АСТАНА – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢАРҒАН БЕЙНЕСІ, ОНЫҢ КӨПҰЛТТЫ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАСАМПАЗ ЖІГЕРЛІГІНІҢ НЫШАНЫ

1994 жылдың 6 маусымындаҚазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жас егемен мемлекеттің тағдырындағы елеулі оқиға – астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады. Астананы ресми көшіру1997 жылдың 10 желтоқсанында болды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылдың 6 мамырындағы Жарлығымен Ақмола қаласы Астана деген жаңа атқа ие болды, ал 1998 жылдың 10 маусымындаҚазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өтті.

Қазақстанның жаңа, заманауи астанасын құру идеясы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тиесілі, ол астананы Республиканың орталық бөлігіне көшіру экономикалық реформалармен қатар, егеменді Қазақстанның даму мәселелерін шешудегі, оның нарықтық экономика мен демократияға тиімді көшудегі тағы бір стратегиялық механизміне айналатындығын айтты. Жаңа ірі еуразиялық державаға жаңа жалпыұлттық символ – Батыс пен Шығысты тоғыстыратын орын ретіндегі Қазақстанның жаңа қоғам құру рухын, жаңашылдығы мен рөлін сипаттайтын астана, ХХІ ғасыр қаласы қажет болды.

Қазақстанның бұрынғы астанасы – Алматы – еліміздің шалғай жерінде оңтүстігінде орналасты, ал оның тұрғындар санымиллионнан астам болды. Алматының тығыздалған құрылысы қаланың әрі қарай дамуына мүмкіндік келтірмеді. Жолдарда шамадан артық көліктердің болуы мен ерекше табиғи жағдайлар, дәлірек айтқанда – қаланың үш жақтан таулармен жабықтығы нәтижесінде «оңтүстік астана» Қазақстанның ең экологиялық күрделі қалаларының біріне айналды.

Әлемдік тәжірибеде мемлекеттің жаңа сапалы даму деңгейіне көшумен байланысты, ұлттық мемлекеттердің жаңа даму кезеңін бейнелейтін астананы көшіруге қатысты мысалдар аз емес. Ал Қазақстан ТМД елдерінің ішінде мұндай жобаны жүзеге асыру қолынан келген жалғыз мемлекет болды. Астананы көтеру Қазақстан Республикасы мен оның азаматтарының экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани әлеуетін көрсеткен кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі орасан зор мегажобаға айналды.

Астананы көшірудің 10-жылдығына арналған салтанатты жиналыста Н.Ә. Назарбаев былай деп еске алды: «Өткен күнде белгі жоқ, ол кезде жағдай мүлде басқаша болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі реформаларды анықтау, оларды тиянақты түрде жүзеге асыру мәселелері, біріншіден, қапысыз біліктілікті, екіншіден, нартәуекелді қажет етті.Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, Қазақстан үшін жаңа тарихтың басталғаны, ал ол ескі тарихтың сылбыр жалғасы бола алмайтыны белгілі еді. Батыл ой, батыл әрекет қажет болды.Міне, осы тұста өзімнің көкірегімде қайнап піскен осы идеяны, ешбір кедергіге қарамастан, кейбір үзеңгілес, тілектес жандардың да күдіктеріне қарамастан аяғына дейін қорғап шыққанымды сіздердің алдарыңызда бүгін мақтанышпен еске аламын» [1].

Тоқсаныншы жылдардың ортасында мұндай идеяның жүзеге асатынына сенгендер аз болды. Алайда бүгін, астананы көшіру туралы шешім қабылданған күннен он жылдан астам уақыт өткеннен кейін Тұңғыш Президентіміздің болжағыштығы мен қырағылығы барлығына айқын болды. Қысқа мерзімде бой көтерген Астана Қазақстан Республикасының қарқынды дамуының, болашаққа деген ұмтылысының бейнесіне айналды.

Ел астанасын ауыстыру елдегі ұлттық қауіпсіздікті нығайтты және Астананың ғана емес, бүкіл Қазақстанның экономикалық дамуына қуатты серпін болды. Қала экономикасының даму қарқынының жоғарылығы инвесторларды көп тартуға әсер етті. Астаналық мәртебеге ие болған сәттен бері салынған инвестиция мөлшері іс жүзінде – 30 есе, ал өңірлік жалпы өнім 90 есе өсті. Қаланың өңірлік жалпы өнімінің үлесі республика көлемінде 8,5 пайызды құрады.

Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл астананы елде құрылыс ауқымы бойынша көшбасшы етті. Астана құрылысына жүздеген құрылыс компаниялары қатысты. Жергілікті фирмалармен қатар жаңа елорданы түрік, итальян, француз, швейцария компаниялары тұрғызды. Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың Елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрін үйлесімді тоғыстыратын ерекше еуропалық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды.

Бүгінгі күнгі Астана – механикалық құрылысымен емес, Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің мәдени дәстүрлерін жарасымды тоғыстырған үйлесімділікпен ерекшеленетін еуразиялық қала.

Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасының даму философиясын жарқын әрі көркем көрсете алды: «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады» [2].

Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астананы экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды. Бұл қаланың кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келе жатқан Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналуына мүмкіндік берді. Бүгінде Астана – аймақтықтан халықаралыққа дейінгі түрлі деңгейдегі бизнес-форумдарды өткізуге арналған алаң. Қазіргі таңда Астанада 50 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді, олар қаланың 170 мыңдай тұрғынын қамтып отыр. Мұның тек бастама екендігіне сенім білдіруге болады.

Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Соңғы жылдар ішінде Қазақстанның елордасы бірнеше рет барша әлемдік қоғамдастықтың басты назарында болды.Осылайша, 2003 жылдан бастап Елордада төрт әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті, мұндай шараларды өткізу мемлекетіміздің бірегей конфессиялық саясатының арқасында мүмкін болды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының конгресін өткізу үшін Астанада арнайы Бейбітшілік пен келісім сарайы салынды, ол – ең жаңа құралдармен жабдықталған концерттік-опера залы бар, пирамида үлгісіндегі бірегей ғимарат.

Астана халықаралық форумдар мен кездесулердің қатысушыларын әлденеше рет жоғары деңгейде қарсы алған. Қазақстанның жас астанасы Астана экономикалық форумының, Еуропа, Азия және Солтүстік Американың 56 елінің мемлекет және үкімет басшыларын жинаған Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы саммитінің, сонымен бірге басқа да халықаралық маңызы бар кездесулердің қатысушыларын қарсы алды.

2010 жылы Қазақстан кеңестік кезеңнен кейінгі мемлекеттер арасында ЕҚЫҰ-на бір жыл бойы төрағалық ету құқығына ие болған алғашқы ел болды. Осы жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері өтті. 2011 жылдың басында республикамыздың астанасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Бүгінгі күні бүкіл әлемде Астана жайлы «Болашақ энергиясы» атты ұранмен өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің болашақ қожайыны ретінде сөз етеді.

Елорданы әлемнің жиырмадан астам қаласымен достық және бауырластық қатынастар байланыстырады. Астана 1999 жылы шілдеде ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» деген сыйлығына ие болды. 2000 жылдан бері Қазақстанның бас қаласы Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болып саналады.

2001 жылы Астанаға Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің келуі Қазақстанның діни мәселелерді шешу мен конфессияаралық бейбітшілікті қамтамасыз етудегі үлесінің жоғары бағалануының көрсеткіші болып табылады. 2011 жылыАстанамыз «ТМД және ЕЭҚ үздік қаласы» атты халықаралық байқауының жеңімпазы атанды, ал 2012 жылы ТМД және түрік әлемінің мәдени астанасының борышын абыройлы атқарды.

Астана бүгінде айрықша сәулетімен ғана ерекшеленіп қоймай, сондай-ақ бау-бақшалы қалаға айналып келеді. Елорданың «жасыл белдеуі» кеңеюде, қала орасан далалық өңір орталығының жасыл алқабына – экологиялық таза мегаполис үлгісіне айналды.Мемлекет Астанаға «жасыл қорған» қоя отырып, жел күшін басуды өз алдына міндет етті. Ол үшін астананы ауыстырудың алғашқы жылдарында-ақ Астананың айналасында «жасыл белдеу» ағаштары отырғызылды, олардың биіктігі бүгінде10 метрге жеткен. Астананың өзінде жаңа саябақтар мен гүлзарлар салынып, көгалдардың жалпы көлемі миллиондаған шаршы метрге жетіп отыр. Астананың айналасында адам қолымен жасалған ормандар ауданы 65 мың гектардан асады, оның 14 мың гектарықаланың ішінде орналасқан. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табуда. 2020 жылға дейін Астана жанындағы дала мен қала ішіндегі территорияның жалпы алғанда 100 мың гектарын көгалдандыру жоспарланып отыр.

Тұрғындар мен қонақтардың назарын аулайтын «Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім»сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, Манфреди Николетти туындысы – «Қазақстан» орталық концерт залын, «Триумф Астана» және «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешендерін, «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының кеңселік ғимараттарын атауға болады.

Астана әлі де дамиды, бұдан да әсем, бұдан да көркем болады. 80 қабаттан тұратын «Абу-Даби плаза» атты жаңа ғимараттың және «Ритц-Карлтон» қонақүйінің құрылысы басталып кетті, алда «ЭКСПО-2017» ғимараттарының құрылысы басталады.

Қазіргі кезеңде Астана жаңа Қазақстанның жоғары руханилығының нышаны ғана емес, сонымен бірге оны сақтаушы болып табылады. Өткерген он жылдан астам уақыт тек экономикалық немесе әлеуметтік көрсеткіштердің өсуімен емес, мәдени құндылықтардың қалыптасуымен де ерекшеленді.

