Жоспар:
1.Абай шығармаларын түпнұсқа қалпына келтіру жолдары
2.М.Әуезов — Абай шығармаларының текстологы
1.Қазақ әдебиетін зертеу тарихында текстологиялықжұмыстар жүргізудің алғашқы қадамы да Абай мұрасын зерттеу саласында жүргізілген жұмыстармен бірге туды.
Абай шығармалары мен ақын өмірбаянын арнайы зерттеуді 20-жылдар басында саналы түрде қолға ала бастаған М. Әуезов ұлы мұраны тереңірек танып, түбегейлі меңгеру жолында сүйенер түпнұсқа дерек көздері мен текстологиялық жұмыстар жүргізу қажеттілігін кімнен болса да, ерте сезінді. 1924-жылдың ішінде – ақ Абай шығармаларының толық жинағын құрастырып, жариялауда алдымен қолға алды. Тұңғыш толық жинақты құрастыру процесінде асыл түпнұсқа ретіндегі Мүрсейіт Бикеұлының қолжазба көшірмесінде хатқа түскен Абай өлеңдері мен әлі де хатқа түспей санаулыкісілер санасында сақталып келе жатқан, көпшілікке беймәлім шығармалары мен аса күрделі текстологиялық зерттеулер жүргізу қажеттілігі көлденең тұрды.
Абай шығармаларын асыл түпнұсқа қалпына келтіру мақсатымен автор ақын мұрасын қамтыған деректер көзі мен текстологиялық зерттеулердіақын өмірі мен шығармалары жайлы ғылыми еңбектер жазу жұмысымен бірлікте жүргізді. М. Әуезов Абай мұрасын зерттеуді о баста-ақ бөліп жармай, тұтас алып, қарастыруды мақсат еткен. Абайтану саласында атсалысқан замандастарыарасында М. Әуезов ақын шығармаларын хронологиялық принцип негізінде тұтас қамти зерттеуімен де дараланады.
М.Әуезов Абай мұрасы жайлы зерттеулерінде асыл түпнұсқаға тірек негіз болар сан қилы деректер көзіне айрқыша көңіл бөлді. Бірақ сол ортада туып, сол жерде өссе де, Абай қолымен жазылған асыл түпнұсқа қолға түспеді. Абай қолымен жазылып қалды деген автограф ретіндегі бір ғана хат пен “Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы” деген шығармасының бір бөлігі ғана (2-бет) сақталған да қалған автограф түгелдей бүгінгі ұрпақ қолына жетпей қалды. Осы себепті М. Әуезов Абай шығармаларының асыл түпнұсқасы ретінде 1896 жылдан бастап көшіріліп, қолжазба ретінде таратыла бастаған Мүрсейіт Бикеұлы топтастырған көшірмелерді пайдаланған. Мүрсейіт көшірмелерінің өзі (қазір қолда бары 1905, 1907, 1910 ж. қолжазбалар) көптеген текстологиялық ақаулықтарға жол беріп алған. Мұнда, біріншіден, Абай шығармалары толық қамтылғаны көрініп тұр. Екіншіден, кейбір өлеңдері орынсыз біріктіріліп, кейбіреулері орынсыз, ретсіз бөлек өлең ретінде берілетін жерлері де ұшырасады. Үшіншіден, қолжазбада Абай қаламынан тумаған беймәлім өлеңдер де орын алған. Төртіншіден,ең маңызды нәрсе – Абай шығармаларының жазылу мерзімі, жылдары да көрсетілмеген.
Міне, М. Әуезов осы олқылықтарды ескере отырып, Абай мұрасын түпнұсқа қалпына келтіру жолында тірек етіп сүйенер қосалқы деректер көзін дер кезінде ізденіп, мүлде ұмытылып, жоғалуға айналған Абай шығармаларын қалпына келтіруде теңдесі жоқ текстологиялық жұмыстар атқаруға кірісті. Бұл жолда Абай маңында үнемі болып, көп үлгі, өнеге алған үзеңгі жолдастары мен ақын шәкірттері қызу атсалысып, мол еңбек сіңірді. М. Әуезов осылардың санасында жатқа қалу арқылы сақталып қалған 45 өлеңді (1086 жол) хатқа түсіріп, қайта тірілтті. Абай шығармаларын текстологиялық жақтан салыстырып зертеу жолында ертеде Мүрсейіт, Самарбай, Дайрабай сияқты қарттар арқылы көшіріліп жазылған қолжазбаларды Абай ауылының қыздары Уәсила, Әсия, Рахила, Ғалия, Рабиға, Қаныштардың қолында сақталаған нұсқалармен де танысқанға ұқсайды. Міне, Абай мұрасын асыл түпнұсқа қалпына келтірудегі деректер көзінің бір саласы осы аталып өткендермен шектеледі.
2.М. Әуезов ақын мұрасын жинау, текстологиялық жағынан зерттеуде Абай шығармаларының революцияға дейінгі таралу жолдарын да анықтап, оларға деректер көзі ретінде сүйеніп отырғаны байқалады. Зерттеушінің анықтауынша, революцияға дейін Абай шығармалары үш түрлі жолмен: а) баспасөз арқылы; ә) қолжазба – көшірме күйінде; б) ел арасында ауызша жатқа алынып тараған.
М. Әуезов Абай мұрасына ерте көңіл бөліп, оны жинастыру, деректер жию, жариялау, зерттеу процесінде негізгі қайнар көздері ретінде пайдаланған тірек- негіз іспетінде ұстанған арналары бар.