Бас бетҚазақстан тарихыРесей империясының құрамындағы Қазақстан. Отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар
Ресей империясының құрамындағы Қазақстан. Отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар
Абылай хандығы (1771—1781) және оның саясаты.
Сыртқы қауіппен күрескен бір мезгілде, Абылай қазақ жерлерін біріктіруде зор қажыр-қайрат жұмсады.
1740ж. Ташкентте Жолбарыс хан өлтіріліп, Ұлы жүздің көпшілік рулары төлебидің қолдауымен Қазақ хандығының ресми басшысы — Әбілмәмбетке ант береді. Әбілқайырдың орыс азаматтығын алып кетуіне Кіші жүздің Батырхан басқаруындағы көптеген рулары да Әбілмәмбет пен Абылайға бағынды. 1759ж. патша әкімшілігі Абылайға Әбілмәмбетті алып тастап, оның орнына өзі отыруына қолдау көрсетеміз деп уәде етті, алайда сұлтан бұл қолдаудан бас тартты. Тек ханның қазасынан кейін ғана, Түркістанда, Қожа Ахмет Иассауи Мешітінде Абылай ақ киізбен көтеріліп, үш жүздің ортақ ханы болып жарияланды. Абылай хан — барлық қазақ жерлерінде беделі шүбәсіз жүрген соңғы қазақ ханы болды. Шекара маңында көшіп жүрген Кіші жүздің аз ғана бөлігі Әбілхайыр балаларының билігін мойындады.
Саяси тәуелсіздігін сақтай отырып, Абылай патша сый-сияпаттарын қабылдаудан және Петербургте ант беруден бас тартты. Абылай оңтүстіктегі қазақ қалаларын қайтарып алды, ол аз ғана уақыт ішінде Созақты, Шымкент пен Ташкентті алды. Алайда Орта Азия мемлекеттерінің Қытайға қарсы Одағын құру жолындағы ісі табысты болмады. Одаққа Ауғанстан, Бұқара, Қоқан және Қырғызстан кіреді деп топшыланған еді, алайда Қоқан хандығымен және қырғыздармен арадағы қайшылықтар қарулы қақтығысқа апарып соқты. Қазақстанмен одаққа тек Бұқара ғана келісім берді. Абылайдың мемлекет ішіндегі қызметі анағұрлым табысты болды. Шоқан Уәлиханов: “Абылай хан өкіметін шектеуге тырысып отырған күшті ру басшылары мен сұлтандарды ауыздықтап өзіне бағындырды”, — деп жазды. Сонымен бірге ол билердің беделін толықтай жая алмады және олардың еркімен санасуға мәжбүр болды. Хан маңындағы неғұрлым ықпалды саяси тұлғалар Қазыбек би мен Бұқар жырау болды. Абылайдың есімі қазақ халқының жадында мәңгі қалды және ұлттық тәуелсіздік үшін, қазақ мемлекетін қалпына келтіру жолындағы күрестің символына айналды. Абылайхан 1781ж. Ташкентте қайтыс болды, ол Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи мешітіне жерленді.
Соғыс қарсаңындағы қазақ даласы. Абылай хан қайтыс болғаннан кейін орталық өкімет әлсіреп кетті және Кіші жүздің қазақтары өз хандығын құрды, оның басында Қайып сұлтанның ұлы Батыр тұрды. Нұралы ханның және орыс әкімшілігінің билігінде тек шекараға жақын жерде көшіп жүрген қазақтар ғана қалды. Олардың ішінде XVIII ғ. аяғында орыс қаруының көмегімен билік жүргізіп отырған Әбілқайырдың ұрпақтарына қарсы наразылық пісіп-жетіле бастады. 1773—1776жж. қозғалыс кезіндегі сұлтан бастаған жоғарғы топтың сатқындығы туралы, Нұралы ханның және оның балаларының орыс әскерлерінің қазақтарға қарсы жазалаушылық операциясына қатысқаны туралы халық әлі ұмыта қойған жоқ еді. Сондықтан да XVIII ғ. аяғында Батыс Қазақстанда басталған соғыс, қазақ халқының Ресейге қарсы және оның қолшоқпарлары болып отырған Әбілқайырдың ұрпақтарына қарсы ұлт-азаттық соғысы болды.
Соғыс қимылдарының басталуы. Қазақ жасақтарының басында 1773-1776жж. қозғалысқа қатысушы байбақты руынан шыққан Батыр Сырым Датұлы тұрды. 1785ж. қарай оның жасақтарында 6 мыңнан аса адам болды.
Патша үкіметі көтерілісшілер шоғырланған ауданға жазалаушы отрядтар жіберді. 1785ж. ақпанының ортасында Сырым Датұлының жасақтары жазалаушылармен тікелей кездеспеудің амалымен күрестің партизандық тәсілдерін пайдаланды және кішігірім отрядтармен Антонов форпостына (бекінісіне), Сахарный қамалына және т.б. бірқатар бекіністерге шабуыл жасайды. Қарулы қарсылыққа кездеспеген жазалаушы отрядтар бейбіт қазақ ауылдарын тонап қырғынға салды. Бұл жағдай ауыл тұрғындарын қарулы көтеріліске шығуға итермеледі. Сөйтіп, 1785ж. жазында Кіші жүздің негізгі бөлігі соғыс жалынына оранды. Осындай жағдайда, Нұралы ханының билігінің анық дағдарысқа ұшырағанын көріп, патша үкіметі көтеріліске шыққандардың ағамандарымен келіссөздер бастауға кірісті.
1785ж. күзде ағамандар съезі болып өтті, онда патша әкімшілігіне үндеу қабылданды.
