Ақ Орданың ыдырауы нәтижесінде XVғ. 20-шы жылдары Орталық және Солтүстік Қазақстан жерінде жергілікті ру-тайпа билеушілерінің қолдауымен Жошы ұлы Шибанның (Сабан, Шайбан) ұрпағы Әбілқайыр жаңа мемлекеттік құрылымның негізін қалайды. 1428ж. Батыс Сібірдегі Тұр атты мекенде ол хан жарияланады. Ханды сайлау салтанатына сұлтан, оғлан, батыр, ру-тайпа басыларымен қатар ислам дін басылары да қатынасады. Ал Әбілқайырды қолдаушылардың арасында қыят, маңғыт, чинбай, жан, табғұт, дүрмән, құщы, утарчи, найман, өкреш-найманғ тубай, таймас, чат, хытай, барақ, ұйғыр, қарлық, кенегес, үйсін, қоңырат, құрлауыт, ичкі, ичкі-маңғыт, түмен және басқа ру-тайпалардың өкілдері болады. Басқаша айтқанда Әбілқайыр хандығының этникалық құрамы Ақ Орданың, белгілі дәрежеде Ноғай Ордасының құрамына да жақын болды. Міне осы тілі, шаруашылық түрі, тұрмыс-салты жағынан туыс тайпалар одағын дерек көздері XIVғ. 60-шы жылдарынан жинақы атпен “өзбек” деп атады. Бұл кезде ол халық аты (этноним) емес, тек саяси мағнадағы сөз еді.
Деректер Әбілқайыр ханның Шибан тұқымы сұлтандармен бірге маңғыт жұртының билеушілеріне де сүйенгендігін айтады. Қадырғали би Жалайыр Әбілқайыр ханның маңғыт Уақас бимен арадағы достығын суреттеп “екеуі бір кесенің екі шетінен бөліп бал ішетін еді” дейді. Соған қарағанда ханның тасының өрлеуіне бидің көмегі аз тимесе керек.
Әбілқайыр ұлысы батысында Хайықтан шығысында Балқашқа, оңтүстігінде Арал теңізімен Сырдарияның төменгі ағысының солтүстігінде Тобыл мен Ертістің орта сағасына дейінгі аралықты қамтыды.
XVғ. 30—40-шы жылдары Әбілқайыр хан Мауреннахр және Сырдың орта сағасындағы қалаларға бірнеше жорықтар жасайды. 1430ж. оның әскері қысқа мерзімге Хорезмді алады. 1446ж. Әбілқайыр хан қолдары сыр бойындағы және Қаратау етегіндегі Созақ, Сығанақ, Ақ Қорған және Өзген қалаларын өзіне қаратып, Сығанақты хандығының астанасына айналдырады.
Дегенмен, Әбілқайыр ұлысының ішінде саяси тұтастық терең тамыр жая алған жоқ-тын. Жошы ұрпағынан тарайтын сұлтандардың біразы, арасында Ұрыс ханна тарайтын Жәнібек хан мен Керей сұлтан бар топ Әбілқайыр ханмен жараса алмай, өз ара араздық отын жағады. Ішкі алауыздыққа сырттан қалмақтар тарапынан төнген шабуыл қаупі қосылады.
Маңғұл халқының батыс қанатын құрайтын қалмақтар (ойраттар) XVғ. 20-шы жылдарына қарай Орталық Азиядағы елеулі саяси және әскери күшке айнала бастайды. Қалмақтардың әсіресе көз тіккен жері Жетісудың шұрайлы жайылымдары мен егіншілік оазистері болды. XVғ. 50-ші жылдары ойраттар қолы Сыр бойына да жетеді. 1456—1457жж. Көк-Кесеке атты жерде (Сығанақ маңы) Әбілқайыр қолдары Ұз-Темір тайшы бастаған қалмақтар қолынан жеңіліс табады. Бұл шайқас Әбілқайыр ұлысының әлсіреуіне себепші болған оқиға еді. Қалыптасқан саяси ұтымды пайдаланған Жәнібек хан мен Керей сұлтан бастаған ұлыс халқының біраз бөлігі Мағұлстанға қарайтын Шу өзені бойындағы Қозы-Басы атты мекенге келіп қазақ хандығының құрылғандығын жария етеді. 1468ж. Әбілқайыр хан Мағұлстанға жорыққа аттанып, жол үстінде қазаға ұшырайды.
Сонымен, Әбілқайыр опат болған соң көп ұзамай оның құрған ұлысы да ыдырауға ұшырады. Оған себепші болған билеуші сұлтандар тобының өз арасында билік үшін жүрген таластың толастамауы, қала және отырықшы егіншілік мәдениетінің ұлыс халқы арасында кең етек жая алмауы болды. Бұл Ақ Орда, Ноғай ұлысы, Әбілқайыр хандығы сияқты мемлекеттік құрылымдардың ыдырауына негіз болған ортақ себептер еді.