Қазақстанды түпкілікті отарлаудан кейін Ресей оның қазба байлықтарын интенсивті түрде игере басталды. Пайдалы қазба байлықтарын іздеу жедел жүргізіле бастады. Орыс капиталистері өз капиталдарын сала бастады. Әсіресе тау-кен өнеркәсібі игеруге капиталдарын жұмсау күшті жүргізілді. Ауылшаруашылық өнімдерін алғашқы өңдеу заводтарын дамыту одан әрі жүргізілді. Реформадан кейінгі Ресейде капитализмнің дамуы тау-кен өндірісін дамытумен тығыз байланысты болды. Қаржы министрлігіне қарасты тау-кен бөлімдері құрылды.
Алдау-арбау жолдары арқылы және жалған құжаттар арқылы орыс кәсіпкерлері қазақтардан өте бай кен орындарын жалға және сатып алды. Мысалы, ХІХ ғасырдың50-жылдарында қазақ байлары орыс көпесі Ушаковқа Қарағанды көмір орнын 255 сомға орыс көпесі Ушаковқа, Саранск көмір орнын — 144 сомға, Жезқазған мыс кенін — 100 сомға сатып жіберді. Бұл кен орындарын орыс капиталистері аяусыз және айуандықпен пайдаланды. Бұлардың негізінде Спасско-Воскресенск және Успенск мыс рудниктері құрылды. Бұл өндіріс мекемелерінің өндірістік күші мардымсыз болды.
Тау-кен өнеркәсібі, негізінен, Қазақстанның орталық және шығыс облыстарында шоғырланды. Қазақстанда 80-жылдардың басында металл және көмір өндіру 50-жылдармен салыстырғанда бірнеше рет өсті. Әсіресе бұл өсу Қарағанды кенінде Успенск мыс руднигінде, Спасск мыс қорыту заводында жақсы байқалды. ХІХ ғасырдың соңында-ақ Қазақстан Орал мен Кавказдан кейінгі Ресейдің негізгі мыс өндіру ауданы болды.
Тау-кен өнеркәсібінің пайдалы саласы алтын өндіру болып табылды, әсіресе бұм сала ХІХ ғ. 70—80 жылдарында қатты дамыды. 1882—1892 жылдар аралығында алтын өндіру 13,31 пұттан 23,38 пұтқа дейін өсті. Алтын өндірушілер өздерін уақытша қожайындармыз деп есептеді. Олар аз уақыттың ішінде көбірек пайда табуға ұмтылды. Бай кен орындары тез сарқылды және тасталды.
Қазақстанда орыс капиталы негізінде ірі тау-кен өнеркәсібін құрудың бірінші талпынысы 90-жылдардың соңында болды. 1899 жылы Воскресенск тау-кен өндірісі қоғамы құрылды. Бұл акционерлік қоғам Павлодардан Балқашқа дейінгі тас көмір, мыс, күміс-қорғасын бар зор даланы жалға алды. 90-жылдарға сонымен қатар Ембіде алғашқы мұнай компанияларының пайда болуы келеді.
ХІХ-ғасырдың аяғында ескі тау-кен өнеркәсібін екінші орынға ығыстырған ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу өнеркәсібі де дамыды.
Ауылшаруашылық шикізаттарын өңдейтін кәсіпорындардың көпшілігі майда болды, техникасы өте нашар дамыды. Бұл кәсіпорындарда, негізінен, жұмысшылар саны 5—10 адамнан Аспады. Бірақ кәсіпорындар саны көбейе берді, сонымен бірге мұнда жұмыс жасайтын адам саны да және өнім өндіру де арта түсті. Толық емес есепке қарағанда, 1886 жылы Қазақстан территориясында ауылшаруашылық шикізаттарын өңдейтін 1028 шағын кәсіпорын болса, онда 1895 жылы олардың 2124 болды, ал жұмысшылар саны 3432-ден 5493-ке өсті.
ХІХ ғасырдың соңында Қазақстанда өнеркәсіп Орталық Ресейдің капиталистік өнеркәсібіне қарағанда анағұрлым баяу өсті. Қазақстанның ірі кәсіпорындары жергілікті кіші өнеркәсіп негізінде емес, сырттан капитал алып келу негізінде өркендеді. Патшалық отарлау саясаты Қазақстанды шикізат қоры ретінде ғана дамытып, өлкенің өнеркәсібін мәңгілік артта қалуына әкелді. Мұның бәрі техникалық прогресті тежеді, жұмысшыларды ауыр жағдайға душар етті.
