Алтын Орданың ыдырау барысында өмірге келген ірі мемлекеттік құрылымдардың бірі Ноғай Ордасы. XIV—XV ғасырларда ол Батыс Қазақстан жерінің бөлігін қамтыды. XIVғ. соңына қарай Жайық пен Еділдің арасындағы тайпаларды біріктірген қауым өзін маңғыттар, ал өз ұлысын “Маңғыт жұрты” атады. “Ноғайлар”, “ноғайлықтар”, “Ноғай Ордасы” деген атаулар деректерде XVIғ. бас кезінде пайда болады. Ноғай Ордасының мемлекеттік құрылым ретінде оқшаулануы Едіге бидің Алтын Орданы билеген кезеңіне түс келеді (1396—1411жж.). “Беклар-бегі” атанған би іс жүзінде бұл құрылымның негізін қалаушы болды. Ол бес жыл бойы Алтын Орданың саяси өмірінде шешуші роль атқарған Едіге би өз елі маңғыттар ұлысын күшейтуге біраз күш жұмсайды. Едіге би опат болған соң (1419ж.) маңғыттардың билеушілері шығыс жағындағы көршілерімен жақын қатынаста болуға ұмтылды, Әбілқайыр ханмен одақ құрды. Ноғай Ордасы дербестікке біржола Едігенің ұлы Нұр ад-Дин билігі (1426—1440жж.) тұсында қол жеткізеді.
Ноғай Ордасының жер көлемі өзгеріп отырған. XVғ. Екінші жартысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауынан асып өтіп, шығыс және оңтүстікке жылжыды. Сыр бойы қалалары үшін күрес және Мауреннахрға ықпалын арттыру жолында жүрген Әбілқайыр хан ноғайларға ешқандай да кедергі жасаған жоқ, қайта одақтастық пиғылда болды. Мұны пайдаланған ноғай билеушілері солтүстік-шығыста жайылымдарын Батыс Сібірге дейін жеткізді. Төменнің оңтүстік шығыс беті Ноғай даласы аталды. Сондай-ақ, ноғайлар көші ауық-ауық Сыр бойы мен Арал теңізі жағалауына шейін де жетіп жатты. Ноғайлардың сол кездегі билеушілері, Едіге бидің үрім-бұтағы Уақас би, Мұса мырза, Ямғұрчи және басқалары Әбілқайырға Сыр бойы қалаларын алуға көмек береді. Қазақ еліне тілі, салт-дәстүрі жақын ноғай жұрты қазақтармен жылы, одақтастық қатынаста болды. Алғашқы қазақ ханы Жәнібектің тұсында (XVғ.) қазақпен ноғай жылы, туыстық қатынаста болды. XVIғ. орта тұсында деректер Хақназар ханды “қазақтар мен ноғайлардың ханы” атады.
Ноғай ордасының этникалық құрамы төңірегіндегі түркі халықтарының, яғни олардың жеке ұлттық тұтастыққа көшкенге шейінгі құрамына ұқсас болды. Оның құрамына маңғыттардан басқа қыпшақ, қаңлы, қоңырат, найман, үйсін, қарлық, алшын, тама және басқа тайпалардың бөліктері енді. Әуелде этносаяси құрылым ретінде пайда болған Ноғай Ордасы негізінде кейінірек, яғни XVғ. соңына қарай ноғай халқы қалыптаса бастайды.
Ресейдің Қазан және Астрахан халықтарын өзіне қосып алған соң, XVIғ. екінші жартысына қарай Ноғай хандығының да тәуелсіз жағдайы әлсірей түсіп, ақыры бірнеше өзара тәуелсіз иеліктерге ыдырайды. Оның халқының бір бөлігі Кіші жүздің құрамына енді.