Ислам діні ерте дүниеден Орта ғасырлық даму жолына түскен Араб елдеріндегі қоғамдық процестердің заңды жалғасы ретінде өмірге келді деуге болады. Таза діндік тұрғыда оның қалыптасуы одан бұрын өмір сүріп келе жатқан христиан, иудей, зороастризм діндерінің, сондай – ақ араб елдерінің тұрғындарының діни сана – сезімі дамуының зор ықпалы болды. Араб халқы («әлғараб») Азия құрлығының оңтүстік батысын мекен етеді.
Ерте дәуір қоғамы негізінің күйреуі қоғамдағы әртүрлі күштердің арасындағы қайшылықтарды шиеленістірді, рулар, көшпенділер және отырықшы халық арасында жанжалды жайларға жол ашты. Араб елдерінің жаңа әлемі, жаңа өмір өрісі туып келе жатты. Көшпенділердің қала тұрғындарының жаңа қауымдастығы қалыптасып, сауда – саттықтың жәрмеңкелік жүйесіне негізделген түрлері өрістеді. Бүкіл әлеуметтік-экономикалық өмір бұрын соңды болып көрмеген арнаға түсті. Мұның өзі рухани салада үлкен ізденістерге жол ашты. Бірыңғай араб тілінің, сөздігінің, ортақ сана сезімінің қалыптасуы, рулық – тайпалық қарым – қытынастан алғашқы таптық қатынастарға өту – осының бәрі саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістерді идеологиялық жағынан керек етті. Ру, тайпаларды, қалаларды топтастыруды, біріктіруді, сөйтіп, араб елдеріне көз алартқан сыртқы жауларға қарсы тұруға, елді жұмылдыруға мақсат еткен қозғалыстар ұйымдасты. Олардың басында тәңірімен тікелей байланысымыз бар дейтін адамдар тұрды. Сондай адамдардың бірі – Мұхаммед пайғамбар Оның қызметі тек жеке бастың ғана емес, жалпы қоғамдық даму процестерінің заңды көрінісі, нәтижесі болды. Идеялық және саяси тұрғыдан алғанда ерекше дарынды, ықпалы күшті тұлға болған Мұхаммед пайғамбардың арқасында орталықтан тыс жерде басталған хиджаз қозғалысы араб елдерінде рухани және саяси аса қуатты біріктіруші күшке айналды, ислам діні қалыптасып, оның тууы әлемдік тарихи оқиға болды.
Араб елдерінде ислам діні пайда болғанға дейін бұл жерлерде иудаизм, христиан діндері кең тараған болатын. Қайшылығы күшті, бір – біріне қарама – қарсы көзқарастардың, әртүрлі тарихи этникалық сюжеттердің жиынтығы болып келген бұл діндердің догмалық кітаптарындағы аңыз — әңгімелерді, әртүрлі тұжырымдарды Мұхаммед өз идеяларын насихаттау үшін кеңінен пайдаланды. Иудей, христиан діндерінің ислам діні жүргізіп жатқан «тазалау» қызметін қолдауы ислам діндерін дәріптеушілердің көбеюіне, оның арабтық ерекшелігінің күшеюіне әсерін тигізді. Сөйтіп, көп ұзамай мұсылмандықтың қағидалары мен жоралғылары қалыптасып, исламның басқа діндерден айырмашылығы жөніндегі ой – пікір өріс алды.
Арабияда сыртқы жауларға қарсы күрес араб елдерінің саяси, экономикалық, этникалық, мәдени бірігуіне, топтасуына жол ашты. Осы күрестің барысында Мұхаммед ислам дінінің онан әрі дамуына, беделінің өсуіне сонымен бірге, жаңа үммәхалифат атты саяси бірлік қозғалысын құрып дамытуға қол жеткізді.
Мұхаммед 570 жылы 29 тамызда дүниеге келіп, 632 жылы 6 маусымда қайтыс болды. Көптеген аңыздар мен мифтер оның атын көкке өрлетіп, оның өміріндегі нақты дәйектерді анықтауға кедергі келтірді. Аңыз бойынша, ол Мекке қаласында туды, құрайш тайпасынан шыққан. Ерте жетім қалып, өзінің туыс ағасы Әбутәліптің түйелерін бақты, кейін Хадиджа деген жесір әйелдің қарамағына жұмысқа кіріп, оның сауда ісін жүргізеді. Соңынан Мұхаммед арада жас айырмашылығы алшақ болса да (Хадиджа Мұхаммедтен 16 жас үлкен болды) Хадиджаға үйленді. Олар бақытты өмір сүрді. Хадиджа Мұхаммедпен тұрмыс кешкен 20 жыл ішінде 6 бала туды. Тек сүйікті қызы Фатима әкесінен ұзақ өмір сүріп, артына ұрпақ қалдырды.
Мұхаммед уағыз айтумен 40 жасқа келгенде ғана айналыса бастады. Дәстүр бойынша, 610 жылы Мұхаммед өзіне бағытталған шақыруды естиді. Оның қалай болғандығы жайында Тауратта да еске алынған. Мұхаммедке түсінде біреу келіп, оқуға бұйрық етеді. Мұхаммед бас тартады. Екінші рет бұйрық естілгенде Мұхаммед: нені оқу керек деп сұрайды. Ал ол үшінші кезекте он өлеңмен тіл қатты, бұл Құранның 96 сүресіне айналды.
Мұхаммед өзін таңдаған құдайдың елшісімін деп жариялайды. Мұхаммедтің аса байлыққа қарсы шыққан уағыздарындағы монотеизм идеясы алғашында атақты мұсылмандардың арасында табысқа жетпеді. Әйтсе де жаңа діннің қолдаушылары көбейген сайын бай саудагер құрайштардан маза кете бастады, сөйтіп, олар да Мұхаммедтің соңынан жүре бастады.