Көтерілісшілер мынадай талаптар қойды, қазақтарға Жайық пен Еділ арасындағы жерді қайтарып берілсін. Орал казактарының Қазақ даласына шапқыншылықтары тоқтатылсын, Нұралы ханның қолынан билік тартып алынсын.
1786ж. сәуірінде Нұралы хан Орынборға қашты, ол маусымда ІІ Екатеринаның жарлығы бойынша өкіметтен тайдырылды, Уфаға жіберілді, ол сол жерде 1790ж. қайтыс болады. Орыс үкіметі қалыптасқан жағдайды даладағы хандық билікті жою үшін пайдаланып қалуға тырысты. Генерал-губернатор Игельстром Кіші жүзді басқарудың жобасын ұсынды, ол бойынша бүкіл территория үш бөлікке бөлініп, оларды билеуші-сұлтандар басқаруға тиіс болды. Оларға шекаралық әкімшілік жолақы төлеп тұрады. Жүзді басқару “Шекаралық соттың” қолына беріледі. Сотқа әкімшілік органдар — “расправалар” бағынады. Алайда басқарудың жаңа жүйесі қолайлы болмай шықты. “Шекаралық сот” билік жүргізе алмады, даладағы бүкіл билік ру ағамандарының қолына жинақталды. Ресей қазақ даласын бақылаудан айрылып қалайын деп отырғанын сезе отырып, хан өкіметін және бұрынғы басқару жүйесін қалпына келтіруге бел буды. Орал казактарының қазақ даласына шапқыншылығы қайта басталды. 1790ж. жазда атаман Донсков 1500 адамнан тұратын отрядымен 225 үйді қиратты, 150 адам өліп, 57 адам тұтқынға әкетілді. Мұндай шапқыншылықтар жиі-жиі болып тұрды. Қазақтардың өзін-өзі қорғауды ұйымдастыруға талпынысы далаға жаңа жазалаушы экспедиция жіберуге сылтау болды.
Соғыстың аяқталуы. 1790ж. күзде қазақтар Семекенің ұлы халық арасында ықпалды Есімді сұлтанды хан жариялады. Патша әкімшілігі бұл сайлауды мойындамай, бұрынғы хан Нұралының інісі Ералының кандидатурасын бекітуге ұсынды. 1791ж. тамызда Ералыны “сайлау” орнына әскер тапсырылды. Осындай жағдайда Кіші жүздің ханы сайланды. Сырым Датұлы Ресейдің жаңа қолшоқпарына қарсы батыл күрес жүргізді. Бұл уақытта ол енді хандық өкіметті жою идеясынан бас тартып, хан билігін шектеп отыратын кеңес құруды жақтады. Есім қайтыс болғаннан кейін әкесі Хиуаны билеп отырған Абылайхан сұлтан хан тағына отыруға үміттенді. Абылайханды қолдай отырып, Сырым Хиуамен және Бұқарамен, ал олар арқылы сол кезде Ресеймен соғысып жатқан Түркиямен (1787—1791) белсенді түрде жақындаса бастады.
1792ж. жазда соғыс қимылдары Кіші жүздің барлық территориясын қамтыды. Сырымның жасақтары бекіністі шекаралық шептіқ әскери құрылыстарына ғана емес, сондай-ақ көтерілісшілерді сатып кеткен билері мен ағамандар ауылдарына да шабуыл жасап отырды. 1792ж. күзінде Сырымның Илецк қалашығына жасаған шабуылы сәтсіз аяқталды, осыдан кейін қозғалыс партизан соғысы түрінде жалғасады. Қазақтардың ұсақ жасақтары үкіметтің жазалаушы отрядтарымен күресті. 1794ж. жазда Ералы хан қайтыс болады, патша үкіметі жаңа ханды тағайындауға ұзақ уақыт батылы бармайды. Тек екі жылдан кейін ғана, аз ғана билердің қатысуымен Кіші жүздің ханы болып Нұралы ханның ұлы Есім сұлтан жарияланды. Жаңа хан өзінің отаршылардың адал құлы екенін бірден-ақ көрсетті, ал бірнеше жазалаушы экспедициялар ұйымдастыра отырып, қазақ жасақтарының басшыларын тұтқынға алды.
1797ж. көктемде Сырым жасақтарының бірі хан ауылына шабуыл жасап, оның қорғаушыларын қуып тастады. Есімнің өзі өлтірілді. Осыдан кейін отаршыл әкімшілік көтерілісшілердің бірқатар талаптарына көніп, далада ру шонжарларынан тұратын хан кеңесін құрды.
Кеңестің басшысы Айшуақ сұлтан болды. 1797ж. тамызда Кеңестің бірінші мәжілісі өтті, оған 7 мыңдық жасағымен бірге Сырым да келді. Ресей өкілдері қазақтар жағының шарттарына келіскеннен кейін, Сырым соғыстың аяқталғаны жөнінде және өзінің Кеңестің құрамына кіретіні жөнінде жариялады. Сонымен қазақ халқының тарихындағы тағы бір ірі ұлттық қозғалыс — 14 жылға созылған отаршылыққа қарсы соғыс аяқталды. Оның тарихи маңызы зор болды, өйткені соғыстың нәтижесінде қазақтар Жайық пен Еділ арасындағы жерге қайта қоныстануға мүмкіндік алды, сондай-ақ Орал казактарының қазақ даласына шапқыншылықтары тоқтатылды. Патша үкіметінің даладағы хандық билікті жетілдіруге мәжбүр болуының да айтарлықтай маңызы болды. XVIIIғ. аяғындағы азаттық соғыстардағы төгілген қазақ халқының қаны Ресейдің Қазақстандағы отарлаушылық тәбетін біраз болса да бәсеңдетуге мәжбүр етті.