Қазақтың қазақ болып қалыптасуы, тұтасып бірыңғай халық болып даралануы оның өзіне дейінгі әлеуметтік — тарихи тәжірибені санасына орнықтырып, тұрмыс – тіршілігіне пайдалана білуі арқасында іске асты. Ал бұл тәжірибенің болашақ қазақ қоғамының, оның материалдық және рухани мәдениетінің ірге тасы тым ерте, адам адам болып, олар қоғам болып қалыптасқан кездерде қаланды.
Түрік халықтарының мекен – кеңістігі осы автохтонды этностардың тұтас өркениеттік аясы болып табылады. Ол тек еуразиялық Ұлы даламен шектелмей, адамдық мәдениеттің ерте кезден қалыптасқан суармалы – оазистік ошақтарын, Алтай, Тянь – Шань, Памир, Кавказ тауларын қамтиды. Үлкен өркениет қалыптасу үшін бір келкі табиғи ландшафтан гөрі, кеңістіктің әртүрлі бедерлері қолайлы. Яғни түрік халықтарын тек жазық даланың тұрғандары деп қарастыру олардың мәдени кеңістігінің күрделілігін ескермеуге жатады.
Этномәдениеттің не ұлғайып таралуы да, не азайып таралуы да мүмкін. Мұның себептері әртүрлі. Жауапкершілік кезінде әлсіз, өзін — өзі қорғай алмайтын мәдениет өз атамекенінен ығыстырылуы, ассимиляцияға ұшырауы, тіпті, түгелімен жойылып кетуі мүмкін. Оған тарихтан талай деректер келтіруге болады (18 ғасырдағы қытайлықтардың жоңғарларды қыруы, еуразиялықтардың қос Америкадағы жергілікті этностарға жасаған геноциді, Рим қуатымен жүзеге асқан кельт тайпаларын ассимиляциялау және т.б.).
Еуразиялық Ұлы даланы игеру туралы сөз болғанда, осы кеңістікті қоршап тұрған өркениеттердің (суперэтностардың) өрлеу – құлдырау ырғақтарын ескеру қажет. Қытай, Иран, Батыс және Ресейлік өркениеттер мен түрік халықтарының арасында талай тарихи процестер өткен. Ол тек мәдени сұхбаттасу деңгейде болмай, осы этномәдени кеңістік үшін бақталастық және жаугершілік сипатында да болды. Орта Азиялық өзінің кеңістікте орналасуына байланысты балға мен төстің арасында шыңдалды. Отты қару пайда болғанға дейін мыңдаған жылдық адамзат тарихында ат жалында өскен көшпелілер ең қаһарлы күш болғаны күмән тудырмайды.
Скиф – сақ өркениеті біздің заманымыздан жүздеген – мыңдаған жылдар бұрын сол кездегі антикалық және шығыстық өркениеттермен қоян – қолтық араласып, олардың тарихи дамуында терең із қалдырды. Дүрілдеп тұрған батыс Рим империясын құлатуға қатысқандардың арасында ғұндардың қызметі ерекше. «Материалдық және рухани мәдениеттің халықтар арасындағы ауыз – түйістігі», — деп жазады А.Тарақты, — адамзат өркениетінің бірден – бір өркениеті болса, осынау тарихи қажеттіліктің арбакеші көшпелілер еді.
Күні бүгінге дейін Алтай мен Карпат арасында тарыдай шашылған Скиф қорғандарынан Мысырдың (Египет), Грецияның, Иранның, Ассирияның, Урартудың, Қытайдың,Үндінің өнері мен тұрмыстық заттарының ұшырасуы тегін емес. Қос құрлықты көктей өтетін Ұлы Жібек жолы алғаш игерген Қытайдағы тұт ағашын түптеген жаяу шаруа емес, желмен жарысқан салт аттылар екенін мойындау үшін архивтік айғаққа жүгінудің қажеті жоқ (Ауызша тарихнама – Қазақ. А.1993, 32 – 33б).
Қарастырып отырған өркениеттің кеңістікті игеру құралдарына тоқталып өтейік. Бұл жерде ең алдымен көшпелілер өміріндегі жылқының ерекше бір қызметіне назар аударған жөн. Жылқыны адам еркіне көндіру арқылы адамзат кеңістікті меңгеру ісінде үлкен қадам жасады.
К.Ясперстің пікірі бойынша, тағылықтан өркениетке өтуде жер суару жүйелерін жасаумен, жазудың ашылуымен, этностардың пайда болуымен қатар жылқыны пайдалана білу адамзат үшін өте маңызды болды. (Смысл иназначение истории. М., 1991, 71 – 72 б.). Жылқыны пайдалана білу шектелген кеңістіктен бүкіл әлемді игеруге бағытталған қадам еді. Бұл әртүрлі мәдениеттердің сұхбаттасуына мүмкіндік берді. Әрине, бұл сұхбаттасу көптеген жағдайда зорлық – зомбылық арқылы жүзеге асқанын ұмытпаған да жөн.
