Өткен күннен алыс жоқ, Келер күннен жақын жоқ (Қазақтың халық мақалы)
Міне, көзді ашып жұмғанша, осы жылы Қазақ халқы тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлайды. Тәуелсіздікке жету – оңай жолмен келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалуы.
Тәуелсіз мемлекетке айналу, бізге үлкен серпіліс, күш берді. Тарихи күш десе де болады. Біздің өз еркімізбен алға ұмтылуға, мемлекет болып өркендеуге жол ашылды.
Тәуелсіз мемлекет бола салысымен, көптеген шұғыл сұрақтарға шешім табылды. Неше түрлі ауыртпашылық әкелген Семей полигоны жабылды, Арал теңізі мәселесі шешілді, тарихи мұра, мәдениетіміз, қазақ тілі қайта жаңғыртылды, табиғи байлығымызды өз иелігімізге қайтара алдық.
Қазір біз болашағымызға сеніммен қарай алатын, зайырлы, өркениетті, индустриалдық жаңғырту жолында жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетпіз.
Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде өз жерімізде басымызды түсірдік. Экономика, ішкі және сыртқы саясатпен қатар, табиғи қорларымыз да, басқа мемлекеттің қарамағында еді. Сол қиын-қыстау кезеңде, қазақ халқының сана-сезімі, намысы оянды. Жігерлі қазақ жастары өз жерімізде лайықты күн көруге, өз ана тілімізді, мәдениетімізді құқылы қолдануға талпынды.
Бүгін міне, тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында, біз артқа карап, Кеңес Одағы кезеңіндегі тарихты, сөзбен жеткізе алмайтын қиын өмірді еске алып жатамыз. Сонау Горбачёв бастаған қайта құру кезеңі ұлттық сана-сезімді оятты. Жаппай қазақ мектептерінің жабылуы, қазақ тілінде шығарылған газет-журналдар, мақалалар, кітаптардың сатылымнан жоғалуы, жоғарғы билеуші таптың басымдылығы, біздің ержүрек, батыл, намысшыл жандарымызды ызаландырды. Сөйтіп, халықтың ұлттық мүддесі үшін күреске жол ашылды.
Осының бәрі, бізді 1986 жылғы Алматыда өткен желтоқсан оқиғаларына алып келеді. Себебі, жаңа алаңда өткен қазақ жастарының шерулері, тәуелсіздікке әкелген бастама десек, қателеспейміз. Бүгін міне, желтоқсан оқиғаларына 30 жыл. Уақыт келе, сол тарихи окиғаның мәнісін енді ғана ұға бастағандаймыз.
Қазіргі таңда, Қазақстанның өзіндік үні, пікірі, мәртебесі бар. Біз әлемдік деңгейде аяғымызды сенімді басып, басқа елдер бізбен санасатын мемлекетке айналдық. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үлкен шараларды, іс-әрекеттерді талап етеді. Яғни, ішкі және сыртқы саясатты дұрыс жүргізу, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендеуін, дүниежүзілік қауымдастықта өркениетті мемлекеттермен білікті қарым-қатынас жасау, әрине бір адамның қолында емес. Бірақ, халық атынан үлкен деңдейде сөйлей алатын, сөзін құлақ салып тындайтын, мемлекетке бағыт-бағдар беріп отыратын, ерекше тұлға, мемлекет басшысы – Президент.
Тәуелсіздік жариялаған сәттен бастап, Қазақстанды күтіп отырған оқиғалардың мән-жайын түсіну, ұғыну, мемлекеттің одан әрi даму үрдiсiн болжау және халықтың талғамына сай, ең тиiмдi даму стратегиясын таңдауда жан-жақты, қайсар, жігерлі, саясат жүргізуде көшбасшы және ой-өрісі кең, интеллектуалды тұлға ұқажет еді. Мұндай тарихи міндетті, Жаратушы осы қасиеттерге сай Елбасымыз — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бұйырды. Тәуелсіз мемлекеттің қазіргі келбеті, бастан өткен сәтсіздіктері және жеңістері тұңғыш президентіміз, Елбасының есімімен тікелей байланысты. Тарихи өтпелі кезеңде Елбасының рөлі айқын және ашық көрінеді.
Елбасымыздың сол кезеңдегі басты таңдаған стратегиялық бағыты – ашық нарықтық экономикаға көшу болды. Түбегейлі құрылымдық өзгерістерді жүргізуде шетелдік инвестицияны маңызды фактор деп есептеді. Осындай тарихи шешімдердің арқасында біз қазіргі таңда әлемнiң 50 ең бәсекеге қабiлеттi елдері қатарына кірдік. Бұл, меніңше, мақтаныш сезіміне бөлейтін ең маңызды жетістік.
