Сабақтың жоспары:
- Ақынның шығармашылық өмірбаяны.
- Әріп – Абайдың талантты шәкірттерінің бірі.
- Өлеңдерінде еңбек пен ғылымның пайдасын насихаттауы.
- Шығармаларындағы Абай поэзиясының ағартушылық және сыншылдық бағыттары
- Теориялық мәліметтер
Әріп Тәңірбергенұлы (1856-1924) – ақын. Абайдың талантты шәкірттерінің бірі. Жастайынан мұсылманша мектеп, медреселерде оқыған. Семейдегі миссионерлік мектепті бітірген. Шығыс мәдениетінен хабары мол, араб, парсы, қытай, орыс тілдерін жетік білген. 1882-83 ж. Аякөз маңында, ал 1884-87 ж. Шәуешек қаласында (ҚХР) орыс консулының тілмәші. 15-16 жасынан айналасына ақындығымен таныла бастайды. Өлеңдерінде араб, парсы әдебиеттерінің ықпалы байқалады. Қыздың сұлулығын шектен тыс романтик бейнеде суреттегені үшін Әріп кезінде ұстазы Абайдың қатаң сынына ұшыраған. Бұл жас ақын үшін үлкен сабақ болды. Ол өзінің ақындық жолында Абайды үнемі ұстаз тұтып отырды. Дастандарында Абайдың өлең кестесіне ден қояды. Әріп әсіресе, Абай поэзиясының ағартушылық және сыншылдық бағыттарына жиі назар аударған. «Серікбай қажыға», «Байларға», «Қабдолла биге», «Тәрібек болысқа» т.б. өлеңдерінде Әріптің Абай үлгісіндегі сыншылдық қасиеті айқын көрінеді. Жастарда оқу-білімге, еңбекке шақыру тақырыбына жазылған «Ғылым туралы», «Еңбек туралы», «Шәкірттеріме», «Шұғбанға» сияқты өлеңдерінде Абайдың ағартушылық идеялары жалғасын тапқан. «Қалың мал туралы» өлеңінде ақын әйел теңдігі мәселесін көтереді. Мұнда да әлеумет, теңсіздік, әр адамның бас еркі деген сияқты мәселелерге келгенде ұстаз ақынның ұлағатты ойларымен сабақтастық сезіледі. Абай үлгісі Әріп шығармашылығының бүкіл табиғатынан танылып жатады. «Абайдай болмасам да атақты ақын» деп, ақын салған дәстүрлі жолды өзіне бағдар тұтатынын айтады. Осы үлгіде туған Әріп еңбектерінің бірі – орыс ақыны А.С.Пушкиннен аударған «Евгений Онегин» романының үзінділері. Өзінен бұрын Абай аударғанын, Абай барған тақырыпқа қайталап қалам тартуы Әріптің ақындық қарымын, батылын аңғартады. Аудармада, тіпті оның жекелеген шумақтарында Абай өлеңінің кесте-бояулары байқалып тұрады. Әріп қаламынан лирик шығармаларымен қатар шығыстық оқиғалар желісімен жазылған «Зияда-Шамырат», «Қожа Ғафан», «Нұрғозарұн», «Таһір» сияқты бірқатар хисса-дастандар туды.
Әріп – Абай шәкірттерінің ішіндегі өткір тілді, терең ойлы, табиғи дарынды, білімді, мәдениетті ақындардың бірі. Ақын туралы осы айтылған пікіріміздің шындығын дәлелдеу үшін ең алдымен, оның өмір тарихын бұлжытпай, барынша дұрыс баяндауымыз керек.
Әріп Тәңірбергенұлы 1856 жылы Семей облысы, қазіргі Жарма ауданында туған. Руы – найман, найман ішіндегі сыбан. Сыбанның бес баласының бірі – Жанкөбек. Жанкөбектен нар дауысты Нарынбай. Нарынбай он жетінші ғасырда Ташкенттің бегі болған. Нарынбайдан қу дауысты Құттыбай би, онан Байғара би, Байғараның бес баласының екеуін ғана айтамыз. Олар – атақты ақын әрі Ақтайлақ және Байсал онан әрі Әлі, Әліден Тәңірберген. Тәңірбергеннің баласы — Әріп.
