Қазақтан шыққан қорқу, сескенуді білмейтін тұлғалы батырлардың жеңісті жорықтарын жыр ететін ноғайлы дәуірінде қалған қисса жырлар сияқты дастандар халқымызда өте көп және олар соншалықты тартымды қызықты өрнекті болып келеді. Мухтар Әуезов: «Қазақ әдебиетінің өрнектілігіне толық дәлелдер батырлар өлеңінде бар. Қазақ батырлары бәрі бір қалыпқа соққандай барған жерін қырып келіп, жойып келіп үнемі жолы болып отырды. Қазақ батырларындағы негізгі мақсат: алдымен ұлтшыл болу, одан әрі діншіл болу – дейді».
Мұқан атап көрсеткендей батырлар жырындағы шепті жарып, шеңбер бұзған еңселі ерлердің басты қасиеті еліне, жеріне деген сүйіспеншілік, отаншылдық. Бұл қасиеттер Едіге, Алпамыс, Ер Тарғын, Қобыланды, Қамбар, Ер Қосай, Төрехан, Ер Сайын, Телағыс, Шора сияқты ежелгі қазақ даласында атақ-даңқы ауыздан ауызға тарап, ерлігі жұртты тәнті еткен батырлардың бәріне тән.
Қазақ ауыз әдебиетінің бай да құнарлы салаларының бірі-ғашықтық дастандары. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты лирикалық ғашықтық жырлар, әйел бейнесін жырлайтын, әйел болғанда Құртқа, Гүлбаршын, Қаракөз, Қарлыға, Назым, Ақжүніс, Қарашаш секілді бірі ақылымен, бірі көркімен, енді бірі өжеттік ерлігімен ел ішінде өшпес із қалдырған әйелдерді жыр ететін дастандар қазақ жерінде толып жатыр. Сондай – ақ қазақ арасына шығыс әдебиетінен келген ғашықтық, эпикалық батырлық сипаттағы әңгіме, өлең, поэма, дастан, қиссалар, мәселен «Сал-сал», «Зарқұм», «Сейтбаттал», «Сейфүлмәлік», «Бозжігіт» сияқты шығармалардың қазақ қиссалары деген атпен әйгілі болған «Бақтиярдың қырық бұтағы», «Тотынама», «Қырық әузір» т.б. секілді бір желіге тізілген қазақ халқының ауызша шығармашылығымен, ақындығының жемісі болып табылатын нұсқалардың қазақ жеріде аз кездеспейтінін айту керек.
Ауыз әдебиеттің халық даналығы өмірге келтірген кең тараған бір саласы тұрмыс-салт жырлары. Оның өзі бірнеше арнадан тұрады. Олар қара өлең, қайым өлең, туған ел туралы өлең, төрт түлік мал туралы өлең, ата өлең, тойбастар, бесік жыры, жар-жар, беташар, қоштасу, сыңсыма, жоқтау, жарамазан, бәдік-бақсы сарыны, шариғат өлең болып жіктеледі. Әдебиеттанушылар осылардың әрқайсысының табиғатын, тарихын зерттеп, олардың қалай пайда болғаны, қандай жағдайда, қалай айтылатыны жөнінде терең де толымды пікірлер айтқан. Солардың бірі көрнекті мәдениет қайраткері Ақселеу Сейдімбеков қазақтың қара өлеңі туралы «Мың бір маржан» атты кітап шығарып, онда бұл жанрды ғылыми тұрғыдан терең зерделеген. «Қара өлең», -дейді ол-өзінің айтып тұрғанындай, мейлінше бұқарашыл, көптің өнері. Қотан шетіндегі қойшы да құрық сүйреткен жылқышы да, бойжеткен қыз бен түбіт мұртты боз бала да, өмірдің ащы-тұщысын көрген көне көз қартпен ақ шашты ана да, қысқасы көшпелі қоғамдағы әлеуметтік топтардың қай-қайсысы да өзі басына лайық арман-аңсарын, шер-шеменін бір ауыз қара өлеңмен әнге қосып айта беретін болған.
Тұрмыс-салт жырларының ертеден келе жатқан түрлеріне аңшылыққа, малға, хайуанаттарға егіншілік-диқаншылыққа байланысты шығып тараған өлеңдерді жатқызуға болады. Балалар, жасөспірімдер өлеңдері де халық даналығының құнарлы бір саласы. Олар ертеде бала өсіріп бала тәрбиелеудің мықты құралы болған. Үйлену, қыз ұзату, келін түсіру, нәресте көру, сәбиді бесікке салу, жас шығару, сүндетке отырғызу рәсімдеріне байланысты айтылып, жұртқа кеңінен тарап кеткен жыр, өлеңдер де қазақ халқында баршылық.
Халықтың ауыз әдебиетінің қойнауынан шыққан мәдениетке қатысты айтыс жанры өлең өнерімен ақындық шабыт-шалымының қызықты көрінісі болып табылады. Мұнда айтысқа түскен адамдар шапшаңдық, ұшқырлық, ұтымдылық, шеберлік көрсету арқылы қарсыласынан басым түсу үшін жан салысады. Мұндай айтыстар жас сәби өмірге келген шілдеханадан бастап дүбірлі ұлы тойлардың бәрінде өткізілетін болып ертеден дәстүрге айналған.
Ауыз әдебиетінің абыройын тасытып, атын аспанға шығарған ақын жыршылар XV-XVII ғасырларда аз болған. Солардың ішінен суырылып шыққан Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа жырауларды атауға болады.
