Түйіндеме, Резюме дегеніміз не?

Резюме француз тілінен алынған термин. “Айтылған, я жазылған мәселенің қысқаша түйіні” деген мағына береді.

Түйіндеме – белгілі бір тұлғаның өмірбаяны, білімі, мамандығы, кәсіптік шеберлігі, біліктілігі, икемділігі жайлы нақты, қысқа мәлімет беретін іс қағазының бір түрі.

Жазылған түйіндеме сіз туралы толық мәлімет беру үшін онда, сіздің біліміңіз, біліктілігіңіз, жеткен жетістігіңіз, жұмыс тәжірибеңіз, не нәрсеге икемділігіңіз бар екені айтылуы керек. Түйіндеме сіздің кең көлемдегі визит карточкаңыз іспеттес. Түйіндеме жазуда сіздің мақсатыңыз — өз өмірбаяныңыз бен жұмыс тәжірибеңізді, мамандығыңызды, икемділігіңізді ұтымды көрсете білу. Осы арқылы ойлаған жұмыс орнына қол жеткізу. Сондай-ақ түйіндеменің әдемі рәсімделуіне де көңіл бөлгеніңіз дұрыс. Яғни мекеме басшысы сіздің кім болып істегіңіз келетінін түйіндемені оқу барысында бірден ұғатындай болу керек Қалаған мамандығыңызға байланысты жеке басыңыздың қасиеттері анық көрсетілуі тиіс. Мәселен, сіз жарнама агенті болып орналасқалы келсеңіз түйіндемеге адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай алатындығыңыз, тапқырлығыңыз, интуицияңыз, адам психологиясын жақсы білетіндігіңіз сияқты қасиеттеріңіз жазылуы керек. Түйіндемеде белгілі бір адам туралы мәліметтер ықшам әрі нақты түрде беріледі.
Түйіндеменің ерекшелігі – үміткердің білімі және кәсіби шеберлігі туралы мәліметтердің кері хронологиялық тәртіпте берілуі.

Түйіндеменің мазмұндық-құрылымдық жүйесі:
— аты-жөні;
— туған жылы, күні, айы, туған жері;
— ұлты;
— жынысы;
— мекен-жайы, телефоны;
— отбасы жағдайы;
— азаматтығы;
— білімі;
— бітірген оқу орындары;
— кәсіби біліктілігі мен кәсіби тәжірибесі;
— тілдік дағдылары;
— компьютерлік сауаттылығы;
— жеке қасиеттері (жауапкершілігі, адамдармен қарым-қатынас орнатуға бейімділік, ұстамдылық, мақсаттылық, ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеттер, ұжыммен жұмыс істей білу, ұқыптылық, алға қойған міндеттерге шығармашылық көзқарас т.б.)
— қызығушылығы (саяхатқа шығу, би, домбырада ойнау, кітап оқу т.б.) туралы мәлімет, қосымша ақпараттар (мақтау грамоталары, сертификаттар, наградалар, патенттер т.б.)