Қазақ халқын негізін құраған, халық болып қалыптасуына, мәдени-рухани жаңғыруына жол салған тайпа, ұлыстардың арасында сақтар мен ғұндардыңорны бөлек. Сақтар туралы айтқанда оның қазақ атауының шығуына да, әсерін тигізгені көптеген еңбектерде көңілге қонымды келтіріледі. Мәселен тарихшы Мұсатай Ақынжанов “Қазақтың тегі туралы” деген еңбегінде “Қазақтар – түрік, моңғол тектес халқының екі бұтағынан (ғұн мен сақ) құралған ежелгі халық» дей отыра, қазақ деген сөз “қас” (нағыз) “сақ” (сақ тайпасы) деген сөздердің қосылуынан шыққан деген болжам айтады. Сақтар әулеті біздің заманымызға дейінгі ҮІІ ғасырда тарих аясына шығып, біздің заманымыздың ІІ – ғасырына дейін өмір сүрген. Оның іргесін қалап шаңырағын көтерген Алып Ер Тұнға (Афрасияб), жайлаған жері, мекен-тұрағы Орта Азияның бүгінгі байтақ Қазақстанның далалары Шығыс Түркістан өңірі болды. Оның шаруашылық-мәдени типінің негізі көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылық болды. Негізінен, қой, түйе, жылқы және ірі қара өсірген көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан сақтар Батыс және Орталық Қазақстан жерлерінде, шөл және шөлейт далаларда жыл бойы көшіп жүріп мал, жан бағып күнелтіс етті. Тянь-Шань, Алтай тауларының баурайы, Жетісу, Шығыс Қазақстанның таулы-орманды, ашық-жазық алқаптарын мекендеген жартылай көшпелі шаруашылықпен айналысатын сақтар малдарын қыста тұрақты қора жайларда, жазда жайлауда ұстады. Малдың қора-жайларына жақын жерге ағаштан қиып, тастан қалап жылы тұрғын үйлер салып, өздері сонда тұрды. Отырықшы болып мал ұстап, егіншілік-диқаншылықпен айналысқан сақтар табиғи су қорлары мол, шабындық жайылымдық алқаптары көп Оңтүстік Қазақстан жерін, Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойын мекен етті.
Қазақ хандығының орталығы Сырдария бойындағы Сығанақ болып келсе, ол кейін Түркістанға ауысып, XVI— XVIII ғасырларда екі жүз жыл бойы елдің астанасы Түркістан қаласы болды. Осындағы Ақсарайхан сарайы кызметін атқарып, елдің аса маңызды мәселелері сонда шешілді. 1523 жылы Қасым хан қайтыс болғаннан кейін хан тағына Мамыш, Тайыр, Бұйдаш, Ахмет, Тоғым сияқты Қасымның туыстары бір-екі жылдан отырып шықты. Бірақ олар хандықтың саяси-әлеуметтік өмірінде елеулі із қалдырған жоқ. 1532 жылы қазақ хандығының тағына Ақназар отырды. 42 жыл бойы елге билік жүргізген ол түркі тектес ру-тайпалардың басын қосып ноғай ордасын, қырғыз ағайындарды қол астына алды. Орта Азиядағы елдермен достық қарым-қатынас орнатып, біртектес халықтардың аралас-құралас, тату-тәтті өмір сүруіне қол жеткізді. Ақназардың тұсында дәуірлеп, барған сайын күшейіп келе жатқан қазақ хандығын көре алмаған Тәшкенттің әміршісі Баба сұлтан Ақназарды жансыздары арқылы у беріп өлтірді.
