Аустралияның географиялық орны, жер бедері және пайдалы қазбалары

Жер көлемі – 8971000 км2.

Шеткі нүктелері: солтүстікте Йорк мүйісі (10°о.е.), оңтүстікте Оңтүстік – Шығыс мүйісі (39° о.е.), шығыста Байрон мүйісі (153° ш.б.), батыста Стип Пойнт мүйісі (113° ш.б.).

Ең ірі аралдары мен архипелагтары (км2):

Жаңа Гвинея – 829300,

Жаңа Зеландия – 265300,

Тасмания – 68400.

Ең биік нүктелері (м):

Джая немесе Карстенс (Жаңа Гвинея аралы) – 5029,

Вильгельм (Жаңа Гвинея) – 4694,

Мауна – Кеа (Гавай аралдары) – 4205,

Кука (Жаңа Зеландия) – 3764,

Косцюшко (Аустралия) – 2230.

Сөнбеген жанартаулары (м):

Мауна – Лоа (Гавай аралдары) – 4170,

Руапеху (Жаңа Зеландия) – 2796,

Улавун (Жаңа Вритан аралы) – 2300.

Ең ұзын өзендері (км):

Муррей (Дарлингсаласымен) – 3750,

Маррамбиджи – 2700.

Ең ірі көлдері (км)2:

Эйр (Аустралия) – 15000,

Торренс (Аустралия) – 5700, Гэрднер (Аустралия) – 4700.

  • Аустралия – сөнбеген жанартаулары жоқ бірден – бір материк.
  • Аустралия – жер шарындағы ең құрғақ материк, оның 2/3 бөлігін шөлді аймақтар алып жатыр.
  • Материктің басқа құрлықтардан ертерек бөлініп қалуына байланысты мұнда алғашқы сүтқоректілер (жұмыртқа салушылар мен қалталылар) мен биік ағаштар (эвкалипт) сақталып қалған.
  • Материк жағалауында ұзындығы 2300 км, ені 2 км – ден 150 км – ге дейін жететін жер шарындағы ең ірі маржандық құрылым Үлкен Тосқауылдар орналасқан.
  • Аустралия материгінің жерін бір ғана ел Аустралия Одағы алып жатыр.
  • Материктің теңіз деңгейінен ен. биік орналасқан нүктесі – Үлкен Суайрық жотасының оңтүстігіндегі Косцюшко тауы, теңіз деңгейінен ең төмен орналасқан нүктесі – Эйр көлі (деңгейі – 12 м).

Аустралия оңтүстік жарты шардың басқа материктерінен оқшау орналасқан. Тек солтүстігінде Азияның аралдарымен жалғасады. Материктің жағалаулары нашар тілімделген, оңтүстік – шығысында ғана бірнеше қолайлы қойнаулар кездеседі. Аустралия жағалауларын Тынық және Үнді мұхиттарының жылы сулары шайып жатыр. Мұхиттағы судың беткі температурасы жазда +28°С – қа жетсе, қыста +20°С – тан төмен түспейді. Сондықтан материк жағалауларын бойлай, әр түрлі пішіндегі маржандық құрылымдар көп кездеседі. Кемелер олардың арасымен толысу кезінде ғана ашық мұхитқа шыға алады. Аустралияны жан – жағынан мұхит сулары шайып жатқанымен, оның көпшілік бөлігінде жауын – шашын өте аз түседі. Бұл жағалау бойымен, суық ағыстардың өтуімен және материктің оңтүстік тропик сызығы үстіндегі орнымен байланысты. Ал жылы ағыстар өтетін солтүстік және шығыс жағалауларында ылғал біршама мол түседі.

Аустралияның жер бедері онша күрделі емес. Африкадағы тәрізді материктің негізгі бөлігін гондваналық ежелгі платформа алып жатыр. Тек шығыстағы Үлкен Суайрық жотасына сәйкес келетін бөлікке ғана палеозойлық қатпарлық құрылым тән болады. Көршілес орналасқан Тынық мұхит литосфералық тақтасындағы қозғалыстарға байланысты материк бірнеше рет тұтастай көтеріліп, төмен түсіп майысуларға ұшырады. Соның әсерінен одан Жаңа Гвинея аралының оңтүстігін құрайтын бөлік пен Тасмания аралы бөлініп, бұғаздар мен шығанақтар жүйесі қалыптасты.

Платформа фундаментін құрайтын кристалды жыныстар оның батысы мен орталық бөлігінде жер бетіне шығып жатыр. Мұнда 400 – 600 м – лік аласа таулы үстірттер мен жекелеген күмбезді таулар таралған. Таулардың кейбір бөліктерінің биіктігі 1000 – 1500 м – ге жетеді. Құрғақ климат жағдайында жүретін физикалық үгілу әсерінен тауларда сан алуан таңғажайып пішіндер қалыптасқан. Тау етектерін қиыршық тастар мен құмды жалдар көмкеріп жатыр. Платформаның шеткі және қатпарлы құрылымдарымен шектескен бөліктеріне ойпаттар сәйкес келеді. Материктің шығысын бойлай орналасқан Үлкен Суайрық жотасы ұзақ уақыт үгілу мен мүжілудің нәтижесінде аласарып, жақпарлы тауға айналған. Тау тектоникалық жарықтар арқылы жекелеген жоталарға бөлінген. Тынық мұхит геосинклинальды белдеуіндегі қозғалыстар әсерінен таудың тек оңтүстік бөлігі ғана аздап көтерілген, сондықтан оны Аустралия Альпісі деп атайды. Таулардың шығыс беткейі тік құзды – жартасты болып келеді, ал батысы жазықтарға қарай біртіндеп аласарады. Аустралияның географиялық орнының ерекшелігіне және ежелгі құрылымдардың басым болуына байланысты сөнбеген жанартаулар мен қазіргі мұз басу іздері кездеспейді.

Аустралия материгі пайдалы қазбаларға бай. Олардың қалыптасу жағдайлары мен құрамы Оңтүстік Африкаға ұқсас келеді. Материк алтын, алюминий, мыс, никель, марганец, темір мен уран, цирконий кендеріне бай. Аустралияның оңтүстік – шығысында тас көмірдің ірі кен орындары шоғырланған. Орталық жазықтарда мұнай мен газдың мол қоры бар.