Типологиялық талдаудан мынадай бір тұжырым жасауға болады: ата мекен мен мәдени тұлғаны (субъектіні) қосып тұрған тіршілік тәсіліне шаруашылық-мәдени тип жатады.
Экокеңістік « ШМТ « Этномәдениеттік тұлға
Бұл схеманың маркстік философиядағы “адам мен қоршаған ортаның әрекеттену шынайы тұлғасы “Халық бұқарасы” болып табылатыны сияқты “ғылыми қағидаларына” сәйкес келмеуі мүмкін. Мәдениеттану үшін әрекетті дерексіздендірілген жасаушы, ал халық деп сансыз көп топты алу көп нәрсе бермейді.
Егер шаруашылық-мәдени тип адамдардың қоршаған табиғи ортаны меңгеруінің тәсілі болса, онда әлеуметтік-генетикалық типтер жеке тұлғаның басқа әлеуметтік жүйелермен тұрақты және үйлесімді қарым-қатынаста болуының құралы іспеттес. Бұл туралы А.Тарақты өз ойын былай жеткізеді: “Ұлы дала, қуаң табиғат, көшпелі өмір салт маңдайға жазылған соң, сол жазмышқа көндігудің бірден-бір кепілі — адамдар бірін — бірі жатсынбай, біріне -бірі арқа сүйеп қана өмір сүруі қажет. Бұл қажеттілікті терең сезінген көшпелілер “адамның күні адаммен” деген принципті тіршіліктеріне тірек еткен. Сондықтан да әрбір көшпелі қазақ туыстық-қандастық жүйені тарата білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық-этикалық критерий деп білген. Мұндай дәстүрдің бұлжымай сақталуына жеті аталық үрдіс ұйытқы болып отырған. Бұл орайда, жеті аталық үрдіске ұлттың этнобиологиялық және этномәдени тұтастығын қамтамасыз ететін ғажайып тетік (механизм) ретінде ден қоюға тура келеді”.
Сонымен, көшпелілік ШМТ-нің қазақстандық мәдени ареалында қауымдық тұтастанудың ерекше бір типі-жеті аталық үрдіс қалыптасқан. Мұндай қоғамды қалай атауға болады және әлемде оның қандай тектес баламалары бар?
Қауымдық тұтастық жеке тұлғалардың келісімге келіп, өз құқықтарын ұжымдық бірлікке беруінен (қоғамдық келісім ілімі) тумайды. Қоғам неғұрлым қарапайым болған сайын, оның жеке тұлғалары да бір-біріне ұқсастанады. Керісінше, әлеуметтік жіктеу төмен деңгейде болғанда, адамдық қауымдасу бітімдерінің арасында, тіпті, бір құрлықта үлкен алшақтық байқалады. Яғни, мәдени өрлеудің нәтижесінде бір-бірімен тығыз қатынастарда болатын этностар жақындас руда болғанымен, оларды құрастыратын тұлғаларда автономдық жекелік белгілер айқындала түседі. Мысалы, қазіргі Еуропаның халықтары түрі жағынан бір-біріне ұқсас болса, Азияда үлкен алшақтық бар. Ұжымдасудың типологиялық негізін еңбектің қоғамдық жолмен бөлінуі құрастырады.
Жеті аталық әлеуметтік тип генеологиялық дүниетанымды қалыптастыруға себебін тигізді. Арғы негізгі ілкі атадан (первопредок) басталатын туысқандық қатынастартармақтары бүкіл халықтың тұтастануының көрінісі болды. Бұл генеалогиялық “ағаш” тек қазақ халқының туыстығын емес сонымен бірге бауырлас түрік халықтарын да қамтыды (“алты алаш”). Туысқандық қатынастарды білдіретін кестелерде көп жарияланған.
Мәдени типология қоғамының маңызды бір саласы дінді қамтымай толымсыз болар еді. Егер біз мәдениетті адамның дүниедегі болмыс тәсілі деп. Қарастырсақ, онда дін осы болмысқа мағыналық және тұрақтылық беретін күшке жатады. Шынында да, адамды қаншама құдіретті деп көтерсек те оның болмысы қайшылықтарға толы: өмір және өлім, пендешілік және руханилық өзімшілдік және альтуризм, ләззат және парыз, қиратушылық және жасампаздық және т.б. Біздің ойымызша, діннің басты қызметі адамдық қарым-қатынастарды белгілі бір тәртіпке келтіріп, оның құдіреттілігі мен қасиеттілігіне адамдарды иландыру, сендіру. Бұл жағынан алғанда дін мәдениеттіліктің бастама қайнарларына және оны қорғаушы күшке жатады. Тынымсыз соқыр сезімдер мен тылсымдық эгоизмге тоқтау қою керек болды. Бұл шектеу жеке адам үшін аса құдіретті Жаратушының алдында бас июге мәжбүр етті. Ал оның қаһарынан қорқу немесе қолдауынан дәмелену қауымда белгілі бір реттілік бойынша атқарылатын дәстүрлі, сакральды рәміздік әдет-ғұрып жүйесін қалыптастырды. Бұл сипатта діннің ритуалдық қызметінің маңызы зор.
Алайда, дін тек салт-дәстүр, әдет-ғұрып шеңберімен шектелмейді. Ол жоғарыда айтып кеткеніміздей, рухани мәдениеттіліктің баламасы, дүниетанымның бір-бітімі, дүниедегі бағдар мен жол көрсетуші. Кез-келген дін нақтылы бір наным-сенім жүйесінен тұрады.
