Еуразия жер бедерінің дамуы мен ерекшелігі

Еуразияның жер бедері алуан түрлі. Материктің теңіз деңгейінен орташа биіктігі 840 м, оның ауданының жартысынан астамын таулар құрайды. Еуразияда дүние жүзіндегі аса биік тау жүйелері орналасқан. Мұндағы 14 шыңның абсолюттік биіктігі 8000 м – ден жоғары. Олардың 11 – і Гималай тауларыңда орналасқан, ең биігі – Джомолунгма (Эверест) – 8848 м. Таулардың аралығын кең – байтақ жазықтар алып жатыр. Еуразияның жер бедерінің тағы бір ерекшелігі, биіктік ауытқуларының зор болуы теңіз деңгейінен ең темен жатқан Өлі теңіз ( – 403 м) бен Джомолунгманың биіктігі арасындағы айырмашылық 9251 м – ге жетеді. Еуразия жер бедерінің аталған ерекшеліктері материктің даму тарихы мен оны құрайтын жер қыртысындағы өзгерістермен байланысты. Материктің негізін қалайтын Еуразия литосфералық тақтасы әр түрлі геологиялық жастағы құрылымдардың жымдасуынан түзілген. Олардың ең ежелгілері: Шығыс Еуропа, Сібір, Қытай, Корей және Оңтүстік Қытай платформалары. Олардың аралығындағы қозғалмалы бөліктерде болған кейінгі тау жасалу әсерінен платформалар әр түрлі өзгерістерге ұшырап, бір – бірімен жалғасады. Соның нәтижесінде материктің көлемі ұлғайды. Кейінірек оған ежелгі Гондвана материгінің сынықтары (Арабия мен Үндістан платформалары) соқтығысты. Еуразия литосфералық тақтасының соқтығысу жүрген оңтүстік бөлігінде өте күшті тау жасалу жүрді. Соның нәтижесінде аса биік, құрылымы күрделі Кавказ, Армян және Иран таулы қыраттары, Памир, Тибет таулы қыраты, Гималай таулары қалыптасты. Материктің шығысында Тынық мұхиттық тақта Еуразия тактасының астына сыналап енетін бөлікте аралдар доғалары мен мұхиттықтерең шұңғымалар түзілді. Бұл аймақтағы жер қыртысы осы уақытқа дейін өте қозғалмалы болып келеді.

Еуразия арқылы дүние жүзіндегі аса ірі екі сейсмикалық белдеу өтеді. Альпі – Гималай белдеуі Еуразияның оңтүстік – батысынан Азияның оңтүстік – шығысына дейін созылып жатыр. Оның солтүсгік бөлігі біздің еліміздегі таулы аудандарды да қамтиды. 1911 жылы Алматыда болған 9 балдық апатты жер сілкіну кезінде кала түгелге жуық кирап, жер қилысында жарықтар пайда болған. Ал 1988 жылы желтоқсанда Арменияның Спитак қаласы маңында болған аса күшті жер сілкіну нәтижесінде қала түгелдей қирап, 60 – тан астам елді мекенге зиян келген, 25 мың адам қаза тапқан. 1999 жылы тамыз, қараша айларында Түркияда болған күіш 7 балға жеткен жер сілкінулері кезінде мындаған адамдар қаза болып, бірнеше қала қираған. Бұл белдеуде жанартау атқылауы да болып тұрады. Біздің заманымыздың 79 жылы Везувий жанартауының атқылауы нәтижесінде ежелгі Италияның гүлденген қаласы Помпей түгелімен ыстық лава астында қалған. Күшті жер сілкінулер Тынық мұхиттың геосинклинальдық белдеуде де байқалады. Сондай апатты жер сілкінудің бірі 1923 жылы Жапония астанасы Токио қаласын қиратты. Жер сілкіну нәтижесінде 140 мың адам қаза тауып, 1 млн – ға жуық адам баспанасыз қалған. Мұндай жер сілкінулер мұхит түбінде де жиі байқалады. Жер сілкіну орталықтарынан жан – жаққа шеңбер жасап, жылдам тарайтын күшті толқындар цунами жағалаудағы қалаларға үлкен апат әкеледі. Жапонияның жағалауында 1896 жылы болған осындай апат кезінде 27 мың адам мен 10600 – ден астам үйді теңіз толқыны лезде шайып әкеткен. Осы белдеуде жанартаулардың атқылауы да жиі байқалады. Сондықтан бұл белдеуді Тынық мұхиттағы «Отты шеңбер» деп атайды. Еуразиядағы ең биік сөнбеген жанартау – Ключи Шоқысы (4750 м) мен 1883 жылы Жер тарихындағы ең апатты атқылау болған Үлкен Зонд аралдарындағы Кракатау жанартауы да осы белдеуде орналасқан.

