Антарктида. Материк табиғатындағы ерекшеліктер. Географиялық орны. Ашылу және зерттелу тарихы

Жер көлемі және шельфтер – 13975 км2.

Аралдар ауданы – 90000 км2.

Мұздықтық шельф ауданы – 930000 км2.

Ең солтүстік нүктесі –Антарктика түбегі (63° 14° о.е., 57° 1Г б.б.).

Ең ірі аралдары (км2): Кергелен – 7000,

Оңтүстік Шотланд – 4300,

Оңтүстік Георгия – 4200.

Ең биік нүктелері (м):

Винсон тауы – 5140,

Джексон – 4191,

Минто – 4163,

Мензис – 3355,

Эребус жанартауы – 3794.

Ең төмен жері (м): Бентли ойысы —2555.

Еңтөмен температура ( – 89,2°С) Восток станциясында тіркелген.

Антрактида -Жер шарының оңтүстік поляр аймағы болып табылатын Антрактиканың орталығында орналасқан бірден-бір материктің солтүстік поляр аймағына қарама – қарсы орнын дәл бейнелейді. Материк ауданы 12,4 млн. км, — ге жуықтайды.

Антрактиданың географиялық орнына байланысты мынадай табиғат ерекшеліктері бар:

Жерінің 99%-ын қалың мұз жауып жатыр, мұздың орташа қалыңдығы 1720 м-ге жуық, ең калың жері 4300 м (Шмидт жазығы);

Антарктида — Жер шарындағы ең биік материк, оның мұз жамылғысымен қоса есептегендегі орташа биіктігі 2040 м;

Материктегі мұздың жалпы көлемі 24 млн. км3, бұл дүние жүзіндегі тұщы су қорының 80%-ын құрайды;

Антарктида — Жер шарының суықтық полюсі, мұнда 1983 жылы ғаламшарымыздағы ең төмен температура (-89,2°С) тіркелген;

Материктің ең биік нүктесі биіктігі 5140 м болатын Винсонтауы, ал теңіз деңгейінен ең төмен жатқан жері — Бентлиойысы{- 2555 м);

Антарктидада сөнбеген жанартаулар бар, олардың ең ірісі Эребус жанартауы (3794 м);

Оңтүстік полюс үстінде таңның атуы мен күннің батуын жылына біррет қана байқауға болады.

Географиялық орны. Ежелгі Гондвана материгінің құрамында бірге болғанына қарамастан, Антарктиданың қазіргі табиғат жағдайлары оңтүстік жарты шардың басқа материктеріне ұқсамайды. Ол айырмашылықтар материктің оңтүстік поляр аймағындағы орнымен байланысты түсіндіріледі. Антарктида басқа материктерден алшақ орналасқан, олардан орасан зор мұхит айдындары арқылы бөлініп жатыр. Антарктида жағалауындағы өте салқын мұхит сулары материкті айнала қозғалатын Батыс желдерінің шеңберлік ағыс жүйесін құрайды (картадан қараңдар). Антарктикаға жалғас жатқан Тынық, Атлант және Үнді мұхиттары суларының шеткі бөліктері негізгі мұхит айдындарынан осы шеңберлік суық ағыс арқылы бөлініп жатыр. Сондықтан мұндағы судың беткі температурасы мен тұздылығы, тіршілік дүниесі құрамы жағынан аталған мұхиттардан үлкен айырмашылық жасайды. Сондықтан Антарктида жағалауындағы мұхит сулары шартты түрде Оңтүстік мұхит деп аталады. Материк пен оның жағалауындағы теңіздер табанына дейін қалың қайраңдық мұздықтармен құрсалған.

Қайраңдық мұздықтардың ең үлкен белігі Уэдделл және Росс теңіздерінде жатыр. Антарктида жағалауын бойлай жіңішке материктік қайраң созылып жатыр. Қалың мұз жамылғысы әсерінен жер қыртысы қатты майысқан, қайраңдардың тереңдігі 500 метрге жетеді. Антарктида жағалаулары биік, тік мұзды жарлардан тұрады, онша тілімденбеген. Мұнда бір ғана Антарктида түбегі орналасқан. Материк пен оған жалғас жатқан үш мұхиттың шеткі сулары аралдарымен қоса Антарктиканың құрамына кіреді (қартадан қараңдар).