Сонау көне заманнан халықтар солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа қарай (немесе керісінше) қозғалыста болған. Белгілі болжам шумерліктердің Қосөзен аңғарына Орталық Азиядан келгенін, үндігерман тайпаларының оңтүстікке жылжып, Үндістан, Иран, Грецияға енгенін, түрік тайпаларының Кіші Азияны жаулап алғанын көрсетеді. Қытай империясы мен Үндіге көшпенді түрік – монғол тайпалары ылғи қысым жасап отырған. Белгілі ғұлама А.Вебердің пікірі бойынша, көшпелі тайпалардың кеңістікті игеруі «халықтардың Ұлы қоныс аударуы» атты құбылысты әкелді. Бұл қазіргі өркениеттердің қалыптасуына үлкен себебін тигізді. Осы айтылғандардан адамзат тарихында жылқыны пайдалана білудің маңызы зор болғандығын көреміз.
Атқа мінген адам жерден өзінің босай бастағанын, еріктілік мүмкіндіктерінің молайғанын және ғарышқа жақындай түскенін сезінеді. Жер – Ана оны қаншама босатқысы келмеседе, ол шексіз әлемге өзінің қадамын нық басады. Халық дәстүрінде де тәй – тәй қадам басқан нәрестенің тұсауын кеседі.
Кеңістікті игеруге көшпелілер үшін жылқыдан басқада себебін тигізген қолға үйретілген жануарлар болған. Себебі далада тек малшылар мен үй малдарынан басқада тіршілік иелері бар. Олардың ішінде иттің алатын орны бөлек. Қазақ «ит – жеті қазынаның бірі» деп бекерден – бекер айтпаған.
Шексіз даланы игеру оны жай ғана кеңістік, жазықтық деп түсінбей, осы даланы тұтас бірконтиниум ретінде бағалаумен қатысты. ХХ ғасырда қалыптасқан этникалық аумақтар мен жағрафиялық ұғымдардың және көшпелілер өркениеті шарықтап тұрған кездегі ата – мекен түсінігінің арасында үлкен айырмашылық бар.
Мифологиялық уақыттағы сакральды (қасиетті) мағынасы бар мотив – адамның биологиялық өмірі, оның тууы мен өлімі. Қауымдағы ең бірінші бөлінісі – жыныстық бөлініс. Оның негізінде мифологиялық сана уақыттан тыс тұратын алғашқы абсолютті бейнелердің бірі – Алғашқы Ата – Ана туралы түсінікті қалыптастырады. Егер діни түсініктегі Адам ата мен Хауа ананы құдай жаратса, мифологиялық Арғы Тек – табиғат туындысы, тотем (киелі жануар). Мифологиялық уақыт бүкіл табиғатқа адамдық белгілерді танып, оны адамдандырды. Мифологиялық кеңістік – уақыттық континиумда адам мен әлемнің арасында ешқандай алынбайтын кедергі жоқ.
Мифологиялық текстегі кейіпкердің сөзі мен ісі синкреттік және тұтастық сипатта болады. Оның бірлігін жүзеге асыратын күш – салт – дәстүрлерінің мызғымас жүйесі. Тек осы арқылы адам өзіне бір тұрақтылық табады.
Сонымен, мифологиялық уақытта адам мен табиғаттың арасындағы бірлік ерекше дәріптелді. Егіншілікпен бақташылық, тіпті қол өнердің өзі ежелгі дәуір мәдениетінен табиғатпен сырлас болуды талап етті. Скиф – сақ өркениетіндегі «аң стилі», қытайдың инь, ян бастамалары, Египет пен Шумердегі өліп, қайта тірілген құдай туралы аңыздар табиғатпен үйлесімдікке шақыратын рәміздер.
Қазақтың арғы ата – тектерінің уақытты мифологиялық тұрғыдан түсінуі әлемдік үлгілерден алыс жатқан жоқ. Мәдениеттанулық структурализмнің өкілдері (В.Пропп, К.Леви — Стросс) әртүрлі халықтардың мифтері мен салт – дәстүрлерін зерттей келе, олардағы құрылымдық ұқсастықты атап көрсетті. Мысалы, ежелгі гректердегі Циклоп пен түрік халықтарының Төбекөз туралы мифтері тек мазмұндық емес, сонымен бірге құрылымдық ұқсастықты танытады.
Енді мифологиялық уақыттың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып өтейік. Көп дәлелдеуді қажет етпейтін нәрсе – мифологиялық уқыттың реалды уақытпен жақындығы. Алғашқы білім жеткіліксіздігінен реалды дүниені қиял, ойдан құрастырылған жасанды аналогиялық бейнелер арқылы түсіндіргенімен, ол ақылы шарықтаған Жаңа Заман адамынан табиғатқа жақын тұр. Мифологиялық тұлға реалды уақытты өзінің виртуалды,ішкі, тылсымдықуақытымен қабылдайды және ол адамдық дүниемен өтеді.
Мифологиялық уақыттың негізі оқиғалардан, оның мазмұны мифологиялық тұлғаның іс — әрекеттерінен тұрады. Оқиға да, әрекетте ерекше бірқұрастырылған хроно топтарда өтеді.