Жер қабықтары. Жердің ғарыштан түсірілген суретіне қарасақ, оның шар тәріздес екендігін айқын көреміз Шардың беті буалдыр, көп жерін ақ шарбы жауып жатыр. Жер шарын ауа қабығы қоршағандықтан ол буалдырланып көрінеді. Ал ақ шарбы — ондағы бұлттардың көрінісі. Ауа Жершарын қалың қабат түрінде ең сыртынан қоршап тұрады. Оны атмосфера деп атайды (грекше атмос — бу, сфера — шар). Ауа Жерді үздіксіз, біртұтас қабық түрінде қоршап жатыр.
Ғарыштан қараған адам жер бетінің көбін су алып жатқанын байқайды. Шынында да судың үлесіне жер бетінің жалпы көлемінің 2/3-сі тиеді. Ауа сияқты су да жер бетін біртұтас жауып жатады. Оны гидросфера (грекше гидро- су), яғни Жердің су қабығы деп атайды.
Гидросфераның басым көпшілік белігін мұхиттар мен теңіздер құрайды. Сонымен қатар оның құрамына өзендер, көлдер, жер асты сулары, батпақтар, мұздықтар кіреді.
Жерде тіршілік ететін микроскоптық бактериялардан бастап адамға дейінгі — түрлі организмдер Жердің айрықша қабығы — биосфераға жатады (грекше био — тіршілік). Ол атмосфера мен гидросфера сияқты оқшау қабық құрамайды. Тіршілік ауада, суда және Жердің беткі қатты қабығында таралған.
Адам Жердің сыртқы қабықтары атмосфера, гидросфера және биосфераны тікелей зерттей алады. Ал Жер қабатының өзін мардымсыз, аз тереңдікке дейін ғана тікелей бақылай алады. Ең терең деген скважинаның өзі өзірге 15 км тереңдікке дейін ғана жеткен. Мұнан әрі қарай Жердің терең қабаттары кандай жыныстардан тұрады, олар қандай күйде деген сұрақтарға тек қосалқы белгілер бойынша, болжамды түрде ғана жауап беруге болады.
Мәселен, жанартау атқылағанда Жердің терең қойнауынан түрлі жыныстар сыртқа шығады. Олар Жердің тереңірек қабаттарын құрайтын жыныстар туралы мәлімет береді. Жердің ішкі құрылысын анықтауда, әсіресе жер сілкіну толқындарының таралуын бақылаудың маңызы өте зор. Жер сілкінгенде пайда болатын толқындар Жердің ішкі құрылысынын ерекшеліктеріне қарай белгілі бір тереңдіктерде таралу жылдамдығын өзгертетіндігі анықталған. Ғалымдар мұндай толқындардың таралуын қолдан жарылыс жасап та бақылайды. Соның нәтижесінде Жер шарының ішкі құрылысы 3 қабаттан тұратындығы анықталған.
Жердің ең сыртқы қабаты Ж е рқ ы р т ы с ы деп аталады. Оның төменгі шегі құрлық пен мұхиттардың астында әр түрлі тереңдікте жатады. Жер қыртысы құрлықтың астында қалың. Ондағы жазықтарда 30-40 км, таулардың астында 70-80 км-ге дейін барады. Ол мұхиттардың астында құрлыққа қарағанда орта есеппен 5-6 есе жұқа, яғни қалыңдығы 10 км-дей ғана қабат құрайды.
Жер қыртысынан әрі шамамен 2900 км тереңдікке дейін м а н т и я орналасқан (латынша мантия — шапан, жамылғы). Жер қыртысы және мантияның жоғарғы кристалдық тау жыныстарынан тұратын қабаты литосфера деп аталады (латынша литос- тас).
Ғалымдар температура мантияның жоғарғы жағында +100-150°С-тан төменгі шекарасында +3800°С-қа дейін баратын болу керек деп болжайды. Сондықтан литосфераның астыңғы қабатындағы тау жыныстары қоймалжың затқа айналады.
Жердің ең орталық өзегін я д р о алып жатады. Оның радиусы 3500 км шамасында. Ядро темір мен никельден тұрады. Ол сыртқы және ішкі ядроға бөлінеді. Сыртқы ядро балқыған күйде, ал ішкі ядро қатты заттан тұратын болуы керек.