Арабстан түбегінде ертеде көптеген ірі қалалар болған. Олар Сана, Мариф, Тәиф, Газза, Басыра, Яслиб. Осы қалалардың арасындағы ең ірісі, тұрғындарының ең көбі Мекке мен Мәдина болды. Олардың соңғысы Мұхаммедтің мұсылман дінін таратуға алғашқы табысқа жеткен, тұрғындарына ислам дінін бірінші болып таратқан, көп жыл қызмет етіп әлемге атын шығарған, өмірде соңғы тұрағын тауып, денесі жер қойнына берілген белгілі қала. Ал Арабстан түбегінің батысында жатқан Хиджаз өлкесіндегі Мекке Мұхаммед пайғамбардың өмірге келіп, кіндігін кесіп, кірін жуған, сәбилік күндерін өткізіп, ес біліп, етегін жапқан, туған қаласы. Ол қаланың тұрғын жері кейін мұсылмандардың қасиетті қорығына айналды. Ойпаттау, егін егуге, мал өсіруге келмейтін шөлейт жер. Осы арада ағып жатқан суының дәмі ашқылтымдау зәм – зәм қайнары бар. Қала сол бұлақтың жанына орналасқан. Мұсылмандардың аңызы бойынша Адам ата, Хауа ана, Шис, Ибраһим, Исмаил, Хаджар осы арада өмір сүрген. Олардың жерленген жері де Меккеден қашық емес.
Меккеде ерте заманда Жұрхұм, Хузаа рулары тұрған. Олардың орнына келіп орналасқан күреиш руының адамдары қаланың өсіп — өркендеуіне, қалыптасып қанат жаюына үлкен еңбек сіңірді. Олардың басым көпшілігі саудамен айналысты. Қаладағы үлкен базарда сауда – саттық жасады. Керуендермен алыс жолға шығып жұрттың қолына түсе бермейтін нәрселерді сатты. VI – VII ғасырларда қаланың көше орамдарымен, даңғылдарының екі жағында биік дуалдармен қоршалған, бірнеше туысқан отбасын қамтитын ірі кварталдар болды. Кейін бұл қоршаулар бұзылып, бірнеше қатар биік үйлер салынып, Мекке осы заманғы қалалардың сиқына көше бастады. Мұндағы қаланың оңтүстік шығысындағы «қағба» сәнді шарбақпен әдемі етіп қоршалған. Бұл ерте заманнан бері сақталып келе жатқан қасиетті қара түсті тас. Оны біреулер метеорит тас десе, екінші біреулер оны қолдан қиюластырған тас дейді. Арабтар оны «қасиетті» деп оған табынатын болған. Бір аңыздарда Мұхаммедтен көп бұрын Құсаия деген кісі қарасұр тастардан қиыстырып, бір жағына жаңағы қасиетті тасты келтіріп ғибадат орнын қалаған. Текшеленген тегістігі үйлесімдігімен көзге ұрып тұрған, биіктігі кісі бойындай бұл тасты «қағба» деп атап кеткен. Ол ондаған жылдардан бері қара мақпалмен қапталып ұсталынып келеді. Жабыны тозғанда оны шағындап кішкене – кішкене қылып жыртып бөлшектеп, әр бірін қажыға барғандарға үлестіретін болып жүр.
Мекке – ертеден, атамдар заманынан мұсылмандардың қажыға барып құлшылық етілуімен аты шыққан қала. Оған көп уақыттардан бері әлемнің шартарабынан жыл сайын жүздеген мың адамдар барып құдайдың алдындағы парызын өтеп қайтатын болып жүр. Әрине, Меккеге құлшылық етуге ауқатты, ақшасы, қаржы – қаражаты мол адамдар барады.
Меккеге бару, қажы болу үшін бес парыз қояды. Оның біріншісі, ең бастысы – алла тағаланың біреу екеніне, алладан басқа тәңірінің жоқтығына, Мұхаммед пайғамбардың құдайдың құлы және елшісі екеніне сену; екіншісі– құран сүрелерін, аяттарын біліп, намаз оқу,; үшінші – зекет беру; төртіншісі рамазан айында ораза ұстау; бесіншісі – қажылыққа бару. Осы шарттарды мүлтіксіз орындап жүргендер мұсылман болып табылады.
Мұсылманшылықтың маңызды шарттарының бәрін ықыласпен орындап, қасиетті қалада болып, қажы атағына ие болғандарды мұсылман құрметтеп олардың өзін қасиет иесі санаған. Қажы атану үшін Меккеге барғандар қандай міндеттер атқарады, қандай сыннан өтеді?
Меккеге барғандар жақсы киініп, бойларын барынша таза ұстап, нәпсіге тиым салып, алласын аузынан тастамай, бес намазын қаза етпей, тақуа жүріп, бес түрлі міндетті орындайды. Біріншіден, Меккенің оңтүстік жақ шетінде орналасқан қағбаны жеті рет жаяу айналып шығады. Екіншіден, Қағбадан 50 қадам солтүстікте 600 қадам жерде жатқан Мәруа (мерва) атты төбешік аралығын жүгіріп өтеді. Бұл жүгірісті Сағи деп атайды. Үшіншіден, Меккеге шығып, одан 30 шақырым жердегі Ғарапа тауына барып, Мұхаммед пайғамбар болған жерді көреді. Меккенің сыртындағы Мін деп аталатын жылға өзектің бойында мал сойып, құрбандық береді. Төртіншіден, молдаларға, қайыршыларға қайыр – садақа береді. Уақыты, қаржысы, мүмкіндігі барлары Мәдинаға барып, Мұхаммед пайғамбардың зиратында болып тағзым етеді. Қажыға барудың негізгі рәсімдері осындай.