Доспамбет ноғайлы елінің батыс беттегі қонысы болған Азаулы атанған қазіргі Азов теңізіне Дон (ноғайлар Тең деп атаған) өзенінің қиылысар жерінде туған. Бұл аралды сөз еткенде, «Айнала бұлақ, басы Тең, Азаулының Стамбулдан несі кем» деп жырау туған өлкесін мақтан етеді. Оның өмір сүрген тұсы XV ғасырдың соңы мен XVІ ғасырдың алғашқы ширегі. Қазақтың көрнекті ғалым әдебиетшісі Мұхтар Мағауин өзінің «Қобыз сыры» деп аталатын XV- XVІІІ ғасырларда жасаған халқымыздың ақын жыраулары жөніндегі монографиясында басқа жыраулармен бірге Доспамбетке де барынша толық сипаттама берген.
Шалкиіз жырау (1465-1560) Тіленші ұлы Батыс Қазақстанда Жайықтың шығыс бетінде туған. Әкесі ірі шонжарлардың бірі болса, анасы Ноғайлының ұлы биі, кейін кіші жүздің ұйытқысы болған Мұса бидің қызы. Анасынан жас қалып нағашылардың қолында өседі. Оның өмірінің біраз уақыты Ноғай ордасының әміршісі Темір бидің жанында өтеді. Ол теңдесі жоқ жыршы. Мұхтар Мағауиннің айтуынша, Шалкиіз жырау, жырау болғанда… аузын ашса болды көмекейінен күмбірлеген жыр төгіле берген жыраудың классикалық үлгісі.
Алшын тайпасынан шыққан атақты жырау Бортағышұлы Жиембет Еңсегей бойлы Ер есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, әскер басы, батыры. Ол 1620 жылға Ойраттармен болған соғыста ойраттарды ойсырата жеңуге үлкен үлес қосқан. 1627 жылы қазақ ордасынан бөлініп дербес хандық құрғысы келіп көтеріліс жасаған Ташкенттің ханы Тұрсын ханды тұқыртқан да осы Жиембет. Алайда көп ұзамай орталық үкіметке сөз жүзінде бағынып, кіші жүзде дербес саясат жүргізе бастаған ол ханның қаһарына шалынып ел шетіне айдалады. Одан қалған мұра-оның Есім ханға арнаған толғауы. Осы толғауды жырлаумен, Есім ханның сарайында жүріп, ойраттарға, ел ішіндегі бүлікке қарсы жорықтарда ерлігімен аты шыққан Марқасқа жыраудан қалған да өлең мұрасы аз. Марқасқаның оттілді орақ ауызды жыршы болғанын дәлелдейді.
Қазақ сөз қадірін білген халық. Шешендікті жоғары бағалап өз ойын, өз пікірін шебер түйіндеп, ұшқыр, әсерлі етіп айта алатын, естігені, көргені көп, соның бәрін халық мүддесіне, парасаттылық пен әділдікке пайдалана білген адамдарды қатты қадірлеген, жастарға үлгі еткен. Әсіресе, XV-XVII ғасырларда Тәуке хан тұсында халықтың шешендік өнеріне қатты мән берілген. Хан Тәуке қазақтың жырауларының, шешендер мен шежірешілердің басын қосып халықтың мақал-мәтел, аңыз, жырларын жинатқан. Оның төңірегінде ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты аты аңызға айналған адамдардың болуы да Тәукенің сөз құдіретін, шешендікті жоғары бағалағанын байқатады. Қазыбек би Тәуке ханның тапсырмасымен Жоңғар ханына барғанда өзінің қандай мақсатпен келгенін былай баяндайды:
«Сен темір де, мен көмір, еріткелі келгенмін. Екі еліктің баласын теліткелі келгенмін. Егесетін ел шықса, иілткелі келгенмін. Тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенмін. Жаңа үйреткен жас тұлпар, шабысқалы келгенмін. Танымайтын жаттарға, танысқалы келгенмін. Қазақ-қалмақ баласы танысқалы келгенмін. Табысуға тұрмасаң, тұрысатын жеріңді айт, сен-қабан да мен-арыстан, алысқалы келгенмін». Осындай өткір де төкпе сөздермен халқының мақсат мүддесін оның басқа жұрттан, тіпті де кем емес, терезесі тең екенін, тату болып табысам десең де, жау болып шабысам десең де, қарсы алдыңда лайықты халықтың өкілі тұрғанын анықтап, ашық айтады.
Қазақтың шешен, билері. «Тура биде туған жоқ» дегендей, ханнан қаймықпаған, пара алмаған шешен, билер сөзге шебер болумен бірге елдің шежіресін, тарихын, ел басынан өткен ұлылы-кішілі оқиғаларды, дау-жанжалды, айтыс-тартысты реттеудің тәртібін, әдет-ғұрып заңдарын жетік білген. Осындай әдет-ғұрып, қарым-қатынас ережелерін қалыптастырған Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» халықтың жадында күні бүгінге дейін жасап келеді. Халық оның ережелері мен талаптарын мақал-мәтелге айналдырып, ұмытылмай есте сақталатын ұшқырда уытты сөздермен ұғымды етіп айта білген. Мәселен, «Әділ биік-алтын таразы», «Жетпеген билік жеті ұлықтың есігін ашады», «Қара қылды қақ жарған әділдік және т.с.с.»