Дулатидің толық аты Мырза Мұхаммед Хайдар бон Мұхаммед Құсайын Дуғлат Көреген. Дулати 1499 жылы Ташкентте туған. Қазақ халқының көрнекті ұлы қазақтың ежелгі Дулат тайпасының өкілі болып табылады. Өз заманының тамаша тарихшысы және саяси қайраткері болды. Жоғары білім мен Евразия халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы ұланғайыр білімінің куәсі оның атақты және керемет еңбегі «Тарихи-и Рашиди» болып табылады.
Бұл еңбегінде ол ұрпақтары үшін – XIV ғасырдың екінші жартысы мен XVI ғасырдың бірінші жартысындағы Моғолстан мен Қашқар тарихын сипаттайтын баға жетпес мәліметтер қалдырды. Осы еңбегін XVI-XX ғасырдағы авторлар түрік және оған көрші халықтар орналасқан кең аймақтың тарихының алғашқы деректері ретінде кеңінен пайдаланды. Ол өзектілігін біздің заманымызда да жоғалтқан жоқ. Дулатидың осы басты еңбегі көптеген тілдерге аударылды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы көрнекті қайраткерлердің арасынан құрметті орын алды. 1999 жылы ЮНЕСКО эгидосымен оның 500 жылдығына арналған арнайы конференция өткізілді.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің ата-бабасы Моғолстан мемлекетіне енген оңтүстік-шығыс Қазақстанның, Қырғызстан мен Шығыс Түркістанның көрнекті саяси қайраткерлері болған. Олар ұлысбектердің, тархандардың орындарында отырды және өздерінің мұралық иеліктері – Маңғылай-Сүбені басқарды.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің үлкен атасы Мұхаммед Хайдар мырза 1480 ж. дейін Қашқарияны биледі. Оның әкесі Мұхаммед Құсайын XV ғасырдың басы мен XVI ғасырдың аяғында Моғолстанның шығыс бөлігінің билеушісі Сұлтан Махмұд ханның нөкерлерінің бірі болды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің анасы — Хуб Нигар ханым Жүніс ханның қызы болатын, ол өзі — анасы жағынан Саид хан сұлтанның және Үндістанды билеген Ұлы Моғолдар әулетінің негізін қалаушы Захир ад-Дін Мұхаммед Бабурдың немере ағасы.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің балалық шағы Орта Азиядағы Темір әулетінің, МұхамМед Шайбанидің өзбек көшпенділерінің қысымымен құлдырай бастаған кезіне сәйкес келеді.
Хайдар мырза өзінің негізгі білімін Жаркентте алады, онда үздік медреседе оны үздік педагогтар мен ғалымдар оқытады. Құран және Хадистермен қатар ол географияны, жаратылыстануды, математиканы, тарихты, философияны, логиканы, әдебиетті, тілдерді оқиды. Күн сайын әскери өнер сабақтарын алады.
Оның оқуы мен тәртібін Саид ханның өзі қадағалайды. Тарих пен географияға, әдебиетке, жылнамаларды зерделеуге көп көңіл бөледі. Осының бәрін «Зафар-наме» авторы, библиограф Әмір Темір I Параф ад-Дина Али Иаздидің шығармаларынан сарқып алуға болады екен, сондай-ақ Иакут аль-Хамауи ар-Румидің, Рашид ад-Діннің, Ұлықбектің, Бабурдың және т.б. еңбектерін оқиды.
Саид хан Хайдар мырзаның талантын жоғары бағалайды, оны ұлындай жақсы көреді, оған өзінің кіші қызын әйелдікке беріп, гурхан (ханның күйеу баласы) етеді, осылай достығын туыстық байланыспен нығайтады. Хайдар мырзаның еңбектерінде Саид ханның жасаған барлық жорықтары мен әрекеттері бейнеленген, ол осы оқиғалардың тікелей қатысушысы болған.
1512 ж. Мұхаммед Хайдар Дулати, Қашқарияда Саид хан сұлтанның сарайында болған кезде сарайдағы көрнекті әскери және басқа лауазымдарда болады. Бабурдың айтуынша, Мұхаммед Хайдар Дулатидің энциклопедиялық білімдері болған, Қазақстан, Орта Азия, Моғолстан тарихын жақсы білген.
1541-1546 жж. Кашмирде ол «Тарих-и Рашидиді» жазады, онда ол моғол хандарының сарайларында сақталған ұрпақтан-ұрпаққа таралып келе жатқан дулаттардың өткен өмірі туралы әңгімелерге, моғолдардың аңыздарына, құпия құжаттарға және көргендердің куәлігі мен өзінің бақылауларына сүйенеді.
