Алғаш қауымдық құрылыс мәдениеті қашан және қай жерде пайда болды? Бұл сұрақтарға нақты жауап беру оңайлыққа соқпайды, өйткені адамның қалыптасу процесінің тарихы тереңде, сонау көне заманда жатыр. Ақиқатқа жүгінсек, қазіргі антропология ғылымының өзі де адамзат баласының қалыптасып, дамуына байланысты туындайтын көкейтесті мәселелерге егжей-тегжейлі жауап бере алмайды. Алғашқы қауымдық құрылыс адам баласының өсіп дамуындағы, адамдық жолға түсе бастауының ең алғашқы кезеңі болды және оның жүздеген мыңжылдықтарға созылғаны ақиқат. Оған басты дәлел ретінде адамдардың ең алғашқы еңбек құралдарының пайда болғанына 2,5 млн. жылға жуық уақыт өткендігін айтсақ та жеткілікті.
Дүние жүзінде жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстардың нәтижесінде алғашқы адамдардың қоныстары ашылып, олардың тастан жасалған құрал-саймандары көптеп табылуда. Олай болса, архелогия ғылымының ғылыми зерттеулерінің дәл осы тас құралдардан басталуы да тегіннен тегін емес сияқты. Ғалымдардың пікірінше, алғашқы қауымдық құрылыс үш дәуірге бөлінеді. Олар: тас дәуірі, қола дәуірі және темір дәуірі. Тас дәуірінің өзі дүниежүзілік ғылымда бірнеше кезеңдерге бөлінеді. Көне тас дәуірі (палеолит). “Палеолит” термин гректің “палайос”-көне, “литос”-тас деген сөздерінен алынған, орта тас дәуірі (мезолит), жаңа тас дәуірі (неолит). Археология ғылымы саласындағы мұндай ғылыми тұжырым ХІХ ғасырда қалыптасқан. Тас дәуірі бұдан 2,5-2,6 млн. жылдай бұрын басталып, б.з.б. екі мыңыншы жылдықтың басына дейін созылған. Алғашқы қауымдық құрылыстың екінші және үшінші кезеңдерінде-қола ғасыры-б.з.б. екінші және бірінші мыңжылдықтың басын қамтыса, темір дәуірі шамамен б.з.б. бір мыңжылдықтың ортасынан басталады. Алғашқы қауымдық құрылыс өнерінің бастапқы кезеңінің басты ерекшелігі-синкретизм (гректің “қосылу” деген сөзінен шыққан) болды.
Осындай тарихи сындарлы кезеңде орта тас дәуірінің тұрғындары- неандертальдықтардың адаманың бет нышандары қалыптаса бастаған болатын. Адамдар бір-бірімен ыммен түсінісу қабілетіне ие болды, көне тас ғасырына қарағанда тас құралдардың сапасы да жақсара бастады. Бұдан байқалатыны адам баласының жетілуі, ойлау санасының дамуы, еңбек процесіне деген қабілетінің біртіндеп өсуі болып табылады. Табиғат құбылыстарымен тікелей байланысты туындаған саналы түбегейлі өзгерістер өмірлік тәжірибеге тікелей байланысты болады. Киім-кешек тігуді, үйрену мен үңгірлерді пана ету, мамонт, үңгір аюлары сияқты ірі аңдарды аулау – осы сындарлы кезеңнің басты табиғи жетістіктері болды. Ең бастысы-неандертальдықтар өздерін қоршаған дүние туралы ұғымдарын ыммен ғана емес, көркем тәсілдермен де білдіруге алғашқы талпыныстар жасады. Оған дәлел — біздің ата-бабаларымыздың алғашқы көркемдік тәжірибелерінің өте сирек кездесетін іздері ғана. Олар бар болғаны сүйектегі ою-өрнектер, тастағы бейнелер, қызыл минералдың (охра) түрлі-түсті дақтары. Палеолиттен кейін мезолит (орта тас дәуірі) және неолит (жаңа тас) дәуірі кезеңдері басталды. Бұл дәуірлер бірнеше мыңдаған жылдарға созылды.
