Талай ғасырлардың сын елегінен өткен, әлемді меңгерудің мейлінше бай
тәжірибе-тағылымы бар екендігі, небір тарихи дәуірлердің рухын жинақтаған, арман-ойларын, үміттері мен межелерін уақыт сүзгісінен өткізген мәдениеттің теориясы мен тарихының рухани-шығармашылық маңызының зор екендігі ақиқат.
Мәдениеттану пәнінің мақсаты-мәдениеттану тілінің қоғамдағы орны мен ролін, оның теориялық негіздері мен әлемдік озық үлгілерін, қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен рухани ізденістерін студенттермен бірге талқылау.
Мәдениеттану жеке пән ретінде ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қалыптаса бастады, сондықтан да оны әлі де болса буыны бекімеген жас ғылымдар саласына жатқызамыз.
Мәдениеттану –мәдениет туралы ғылым, сонымен қатар философиялық ілім, өйткені ол философияның басты саласы, мәдениет философиясын қамтиды. Мәдениет қоғамда болып жатқан түрлі процестерді (материалдық, әлеуметтік, саяси, адамгершілік, көркемдік т.б.) барынша қамтып, мәдениет дамуының жалпы заңдылықтарын, оның өмір сүруінің принциптерін және бір-біріне этно-әлеуметтік, саяси-моральдық, ғылыми, көркемдік және тарихи сипаттамаларымен, жағдайларымен ерекшеленетін түрлі мәдениет түрлерінің өзара байланыстарымен, тәуелділіктерімен зерттейді.
Мәдениеттану пәні сонымен қатар жергілікті және аймақтық мәдениеттердің сапалы ерекшеліктерін, олардың өзара байланыстары мен мәдениеттің басқа түрлерімен мирасқорлығын, қарым-қатынасын зерттей отырып, адамзат баласының біртұтас мәдени даму процесінің жалпы заңдылықтарын анықтайды.
Яғни, мәдениеттану пәні түрлі қоғамдар барысындағы мәдени өмірді
жан-жақты қамти отырып, ондағы басты мәдени процестерге ғылыми тұрғыдан талдау жасайды.
Мәдениеттану туралы түсінік беру үшін алдымен осы мәдениет сөзінің этимологиясын, яғни шығу тегін түсіну керек.
Қазақ тіліне бұл термин арабтың “маданият” – қала, қалалық, деген сөзінен енген.
Осы “мәдениет” термині мен мағыналас “культура” термині де кең қолданысқа ие.
“Культура” термині латын тілінде көне заманда жерді өңдеу деген мағынаны білдірген. Кейінірек, дәлірек айтқанда, Цициронның еңбектерінде (б.ғ.д. 45 ж.) бұл сөздің мағынасы тереңдеп “жанды жетілдіру” деген ұғымды білдіреді. Бірте-бірте еуропалық тілдерде культура сөзі “білім беру”, “даму”, “қабілеттілік” , “құрметтеу”, деген сияқты мағыналарға ие бола бастады.
Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке (культураға) төмендегідей анықтамалар берілген:
а) мәдениет – белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтығы;
ә) мәдениет – адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, критмекен мәдениеті, қазақ мәдениеті және т.б.);
б) мәдениет – адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті және т.б.);
в) агромәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет және т.б.).
Мәдениет ұғымы тарихи қалыптасудың ұзақ даму жолынан өтті, оны алғашқы рет ғылыми тұрғыдан анықтауға ұмтылған философтар болды.
XVIII ғасырға дейін, яғни ағартушылық дәуіріне дейін, басты құндылық-адам мен оның ақыл-ойы деген қағида жүзеге асқанға дейін “мәдениет” сөзі белгілі бір мойындалған термин ретінде қолданылмады, бар болғаны жаңа ұғымдардың синонимі ретінде ғана пйдаланылды.
Жаңа заманда (XVII – XIX ғ.) мәдениеттің көптеген теориялары өмірге келді. Жаңа заман философиясында көне заман мен ортағасырлар мәдениетін нақты түсіну және оны шындық тұрғысынан қарастырғанда, ең озық идеялар Ағартушылық дәуірі – буржуазиялық қайта құруларға , терең саяси әлеуметтік өзгерістерге толы ерекше тарихи және ең рационалды кезең болып саналады. Бұл дәуірдің мәдениет теориясына ерекше үлес қосқан өз ойшыл ғалымдары болды.
Олар (Англияда-Толанд, Францияда-Вольтер мен Монтескье, Германияда-Лессинг, Гете, Шиллер және т.б.) дүние мен адамзат жөніндегі ақиқатты айту құқығын діннен тартып алып, адамзаттың ақыл-ойының тәуелсіздігін батыл қорғады.