Ашылу және зерттелу тарихы. Антарктида — ең соңғы ашылған материк. Белгісіз оңтүстік жердің бар екендігі туралы мәліметтер ертеден-ақ белгілі болған. Дегенмен еуропалық теңізшілердің осы бағытта жасаған көптеген саяхаттары сәтсіздіктерге ұшырап, мақсатына жетпеген. 1772-1775 жылдар аралығында ағылшын теңізшісі Джеймс Кук оңтүстік материкті іздеп, саяхатқа шыққан. Оңтүстік поляр шеңберін үш рет кесіп өткен Дж. Кук Антарктида жағалауына біршама жақындап барған, бірақ қалың мұздан әрі өте алмай кері қайтқан. Нәтижесінде ғалым егер материк табыла қалса, тек полюстің маңында ғана болуы мүмкін деген қорытынды жасаған. Куктың тұжырымдамаларынан кейін ұзақ уақыт оңтүстік материкті іздеуге ешкім әрекет жасаған жоқ.

Антарктиданың ашылуы мен зерттелуінде Ресей ғалымдарының үлесі зор. 1819-1821 жылдары Ф. Ф. Веллинсгаузен мен М. П. Лазарев басқарған «Восток» және «Мирный» желкенді кемелерімен саяхатқа шыққан орыс экспедициясы Антарктида материгі жағалауына бес рет жақындап барып, көптеген аралдарды ашты. Экспедиция материк жағалауына тұңғыш рет тоқтаған 1820 жылдың 28 қаңтары Антарктиданың ашылған күні болып табылады.

Материктің орталық бөлігіндегі оңтүстік полюске норвег Руаль Атундсен 1911 жылы 14 желтоқсанда, ал ағылшын Роберт Скотт бір айдан кейін, 1912 жылдың 18 қаңтарында жетті. Бұл география тарихындағы ең үлкен жаңалық болып саналады. Саяхат барысында ғалымдар Антарктида материгінің орталық бөлігінің табиғаты туралы көптеген құнды мәліметтер жинақтады. Антарктиданың қатал табиғаты жағдайында полюске жету мен кері қайту саяхатшыларға оңайға түскен жоқ. Ит жеккен шанамен жүргенР. Амундсен экспедициясы 99 күннен кейін аман-сау қайта оралды. Ал Р.Скотт пен оның серіктері моторлы шанамен шыққандықтан қайтар жолда қайғылы қазаға ұшырады.

XX ғасырдың бірінші жартысында АҚІП, Ұлыбритания, Аустралия, Норвегия және басқа көптеген елдер Антарктиданы зертеу үшін арнаулы экспедициялар ұйымдастырды. Ол зерттеулер тек жағалаулармен ғана шектеліп отырды, ал материктің ішкі аудандары беймәлім қалпында қалып қойды. Жүйелі зерттеулер Халықаралық геофизикалық жыл (1957-1958 жылдар) бағдарламасы негізінде Ресей мен 11 ел материк пен оның жағалауындағы аралдарда 57 база құрып, бірлесе жүргізуінен басталды. Әр ел ғалымдарының басшылығымен ұйымдастырылған экспедициялар материкті бірнеше рет кесіп өтіп, Оңтүстік полюс пен геомагниттік, «Аяқ жетпес» полюстерге жорықтар жасады, тұрақты зерттеулер мен байқаулар жүргізді. Қатал климат жағдайында зерттеушілер бір жылдан артық жұмыс жасай алмайды. Соңғы жылдары Антарктидада жүзден астам ғылыми-зерттеу орталықтарында 16 елдің зерттеушілері өзара байланыста бүкіл жыл бойы және маусымдық жұмыс жүргізуде. Халықаралық келісім бойынша Антарктида материгінде ешқандай әскери сипаттағы шаралар, ядролық қаруларды сынау жұмыстарын жүргізуге тиым салынған. Антарктида табиғаты халықаралық заңдар негізінде қорғауға алынған. Сондықтан Антарктиданы ғылыммен бейбітшілік материгі деп атайды. Материк пен оның жағалауын зерттеген батыл да табанды, жігерлі де ержүрек зерттеушілердің аттары олардың құрметінеқойылғанжератауларында мәңгілік сақталады.Антарктида табиғатын зерттеп-білу ғаламшарымыздағы тіршілік дамуының өткені мен болашағын түсінуге мүмкіндік береді.