Орталық және Шығыс Азияның құрамында Қытай Халық Республикасы, Монғолия, ТМД құрамындағы Қазақстан мен Орта Азия елдері және Шығыс Азияда орналасқан Жапония, Корей Республикасы, Корей Халық-Демократиялық Республикасы енеді. Бұл аймақ Каспий теңізінің шығыс жағалауынан Тынық мұхитқа дейін тұтас алып құрап жатыр. Ішкі айырмашылықтарына байланысты Орта Азия, Орталық Азия, Шығыс Азия бөліктеріне ажыратылады. Еуропа мен Азия дүние бөліктерінің тоғысқан жерінде орналасқан біздің Отанымыз Қазақстан жерімен келесі сыныптардан толық танысатын болсыңдар.
Аймақтың ең ауқымды бөлігін Орталық Азия алып жатыр. Онда Қытайдың көпшілік бөлігі мен Монғолия орналасқан. Атына лайық, Орталық Азия материктің нақ ортасында жан-жағынан ірі-ірі тау жоталарымен бөлінген орасан зор үстірттер мен таулы қыраттардан тұрады. Жер бедері көтеріңкі болғандықтан бұл бөлікті Биік Азия деп те атайды. оны Жер шарындағы ең биік Тибет таулы қыраты, Памир, Қарақорым, Кунь-Лунь, Тянь-Шань биік тау жүйелері құрайды. Солтүстік бөлігі Қазақстан жеріне енетін биік Тянь-Шань тауларының атауы қытай тілінде «Аспан таулары» деген мағына береді. Неғұрлым аласа бөлігіне Такла-Макан, Гоби үстірттері сәйкес келеді. Климаттың шұғыл континетті сипатта болуына байланысты таулар мен үстірттер беті қалың қиыршық тастармен жабылған құлазыған шөлдер алып жатыр. Орталық Азияны зерттеуде қазақ халқының ғұлама ғалымы Шоқан Уалихановтың қосқан үлесі орасан зор. Осы аймақтағы Қашғар жерінің табиғаты, тұрмыс-тіршілігі туралы ғалымның жинақтаған мәліметтері құндылығын әлі де жойған жоқ.
Тынық мұхит жағалауын алып жатқан Шығыс Азияның табиғатына тигізетін әсері зор. Шығыс Азияның материктік бөлігі Қытай платформасына сәйкес келетіндіктен жазық, аласа таулы болып келеді. Ал Тынық мұхит геосинклиналына кіретін аралдық бөліктерде тау түзілу әлі де жүріп жатыр. Жапон аралдарына 150-ге тарта жанартау бар, 40 жанартаудың әрекеті әлі тоқталмаған. Жапон аралдарының ең биік нүктесі Фудзияма жанартауы (биіктігі 3776 м.). Жапон халқы Фудзияма тауын қастерлеп, кие тұтады. Жер қыртысындағы қозғалыстар әсерінен пайда болатын цунами толқындары әсіресе Хоккайдо мен Хонсю аралдарының жағалауларына қауіп төндіреді. Бірнеше климаттық белдеуге созылып жатқан Шығыс Азияның жағалау бөлігіне муссондық климат тән.
Әрбір бөліктің географиялық орнының ерекшелігіне сәйкес, табиғаттың өзіндік басты белгілері бар. Сондықтан Орталық және Шығыс Азия Шығыс Азияны біртұтас қамтып жатқан, мыңдаған жылдық тарихы бар іргелес ежелгі – Қытай Халық Республикасы мысалында бұл аймақпен толығырақ танысамыз.
Халқының саны жөнінен дүние жүзінде бірінші орын алатын Қытай Халық Республикасы алып ел болып саналады. Ғасыр соңында Қытайдағы халық саны 1 млрд. 250 млн-нан асып отыр. Шаруашылығының даму қарқыны жөнінен дүние жүзіндегі алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Жерінің ауданы жөнінен Ресей және Каанададан кейінгі үшінші орынды алады.
Қытайдың шығысында Хуанхэ мен Янцзы өзендерінің аралығында Ұлы Қытай жазығы орналасқан. Одан батысқа қарай жер бедері күрт биіктеп , Биік азия тауларына ұласады. Кунь – Лунь мен Тянь-Шань Орталық Азия таулары аралығында атақты Такла – Макан (Қашағар) қазаншұңқыры орналасқан. Қытай жері пайдалы қазбалардың қоры мен құрамы жөнінен дүние жүзінде шешуші орын алады. Әсіресе тас көмір, темір, мыс, полиметалл, мұнай мен табиғи газдың қоры өте мол.