Автор өткендегі — Жувейни, Жамал Карши, Рашид ад-Дин Али Йазди, Әбдіразақ Самақанди сияқты белгілі ғалымдардың тарихи шығармаларын пайдаланады. Осының бәрі берілген шығарманы мұрағаттық деректерге негізделген тарихи анықтама ретінде сипаттауға мүмкіндік береді [1, 20-б.].
«Тарих-и Рашидида» Қазақ хандығының қалыптасуы, Жетісу мен Шығыс Дешті Қыпшақтағы ізінше болған оқиғалар, Моғолстанның шабуылдары, феодалдық соғыстар, сыртқы жауға қарсы күресте қазақтар, қырғыздар мен өзбектер арасындағы достық одағын нығайту туралы көп мәліметтер бар.
Еңбекте Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның XV-XVI ғғ. әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қалалық және егін шаруашылығы мәдениеті, Жетісудың тарихи географиясы, Орта ғасырлық Қазақстан туралы көптеген құнды деректер бар.
«Тарих-и Рашидида» Қазақстанның: Сайрам, Түркістан, Йанги (Тараз), Баласағұн, Шу, Сырдария, Іле, Ертіс, Көкше теңіз (Балқаш), Қаратал және т.б. сияқты қалалары мен өзендерінің атаулары мен кейбір сипаттамалары ғана беріліп қойған жоқ, сондай-ақ осы өлкелерде туған ғалымдар мен белгілі тұлғалардың есімдері де аталады [2, 6-б.].
«Тарих-и Рашидидің» ерекше белгісі – шыншылдық болып табылады.
Автор өзінің алдына — өздері көрген шындықты, ол өзі қатысқан оқиғаларды немесе өткеннен орын алған ақиқатқа жүгінетін тарихи фактілерді бейнелеу мақсатын қойған. Мұхаммед Хайдар Дулати сандаған түркі тілдес этностар өз бетінше: қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ ұлттары болып рәсімделе бастаған кезеңде өмір сүрген. Сондықтан сарай шиеленістері, өзара қақтығыстық қайшылықтар мен соғыстар, билік пен жер үшін күрес, Дешті Қыпшақтармен қарым-қатынас туралы толық түрде әңгімелейді, ол «өзбектер» мен «қазақтар» этносының пайда болуы сияқты тақырыпқа да жүгінеді.
Хайдар мырза Кабулда өмір сүрген кезінде Бабурдың Шайбанидтерге қарсы қауіпті әскери жорықтарына қатысты. Көзімен көрген ұрыс шайқастары мен сынақтар Хайдар мырзаның жақсы шыңдалып, тұлға болып қалыптасуына нағыз сабақ болды. Ұрыс шайқастары кезінде оның ұстаздары мен қамқоршыларының бірі Саид ханның өзі болды. 1514 жылы ол Хайдар мырзамен бірге өзінің маңындағыларды шақырып алып, Қашқарияға жол тартады, Әбу Бәкірді тақтан түсіріп, Қашқар хандығын — жаңа мемлекетті құрады. Хандар ордасы тұрған Қашқарияда, Жаркентте көптеген мешіттер, медресе, сарайлар, керуенсарайлар болды. Мұнда өз шығармаларын шығарып, адамдарды сауаттылыққа үйретуші ғалымдар мен ақындар жан-жақтан келіп жатты. Кашмир Хайдар мырзаға өте ұнады. Сондықтан ол «Тарих-и Рашидида» Кашмирге сегіз тарауын арнайды. Өлке астанасы Сринагар қаласын, оның көп қабатты үйлерін, салтанатты аркаларын, жергілікті шеберлердің өнерін, небір бұйымдардың ғажайып әдемілігін сипаттайды. Мұнда кашмирліктердің исламды қабылдау тарихы өте толық мазмұндалған [3, 2-б.].
Үнді тарихшылары Хайдар мырза билеген кезде Кашмирдің құлпырғандығын айтады. Рухани дүниелер мен мәдениеттің дамуына зор көңіл бөлінді. «Тарих-и Рашидимен» жұмыс жасау барысында автор көптеген деректер, мысалы Ата Мәлік Ала ад-Дін Мұхаммед Джувайнидің «Тарих-и джахангушай» («Әлемді жаулап алу тарихы»), Орта Азия, Ауғанстан мен Жетісу тарихы сипатталған Жамал Карши еңбектерін пайдаланды.