Жер сілкіну жиі болатын аймақтарда көп қабатты үйлердің іргетасы ерекше жобамен қаланады, яғни жер сілкінісіне төзімділігі ескеріледі. Жанартау әрекеті тоқталмаған кейбір аудандарға ыстық сулардың атқылауы – гейзерлер тән. Камчаткада әйгілі Гейзерлер аңғары орналасқан. Адамдар Исландия мен Камчаткада гейзерлердің ыстық суын үйлерді жылытуға пайдаланады.

Жер бедерінің негізгі түрлері Еуропа мен Азияның жер бедері бір – бірінен үлкен айырмашылық жасайды. Еуропа ойпатты, аласа таулы болып келеді, биік таулар тек оңтүстік бөлігінде ғана шоғырланған. Еуропаның негізгі бөлігін дүние жүзіндегі ірі жазықтардың бірі – Шығыс Еуропа жазығы мен Орта Еуропа, Дунай бойы ойпаттары алып жатыр. Скандинавия, Орта Еуропаның аласа таулары және Орал Еуропаның аласа таулы бөлігін құрайды. Бұл таулар палеозой эрасында қалыптасып, кейінгі дәуірлерде сыртқы күштер әсерінен күштіугілуге ұшырап, аласарған. Альпі – Гималай геосинклинальдық белдеуіндегі Альпі, Карпат таулары, Пиреней, Апеннин және Балқан түбектерінің таулары Еуропаның биік таулы аймағын құрайды. Биік таулардың шыңдары үшкір, беткейлері тік жарлы, қия болады. Таулардағы мұз басумен байланысты мұндай жер бедері Альпілік жер бедері деп аталады.

Азияның 3/4 бөлігін таулы үстірттер, таулы қыраттар және тау жоталары алып жатыр. Жазықтар (Тұран, Батыс Сібір, Солтүстік Сібір, Яна – Индигирка, Колыма ойпаттары, Орта Сібір таулы үстірті), негізінен, солтүстікте шоғырланған. Бұл жазықтардың оңтүстігінде Алтай, Саян, Байқал маңы таулары, Солтүстік – Шығыс Сібір таулары, Жоғарғы Яна (Верхоян), Черский жоталары мен Коряк және Чукот таулы қыраттары, Амур бойы мен Қиыр Шығыс таулары (Бурея, Сихотэ – Алинь және т.б.) және Биік Азия (Тянь – Шань, Памир, Гиндукуш, Қарақорым, Кунь – Лунь, Тибет, Гималай) таулары орналасқан. Оған батыстан Кіші Азия түбегінің таулары, Кавказ таулары мен Иран таулы қыраты келіп жалғасады. Бұл таулы белдеудің оңтүстігі Аравия, Үндістан, Үндіқытай түбегінің таулы үстірттері мен жазықтарына, шығысқа қарай Ұлы Қытай жазығына ұласады. Биік Азияның орталық бөлігінде ойыстар, көтеріңкі жазықтар мен биік үстірттер орналасқан.

Еуразияның жазықтары мен тауларының шығу тегі, жасы, жыныстарының құрамы әр түрлі. Тұран мен Батыс Сібір ойпаттары ұзақ уақыт ежелгі мұхит табаны болғандықтан, теңіздік, континенттік шөгінділер аралас кездеседі және жер бедері біртегіс болады. Орта Сібір таулы үстірті көршілес тау жоталарындағы қозғалыстар әсерінен биіктеп, жер бедері күрделенген ежелгі платформаға сәйкес келеді. Еуразияның қатпарлы жас таулары материктің оңтүстік және шығыс бөліктерінде екі ірі белдеу құрайды. Оңтүстіктегі Альпі, Гималай белдеуінде материктің ең биік таулары (Альпі, Кавказ, Памир, Гималай) шоғырланған. Бұл белдеудің кейбір бөліктерінде тау жоталары түйісіп, таулы қыраттар түзеді. Олардың ірілері – Тибет және Армян таулы қыраттары. Шығыстағы Тынық мұхиттық қатпарлы белдеу Камчатка түбегінен Үлкен Зонд аралдарына дейін созылып жатыр. Мұнда жер сілкіну және жанартау белдеулері орналасқан. Сондықтан кейбір тау шындары сөнбеген және сөнген жанартаулардан тұрады. Биік таулардың басым көпшілігіне үшкір шындар мен шоқылар, қая беткейлер мен тік асулар тән. Оларда қазіргі мұздықтар кездеседі. Памир тауында материктегі ең ірі Федченко мұздығы (ұзындығы 77 км) орналасқан. Еура – зиядағы палеозой эрасында көтерілген ежелгі таулар кейіннен сыртқы күштер әсерінен үгілерге ұшырап, аласарған. Олардың кейбіреулері (Тянь – Шань, Алтай, Саян, Байқал маңы таулары) жаңа қозғалыстар әсерінен биіктеп, жер бедерінің жаңаруы нәтижесінде биік тауларға айналған. Бұл аймақтардағы жер қыртысының жарықтар бойымен төмен түсуінен Такла – Макан, Жоңгар, Фергана, Балқаш – Алакөл сияқты тауаралық қазан шұңқырлар пайда болған. Ыстықкөл, Зайсан қазаншұңқырларын көлдер алып жатыр. Ал кейінгі көтерілулер онша қарқынды болмаған Орал мен Сарыарқада, Қаратауда мүжілген қалдық таулы, ұсақ шоқылы жер бедері басым келеді.

