Жер бедері

1.Табиғаттың ең әсем көріністері жер бедерінің алуан түрлілігімен байланысты. Құрлықтағы көкжиекке ұласып жатқан кең байтақ, теп-тегіс жазира жазықтар мен аспанмен таласқан асқар биік таулар, таңғажайып пішіндегі жанартаулар мен терең шыңырау шатқалдар, арынды өзендердің аңғарлары мен қиян асулар жер бедерінде қайталанбас үйлесімін табады. Ал мұхит табанындағы ұлан-ғайыр жазықтар мен тізбекті тау жоталары, тұңғиық шұңғымалар мен таязқайраңдағы маржандық рифтер су асты жер бедерінің өзіндік бейнесін жасайды. Пішіні мен көлемі, жаратылысы мен жасы, биіктігі жөнінен айырмашылық жасайтын жер бетінің сипатын жер бедері деп атайды.

Жер бедері барлық табиғат компонентерінің (климат, ішкі сулар, топырақ-өсімдік жамылғысы, жануарлар дүниесі) қалыптасуы мен орналасу заңдылықтарына айтарлықтай әсерін тигізеді. Сондықтан сендер жер бедерінің қалыптасуы және өзгеруі себептерін, олардың материктер мен мұхиттардағы таралу ерекшеліктерін жақсы түсінулерің қажет.

Жер бедері ішкі және сыртқы күштердің қатар әсекр етуі нәтижесінде өзгеріп отырады. Ішкі күштердің әрекеті мантиядағы заттар қозғалысына тікелей байланысты. Бұл күштер литосфералық тақталарды қозғалысқа келтіреді және мантиядағы заттардың жарықтар бойымен жер қыртысына еніп, кейде жер бетіне лықсып төгілуіне себепші болады. Нәтижесінде жер қыртысының құрылысы, соған сәйкес жер бедері өзгереді. Ішкі күштер әсерінен болатын қозғалыстардың екі түрі белгілі: тік қозғалу (жанартаулық құбылыстар, күшті жер сілкінулер, қатпарлану, жарықтардың пайда болуы және т.б.) және өздеріңе белгілі литосфералық тақталардың ғасырлық тербелмелі қозғалыстары. Бұл қозғалыстар жер бедерінің ең ірі пішіндерін – материктер және мұхит қазақшұңқырыларын қалыптасатырады. Олар жер бедерінің ғаламшарлық ауқымдағы аса ірі пішіндеріне жатады, ал құрлық пен мұхит табанындағы жазықтар мен тау жүйелері жер бедерінің екінші қатардағы пішіндерін құрайды.

2.Жер бедерінің өзгеруіне сыртқы күштер де өзіндік үлесін қосады. Күн сәулесінің, климаттық өзгерістері ықпалы осы сыртқы күштерге жатқызуға болады. Сол сияқты сыртқы күштерге үгілу, ағын сулар мен жер асты суларының, мұздықтар мен теңіз толқындарының және адамның шаруашылық әрекеті жатады. Жер бедерін өзгертуде үгілу және үгілу өнімдерінің тасмалдануы маңызды орын алады. Ішкі күштер әсерінен қалыптасқан ірі таулар мен жазықтар сыртқы күштердің әсерінен жер бедері мүсінденіп, неғұрлым ұсақ ойыстар, күмбезді жоталар мен төбелер, өзен аңғарлары, жыралар мен сайлар құз жартастар қалыптасады.

Жер бедері ішкі және сыртқы күштермен қатар әсер етуінен қалыптасды. Ішкі күштерінің әсерінен түзілген жер бедері неғұрлым ауқымды әрі биік болса, соғұрлым сыртқы күштердің әсер ету ықпалы күшейе түседі. Мысалы, өзен ағып түсетін жер ішкі күштер әсерінен баяу көтеріле бастаса, өзеннің шаю және тасымалдау әрекеті де күшейеді. Соның нәтижесінде терең шатқалды аңғарлар қалыптасады.

Жер бедері тоқтаусыз үнемі өзгеріп отырады. Таулардың пішіні мен биіктігі өзгереді, жоталар мен төбелер аласарады. Керісінше қазаншұңқырлар үгілуден пайда болған борпылдақ жыныстармен толтырылып, тегістеледі. Материктердің жағалық пішіндері де аздаған өзгерістерге ұшырайды.

Мұхит табанынынң бедері алуан түрлілігі мен күрделілігі жөнінен құрлықтан ешбір кем түспейді. Материктік және мұхиттық тақталар шектесетін өтпелі аймақтарда терең шұңғымалар, тік шатқалдармен тілімделген материктік беткейлер түзіледі. Ал жағалар бөлігі едәуір жазық материктік қайраңдарға ұласады.

Мұхит табанының ең басты ерекшелігі – біртұтас суасты жоталары жүйесінің болуы. Олардың жалпы ұзындығы 75 мың км-ден астам, ені 2000 км-ге, орташа биіктігі 3000-4000м-ге жетеді. Жоталардың жан-жағын қоршай, теңдессіз өте үлкен алқапты қамтитын терең ойыстар – қазаншұңқырлар орналасқан.

Сонымен, жер бедерінің неғұрлым ірі пішіндері жер қыртысының белгілі бір құрылымдарына сәйкес келеді. Мысалы, құрлықтағы платформаларда ірі жазықтар, геосинклиналдық белдеулерде қатпарлы биік таулар орналасқан. Ал литосфералық тақталардың шектесетін бөліктері мұхит табанындағы ең қозғалмалы аудандар болып табылады.