Күнделікті өмірде ауа райының кенеттен өзгеруін жиі байқауға болады. Жазда аптап ыстық тез арада жаңбырлы, салқын ауа райына, ал қыста күшті аяздар кенеттен жылымыққа алмасуы мүмкін. Ауа райының мұндай өзгерістері қасиеттері әр түрлі болатын ауаның қысым айырмашылығы әсерінен жиі орын ауыстырумен түсіндіріледі.
Белгілі бір жерде ұзақ тұрақтаған ауа сол жерге тән өзіндік қасиеттерге (температурасы, ылғалдығы, мөлдірлігі) ие болады. Осындай біртекті қасиеттері бар, үлкен көлемдегі ауа массалары деп те аталады. Қалыптасқан орнына байланысты ауаның түр-түрі ажыратылады: экваторлық ауа массасы немесе экваторлық ауа, тропиктік қоңыржай, арктикалық және антартикалық ауа массалары. Олар өздері қалыптасатын белдеулерге тән қасиеттерге ие болады. Мысалы, экваторлық ауа массасы жыл бойы температурасы жоғары, ылғал мол болуымен ерекшеленеді. Экваторлық ауа массаларынан басқа ауа массалары мұхиттық және континенттік болып жіктеледі. Мұхиттық ауа массалары континенттік ауа массаларымен салыстырғанда жазда салқын қыста жылырақ болып келеді және жыл бойы ылғалды болады. Ал континенттік ауа массалары ылғалы аз, шаң-тозаңды, жазда ыстық болумен ерекшеленеді. Қыста қоңыржай ендіктердегі континенттік ауа массалары қатты салқындайды.
Күн мен түн теңесетін кезеңдегі ауа массаларының қалыптасу аймақтары көрсетілген.
Күннің дәл төбеде тұратын жағдайы жердің пішіні мен енгіштігіне байланысты өзгеретіндіктен атмосфералық қысым белдеулері мен ауа массалары жыл мезгілдерінде солтүстікке , бірде оңтүстікке қарай жылжиды. Мысалы, 21 маусымда күн солтүстік тропикте дәл төбеде тұратындықтан, солтүстік жарты шарда жаз басталса, ал 22 желтоқсанда күн оңтүстік торпикте дәл төбеде тұратындықтан, оңтүстік жарты шарда жаз болады. Осының әсерінен ауа массалары күнмен ілесіп, орын ауыстырып отырады. Климаттық белдеулердің қалыптасуы ауа массаларының қозғалыстарын да байланысты.
Ауа массалары қозғалу барысында ұзақ уақыт бойы бастапқы қасиеттерін сақтайды. Сондықтан өздері әсер ететін жердің ауа райының сипатын анықтайды.
Ауа массаларының горизонталь бағытта орын алмастыруы жел деп атаймыз. тұрақты, яғни әрқашан бір бағытта соғатын желдер жоғары және төмен қысым белдеулерінің орналасуына байланысты пайда болады.
Экватор маңында төмен қысым белдеуі, ал отызыншы ендіктерде жоғары қысым белдеулері орналасқандықтан, Жер бетінде желдер экваторға қарай тұрақты соғады. Бұл желдер пассаттар деп аталады. Жердің өз білігінен айналасуы салдарынан пассаттар бағытынан ауытқиды: солтүстік жарты шар пассаттары солтүстік-шығыстан оңтүстік батысқа қарай, ал оңтүстік жарты шар пассаттары оңтүстік-шығыстан солтүстік батысқа қарай соғады.
Тұрақты желдер тропиктердегі жоғары қысым белдеулерінен қоңыржай ендіктердегі төмен қысым белдеулерінен (650 с.е. пен 650 о.е.) қарай да соғады. Жердің өз білігінен айналуы әсерінен бұл желдер солтүстік жарты шарда – оңға , ал оңтүстік жарты шарда – солға қарай ауытқып, батыс желдерін, яғни батыстан шығысқа бағытталған тұрақты ауа ағынын қалыптастырады.
Жыл мезгілдеріне сәйкес, ауа массалары бірде солтүстікке, бірде оңтүстікке орын алмастырады. Бұл тұрақты желдердің әсер етуі аймақтарының да ығысуына себепші болады. Ауа массаларының үнемі қозғалыста болуы Жер бетінде жылу мен ылғалдың таралуын және ауаның құрамын реттеп отырады. Егер ауа массалары қозғалысқа түспесе, экватор аптап ыстық, ал полюстер маңында анағұрлым суық болар еді.
Климаттық жағдайлардың қалыптасуын географиялық ендік пен Күннің көкжиектен биіктігі ғана емес, сонымен қатар ауа массаларынынң қозғалыстары да анықтайды.
Атмосфералық жауын-шашынның әркелкі түсуі топырақтың, өсімдіктердің, табиғат кешендерінің тарлуына және адамның шаруашылық әрекетіне де әсер етеді.
Жер шарының кейбір аудандарында жауын-шашын шамадан тыс мол түссе, кей жерлерде оның мөлшері мүлдем мардымсыз. Жауын-шашынның бұлай әркелкі таралуы жоғары және төмен қысымды белдеулердің орналасуымен түсіндіріледі. Мысалы, экватор маңындағы төмен қысымды белдеулерде қалыптасатын жылы ауа өрлеген қозғалыс нәтижесінде жоғары көтерілген сайын салқындап, су буына қанығады. Сондықтан экватор аймағында күнделікті бұлттар тізіліп, нөсер жаңбырлар жауады.
Экваторда ғана емес, барлық төмен қысымды белдеулерде ылғалы аз, суық ауа ағындары төмен қарай бағытталады. Төмендеген сайын бұл ауа өзгеріп, қызу нәтижесінде құрғайды. Сондықтан жоғарғы қысымды аймақтарда жауын-шашын мөлшері аз болады. Жер бетінде басым желдердің бағыты, жауын-шашынның таралуы мен мөлшері атмосфералық қысым белдеулерінің орналасуына тәуелді болады.
Жауын-шашнның таралуына географиялық ендік те әсер етеді: күн сәулесі неғұрлым аз түссе, жауын-шашын да соғұрлым аз жауады.