Оғыз тайпалары Түркеш қағанаты құлағаннан кейінгі қарлұқтардың билікке келу барысында Жетісудан Шу өзені аңғарына қоныс аударды. ІХ ғасырда кимектермен және қарлұқтармен бірлесе Сырдарияның орта ағысы мен Арал теңізін, өзіне қаратып алды.
ІХ ғасырдың соңында хазарлармен одақ құрып, печенегтерді жеңіп, Жайық пен Еділ аралығын бағындырды. Осы жеңістердің барысында Оғыз тайпалық бірлестігіне Сырдария жазығы мен Арал-Каспий далаларының ежелгі тайпалары, Жетісудың көшпелі тайпалары кірді. Махмұт Қашқаридың дерегі бойынша алғашында онда 24 тайпа болған.
Х ғасыр басында Оғыз даласына батыста Хазарияға дейінгі, Солтүстік Каспий маңы, Оңтүстік Шығыс Қарақұм және Арал маңындағы Қызылқұм кірді. Мемлекет астанасы Янчикент қаласы болды. Жоғарғы билеуші жабы деп аталды. Монархиялық билік кеңестерде бекітілді. Әскери басшысы — сюбашы маңызды рольге ие болды. Оғыз мемлекеті Еуразияның саяси және әскери тарихында маңызды роль атқарды. 965ж. Киев князімен одақтаса отырып Хазар қағанатын жеңді. Орталық билікке қарсы оғыз тайпаларының көтерілісінде селжуқтар ішінара негізінен жеңіске жеткенмен, жеңіліске ұшырады. Ішкі қыпшақ тайпаларының тегеурінді соққысы оғыз мемлекетін бір жолата құлатты.