Ауызша мәліметтерге қарағанда, Әріп 11-12 жасынан бастап ауыл медресесінде оқып, одан кейін бастауыш мектебінде оқыған. Мұсылманша және орысша сауатын ашып алған соң, туысынан зерек, зейінді, сергек сезімді талапты жастың өнер-білімге құштарлығы күшейе түседі. Ол енді өз бетімен ізденіп, білімін толықтыруға барынша жігерімен беріліп, мұсылманша, орысша кітаптарды құныға оқумен болады. Одан арғы жылдардағы яғни жасы 20-дан асқан кезіндегі өмірі туралы архивтерде сақталған нақтылы тарихи деректі мағлұматтар бойынша баяндаймыз.
Қазақстан мемлекеттік архив қорында: «Дело штатного смотрителя Семипалатинских училищ на 1878 год, на 626 листах» деп аталатын тарихтық мағлұмат сақталыпты.
Осы мағлұматтың 186 бетінде «экзаменационный мест по арифметика для 3-го класса на 1877 и 1878 учебный год» деген мәліметте оқушылардың тізімі және емтиханда алған бағалары көрсетілген. Үшінші кластағы оқушылардың саны – 24. Олардың 17-сі орыс, 7-еуі қазақ балалары.
Әріптің ең алғаш Абайды көріп-біліп, ұлы ұстаз ретінде таныған уақыты, оның Семей училищесінде оқып жүрген жылдары болатын.
Әріптің алғашқы ақындық қадамында жазғандары не болмаса қолма-қол суырып айтқандары әзіл-қалжың, айтыс, жастық, махаббат тақырыбындағы өлеңдері болып келеді.
Араб, парсы тілдерін жетік білген соң Шығыс әдебиетін көп оқып, өз шығармаларында Шығыс әдебиетіне еліктейді.
Әріптің 1890 жылдардан былайғы негізгі өлеңдерін нағыз сыншыл релаизм бағытында жазады. Өлеңдерінің идеялық мазмұны тереңдей түседі. Халықты қанаушыларды әшкерелеп жырласа, еңбек елін дәріптеп жырлайды.
Әріп шығармашылығы қазақ халқының саяси қоғамдық өмірімен тығыз байланыста дамып, өсіп отырады. Ақынның саяси сана-сезімі өскен сайын, оның өлеңдерінің идеялық мазмұны да тереңдей түседі.
Әріптің ақындық өмірі ерте басталғаны белгілі. Оның шығармаларының тақырыбы сан алуан. Ақынның шығармалары өзінің ой-өрісінің, өз басынан өткізген өмір белестеріндегі көзқарастарының көлемін айқын көрсетіп отырады.
- Бақылау сұрақтары:
- Ақынның шығармашылық өмірбаяны туралы мәлімет.
- Өлеңдерінің тақырыбы, көркемдік дәрежесі.
- Сыншылдық бағыттағы өлеңдері.
- Еңбек пен ғылым туралы шығармалары.
- Дүние, өмір жайындағы өлеңдері.
- Абай өлеңдері мен үндестігі.
- Студенттің үй тапсырмасы
- Абайдың тұңғыш өмірбаянында Әріп есімінің айтылуы туралы.
- Әріп шығармашылығының Абай өлеңінде сыналуы.
- Әріп шығармаларының тақырыбы.
- Әріптің Абайды көріп-біліп, ұстаз ретінде таныған уақыты.
- Абай мен Әріп арасындағы шығармашылық сабақтастық..
- Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
- Әріптің Абайды ұстаз тұтып, оның реалистік әдісін тақырыптық тұрғыдан жалғастыру дәстүрін таныту. Оның шығармаларына идеялық – тақырыптық, сюжеттік, композициялық, көркемдік тұрғыдан талдау жүргізу. Ақынның Абай мектебінің көрнекті өкілі екендігіне көз жеткізу.
— салыстыру.
- СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған
— баяндама;
— реферат;
— тестілік сауалнама.
7.Әдебиеттер тізімі
- Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995
- Сыздықов К.. Мұхтартанудың беймәлім беттері. – А., 1997
- Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991
- Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000
- Абай Құнанбайұлы. Шығ. Екі томдық толық жинағы. -А., «Жазушы» , 1995
- Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998
- Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. -А., «Санат»,1977
- Мұхаметханов Қ. Абай төңірегіндегі ақындар. Ф.ғ.к. ғылыми дәреже алу үшін ізденіп жазылған диссертация. -А., 1959
- Ерденбеков Б. Әріп – ақын. –А., 2001
- Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. –А., 1966