Ақназардан кейін екі жылдай хан болған Шығай баласы Тәуекелді саяси істерге араластырып, ел билеуге үйретіп өз орнына отырғызды. Тарихта татымды істерімен қазақ хандығын нығайтып, оның іргесін кеңіткен Тәуекел хан жорықта жүріп жарақат алып содан қаза тапты да, хандықтың билігі оның інісі Есімнің қолына көшті. Ол 30 жылдай тақта отырып қазақ халқының тағдырындағы аса бір ауыр кезеңдерде лайықты ел басшысы бола білді. Оның тұсында шығыста Қытай, батыста Ресейдің айдап салуымен Жоңғарлардың қазақ хандығын жойып жібермекші болған жүз жылдық жорығы басталды. Осындай сын сәттерде арнайы дайындық жасап, ауыр қолмен келіп тиіскен жоңғарлардың жойқын шабуылына қазақ халқының қайраты мен қаһармандығын қарсы қоя білген Есім хан болатын. 1645 жылы ол қайтыс болғаннан кейін хан тағына Жәңгір отырды.
Ерлігі аңыз болып кеткен, жау десе хандығына қарамай жанын шүберекке түйіп алдымен аттанатын Жәңгір 1652 жылы жоңғарлармен болған бір шайқаста қаза табады.
Ел билігі енді Тәуке ханға тиді. Көсемдіктің қыры мен сырын жастай үйренген ол елдің береке-бірлігіне тірек болатын шараларды іске асыруға белсене кірісті. Елдің ішкі, сыртқы жағдайларын жақсарту, қазақ хандығының мәртебесін көтеру жолындағы оның жаңашылдық әрекеттері жемісті де келісті болды.
XV-XVII ғасырдағы осы айтылған хандардың тұсында қазақтың шаруашылығы, экономикасы, өмір сүру дағдылары ғана емес сонымен бірге оның рухани кескін-келбеті, жұрт таныған мәдениеті қалыптасты. Қасым хан тұсында “Қасым салған қасқа жол” деген атпен халықтың бұрыннан келе жатқан әдеп-ғұрпының ережелері негізінде билік-заң үрдістері, елдік жөн-жоралғылары, салт-дәстүрі бір ізге түсті. “Есім салған ескі жол” деген атпен бүгінгі ұрпаққа жеткен жөн-жоралғы, тәртіп-талғам, киіз-туырлықтар арасындағы қарым-қатынаста кездесетін мал-мүлікке, іс-әрекетке байланысты дау-шаралардың шешімдері жетілдірілді. Тәуке ханның “Жеті жарғысы” қазақ халқының мәдени-рухани салт-дәстүр қалыптарының төл-тумалығын одан әрі шыңдай түсуге қызмет етті. Тәуке ханға кеңесші, ақылшы болған Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты қарадан шыққан қасиетті билер демократиялық дәстүрлерді қалыптастыруға елеулі еңбек сіңірді. Осы тұста сөз өнеріндегі тапқырлық пен ұтымдылықты, білгірлікті бағалайтын болды. Халық арасынан небір жезтаңдай жыраулар шықты. Өнерпаздық өріс алды. Сөйтіп, қазақ халқының мәдениеті, рухани тірлігі өзіндік сипаты келбетімен тұлғалана түсті.
Қазақ халқының маңдайына біткен, көреген де, көсем, даналығымен көзге түскен хандары Керей мен Жәнібек олардың ел билеген дәстүрін мұра еткен Қасым хан өздерінің шебер саясатшы екенін таяудағы, тіпті алыстағы елдермен елшілік қатынас келіссөздерде анық көрсетті. Орта Азия хандарымен Еділ бойындағы елдермен, батыс Сібір хандығы, орыс мемлекетімен сауда саттық, достық тату қарым-қатынас орнатып, әр тұста елдің ішкі-сыртқы жағдайындағы өзгерістерге байланысты үйлесімді, икемді, көрген саясат жүргізіп отырды. Соның арқасында қазақ халқының хандығының атақ даңқы Еуропа елдеріне кеңінен тарап кетті. Австрия елшісі Зигмунд Гервештейн “Мәскеу істері жөніндегі жазбалар” деген еңбегінде Қасым хандығы, оның қол астындағы қазақ халқы туралы сүйсіне жазып, оларды жоғары бағалаған.