Б.э.д. 3 – мыңжылдықтың соңында Орта Азия мен Қазақстанның Сiбiрге ұласқан аймағында қола ғасырлық ерекше мәдени орталық қалыптасты. Бұл мәдени орталықтың таралу аймағы Минусин қазаншұңқры, Енисейдiң жоғарғы ағысы, Сiбiр және Қазақстан жерлерiн қамтыды. Осы мәдениеттiң қалыптасуы мен дамуы мыс рудасының молдығымен тығыз байланысты.
Айтылған өңiрдiң қола ғасырлық археологиялық мәдениеттерi барлық жерлерде бiрдей жақсы зерттелмеген. Ең жақсы зерттелген аудандардың бiрi Оңтүстiк Сiбiрдiң қола ғасыр ескерткiштерi. Бұл ауданда бiрiн бiрi кезегiмен алмастырған үш үлкен архелологиялық мәдениет мұралары жақсы белгiлi. Олар: Афанасьев, Андрон (Андронов) және Қарасұқ археологиялық мәдениеттерi.
Афанасьев мәдениетi
Бұл мәдениеттер мал өсiрiп, егiн егiумен қатар метал өндiрудi жақсы игергендiгiмен ерекшеленедi. Б.э.д. 3 – 2 – мыңжылдықтарда Енисейдiң жоғарғы ағысы мен Алтай даласында қалыптасақен Афанасьев мәдениетi өзiнiң бастауын жаңа тас, (неолиттен) алады. Негiзiнен жерлеу ескерткiштерi жақсы зерттелен. Қабiрлерiнiң үстiнде аса үлкен емес, топырақтан немесе тастан үйiлген төбешiктерi бар. Жерлеу қабiрлерi жан – жағы бөренелермен өрiлген жер шұңқырлардан құрылған. Төбесi де ағаштармен жабылған.Мәйiттiң аяқ, қолын бауырына бүгiп жатқызған. Әдетте еркектерi бiр, немесе бiрнеше әйелдермен бiрге жерленген. Нәсiлi жағынан древнеямалықтар мен афанасевтықтардың ұқсас екендiгi анықталған. Олардың екеуi де палеоевропеоидтық түрге жатады. Жерлеу ыдыстары жұмыртқа тәрәздес, түптерi жұмыр келедi. Сыртқы өрнектерi кесiп және басып салынған. Соңғы кезеңде түптерi тегiс және ағаштан жасалған ыдыстар да пайда болды.
Афанасевтықтардың шаруашылығы өндiрушi шаруашылық, оның iшiнде бақташылық басым. Қазiргi кездегi үй жануарларының негiзгi түрлерiнiң барлығы дерлiк ұсталған. Аңшылық пен балық аулау да қоғам өмiрiнде елеулi орын алды. Афанасавтықтардың бiрсыпыра қоныстары да зерттелген. Олар көбiне жартылай жертөле және бөренелерден тұрғызылған үйлер түрiнде. Түстi металл өндiргендiгi анықталған, оларды алған кен орындары да зерттелген. Негiзгi еңбек құралдары тастан жасалғанымен мыс пышақтар, орақтар, балталар, инелер тiптi мыс қанжарлар да кездеседi. Күмiс пен алтыннан жасалған бұйымдар да табылған. Минусинскiдегi осы мәдениетке атын берген Афанасев тауындағы зираттан метеориттiк темiрден жасалған бiлезiк шықты.
Андрон мәдениетi
Андрон мәдениетi б.э.д. 2 – мыңжылдықта Шығыс Орал мен Батыс Сiбiр аралығында қалыптасты. Оның негiзгi таралу аймағы батыста Орал тауынан, шығыста Енисейге, солтүстiкте Тайгадан, оңтүстiкте Тян – Шань тауларына дейiнгi Орта Азия мен Қазақстан жерiн алып жатыр.
Андрондықтардың жерлеу ескерткiштерi мен қатар қоныстары да жақсы зерттелген. Олардың зираттары қабiр үстiне үйiлген кiшкене үйiндiлер мен тас қоршаулардан тұрады. Сондықтан көпшiлiк жағдайда оларды iздеп табу қиынға түседi. Жерлеу қабiрлерiнде кейде қазылған шұңқырдың қабырғалары ағаштардан өрiлiп, үстi де ағашпен жабылады. Кейбiр жағдайда тастардан қаланады. Өлген кiсiнi аяғын бауырына бүгiп, жерлеу жиi кездессе, өртеп күлiн жерлеу ғұрпы сирек. Жерлеу заттары тастан жасалған жебенiң ұштары, қола қарулар мен еңбек құралдары, алтын мен күмiстен жасалган сырғалар да жиi кездеседi. Соғыс арбасы қоса көмiлген қабiрлер де табылған.
Қоныстары егiн егiуге қолайлы өзен жағалауларына жақын орналасқан. Ерте кезеңдегi қоныстар қорғаныс дуалдарымен нығайтылған. Үйлерi жартылай жертөле түрiнде және жер бетiне салынған үлкен көп жанұялық баспана түрiнде. Осындай үйлерден тұратын үлкен мекенжайлар табылған.
