Оңтүстік жарты шар материктері деп аталатын Оңтүстік Америка, Африка Аустралия және Антарктида ұзақ уақыт бойы ежелгі Гондвана материгінің құрамында болған. Литосфералық тақталардың қозғалысы нәтижесінде Гондвана Оңтүстік Америка, Африка-Арабия, Үндістан, Аустралия – Антарктида тақталарына ажырады. Сонымен қатар тақталардың ажырау аймағында қазіргі Атлант және Үнді мұхиттарының табаны ашылды. Кейінірек Африка –Арабия және Үндістан тақталары Еуразияға, ал Оңтүстік Америка Панама мойнағы арқылы Солтүстік Америкаға жалғасты. Аустралия мен Антарктида арасындағы құрлықтық байланыс үзілді.Нәтижесінде оңтүстік жарты шар материктерінің қазіргі пішіні қалыптасты.
Қазіргі кезде Оңтүстік Америка материгінің солтүстігі мен Африка жерінің жартысынан астамы солтүстік жарты шарда орналасқан. Соған қарамастан олар даму тарихы мен табиғат жағдайларының ортақ белгілеріне сәйкес оңтүстік жарты шар материктері тобына кіреді. Сонықтан материктердің географиялық орнындағы қазіргі айырмашылықтарға қарамастан табиғат жағдайлары ұқсас болып келеді.
Оңтүстік Америка, Африка және Аустралия материктерінің көпшілік бөлігінде температура жыл бойы жоғары болады. Материктердің ең енді бөліктері субэкваторлық және тропиктік белдеулерде жатыр. Тек Оңтүстік Американың жіңішке оңтүстік бөлігі ғана қоңыржай белдеуге енеді. Оңтүстік Америка, Африка және Аустралия материктерін Оңтүстік тропик шеңбері кесіп өтеді.
Аустралия мен Антарктида нағыз оңтүстік жарты шар материктері болғанымен, олардың географиялық орнына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар. Дәл ортасы арқылы Оңтүстік тропик шеңбері кесіп өтетін Аустралия материгі өте ыстық, әрі көпшілік бөлігі құрғақ болса, ал Антарктида Оңтүстік поляр шеңбері аумағында жатқандықтан ең суық материк болып есептеледі. Оған материк бетін тұтас жауып жатқан қалың мәңгі мұз жамылғысы дәлел болады.
Оңтүстік Америка мен Африканың біраз бөліктері солтүстік жарты шарда жатыр. Экватор сызығы Оңтүстік Американың тек солтүстігін, ал Африканың дәл ортасын кесіп өтеді. Сондықтан Африканың климаттық белдеулері екі реттен қайталанады. Дегенмен құрлықтың дені солтүстікте орналасуы себепті материктің солтүстігі мен оңтүстігіндегі климаттық жағдайлар айырмашылық жасайды. Афиканың солтүстігінде Жер шарындағы аса ірі тропиктік шөл орналасқан. Оңтүстік жарты шар материктерінің географиялық орнындағы айырмашылықтар Антарктиданың мәңгі қысы мен басқа материктердің мәңгі жазына дейінгі алуан түрлі табиғат жағдайларын қалыптастырады.
Оңтүстік жарты шар материктерінің жер бедерінде жазықтар басым болады. Олар материктердің негізгі бөліктерін алып жатқан ежелгі гондваналық платформаларға сәйкес келеді. Платформаларда фундаментті құрайтын кристалды жыныстары жер бетіне шығып жатқан қалқандар мен өте қатты майысқан ойыстар алма- кезек ауысып орналасқан. Қазіргі жер бедерінде қалқандар күшті мүжілгендіктен қалдық аласа тауларға айналған. Ал ойыстарда шөгінді жыныстар қалың жиналып, үлкен алқапты алып жатқан тегіс жазықтар қалыптасқан.
Материктердегі ірі тау жүйелері олардың жағалық бөліктеріне сәйкес келеді. Гондваналық плиталар мен мұхиттық литосфералық тақталардың түйіскен аймақтарында болған қатпарлану әсерінен түзілген бұл жас тауларға Оңтүстік Американың батысындағы Анд таулары, Африканың солтүстік – батысындағы Атлас тауы, Аустралияның шығысындағы Үлкен Суайрық жоталары жатады. Гондвананың бөлшектенуі мен басқа литосфералық тақталардың соқтығысуы нәтижесінде оның көптеген бөліктерінде көтерілулер мен төмен түсулер жиі болып тұрды. Соқтығысуы күшті жүрген аймақиарда платформалық жер қыртысы терең жарықтармен бөлінді. Жарықтар арқылы базальтты жыныстардың сыртқы лықсуы нәтижесінде жанартаулық белдеулер қалыптасты. Оған біртұтас Африка- Арабия гондваналық тақтасының Еуразия тақтасымен соқтығысуы нәтижесінде Арабияның Африкадан бөлінуі, Қызыл теңіз табанының ашылуы дәлел болады.Осы жарықтар бойымен Африканың шығысында сөнбеген жанартаулар жүйесі орналасқан. Оңтүстік жарты шар материктерінің жағалаулары онша көп тілімденбеген, оған дәлел қолайлы қойнаулар мен шығанақтар аз.
Материктердің экватор мен тропиктер аралығындағы орнына байланысты бірдей климаттық белдеулер мен табиғат зоналары кездеседі. Бірақ материктердің ауданы мен жер бедерінің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты белдеулер мен зоналардың орналасуы және аудандары түрліше болады. Қазіргі кезде оңтүстік жарты шар материктері бір – бірінен оқшау орналасқанымен олардың ертеректе табиғатының біртұтас дамығанын дәлелдейтін өсімдіктер мен жануарлардың ортақ түрлері кездеседі.
Жеке табиғат компоненттерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы толық мәліметтерді әр материк табиғатымен жеке танысу барысында аласыңдар.