Моғолстан (XIV ғ. ортасы-XVI ғ. басы)

Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың ұлысы құрамына Оңтүстік Алтайдан Әмударияға шейінгі аралық, ұйғыр жерлері Самарқан және Бұқара, яғни Шығыс Түркістан, Жетісудың үлкен бөлігі және Мауреннахр енген болатын.

XIVғ. орта тұсында Шағатай мемлекетінің батыс және шығыс бөліктері дербес екі мемлекетке бөлініп кетті. Моғолстан атанған шығыс бөлігінің Әмір Болатшы дулат бастаған билеушілері 1348 жылы Шағатай ұрпағы Тоғлық Темірді хан сайлайды. Бұл тарихи кезеңде дулат тайпасы Мағұлстанның үлкен бөлігін иемденді, сондай-ақ оның ел билеуші ақсүйектері мемлекеттің саяси өмірінде жетекші роль атқарды, тәуелсіз, тұрақты мемлекеттік орнықтыру жолында болды. Тарихшы Мұхаммед Хайдар дулаттың көрсетуіне қарағанда дулаттар бұл тарихи кезеңде дәстүрлі мал шаруашылығымен қатар, отырықшы егіншілікпен де айналысқан. Дулат шонжарларының Шығыс Түркістанда ірі жер иеліктері (иқта) болған. Тоғлық Темір дулат әмірлері мен жергілікті қожалардың қолдауымен ислам дінін қабылдап, оны мемлекеттік дінге айналдырады. Ислам діні жергілікті халыққа қарақандықтар заманынан бері таныс болғанымен, билеуші топтың, сондай-ақ қара халықтың біраз бөлігі әлі де болса мұсылмандыққа өте қойған жоқ еді.

Мұхаммед Хайдардың көрсетуі бойынша мағұлстанның жері шығысында, қалмақ жерімен шектесіп, Барыскөл, Еміл, Ертісті қамтиды. Терістікте оған Көкше теңіз (Балқаш), Бұм, Қаратал қарайды. Батыста — Түркістанмен Ташкентпен, оңтүстігінде Ферғана уалайатымен, Турфанмен шектеледі. Басқаша айтқанда Мағұлстанның үлкен бөлігі оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғыз жерлерінен тұрды.

Бұл ортағасырлық мемлекет құрамындағы халқы мағұлдардың (“могол”, “маңғұл”) атымен “Мағұлстан” атанғанымен, мағұлдар оның тұрғындарының өз ғана бөлігін құрады, ал оның халқының басым бөлігі Шығыс Түркістан, Жетісу және Солтүстік Қырғызтанның жергілікті тұрғындары, яғни түркі халықтары еді. Олардың арасында көне ұйғыр, керей, барлас және басқа түркі тайпалары жетісулық қазақтар, ыстық көлдік және Шу бойындағы қырғыздар да берді. Мағұлстанның орталығы алғашында Жетісуда Алмалықта болды.

Тоғлық Темір өз билігін Мауреннахрға жайып, Шағатай мемлекетін қалпына келтіру әрекетін де жасайды (1360, 1361жж.), бірақ оның мұндағы билігі ұзаққа созылған жоқ. Оның мұрагері Ілияс Қожаның тұсында Мағұлстан ыдырау жолына түсті.

Әмір Темірдің XIVғ. соңғы ширегінде жасаған бірнеше дүркін жорығы Мағұлстан мемлекетін қайтып күшею мүмкіндігінен біржола айырды. Сөйтіп, ол XIVғ. ортасына қарай дербес мемлекет ретінде өмір сүруден қалды.

XIVғ. ортасында Ақ Ордамен бір мезгілде мағұлстан мемлекетінің өмірге келуі Қазақстан тарихындағы маңызды кезең болды. Мағұлстан түркі халықтарының Орталық Азияда қуатты мемлекет құру, сол арқылы өздерінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету әрекеті ретінде тарихта өз ізін қалдырды. Сондай-ақ ол, феодалдық, ұлыстық мүдденің үстемдік алуы жалпыелдік, жалпыұлттық мүдденің аяқ асты болуына соқтырмай қоймайтындығын да көрсетті.

Әмір Темірдің әскери жорықтары Мағұлстанда феодалдық бытыранқылық-тың күшеюіне, ал Ақ Орданың Ноғай Ордасы және Әбілқайыр хандығы болып ыдырауына алып келді.