Африкадағы өзендер жүйесінің неғұрлым жиі таралған жері-экватор маңы мен материктің оңтүстіктің-шығыс бөлігі. Шөлді аймақтарда өзендер өте аз. Керісінше кеуіп қалған арналар-уәдтер көп кездеседі. Олар сирек жауатын жаңбырлар кезінде ғана суға толады. Жер бедерінің шығысқа қарай көтеріңкі болуына байланысты өзендердің басым көпшілігі Атлант мұхитына құяды. Материк ауданының 1/3-і ішкі тұйық алапқа жатады. Африканың шығыс бөлігіндегі өзендер Үнді мұхиты алабында жатады
Жер бедерінің көтерінкі болуына және кристалды жыныстардың кең таралуына байланысты Африка өзендерінде шоңғалдар мен сарқырамалар көп кездеседі. Сондықтан өзен суларының гидроэнергетикалық қоры мол. Өзендердің барлығы дерлік жаңбыр сумен қоректенеді. Сондықтан экваторлық белдеу арқылы ағып өтетін өзендердің суы жыл бойы мол болады,ал басқа белдеулерде ылғалдың мөлшері мен түсу мерзіміне байланысты өзен деңгейлері ауытқып отырады.
Материктегі ірі өзен жүйелеріне Ніл,Конго,(Заир), Нигер, Замбези өзендері жатады.
Ніл – Жер шарындағы ең ұзын өзен. Шығыс Африка таулы үстіртінен басталатын Кагера өзені Нілдің бастауы болып табылады. Ніл өзені Виктория және тағы басқа көлдер арқылы ағып өтеді. Осы аралықта өзендер көптеген шоңғалдар мен сарқырамалар жүйесі бар. Бірнеше салаларды қосып алып, суы молайған өзен жазыққа шыққан соң Ақ Ніл деп аталады. Хартум қаласы маңында Эфиопия таулы қыратынан ағып шыққан Көк Ніл өзенімен қосылып, Ніл деген жалпы атқа ие болды. Ніл орта ағысында кристалды жыныстар жауып жатқан үстірттер арқылы ағып, шоңғалды болып келеді. Асуан бөгеті салынғаннан кейін өзен кеме қатынасына жарамды өзенге айналды. Төменгі ағысында Ніл баяулап, Жерорта теңізіне үлкен атырау жасап құяды. Бұл атырау жылдан-жылға өзен тасып әкелген жыныстар есебінен ұлғаяды.
Ұзақ уақыт бойы Ніл өзені Сахара тұрғындары мен еуропалықтар үшін ғажайып жұмбақ болып келген. Олар Сахара арқылы ағып өтетін ұлы өзеннен қаншама су буланып, құмға сіңіп кетіп жатса да, өзен алабында жаңбыр сирек жауса да, суының сарқылмайтынына, керісінше, жаздың аяғындағы аптап ыстықта Нілдің арнасынан асып таситындығына таңғалған. Ніл өзені жаңбыр көп жауатын экваторлық белдеуден басталды және ұзын болуына байланысты өн бойында әр түрлі климаттық белдеулерді кесіп өтеді. Оның денгейін көл сулары да толықтырып отырады. Ніл өзенінің деңгейің сақтауда Эфиопия таулы қыратынан басталатын Көк Ніл жетекші орын алады. Бұл өзеннің жазда материктің шығысынан алып келетін мол суы Нілдің атырауына жаздың аяғы мен күздің басында жетеді. Сондықтан Ніл өзені Жерорта теңізі жағалауы өте ыстық, құрғақ болып тұрған кезде тасиді. Қыс пен көктем айларында өзендегі су деңгейі күрт төмендейді (неліктен?).
Ніл өзенінің бойы алғашқы мемлекеттер қалыптасқан өркениет бесігі болып табылады. Ніл бойындағы құнарлы жерлер егіншілік ежелден дамыған аудан болғандықтан халық тығыз орналасқан. Оның алабында егіс даласын суару үшін салынған қондырғылар мыңдаған жылдар бойы пайдаланып келеді.