Табиғат ерекшеліктеріне қарай Қытай жері Батыс және Шығыс Қытай деп бөлінеді. Қытай жерінің 2/3-ін алып жатқан Батыс Қытай Орталық Азияда орналасқан. Батыс Қытайдың климатына шұғыл континенттік сипат тән, яғни қысы өте суық, жазы ыстық, жауын-шашынның жылдық мөлшері 100 мм-нен кем болады. Сондықтан жерінің көпшілігін шөлдер мен шөлейтер алып жатыр. Батыс Қытайдың биік таулы бөлігінде Тибеттіктер тұрады. Тибеттің өте қатал биік таулы климаты жағдайына бейімделу барысында жергілікті халықтың ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өзіндік дәстүрлі мәдениеті бар. Тибеттіктедің тылсым құпияға толы халықтың медицинасының, сәулет өнерінің, тілі мен діни нанымдарының, шаруашылық-мәдени дәстүрлерінің жүйесі Тибет мәдениеті деген атпен белгілі. Мұнда суықтан қорғайтын ұзын, қалың жүні бар, сүті өте қою болатын қодастар үй малы ретінде қойға үйретілген. Тибеттіктер 4000 м-ден биік жерлердің өзінде бидай, қара бидай, арпа өсіреді. Тибеттің астанасы Лхаса қаласы ламаизм дінінің орталығы болып есептеледі. Батыс Қытайдың әкімшілік жағынан Шынжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына енетін шөл-шөлейтті бөлігінде Қытайлар, ұйғырлар, қазақтар, дүнгендер т.б. ұлт өкілдері тұрады. Олар егіншілк пен және көшпелі мал шаруашылығмен айналысады.
Шығыс Қытай жері Сары теңізден Оңтүстік Қытай теңізіне дейін созылып орналасқандықтан, қысқы температуарсы солтүстіктен оңтүстікке қарай өзгереді. Ылғалы жеткілікті муссонды клмат пен жоғары температура Шығыс Қытайдың көпшілік бөлігінде жылына екі кейде үш рет өнім алуға мүмкіндік беріледі. Шығыс Қытайда құнарлы жердің әр сүйемі неғұрлым тиімді пайдалануға тапсырылады. Бұл халық саны көп елде азық-түлік мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бидай, жүгері өсірілетін «сары Қытай», күріш, шай плантацияларын алып жатқан «жасыл Қытай» белдеулері де осы шығыста орналасқан. Қытай – шайдың отаны. Дүние жүзінде өсірілетін көк шайдың басым көпшілігі осы елдің үлесіне тиеді. Елдегі негізгі өсірілетін дақыл – күріш, Қытайда оның 10 мыңнан аса сорты егіледі. Қытайлар күріш егістіктеріндегі суды да пайдаланып, балық өсіреді.
Шығыс Қытай – елдің батыс өнеркәсібі кәсіпті ауданы. Мұндай ел халқының 90%-ы шоғырланған. Олардың басым көпшілігі Қытайлар. Қытайдың халық саны миллионнан асатын қалаларының көпшілігі осында орналсқан. Мұнда Шығыс Қытай кәсіпорындарында өнеркәсіптің байырғы салалары мен қатар, қазіргі заманғы күрделі электорндық техника жасау күшті қарқынмен дамуда. Кейбір өнімдердің саны мен сапасы жағынан Қытай дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы елдерді басып озады.
Қытай – ежелгі мәдениет пен өркениет елі, мұнда әлемге әйгілі ұзындығы 4 мың км-ге жуық Ұлы Қытай қорғаны, будда храмдары мен ғимарат ханалары, императордың салтанатты сарайлары орналасқан. Сонымен қатар Қытай өнерінің қайталанбас өзіндік қырлары бар: Қытай театры, сәулет өнері, музыкасы, Қытай жібегі мен қолөнер туындылары дүние жүзіне әйгілі. Халықтар мен мемлекеттердің арасын қосып, Еуропа мен Азия аралығындағы көпір қызметін атқарған Ұлы Жібек жолы Қытай жерінен басталған. Бұл жолмен жүздеген жылдар бойы қытай жібегі мен еуропалықарға таңсық басқа да тауарларды тиген керуендер Еуропаға қарай тоқтаусыз ағылған.