Дін туралы осылай қысқаша кіріспеден соң, діни типология мәселесіне тікелей көшейік. Жалпы діндерді алғашқы қауымдық политеистік (көпқұдайлық) монотеистік (бірқұдайлық), этностық және дүниежүзілік деп жіктеу белгілі. Бұл типологияның танымал екендігі даусыз. Э.Фромның пікірі бойынша, діни жүйелер афторитарлық және гуманисттік болып екіге бөлінеді. Бұл жерде мәселе адамды әлемнің төріне немесе пұшпағына орналастыру туралы болып отыр.
Әлемдік мәдениет Батыс және Шығыс болып екіге бөлінеді. Шығыс адамы мен Батыс адамы өзінің әлемге объективті қатынасына қарай бір-бірінен принципиальды өзгеше екендігін байқаймыз. Батыс және Шығыс мәдениетінің төмендегідей айырмашылықтарын атап өтейік: 1. Батыстық адам – техникалық өркениет дамуының жемісі, оның белсенділігі сыртқы ортаны меңгеруге бағытталған. 2. Шығыс адамы-өзінің күш-қуатын рухани мәдениетке жұмсайды. 3. Батыс адамы-парасатты ойлауды бәрінен жоғары қояды. 4. Шығыс адамы – ойдан жүрек сезімін, транспсихологиялық және интуициялық тікелей қабылдауды жоғары қояды. 5. Батыс адамы үшін пәле басқадан келеді. Ол тек өзіне сенеді, сондықтан да белсенді. 6. Шығыс адамы үшін тамұқ оның өзі, адам өзіндегі пендешіліктен арылса ғана, құдайы жолға шыға алады.
Өнер ұғымы мәдениеттануда сөздің тар және кең мағынасында қолданылады. Терминнің тар мағынасында “өнер” деп көркем, шығармашылық процесін және оның әртүрлі бітімдерін айтады. Оның қазақ мәдениетіндегі алғашқы жүйелерін көрсеткен Жүсіпбек Аймауытов: “Атам заманда табылған өнер, білімінің бәрі сөз арқылы бұл күнге жетіп, піскен астай даяр болып, жемісін бүкіл адам баласы пайдаланып отыр. Оқымыстылар өнерді беске бөледі:
- Сөз (словесность)
- Суретші (живопись)
- Мүсіншілік (скульптура), балшық, тас, мрамор, әм басқа нәрселерден адамның, басқа хайуандарының пішінін жасау.
- Үй ішілік (архитектура), үй, сарай, көпір салу сияқты өнер.
- Ән-күй (музыка) т.б.
Бес түрлі өнердің ең артығы-сөз. Сөздің артықшылығы-өзге төртеуін сөзбен суреттеп айтуға болады. Басқа өнерлер қанша кәмелетке жетсе де, сөзді суреттей алмайды. Қазақтың “Өнер алды-қызыл тіл” дегені терең ақыл-тәжірибемен айтылған сөз. Алайда “өнер” ұғымын кең мағынада кез-келген адамдық шығармашылық әрекетінің баламасы ретінде де қолдануға болады. Бұл мағына “шеберлік”, “жасампаздық”, “іскерлік” және жалпы “мәдениеттілік” ұғымдарымен сабақтас осы сипатта өнер адамның басқа түрі жандардан түбегейлі айырмашылығын білдіретін қасиетке жатады. Өнерлі адам деп — тұлғалық қасиеттерді бойына толыққанды және үйлесімді жинақтаған кісіні айтады. Тек кейін еңбектің қоғамдық бөлінуі нәтижесінде сөздің тар мағынасындағы кәсіпқой “өнер қайраткерлері” пайда болды.
Қазақтың арғы ата-тектерінің бірі-сақ мәдениетінің негізгі арқауы “аң стилы” екендігі ғылымда дәлелденген қағида. Оның пайда болу себептері ғасырлар тарихының құпиясы, алайда, олардың тотем-магиялық бастаулардан шығатыны анық.
Салт-дәстүрлік мәдениетте “таза” әдебиет жоқ. Сөз жай ғана өнердің түрі емес, ол адамды әрі тударады, әрі емдейді, әрі өлтіреді, әрі ауыртады. Жазусыз мәдениетте сөз тылсымдық, мистикалық, магиялық және құдайлық қызмет атқарады “Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше”, “Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді”, “Тау мен тасты жел бұзар,адамзатты сөз бұзар”, дейді қазақтың мақалдары.
Қазақ халқының көркем шығармашылығының архетипті де, дәстүрлік басты типі де — фольклор, ауыз әдебиеті. Сөз өнерін жете білген Абай қазақ фольклорын “толғауы тоқсан тоты құсқа” теңейді. Фольклор-халық даналығы деген ұғымды білдіретін неміс сөзі. Фольклор жазу-сызу дамымаған кездегі бір ұрпақтың екіншісіне қалдырған мұра-өсиеті, тіршілік-бағдарлары, құпия-сыры, тылсымдық жұмбақтары. Яғни фольклорсыз ұрпақ сабақтастығы мүмкін емес. Атышулы ертегі грек мәдениетіндегі “каллокагатия” (ізгі әсемдік) ұғымын алайық. Әдемілік пен сұлулықтың арнасы ізгіліктен тыс бола алмайды. Сұлулықтың ең керемет көрінісі-адам, оның сұлулығы. Адам анадан сырт бейнесі, пішіні сымбатты, сұлу болып туылуы мүмкін, бірақ ішкі сұлулыққа тек әдептілікпен жетеді. “Адам әдебімен көрікті” дейді халық мақалы. Қазақтың халық және жазба әдебиетінде “тән сұлулығы” және “Жан сұлулығы” деген түсініктер бар. Халық түсінігі бойынша рухани сұлулық жоғары тұрады: көркін-алма, мінезін ал: сөзі шырайлының-жүзі шырайлы; “сұлу-сұлу емес, сүйген сұлу”, “Адамның жылтыраған сыртына емес, сұлу ішіне қызық”.