15 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырысымен Астанада Ұлттық музыка академиясы құрылып, 2011 жылы Қазақ ұлттық өнер университеті болып өзгертілді. Мұнда ХХІ ғасырдың қазақстандық мәдениеттің алғашқы өкілдері тәрбиеленді.

2009 жылы Астанада бірегей«Қазақстан» концерт залы ашылды. Оған Орталық Азияда тең келер ғимарат жоқ және ол әлемнің ең үздік сәулет ғимараттарының қатарына жатады. Ғимараттың акустикалық мүмкіндігіне әлемге танылған көптеген үздік музыканттар мен опера әншілері сай баға берді. 3500 көрерменге арналған залда музыка өнерін сүйетіндер Астанадан ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларынан да көптеп жиналады.

Астананың 15-жылдығының қарсаңындақала орталығында жаңа опера және балет театрының құрылыс жұмыстары аяқталып, «Астана Опера» деген атауға ие болды. Бұл өте бірегей ғимарат – сәулеті жағынан классикалық, ал техникалық орындалуы мен ішкі жабдықталуы жағынан инновациялық, бұл оны Еуразия мен бүкіл әлемдегі айтарлықтай көз тартарлық сахна алаңдарының бірі етеді. Осы ғимарат сахнасында қазақ опера өнерінің классикасы – «Біржан мен Сара» спектаклі заманауи орындауда қойылды.

Астанада қысқа мерзімдебірегей рухани-діни ғимараттар – «Нұр Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешіттері, православиелік Успенский Кафедралы Соборы, Үздіксіз Көмек Әулие Ана католиктік Соборы, «Бейт Рахель – Хаббад Любавич»синагогасытұрғызылып, бүгінде қызмет атқаруда. Президентіміздің бастамасымен Астанада, халқымыздың бірлігін сақтаушы ретінде, Бейбітшілік пен келісім сарайы бой көтерді, ол барлық қазақстандықтар үшін сәулет өнерінің аса құрметті нышанына айналды. Мұнда жыл сайын Қазақстандағы этнос аралық және конфессияаралық қатынастардағы толеранттылықтың басты механизміне айналған Қазақстан халқының Ассамблеясы өтіп тұрады. Біздің Астанамызға келген қонақтардың барлығы дерлік қала тұрғындарының толеранттылығын, жеріміздегі бейбітшілік пен тыныштықты ерекше атайды. Бұл қасиеттерді Қазақстанның барлық этностары мен конфессиялар достығын және бүкіл қазақстандық қоғам бірлігін нығайтып келе жатқан Астананың бойынан көруге болады [3].

Астана қазақстандық қоғам ұмтылып келе жатқан жаңа қазақстандық әлеуметтік даму стандартын қалыптастыруда, сонымен бірге барлық қазақстандықтардың салауатты өмір салты мен өмір сүру сапасының жоғары деңгейін көрсетеді. Соңғы жылдары бас қалада жаңа спорттық нышандар желісі кеңінен тарады:«Қазақстан» және «Алатау» спорт кешендері, «Алау» жаңа мұзды Спорт Сарайы, Республикалық велотрек, «Астана – Арена» жабық стадионы,он шақты спорт алаңы, клубтар мен фитнес-орталықтар, бұл кешендерге қала тұрғындары көптеп келеді және де бұл орындар халықаралық спорттық жарыстардың өтуіне арналған негізгі орындар болып қалыптасты [3].

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болды және жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды. Астана біздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің өзегі болып, қазақстандықтарды бір шаңырақ астына жинады.Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде атап өткендей, «Біздің елордамыз – Отанымыздың жүрегі, бүкіл халықты біріктірген ұлттық идея, ол халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символына айналды» [2].

Астана – заманауи сәулеткерліктің, қазіргі архитектураның мүмкіндіктері толық көрініс тапқан кең байтақ қазақ даласының нақ ортасында ғаламат ғимараттары бар қайталанбас әсем шаһар ғана емес. Қазақстанның қазіргі елордасына Батыс әсемдігі мен Шығыстың терең рухани дәстүрлерін жарасымды тоғыстырған бірегей сәулеткерлік стиль тән.«Тәуелсіздік Астананы өмірге келтірді. Өз кезегінде Астана біздің Тәуелсіздігімізді қуаттап, дамыта түсуде», – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бұл сөзі Қазақстанның жаңа астанасының мемлекет тағдырындағы рөлі мен маңызының орасан зор екендігін тағы бір дәлелдеді [1].

Барлығы арманнан басталды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ешқандай кедергілер мен күдіктерге қарамастан, бұл арманын жүзеге асырды. Сол уақыттан бері 15 жыл бойыҚазақстанның халықаралық мәртебесі бас қаласы – Астананың даңқы арқылы да өсіп келеді.

Бүгінде Астанабұл Қазақстанның жаңа тарихы жинақталған орын. Астананың мысалы арқылы біздің бүкіл мемлекетіміздің дамуы туралы пікір түюге болады.