Конго (Заир) – Африканың ең мол сулы өзені, су жинау алабы мен суының молдығы жағынан дүние жүзінде Амазонкадан кейін екінші орын алады. Конго экваторды екі рет кесіп өтеді, сондықтан суы жыл бойы мол болады. Өзен жоғарғы ағысында сатылы таулы үстірттер арқылы ағып өтетіндіктен көптеген шоңғалдар мен сарқырамалар түзеді. Конго қазаншұңқыры арқылы ағып өткенде өзеннің арнасы кеңейіп, ағысы баяулайды. Төменгі ағысында өзен тағы да кристалды жыныстар арқылы ағып өтіп, сарқырамалар жүйесін қалыптастырады. Атлант мұхитына құяр жерде өзеннің лайлы сулары мұхиттағы беткі ағыстар арқылы бірден ағызылып әентіледі, сондықтан Конго атырар түзбейді.
Африка өзендерінің көпшілігі шоңғалды-сарқырамалы болатындықтан гидроэнергетикалық қорларға өте бай. Климаты құрғақ аудандардан ағып өтетін өзендердің сулары егістіктерді суаруға кеңінен пайдаланады. Осы мақсатта Нілдің бойында көптеген бөгендер салынған. Ірі өзендерде кеме қатынасы жолға қойылған. Жергілікті тұрғындар өзендерден балық аулаумен айналысады.
Африканың ірі көлдерінің барлығы дерлік Ұлы Шығыс Африка жарықтарының бойында орналасқан. Сондықтан пішіндері көбінесе созылыңқы болып келеді. Көлдер өте терең, жан-жағын тік беткейлі, биіктаулар қоршай орналасады. Көлдердің ең тереңі Танганьиканың(тереңдігі қандай?) ені 50-80 км, ал ұзындығы 650 км-ге жетеді. Африканың ең үлкен көлі- Виктория платформаның аздап төмен түсіп, майысқан жерінде орналасқан. Сондықтан бұл көл онша терең емес (ең терең жері 80 м),жағалары жатық және өте күшті тілімденген. Виктория көлінің географиялық орнының ерекшелігіне байланысты көл бетінде күшті толқындар туғызатын қатты дауылдар болып тұрады. Эфиопия таулы қыратында лава тасқындарының өзен аңғарын бөгеуіне пайда болған Тана көлі бар, одан Көк Ніл ағып шығады.
Солтүстік Африкада ежелгі су айдындарының орнында сақталып қалған Чад көлі орналасқан. Оның суы таяз, Тереңдігі 4-7 м ғана, ағынсыз көл болғандықтан суы тұзды. Субэкваторлық белдеудегі орнына байланысты көл аумағы жыл ішінде өзгеріп отырады. Жаңбырлы кезеңде көл ауданы екі есеге дейін ұлғаяды. Ал құрғақ кезеңде көл суы тартылып, батпақтанады, көл жағалауы тұз қабыршықтарымен жабылады.
Африка көлдерінің шаруашылығы маңызы зор. Шығыстағы ірі көлдер кеме қатынасына пайдалынылады. Көлдер балықтарға өте бай. Солтүстік жарты шардан жылы жаққа ұшатын құстардың басым көпшілігі осы көлдерде қыстап шығады. Шығыс Африкадағы табиғаты көркем көл жағалауларына дүниенің түкпір-түкпірінен келетін туристер саны жыл сайын артуда.
Өзендер сирек таралған құрғақ аудандарда жер асты суларының мол қоры жинақталған. Әсіресе Сахара, Судан, Калахариде (картадан табыңдар) жер асты тұщы суының мол қоры анықталған. Тұщы су деңгейі Жер бетіне жақын жатқан шөлді аймақтарда құрма пальмалары өсетін шұраттар көп таралған.