Еуразия пайдалы қазбаларға өте бай. Бұған материктің даму тарихының ұзақтығы, жер қыртысы құрылымдарының күрделілігі себеп болады. Пайдалы қазбалар түзілу жағдайларына байланысты магмалық және шөгінді болып екі топқа бөлінеді.

Магмалық пайдалы қазбалар Жер қойнауынан жарықтар бойымен магманың сыртқа көтерілуінен түзіледі. Олар, негізінен, кристалды жыныстар ашықнемесе жер бетіне жақын жатқан аудандарда шоғырланған. Магмалық жолмен түзілген темір кен орындары Үндістанда, Қытайдың солтүстік – шығысында, Ресейде және Скандинавия түбегінде орналасқан. Еуразияның шығыс бөлігі арқылы сирек кездесетін металдарға бай қалайы – вольфрам белдеуі өтеді. Вольфрам жоғары температураға төзімді болғандыктан, одан электр шамдарының сымы жасалынады. Магмалық тау жыныстарының құрамында алтын мен кейбір асыл тастар кездеседі. Алтын мен алмастың ірі кен орындары Сібір платформасында жатқан Саха жерінде орналасқан. Ал Үндістан түбегі мен Шри – Ланка аралында ежелден – ақ әр түрлі асыл тастар (сапфир, рубин) өндіріледі.

Шөгінді пайдалы қазбалар теңіздік және континенттік шөгінділер қалың жиналған аудандарда таралған. Темір, фосфорит, боксит кендері мен әр түрлі тұздар да шөгінді жыныстар құрамында кездеседі. Еуразияның жер қойнауы шөгінді пайдалы қазбаларға бай. Мұнда жаңғыш пайдалы қазбалардың дүниежүзілік қорының көпшілік бөлігі шоғырланған мұнай мен газ қоры женінен Еуразия басқа материктерден алда тұр. Мұнай мен газдың мол қоры мұхиттағы органикалық заттардың түпкі шөгінділер құрамында ұзақ уақыт жатуы нәтижесінде пайда болған.

Олардың кен орындары платформаның теңіздік шөгінді жыныстармен толтырылған шеткі иіндерінде орналасады. Қазіргі кезде мұнай құрлықтан ғана емес, материктік кайраңдардан да табылған. Мұнай, негізінен, Парсы шығанағында, Солтүстік және Жерорта теңіздерінде, Батыс Сібірде, Каспий маңы ойпаты мен Каспий тендзі қайраңында, Ұлы Қытай жазығында өндіріледі. Парсы шығанағы мұнай қоры мен оны өндіру жөнінен дүние жүзінде бірінші орын алады. Тас көмір кен орындары ежелгі жылы су айдындары жағалауларындағы қаулап өскен өсімдіктердің калдықтарынан түзілген. Тас көмір Еуропаның орта бөлігіндегі Уэльс, Жоғарғы Силезия, Рур және Донецк, Кузнец, Қарағанды алаптарында, Қытай жерінде көптеп ендіріледі. Дүние жүзіндегі аса ірі фосфорит кен орындары біздің еліміздегі Қаратау қойнауында шоғырланған. Фосфорит тыңайтқыш өндіруде пайдаланылады. Алюминий алуға пайдаланылатын бокситтің шөгінді кен орындары Қазақстанда, Ұлы Қытай жазығының солтүстігінде,. Альпіде кездеседі. Ал таяз сулы көлдер мен теңіздерден ас тұзы мен калий тұздары өндіріледі. Пайдалы қазбаларды өндіру барысында қоршаған ортаға зиян келеді: Жер қойнауында бос кеңістіктердің пайда болуы, жер бедері сипатының өзгеруі, ауа мен судың, топырақтың ластануы, өсімдіктер мен жануарларға нұқсан келуі және т.б. Сондықтан табиғат байлықтарын тиімді пайдалану, оларды өндіру барысында табиғатты қорғау шараларын ескерудің маңызы зор.