Әрине, сонау 25 жылда, еліміз неше түрлі жетістіктерге жетті, биік белес, асуларды алды. Маңыздыларын Елбасымыз “Қазақстан – 2030” Стратегиясының толықтай орындалуында қорытындылап кетті. Яғни, ұлттық кауіпсіз, ішкі саяси тұрақтылық пен бірлік, ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу сияқты стратегияда белгіленген негізгі міндеттер орындалды.
Енді біздің алдымызда одан үлкен міндеттер тұр. 2012 жылы желтоқсан айында, Елбасымыз “Қазақстан – 2030” Стратегиясын қорытындылай отырып, мемлекеттің жаңа саяси бағытын жариялады. Ондағы басты мақсат 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.
Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін “Қазақстан – 2050” Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады. Бәріне тоқталудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әрине, бәрі маңызды, мейлінше кәсіпкерлікті, яғни ұлттық экономиканың жетекші күшін, ішкі нарықты әрі қарай жан-жақты қолдау керек. Өйткені, отандық кәсіпкерлік экономиканың негізгі қозғаушы күші болады. Шағын және орта бизнесті қолдауда 1997 жылы құрылған “Даму” Кәсіпкерлікті Дамыту Қоры” Акционерлік қоғамының еңбегі орасан зор. Қазіргі таңда “Даму” Қоры кәсіпкерлердің несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және банктердің алдында кәсіпкерлердің несиелерін кепілдендіру саясатын жүзеге асыратын қаржылық агент болып табылады.
Ірі бизнесті қолдауда да мемлекет тарапынан үлкен көлемде қаржылай көмек бөлініп отыр. Басты көздейтін мақсат – әртараптандыру арқылы ұлттық экономиканы шикізат секторынан тәуелсіз етуі. Осындай мақсатпен 2001 жылы “Қазақстанның Даму Банкі” Акционерлік қоғамы құрылған. Банк еліміздегі шикізат емес секторларға инвестицияларды жүзеге асыру арқылы ұлттық экономикамыздың тұрақты дамуына үлесін қосып жатыр. Осы жылы Банктің құрылғанына 15 жыл толады. Соңғы мәліметтерге сүйінсек, 14 жылда Банк инвестицияларының көмегімен 78 инвестициялық жоба іске қосылды, 20,4 мың жұмыс орны ашылды. Осы кәсіпорындардан жыл сайын мемлекеттік бюджетке 10 млрд. астам салық төлемдері түседі.
Соңғы жылдардағы дағдарыстың салдарынан 2015 жылы экономиканың шикізат секторындағы өндіру көлемі тау-кен өндiрушi саладағы шығару көлеміне дерлiк теңестiрілдi. Сол себептен, елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына оң әсер тигізетін, 2010 жылы қабылданған мемлекеттік индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын ары қарай жүзеге асыру керек. Өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге жарамдылығын көтеру үшін шағын және орта бизнесті қаржыландыру ғана емес, сонымен қатар болашағы бар ірі жобаларды шетелдік инвесторлар арқылы қаржыландыруды тоқтатпаған жөн болар. Осы бағытта жыл сайын өткізілетін “Еуразиялық экономикалық форуммен” қатар “Астана экономикалық форумының” айтарлықтай пайдасы бар. Алдымызда “Еуразиялық кедендік одақ”, “Дүниежүзілік сауда ұйымы” сияқты халықаралық сауда-саттық нарығында сынақтар күтіп тұр.
Кәсіпкерлер бизнес жүргізуде неше түрлі жасанды бөгеттерге кезігеді, оны бәріміз естіп жүрміз. Мемлекет шенеуніктерінің осындай істерді тудырмау жолдарын қарастыруымыз қажет. Пара алу, жемқорлыққа қарсы күресті, бюрократия секілді бөгеттермен жұмысты жалғастыру — басты мақсатқа айналу керек. Мұндай шараларды қолдана отырып, Елбасымыз “мықты бизнес – мықты мемлекет” қағидасын іске асыру жайында өз жолдауында айтып өткен.
Жастарға заманауи білім берумен қатар, өңдеуші өнеркәсіпті жақсарту мақсатымен жаңа мамандар даярлау керек. Қазіргі таңда жастар көбінесе билікке ұмтылады. Мемлекетімізде бірі заңгер, бірі мұнайшы, бірі экономист болғысы келеді. Қазір осының салдарын көріп келеміз. Халықаралық нарықтың кесірінен болған мұнай бағасының түсуінен қаншама жұмысшыларымыз жұмыс орнынан босатылды. Артынан қол қусырып қарап отырған жанұялары, іні-қарындастары бар. Мұндай сценарий қайталанбау үшін жастардың экономиканың игерілмей қалған салаларына құштарлығын ашу керек. Жастармен жұмысты тек сауаттылық жағынан ғана емес, мектептер мен жоғарғы оқу орындарын қазіргі заманға сай техника-құралдармен, инновациялық жабдықтармен қамтамасыз ету керек.