Андрондықтардың негiзгi шаруашылығы мал өсiру болған. Негiзгi малдары қой, ешкi, сиыр және жылқы. Жылқыны мiнiс көлiгi ретiнде пайдалануды игерген. Металл өндiру кәсiбi Орал, Орта Азия, Қазақстан және таулы Алтай жерлерiндегi кен көздерi негiзiнде жүрген. Андрондықтар кен жыныстарын алған орындардың iшiндегi әйгiлiлерiнiң бiрi Қазақстандағы Еленовский руднигi. Олар сондай – ақ алтын да өндiрдi. Қоладан жасалған пышақ, қанжар, дүмi шығыңқы балта, найза мен орақтар, бiздер кең таралған.
Андрондық ыдыстар құты тәрiздес, түптерi тегiс. Оларда балшықтан ыдыс жасаудың ерте дәуiрдегi қарапайым екi тәсiлi қолданылды. Бiрiншi тәсiл бойынша әбден иiнiн қандырып илеп, кеспе тәрiздi етiп жасаған балшықты бiрiнiң үстiне бiрiн қаттап орап, болашақ ыдыстың тұрпатын келтiргеннен кейiн сыртын жылтыратқан – мұны орама әдiс деймiз. Екiншi тәсiл бойынша алдымен қажеттi ыдыстың нысанын (формасын) матадан тiгiп алып, оның iшiн құммен толтырған. Сосын балшықты оның сыртынан жапсырып, болашақ ыдысты жасаған. Ыдыс арнайы жағдайда кептiрiлгеннен кейiн iшiндегi құмын төгiп, матасын алып тастаған – мұны жапсырма әдiс деймiз. Ыдыстардың сырты жақсылап өңделгеннен кейiн оны арнайы қалыпта күйдiрдi. Ыдыстар сыртынан геометриялық және толқын тәрiздес өрнектермен безендiрiлдi (сурет).
Сынтасты және Арқайым қалашықтарын ашып, зерттеу Еуразия даласының ежелгi дәуiрi жайлы ғылымға елеулi өзгерiстер әкелетiн тың мәлiметтер бердi.
Андырон және Срубты мәдениеттерiнiң өзара ұқсастығын олардың шаруашылығының бiртектестiгiнен, үй салу жүйелерiнiң ұқсастығынан, қыш ыдыстары мен әшекей бұйымдарынан көруге болады. Әсiресе олардың соңғы кезеңдерiндегi ескерткiштерi бiр бiрiне өте жақын.
Андрон мәдениетi ескерткiштерi Оңтүстiк Сiбiрде: Орақ 1, Новая Черная 11, Сухое озеро; Алтайда: Венгерово 1, Абрамово 4, Преображенка 3; Оңтүстiк Оралда: Кулевчи 3, Берсуат; Қазақстанда: Атасу 1, Петровка 2, Қанай, Былқылдақ 1, Бұғылы, Трушниково т. т.
Қазақстан жерi Андрон тарихи – мәдени қауымдастығының негiзгi орталықтарының бiрi болды. Археологиялық материалдардың көрсетуiне қарағанда Қазақстан жерiн мекендеген Андрондықтар негiзiнен отырықшы егiншiлiк кәсiппен айналысқан. Олардың мекенжайлары өзен жағалауларындағы биiк алаптарда орналасқан. Тұрғын үй ретiнде қора-қопсы, қоймалары жалғастырыла салынған үлкен патриархалды жартылай жертөлелер пайдаланылды.
Андрондық тұрғындардың басқа мәдени- тарихи қауымдастықтардан этнографиялық басты айрмашылығы олардың жерлеу ғұрпы, геометриялық өрнегi бар ыдыстары мен металлдан жасалған бұйымдарының тек өздерiне ғана тән ерекшелiктерiнен байқалады.
Қазақстандық андрондықтар тiк бұрышты, дөңгелек, сопақ келген әртүрлi тас қоршаулар үйлесiнен тұратын жерлеу құрылыстарын салған. Өлген тайпаластарын тас жәшiктерге немесе тiк бұрышты етiп қазылған жер қабiрлерге аяқ – қолын бауырына бүгiп, бiр жамбасымен жатқызған. Мәйiттi өртеу ғұрпы да кездеседi. Олардың қола бұйымдары мен қыш ыдыстарының сапасы мәдени деңгейiнiң жоғары болғандығын көрсетедi.