- 1914 жылдың жазында басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс патшалық Ресейдің экономикалық және техникалық жағынан әлсіздігін бірден көрсетті. Орыс әскерлерінің жекелеген жеңістері майдандағы жалпы жағдайды түзей алмады, сондықтан Ресей 1915—1916 жылдары өзінің батыс иеліктерінің көп бөлігінен айрылды.
Майдандағы сәтсіздіктер жаңа адам және материалдық ресурстарды талап етті. Жұмысшы күшінің жетіспеушілігі көптеген шаруашылық салаларында дағдарыс туғызды. Соғыс жылдарында Қазақстан экономикасы да ауыр зардап шекті. Салықтар 3—4 есеге, жекелеген жағдайларда 15 есеге артты. Арнайы әскери салық енгізілді. Отаршыл аппарат бөлімдерінің бәрінде қызмет бабын теріс пайдаланып, қиянат жасаушылық жалғаса берді. Тікелей және жанама салықтардан басқа, әртүрлі “құрбандықтар” жиналып, осының есебінен қазақтардан мал мен киіз үйлер жиналды. Соғыстың 3 жылында тек Түркістан өлкесінен 70 мың бас жылқы, 12,7 мың түйе,13 мыңнан аса киіз үй алынды.
Қазақстан территориясы арқылы майданған аттанған әскерлерге қазақтар нан, ет, мал және киіз үйлерді тегін беруге міндетті болды. Қазақ шаруашылығы миллиондаған соммен есептелетін, зор зардап шекті. Өңделетін жерлердің ауданы қазақтарда да, қоныс аударушыларда да күрт кеміп, осының нәтижесінде нан бағасы күрт өсті.1915 жылдың аяғына қарай қазақтардың наразылығы күшейе түсті. Көптеген болыстар салық төлеуден бас тартты, “ерікті құрбандықтан” бас тарту оқиғалары жиілеп және осының негізінде жергілікті әкімшілікпен қақтығыс көбейді.
- Қазақтардың тікелей соғысқа қатысуы туралы сұрақ 1915 жылы туды. Қазақ интеллигенциясы “Қазақ” газеті арқылы қазақтарды атты әскер бөлімдерінде әскери күш ретінде қолдануды ұсынды. Бұнымен 2 мақсат көзделді: біріншіден, қоныс аударушылардан қазақ жерлерін сақтап қалу; екіншіден, тәуелсіз Қазақстан армиясын құру жағдайында әскери ұрыстарда шыныққан және үйренген тәжірибелі кадрлар тәрбиелеу. Сонымен қатар, тек осы жол арқылы ғана қазақтар отаршылдармен күресу үшін қажет қару ала алды.
Бірақ орыс өкіметі “сенімсіз” қазақтарды қаруландыруға ұмтылмады. Мұның орнына Ресейдің орыс емес тұрғындарын тыл жұмыстарына пайдалану шешілді.
1916 жылы 25 июньде 18—43 жас аралығындағы орыс емес халықтардың еркектерін окоп қазу және тыл жұмысына алу туралы указ шықты. Барлығы, жобамен есептеу бойынша, 390 мың адам мобилизациялау керек болды.
Бұл указ қазақ даласын өте ауыр жағдайға душар етті. Бұл науқан егін жинау, малды қыстауға көшіру, шөп жинау уақытына дәл келді. Еңбекке жарамды еркектерді мобилизациялау онсыз да қоныс аударушыларға тартылып әперілген жерлер салдарынан құладыған дала экономикасын өте ауыр жағдайға алып келді. Шынтуайтқа келгенде, қалған қазақтар 1916—1917 жылдық қысында, аштық өлімге итермеленді.
Қазақтарды тыл жұмысына шақыру қазақтар Орта Азияның басқа халықтарының күшті көтеріліске шығыуына себеп болды. Көтерілістің ауқымынан қорыққан патша үкіметі 20 июльде шақырудың егін жинау уақытынан кейін болатынын, ал 30 июльден — 15 сентябрьге дейін кейін қалдырылатын хабарлады. Бірақ қазақтардың отаршылдыққа қарсы көтерілісінің отын басу мүмкін болмады.