Тағы айтып кететін жайт, бұл жастарды бизнеске деген құштарлығын ояту. Халықаралық тәжірибенің көрсетуі бойынша жастарды кәсіпкерлікте қолдау, жаңа жұмыс орындарды ашуымен қатар білікті мамандарды дайындауға жол ашылады. Сонымен қатар, еліміздің инновациялық даму жолына тезірек көшуіне мүмкіндік туғызады. Жастардың, менің ойымша, инновациялық жоғары белсендiлiгі, ойлаудың инновациялылығы, жедел түрде шешім қабылдауы, түрлі бөгеттерге иiлгiштiгі, тәуекелге бейiмделуi сияқты күшті жақтары бар. Жыл сайын Алматы қаласында кәсіпкерліктің жаһандық аптасы шеңберінде “Жастар Кәсіпкерлігінің Форумы” өтіп келеді. Одан әрі жас кәсіпкерлер клубы, бизнес инкубатор сияқты жобалар ашылып жатыр. Мемлекет тарапынан осындай жобаларға қаржылай көмек бөліну керек деп ойлаймын.
Әрине, біз көпұлтты және көпконфессиялы қоғам екенімізді ұмытпау керекпіз, бірақ ана тілі – қазақ тілін ары қарай дамытуымыз керек. Өйткені, ана тіліміз біздің рухани байлығымыз, тарихи құндылығымыз болып табылады. Өз тілімізді қай салада болмасын, ұялмай, керісінше қуана қолдануымыз қажет. Білмейтіндеріміз үйренуге талпынайық! Бірнеше жұмыс орнында қызмет істей келе, туған тілімізде, таза сөйлейтін адамдарды сирек кездестірдім. Кейбіреулер қазақ тілінде сөйлессең, тіпті менсінбей қарайды. Қазақ тілін дамытуда, мемлекет тарапынан неше түрлі жағдайлар жасалып жатыр. Тегін сабақтар берілуде, тегін видео таспалар таратылуда, осы мемлекеттен берілген сыйлықтарды пайдаланып алайық. Өзіміздің тілімізді қастерлеп, құрметтесек, қоғам да өзгерер, ал біздің мәртебеміз одан сайын асқақтайды.
Иә, 25 жылда мемлекетіміз күрт өзгерді. Экономикалық, әлеуметтік, интеллектуалды тұрғыда өркендеп келеміз. Оны архитектуралық тұрғыда қарасақ, Елбасы айтқандай, мемлекетіміздің басты күші – Астана қаласы. Астана тәуелсіздіктің белгісі, үні, келбеті деуге де болады. Осы жерді басып жүріп, шын мәнінде, біздің болашағымыз жарқын екеніне қатты қуанам.
Алдымызда “ЭКСПО-2017” атты халықаралық көрме Астанада өткізілмекші. Ол Орталық Азияда және “Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына” кіретін мүше елдерде өтетін алғашқы көрме болмақ. Мұндай үлкен шараны біздің елде өткізу мемлекетіміздің жоғарғы деңгейін көрсетеді. Көрменің тақырыбы “болашақ энергиясы” деп аталады, яғни жасыл технологияларға арналған. Халықаралық көрмелер бюросына мүше елдерді таң қалдырған сұрақ, қазіргі таңда көкейкесті мәселе. Сарқылмайтын энергия көздері: күн сәулесі, жел, жер асты сулары арқылы энергия алу, болашақта адам баласына ең қажетті ресурс түрі. Бүкіләлемдік көрме 3 айға дейін жалғасады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10-нан астам халықаралық ұйымы қатысады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам қатысады деген болжам бар.
Өтетін көрме, елдің өндірістік қуатына мықты серпін бере алады. Мұндай ауқымды және жауапкершілікті іс-шараны өткізуде біздің ел үшін пайдасы өте мол. Басқа елдермен достық қатынастар нығаюымен қатар, жоғарыда айтылғандай, елімізге инвесторлар алып келеді, еліміздің мәртебесін жоғарлатады.
