жағдайлары мен табиғат байлықтарына шаруашылық тұрғыдан баға береді. Экономикалық және әлеуметтік география пәндерін сендер жоғарғы сыныптарда оқисыңдар.
Өз кезегінде физикалық география жалпы және аймақтық салалардан тұрады.
Жалпы физикалық география жер беті табиғатының бүкіл Жер шарына тән жалпы заңдылықтарын зерттеумен айналысады. Ал аймақтық физикалық география жер беті табиғатын жеке бөліктерге (материктерге, материк бөліктеріне, елдерге) бөліп қарастырады.
Адам табиғат аясында өмір сүреді, оның байлықтарын пайдаланады. Бұл жағдай табиғатты, шаруашылықты, адам қоғамы мен қоршаған ортаны біртүтас зерттеудің қажет екендігін көрсетеді. Осыдан келіп, жер бетінің табиғатын зерттейтін физикалық география мен халықты және оның шаруашылық салаларын зерттейтін — экономикалық географияның біртұтастығы шығады.
Географияның алдына қойған ғылыми мақсаттарының тарихи кезеңдерде өзгеруі. География ғылым ретінде ежелгі Грекияда туған. Біздің заманымыздан бұрынғы III ғасырда өмір сүрген грек ғалымы Эратосфен өзінің Жерді сипаттауға арналған еңбегін «География» деп атаған.
Ұзақ уақыт бойы география жаңа жерлерді ашып, сипаттаумен ғана айналысатын ғылым деп есептеліп келді. XIX ғасырдың басында бүкіл Жер шарында ашылмаған, белгісіз жер қалған жоқ. Соған орай географияның міндеті де өзгерді. Ендігі жерде ол Жер бетіндегі денелер мен құбылыстардың таралуын сипаттап қана қоймай, олардың себебін де түсіндіретін ғылымға айналды.
Қазіргі заманда адамдардың айнала қоршаған ортаға өсері тез ұлғайып, бүкіл Жер шарын қамтыды. Адам іс-әрекетінің әсерінен жер бедері, климат жағдайлары өзгеруде. Бір жерлерде қолдан орасан зор бөгендер жасалып жатса, оған керісінше басқа бір өңірлерде көлемді су алаптары жойылуда (мысалы, Арал теңізі). Жер қыртысынан миллиондаған тонна тау жыныстары қопарылып, топырақ құрамы азып-тозуда. Өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрлері құрып кетудің аз-ақ алдында тұр, т.б. Осындай жағдайлар география ғылымының алдына табиғатты қорғау және оны тиімді пайдалану шараларын жүзеге асыру міндетін қойып отыр.
Адамның шаруашылық әрекетінің мықтап өркендеуі табиғатта болуы мүмкін өзгерістерді алдын ала болжау қажеттігін тудырады. Мысалы, ірі су электр станциясын салуға байланысты сол төңіректің табиғаты қай бағытта өзгереді, ол өзгерістердің тиімді және тиімсіз жақтары қандай болмақ деген мәселелер туады. Оган физикалық география мамандары зерттеу жүргізіп, алдын ала болжам жасайды.
География ғылымы өнеркөсіп пен ауыл шаруашылығы салаларын тиімді орналастыруға, т.б. жобалау жұмыстарына да өз үлесін қосады.
Бұл оқулық физикалық география ғылымының жалпы мәселелеріне арналған. Онда Жер табиғатының бүкіл планетаға тән жалпылама заңдылықтары қарастырылады. Атап айтқанда, Жердің Күн жүйесіндегі орны, пішіні мен мөлшері, жер бетінің план мен картада бейнеленуі, Жер қабықтары және олардың өзара әрекеттестігі туралы ұғым беріледі.