Ортағасырлық мемлекеттердің дамыған кезеңі оныншы ғасырдың 40-шы жылдарында құрылған Қарахан мемлекетінен бастау алады. Жаңа атаудағы бұл мемлекет Жетісу аумағы мен Шығыс Қазақстанның бір бөлігінде қарлұқтар иелігіндегі жергілікті тайпалар бірлестігі негізінде қалыптасты. 912 жылы Сатұқ Боғрахан (915—955) Баласағұн билеушісін құлатып, өзін қаған деп жариялады. Хғ. аяғында қарахандар Бұхарды жаулап алып, бүкіл Сырдария аңғарын өз билігіне қаратты. ХІ—ХІІғғ. Қағанат шекарасы батыстағы Мауреннахрдан Шығыстағы қанғарға дейін жетті. Қарахандардың мемлекеттік құрылымы жердің үлестік жүйесінде құрылды. Ірі үлес орталықтары Тараз, Испиджаб және Баласағұнда болды.
ХІғ. 30—40-шы жылдарында Қағанат екі дербес мемлекетке бөлінді. Шығыс қағанатқа, орталығы Баласағұн мен Тараз, Шаш, Ферғана, Жетісу, Қашғар кірді. Ал, Батыс қағанатқа астанасы Бұқар қаласында болып, Мауереннахрмен қоса Ходжентке дейінгі жерлер енді Қағанаттардағы билік үшін күрестер, сыртқы күштердің мемлекетті басып алуына қолайлы жағдайлар туғызды. 1089 Селжұқтар Самарқанды алып Батыс қағанатты тәуелді етті. Шығыс қағанатты ХІІғ. бірінші жартысында жаулаған қарақытайлар, кейінірек қағанаттың қалған жерімен, Батыс қағанаттағы селжұқтармен қоса жеңіп өзіне қаратты. ХІІІғ. басында Хорезм мемлекетіне қарсы күресте Қарахан мемлекеті толық жойылды.
Қарахан мемлекеті қазақ жері тарихындағы орны ерекше мемлекет. Алдыңғы кезеңдегі мемлекеттерден бөлек, басқару жүйесіне көптеген жаңалықтар енгізді.
Мемлекет басшысы хақан мемлекетті әкімшілік басқару жүйесі арқылы басқарды. Басқару орталығы хан сарайында орналасып, көшпелі және отырықшы аудандардағы ерекшелікті ескеріп отырды. Мемлекетте әскери-лендік жүйенің ролі жоғары болды. Осыған дейін мемлекеттің пайдасына алынып келген салықтар ендігі жерде қағанның туыс жақындары арқылы жиналатын болды. Иқтамен қатар жер иеленудің үлескерлік (жалға беру) түрі де кең тарады.
Далалық аймақтағы көшпелі шаруашылық халқын басқару ру-тайпа басшылары мен олардың үстінен белгіленген бектер мен ілекхандар арқылы жүргізілді.
Қарахан мемлекетінің Шығыс бөлігінде көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы, ал батыс бөлігіне егін шаруашылығы қатар дамыды. Қазақстанның оңтүстік, Жетісу аудандарында ертеден келе жатқан егіншілік дәстүр Маураннахр шаруашылығымен тығыз байланысқа түсіп, бір мемлекет аясындағы қос шаруашылық-көшпелі және отырықшы өзара ұштасып дамыды.
Экономикалық қатынастар мен сауданың дамуы мәдени-рухани байланыстармен өз жалғасын тапты. VII—VIIIғғ. Соғдылықтардың Жетісуға қоныс аударып түріктену процесі, енді, Қарахан тұсында соғдылықтардың түрік тілі, мәдениетімен етене араласуына алып келді. Екі түрлі халықтың сіңісіп түріктенуіне орталық билік пен ислам дінінің әсері көп болды. Қарахан мемлекетінің Қазақ тарихында ғана емес, жалпы Орталық Азия тарихындағы ерекшелігі, осы дәуір кезеңінде қағанат аясынан Әл-Фараби, Әл-Бируни, Ж.Баласағұни, Әбу Әли ибн Сина, Әл-Бозжани, М.Қашқари және басқа әлемдік өркениет дамуына орасан үлес қосқан ғұламалардың өмір сүруі. Бұл кездейсоқ құбылыс емес, мемлекеттің рухани-мәдени даму жетістігі.