Мәдениет тарихы-философиялық ілім, ол философияның бір бөлігіне, дәлірек айтқанда, тарих философиясына жатады. Мәдениет философиясы ілімі Батыс елдеріне мәдени антропология (адам туралы ілім) құрамында қалыптасқан. Мәдениет-ашық жүйе, негізгі мақсаты-өзін басқаға жеткізу, ол монологтан гөрі диалогқа-сұхбаттасуға жақын. Сондықтан мәдениет философиясында өзін-өзі тарату (трансляция) мақсаты алдыңғы қатарға шығады және бұл жерде осы мәдениетті тарату құралдары (таңбалар, рәміздер, ғибадаттық әдеп-ғұрыптар және т.б.) мен оның ішкі мән-мағынасын (менталитеті, тілі, діні, санасы және т.б.) бірдей қызмет атқарады. Осы тұрғыдан төмендегідей тұжырым жасауға болады: мәдениет философиясы мәдениетті нақтылы тарихи-әлеуметтік процесс түрінде қарастырады. Бұдан жалпы философиялық ілімдер мен мәдениет тарихы арасында белгілі бір алшақтық туады. Біздің түсінігімізше, мәдениет тарихы мен мәдениет философиясы мүлдем тұтасып кетпеген. Олардың өзіндік ерекшеліктері бар:
а) егер философия өз мұратында объективтілікке, жалпыламалыққа, әмбебаптылыққа ұмтылса, мәдениет тарихына типтік, интровертивтік (ішкілік), субъективтік тән;
ә) тарихилық және логикалық ғылыми тәсілдерінің ара-қатынасын мәдениет фиолсофиясы мен мәдениеттануды салыстырсақ, онда философия негізінен логикалық тәсілге жүгінетінін, ал мәдениеттануда тарихи әдістің басым болатындығын байқаймыз (мәдениет тарихының басты міндеттерінің бірі-тарихи кезеңдер мен өркениет түрлеріне көркем бейне беру); осы сипатта мәдениет тарихи Гегель, Гердер, Кант түсінігіндегі тарих философиясына жақын:
б) мәдениет философиясымен салыстырғанда мәдениет тарихында аксиологиялық (құндылықтар теориясы), психолигвистикалық және перменевтикалық (түсіндірмелік) сарындар басым.
Мәдениет – халықтың мыңдаған жылдар бойындағы шығармашылығы, онда қауым мен жеке адамның рухани ізденісі, халықтың даналығы мен адамгершілік нышандары жинақталады. Адамзаттың рухы мен келбеті, оның ерік-бостандығы мен тарихи зейін есі, философиялық жүйелері мен тілі, ділі, мен мұраты-осының бәрі мәдениетпен біте қайнасқан.
Мәдениет филосфиясын қарастырғанда туатын маңызды мәселе шаруашылық-мәдени типтердің (ШМТ) өзіндік ерекшеліктерін анықтаумен байланысты. Бұл ұғым тарих пән мәдениеттануда соңғы жылдары маңызды әдістемелік қызмет атқарып жүр.
Шаруашылық-мәдени тип ұғымы соңғы кезге дейін этнографиялық және тарихи зерттеулерде көбірек қолданылып келеді (С.П.Толстов, М.Г.Левин, Б.Андрианолов, Н.Н.Чебоксаров, Н.Ә.Масанов және т.б.). Шаруашылық-мәдени типтердің нақтылы мысалдары: арктикалық аңшылар, тропиктегі аңшылар мен терімшілер, өзен аңғарларындағы егіншілер, оазистік дихандар, еуразиялық көшпелілер және т.б. Өзінің мағынасы жағынан ШМТ ұғымы мәдениеттанудағы хронотоп ұғымына жақын. Алайда хронотоп негізінен көркем әдебиеттен алынып, рухани мәдениеттің кеңістіктік және уақыттық бітімдерін білдірсе, шаруашылық- мәдени тип материалдық мәденеттің көрінісін айқындайды. Әрине, ШМТ-нің руханилықпен байланысы жоқ деп сыңаржақты айтылған пікір дұрыс емес. Онда салт-дәстүрлер, сенім-нышандар, фольклор, дүниетаным шаруашылық әдістерімен тығыз байланысты әрекет етеді.
Тікелей мағынасын алғанда, ШМТ-ұғымы әлеуметтік-экономикалық дамудың бір деңгейінде тұрған топтастықтардың ұқсас табиғи ортадағы тарихи қалыптасқан біртектес шаруашылық пен мәдениет жүйесін бейнелейді. Мысалы, афроазиялық көшпелілерге семиттік, берберлік, тугрегтік, ирандық, түріктік этностардың мәдениеттері жатады. Ал еуразиялық номадалар (ШМТ) түріктерден, монғолдардан, ауғандардан және т.б. (этномәдениеттерден) тұрады, яғни, арасын мыңдаған шақырымдар және дүниетанымдық жүйлер бөліп жатқан аралда материалдықмәдениеттің ұқсас үлгілері пайда болуы мүмкін.
ШМТ-уақыт пен кеңістіктік әрекет ету және даму заңдылықтарына тәуелді. Бұл процесті шаруашылық-мәдени конвергенция (тұтастық, жүйелену) деп атауға болады.
ШМТ-ң құрлымы неғұрлым күрделі болса, онда оның климат пен ландшафтан тәуелділігі соғұрлым аз болады. Мысалы, малшылар мен егіншілер ертедегі терімшілер мен аңшыларға қарағанда, кеңістікте еркінірек әрекет еткен. Тағы бір ескере кететін жәйт: уақыт ағынына байланысты ШМТ-тердің оқшаулық аймағы азайып, олардағы қарым-қатынастық белгілері көбейе түседі.