Бірақ, мен тағы бір сұраққа тоқталғым келеді. Бұл қазіргі кезде жас жанұялардың арасында ажырасудың көбеюі. “Жастар қандай мақсаттарды көздейді? Басты құндылықтары қандай? Үйде ата-анасынан алатын тәрбиелері, ақылы қандай?”деген сұрақтар мені мазалап отыр. “Үйлену оңай, үй болу қиын” деп қазақта бекер айтылмаған. Алайда, жанұя деген институтты одан ары қарай қалай сақтаймыз, қалай құнды қыламыз, қалай қадірлейміз? Осы сұрақтарға шешім табу керек деп ойлаймын. Уақыт жаңа техногиялық бағытта зымырап өзгеріп барады, бірақ ата-бабамыздан қалған құндылығымызды сақтап қалу керек. Мектептегі жоғарғы сыныпта оқушыларға жанұялық психология атты жаңа пән енгізу керек пе, әлде жанұямен жұмыс жасайтын орталықтар ашу керек пе, оны эксперттер жақсы біледі. Бірақ, бұл біздің қазіргі таңдағы баса назар аударатын өзекті мәселе деп есептеймін.
«Бала тәрбиесі – бесіктен» дейді ғой, ол біздің балабақшадан басталады. Патриоттық тәртіп те жастайынан қалыптасады. Елімізде “Балапан” атты бағдарлама күні бүгінгіге дейін іске асырылуда, сол үшін Елбасымызға айтатын алғысым шексіз. Осы бағдарламаның көмегімен елде 4 мыңнан астам балабақша ашылды деген мәліметтер бар, өз көзіммен көрген Алматы облысының, Талғар ауданына қарасты, Тұздыбастау ауылында 10-нан астам балабақша және бала орталықтары іске косылды. Өзіміз де осы саланы меңгеріп келеміз. Бірақ, балабақша ашумен ғана шектелмей, осы бағытта жаңа әдістемелер, тәсілдер арқылы балаларға тәлім-тәрбие беруді тоқтатпау керек.
Қорыта келгенде, 25 жыл ішінде жеткен жетістіктердің маңыздылығын бағалай отырып, біз болашаққа сеніммен қарай аламыз. Елбасымыздың 90-шы жылдарда анықтаған стратегиясының арқасында біздің еліміз осындай аз уақыт ішінде құрметке ие, жетістіктерін танитын, сөзіне құлақ салатын мемлекетке айналып отыр. Елбасымыздың осы қиын жолда сіңірген еңбегі зор, баға жетпес.
Меніңше, екі алып мемлекеттің арасында осындай халге жетуіміз Құдайдың бізге берген сыйы, мейірімі, аманаты деп есептеймін. Біз өз ұлтымыздың, мемлекетіміздің тарихын ерекше қадірлеп, сақтауымыз керек. Келешек ұрпаққа да ақылын айтып, жеткізсек, біз де алып, мықты мемлекет бола аламыз.
Дүние керемет өзгеру жолында, бірақ біз ұлттық идеяны сақтап, тарихи мұра, құндылықтардың қасиетін жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз керек. Әрине, ең бастысы, жеріміздегі ұлтаралық келісім, саяси тұрақтылық, ыңтымақтастықты сақтай отырып, көптеген нәтижеге жете аламыз.
Негізгі бөлімде айтылмаған жетістіктер өте көп, бірақ спортқа келетін болсақ, ол еліміздегі ұлтаралық келісім мен бірліктің нәтижесі. Сыртқы және ішкі саясатты жүргізіп отырған азаматтарымыздың еңбегі де өте зор.
Біздің ел тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі екенін жан-жақты дәлелдеді. Абайдың 150 жылдығын “ЮНЕСКО” шеңберінде тойлады. “Біріккен Ұлттар Ұйымы” шеңберінде 2002 жылы Алматыда, яғни тұңғыш рет Азия құрлығында 24 мемлекет басшысын біріктіріп, кеңес өткізді. “Шанхай ынтымақтастық ұйымын” құрудың негізгі ұйытқысы, алғашқы ұсыныс жасаумен танылды. Одан әрі, 2003 жылы Астанада тұнғыш рет әлемдік діндер жетекшілерінің съезін өткізумен тарихта аты жазылды. Алдымызда, 100-ге жуық елдің басын қосатын халықаралық көрме “ЭКСПО-2017”. Осының бәрін бағалауымыз керек.
Қазір біз өркендеудің жаңа жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алдық. Елбасы бекіткен жаңа экономикалық бағамда жаңа бағдарламалар, оның бағыттары және нәтижеге жету жолдары көрсетілген. Сол бағытты ұстанып, болашаққа сеніммен қарайық!
Орындаған: Абдраманов А.К.
Қаржы институттарымен жұмыс жасау департаментінің
Қаржы институттарына мониторинг жасау басқармасы
Фронт-менеджері