Таралу аймағы мен өзiндiк ерекше белгiлерiне қарай Қазақстан жерiндегi андрон мәдениетi үш кезеңге бөлiнедi: ерте кезең – б.э.д. 17 – 16 ғасырлардағы Петров мәдениетi; орта кезең – б.э.д. 15 – 12 ғасырлардағы Алакөл, Атасу, Федоров, Нұра мәдениеттерi; соңғы кезең – б.э.д. 11 – 9 ғасырлардағы Алексеев, Замараев, Сарығары, Беғазы – Дәндiбай мәдениеттерi. Б.э.д. 2 – мыңжылдықтың соңы мен 1 – мыңжылдықтың басында андрон тайпаларының экономикалық тұрмысы мен мәдениетiнде айтарлықтай өзгерiстер болды. Бұл өзгерiс қоғамның әуелi жайлауда, кейiннен көшiп жүрiп мал өсiруге бейiмделген жаңа шаруашылыққа ауысуымен байланысты. Археологиялық материалдардың көрсетуiне қарағанда қола дәуiрiнiң соңғы кезеңiнде (б.э.д. 12 – 8 ғғ.) шаруашылық пен мәдениеттегi андырондық дәстүрлердiң орнына темiр ғасырына тән қоғамның жаңа экономикалық үлгiсi мен материалдық мәдениеттiң прогрессивтi нысандары қалыптасты.
Арал теңiзi маңында неолиттiк кельтиминар мәдениетiнiң орнына б.э.д. 2 – мыңжылдықтың басында оңтүстiк аудандардан суярган тайпалары ауысып келдi. Олардың қыш ыдыстары Анау мәдениетi мен ирандыкiне өте жақын. Суяргандықтардың шаруашылығы мәдениеттiң соңғы кезеңiне қарай суғармалылыққа ұласқан егiншiлiк болды.
Андрондық мәдениеттiң жергiлiктi нұсқасы болған тазабагъяб тайпалары б. э. д. 2 – мыңжылдықтың екiншi жартысында суяргандықтардың көршiсiне айналды. Олардың қоныстары Амударияның бойындағы Ақшадария атрауында орналасқан. Онда бiр бiрiне жақын орналасқан қоныстардың арасындағы суғару жүйелерiнiң iздерi анық байқалады.
Тазабагъябтықтар мен андрондықтардың жақындығы олардың қыш ыдыстары, еңбек құралдары, әшекеи бұйымдарынан, үй құрылыстары мен жерлеу ғұрпынан байқалады. Олар да өлген туыстарын қол, аяғын бауырына жинап бiр жамбасына жатқызып жерлеген. Қабiрлер мен қоныстарда жүргiзiлген қазба кезiнде табылған археологиялық заттардың кешенi, қоныстардың маңындағы су жүйелерiнiң қалдықтары тазабагъяб тайпаларының негiзiнен егiншiлiкпен шұғылданғанын көрсетедi.
Қарасұқ
Хакасск – Минусинск қазаншұңқыры мен оған жақын аймақтарда б.э.д. 2 – мыңжылдықтың соңында Қарасұрық археологиялық мәдениетi қалыптасты. Дамыған қола ғасырына жататын бұл мәдениеттiң археологиялық заттары ерекше және андрондықтардiкiне аз ұқсайды. Ол әсiресе қыш ыдыстар мен қола бұйымдардан айқын көрiнедi. Қарасұрық қабiрлерiнiң ыдыстары бомбаға ұқсас: аса үлкен емес мойны тiк, бүйiрлерi шар тәрiздес, түбi жұмыр. Олардың сыртында кесiп және басып салынған үшбұрыш және ромба тәрiздес өрнектер.
Хакасск – Минусинск қазаншұңқырының қарасұрық мәдениетi өкiлдерi кезiнде көршi орманды және далалық тайпалардың мәдениетiне үлкен ықпал жасаған. Қарасұрыққа ғана тән қола заттар алыс аймақтар: Забайкалье, Тува, Алтай және Қазақстан, тiптi Кавказ бен Болгар, Румын жерлерiнде де кездеседi. Қарасұрық тайпаларының негiзгi кәсiбi мал шаруашылығы болды. Қабiрлерiне қойылған мал сүйектерiнiң көптiгi осыны бiлдiредi. Көбiне қой өсiрген. Олардың қоныстарының мәдени қабатының жұқа, ыдыстарының түбi жұмырлығы отырықшылықтың тұрақсыздығын көрсетедi.
Орта Азияның қола ғасыры туралы айтқан кезде бұл жерлерде егiншiлiк пен отырықшы тiршiлiк энеолит дәуiрiнен бастап қалыптасқанын ескеру керек. Намазга төбе мен Анау төбенiң жоғарғы қабаттары (Намазга 1Ү,Ү,Ү1 б.э.д. 2750-1100 жж.; Анау Ш) қола ғасырына жатады. Намазга төбеде жүргiзiлген қазба жұмыстары бұл жерде қола ғасырына тән жоғары дамыған өркениет болғандығын көрсететiн археологиялық мол материалдар бердi. Аршылған үйлердiң жобасы мен орналасу жүйесi мұнда қалалардың ең алғашқы түрi (протогород) қалыптасқандығын бiлдiред. Намазга мәдениетiнiң қыш ыдыстары мен археологиялық бұйымдары Алдынғы Азияның заттарына өте ұқсас, яғни олардың мәдени байланысының тығыз екендiгiн көрсетедi.