Осындай ойлы, байқағыш тарихшының, соғыста да, басқаруда да тәжірибелі, ұзақ уақыт бойы Бабурдың үйімен тығыз байланысты болған адамның өмірі мен қызметі үнді тарихшыларының белгілі бір қызығушылығын тудырды [5, c. 2].
Оның дипломатиялық қабілеттермен ұштасқан тұлғасының тартымдылығы — оған Хумаюн императорының аласапыран кездерінде өз иелігінің тәуелсіздігін сақтап қалуға ғана емес, Тибеттегі жаңа жеңістер есебінен оны кеңейтуге де мүмкіндік берді. Мемлекеттік-әкімшілік істері мен әскери әрекеттер оған әдеби қызметтерімен параллель айналысуға кедергі болған жоқ: нақ сол кашмир кезеңіне оның «Тарих-и Рашиди» тарихи еңбегімен көп жылдық айналысуы жатады.
Мұхаммед Хайдар Дулатиге 1529-30 ж. Бадахшанда болған кездерінде түрік тілінде жазылған «Джахан-наме» өлеңдік трактаты жатады. Оған поэзия да бөтен емес болатын: түрік және парсы тілдерінде бірдей еркін жазды, поэтикалық псемдонимі «Айяз» болды.
Мұхаммед Хайдар Дулати 1551ж. жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Оның моласы Сринагарда Мазар-и салатинде тұр.
XVI-XVII ғғ. өзінде классика болып саналған «Тарих-и Рашиди» кеңінен таралды, көп рет қайта жазылып, қайта оқылды, бұл бес ғасыр бойы оған деген өшпес қызығушылықтың куәсі. Осы данышпандық туындының баға жетпес көшірмелері Англия, Франция, Германия, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Шығыс Түркістанның жылнама сақтағыштарында жатыр. Орта ғасырлық зерттеушілер өздерінің еңбектерінде, Шығыстың жұмбақ елдері: Кашмир, Шығыс Түркістан, тибет туралы әңгіме болғанда «Тарих-и Рашидиға» сілтеме жасайды.
XIX ғасырдағы ғалымдардың ішінен бірінші болып Ш. Уәлиханов осы еңбекке жүгінді. Ғылым Академиясы мұрағатында «Тарих-и Рашиди» жылнамасымен танысқан соң, осы туындының үзіндісіне шағын аударма жасады. Ағылшын шығыс танушысы Денисон Росс «Тарих-и Рашидиді» ағылшын тіліне аударып, Лондонда басып шығарды. Бірінші басылым 1895 жылға жатады, ал екіншісі – 1898 ж. Батыс еуропа ғалымдары — Х.Беверидж, В. Беллью, Дж. Бриггс, Дж. Даусон, Х. Джеррит, Е.Д. Росс, Ф.Х. Скрайн, Р. Шоу, Э. Эллиот, В. Эрскайн және басқалары Үнді тарихын зерделеп, Еуропада кеңінен таралған жоғарыда аталған еңбекке бірнеше рет жүгінді.
1996 жылы «Тарих-и Рашиди» В.М. Такстонның парсы мәтінімен АҚШ-та басылып шықты. «Тарих-и Рашиди» толық түрде орыс тіліне аударылып, 1996 жылы Ташкентте басылып шықты, ал 1999 жылы қазақстандық «Санат» баспасы оны бес рет қайта басып шығарды [1, 28-б].
Әл-Фараби атындағы ҚазМУ мен Тараз университеті осы көрнекті ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған бірнеше халықаралық конференциялар өткізді. Кейінірек Тараз мемлекеттік университетіне оның аты берілді. Қазақстанда Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойынан кейін атап өтілген маңызды мерекелердің бірі 1999 ж. Хайдар Дулати мырзаның 500 жылдығы болды [1, 29-б].
Осы көрнекті қолбасшының, мемлекет қайраткерінің, орта ғасырлық талантты тарихшының өмірі мен қызметі аз зерделенген және өзінің зерттеушілерін күтуде. Хайдар мырза туралы шығыс тілдерінде көптеген мәліметтер бар, олардың көпшілігі әлі күнге дейін жарияланбаған. Хайдар мырзаның шығармашылық мұрасы бүкіл әлемдік мойындауға және жоғары бағаға ие болды. Оның Орта Азия елдерінің ғылымын, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға қосқан үлесін қайта бағалау күрделі. Әлемнің көптеген елдерінің ғалымдарына, қазақтың тарихи ғылымының бастауын М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты классикалық еңбегісіз көз алдына елестету қиын.