Адам өзінің табиғи жаратылысынан-ақ мүмкіндіктері мол, ақылды жан және соны тиімді пайдаланудың нәтижесінде адам игілігіне сай қоғам құруға қабілетті. Бұл ізгі мұраттың жүзеге аспауына адамның өзі кінәлі, дәлірек айтқанда, оның білімсіздігі мен мәдениетсіздігі , адамзатты ғасырлар бойы қараңғылық түнегінде ұсталуы т.б. жағдайлар мәдениет пен өркениеттің дамуына басты кедергілер болды. Сондықтан да болар, Ағартушылық дәуірінің философиясы мәдениет туралы ілімді дамытуға мүмкіндік беретін (табиғат, адам, қоғам, таным, ақыл-ой) категорияларға сүйенді. Бұл категориялар жалпы философиялық сипатқа ие болды. Олар XVIII ғасырдың ағартушыларына тарихи процесс идеяларын дамытуға және тарихи дамудың мақсаты, қозғаушы күштері және мағынасы жөніндегі сұрақтарды белгілеуге мүмкіндік берді.
Бұл сұрақтарға жауап қалыптасқан жалпы философиялық негіздер тұрғысынан берілді.
Мысалы: “Мәдениеттің классикалық үлгісі” ұғымы мәдениетті-адамзаттық тарихи дамуының нәтижесі, адамзат баласының саналы және адамгершілік қоғамдық қарым-қатынасының қол жеткен дәрежесі деп қарастырды.
Мәдениетке байланысты қағидаларды сын елегінен өткізе отырып, Ағартушылық кезеңнің ойшылдары және мәдени үлгілерді (адам, қоғам, мемлекет, құқық, философия т.б.) жасауға тырысты және өткен заман мен жаңа заманның мәдени тәжірибесін жаңаша сын елегінен өткізе отырып қарастырды.
ХІХ ғасырда мәдениет мәселелерімен тығыз айналысқан ғалымдардың бірі – ағылшын ойшылы Эдуард Бернетт Тайлор (1832-1917) болды.
Ол “мәдениет жөніндегі ғылым-реформалар жөніндегі ғылым” деп тұжырымдай отырып, мәдениетті үздіксіз жаму үстіндегі процесс деп қарастырды. Тайлор мәдениетке мынадай жалпылама анықтама берді. “Мәдениет пен өркениет кең, әрі этнографиялық мағынада – білімнен, наным-сенімдерден, өнерден, адамгершіліктен, заңдардан, салт-дәстүрлерден және қоғамның мүшесі ретінде адамның игерген дағдылары мен түрлі қабілеттерінен құралады”.
Мәдениеттану ғылымының іргелі проблемалары, әсіресе, бұрыннан қалыптасқан құндылықтар жүйесін қайта қарау кезеңдерінде заман талабына айналды. Мыңжылдықтар тоғысында тек қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті емес, сонымен бірге бүкіләлемдік өркениет пен мәдениеттің түбегейліөзгеруін көріп отырмыз. Бұл мәселеде бірнеше бағдарлар айқындалды:
— байырғы дәстүрлі мәдениетті мансұқтаушылық, ескі өркениет өрнектерін сол қалпында жандандыруға тырысушылық;
— Ф. Ницше айтқандай, “барлық құндылықтарды қайта қарау”, “Ұлы бас тарту”, мәдени сабақтастықты елемеу;
— әлемдік өркениттердің жаңа тәртібін қалыптастыруға қатысу, халықтың рухани бастаулары мен әлеуметтік-саяси типтерін қоғамдағы өзгерістерге байланысты, жаңа ағымдарға үйлесімді ұштастыру, мәдениеттің қайта өркендеуіне қолайлы жағдайлар туғызу, мәдени деңгейде немқұрайлы қараудан арылу, этномәдениеттің типтік ерекшеліктерін анықтау, оларды дамыту, дүниежүзілік үндестікпен бір ырғақта болу.
Бұл проблемаларды шешу – айтуға ғана жеңіл нәрсе. Алдымен адамдардың санасын өзгерту қажет. Бұл, әсіресе, тоталитарлық сананың менталитетін өзгерту мәселесі. Жоғарғы жақтан келетін Жалғыз Тәртіпке негізделген мәдениетте таңдау да шығармашылық пен жасампаздық та болмаған. Авторитарлық әкімшіл мәдениет тұлғасыз болады, онда адамның орнын қуыршақ – функционер, руханилықтан жұрдай жалаң идеология алмастырады, жиі айтылатын “қоғамдық мүдде жеке адамның мүддесінен жоғары болады. Ол қоғамды енжарлыққа, жайбарақат саңыраулыққа әкеледі.
Өркениеттің дайын үлгілерін сырттай формалды түрде қабылдаған мәдениет өзінің рухани немқұрайлы ішкі табиғатында манипуляцияланған тетік адамдарды, жүйеге икемделген пысық конформистерді және қиратушы нигилистерді қалыптастырады. Тек тұлғалық дамудың көпырғақты шексіз полифониясы арқылы мәдениеттіліктің сара жолына шыға аламыз.