Сабақтың жоспары:
- Өмірі туралы мәлімет.
- Мағауия — ұлы Абайдың ақындық мектебінен дәріс алған ақын.
- Ол Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы талантты шәкірті.
- Ақынның өлеңдері мен поэмалары.
- «Медғат-Қасым» – романтизм сарынындағы поэма.
- Теориялық мәліметтер
М. Әуезовтің Абай жайлы монографиясындағы тағы бір тарау ұлы Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы, талантты шәкірті Мағауияның шығармашылығына арналған.
Мағауия Әбішке арнаған көңіл шері, жастық, сүйіспеншілік, махаббат туралы өлеңдерінен басқа Абайдың ақыл-кеңесімен, берген материалдардың негізінде «Еңлік — Кебек», «Абылай» және «Медғат – Қасым» поэмаларын жазған.
М. Әуезов «Еңлік — Кебек», «Абылай» поэмаларының қолжазба күйде сақталып, оқушыларға тарамағандығын айтады. Мағауияның ең көлемді және көркем поэмасы «Медғат — Қасым» оның ақындық ерекшелігін анық, айқын көрсеткендігін атап өтеді де, поэмаға тақырыптық тұрғыдан образдар жүйесі бойынша және сюжеттік желісі негізінде тұтас талдау жасайды.
Мағауияның «Медғат -Қасым» поэмасының тақырыбы Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс» поэмалары тәрізді қазақтан жырақ алыс ел өмірінен алынған. Поэмада Африка елінің болмысынан алынған оқиғалар сөз болады. М. Әуезов Мағауияның да Ақылбай тәрізді Европа және орыс классик поэзиясынан үлгі алғандығын, оның «Медғат — Қасым» поэмасы Пушкиннің «Бақша сарай фонтаны», «Бастунжи ауылы», «Ашик — Кериб» сияқты түстік поэмаларын және Байронның шығыстық поэмаларын еске түсіретіндігін атап өтеді.
Зерттеуші поэманың қысқаша оқиға желісін баяндап өтеді де, «Медғат – Қасымда» оқиға құруда Европа және орыс классик поэзиясындағыдай нақтылық, дәлдік басым екендігін көрсетеді.
Өмірлік дәлдік демекші, поэма жалпы романтизм сарынындағы шығарма болғанымен, оның реалистік шындықпен өмірге жанасымды, қонымды тұстары да бар. Мысалы, Қасымның Мұрат бай мен Медғаттан кек алу мақсатымен қарақшылық жолға түсіп кеткеніне дейінгі оқиғалардың суреттелуінде реалистік сипаттар мол.
Поэмадағы романтизм бойын кек алу сезімі билеп алған бас қаһарман Қасымның ой-қиялынан, мінез-құлқынан, іс-әрекетінен жан-жақты көрінеді. Ол сезім Қасымды үнемі күтпеген іс-әрекетке, дағдыдан тыс оқиғаларға жетелеп отырады. Қасымды романтикалық қаһарман етіп тұрған да осы сезім.
М. Әуезов поэманы егжей-тегжей талдай отырып, оны анық классикалық поэзияның үлкен үлгісі деп бағалайды.
«Медғат — Қасымнан» бұрын Мағауия ақын ағасы Шәкәріммен жарысқа түскендей болып, «Еңлік – Кебекті» көркем шығарма ретінде жеті нұсқасы бар дейтін болса, оның екеуі поэма екен. Оның бірі — жоғарыда талданған Шәкәрімнің дастаны болса, екіншісі – осы Мағауиянікі. Бұл жолы да тақырыпты шәкірт достарына ұстаз ақын Абай берген болатын.
М. Әуеэов «Еңлік – Кебек» поэмасын жанрлық тұрғыдан алып қарағанда, махаббат драмасы болып табылатындығын айтады. Мағауияның махаббат трагедиясына, Еңлік пен Кебектің өліміне, жазықсыз сәбидің жетім қалуына себепкер болған адамдар тұлғасын жасағандығын, қатал заманның бет бейнесін ашқандығын атап көрсетеді.
Поэмадағы бас кейіпкерлер Кеңгірбай би, қос ғашық Еңлік пен Кебек және т.б. кейіпкерлер өмірде болған адамдар.
М. Әуезовтің шәкірті Қ. Мұхамедханов ұстазының осы пікірлерін жалғастырады.
М. Әуезовтің Мағауия шығармашылығы мен оның әдебиет тарихынан алатын орны жайлы пікірлері бойынша мынадай ғылыми тұжырымдар жасауға болады:
Мағауия – ұстаз берген ақыл – кеңес, тақырып бойынша көп ізденген, өзінің қоғамдық идеяларын ірі мәдениетпен үлестірген білімдар ақын.
Мағауияның «Медғат — Қасым» поэмасы қазақ әдебиетінде өткен ғасырдың соңында туған Пушкин, Лермонтовтың түстік, Байронның шығыстық поэмалары тәрізді романтизм үлгісіндегі озық идеялы, көркемдігі зор соны шығарма. Поэманың құндылығы, ең әуелі, оның негізгі кейіпкері Қасым бейнесінің сомдалуынан көрінеді.
«Медғат – Қасым» — ішкі мазмұны жәнінен ғана емес, сондай-ақ сыртқы пішіні, стилі, тіл көркемдігі жөнінен де нағыз классикалық поэзияның үлгісі бола алатын шығарма.
Сонымен Мағауияны М. Әуезов айтқандай, ұлы Абайдың ақындық мектебінен дәріс алған, оның ақындық дәстүрін жалғастырушы талантты шәкірті деп айтуға толық хақылымыз.
- Бақылау сұрақтары:
- Мағауия өмірі туралы мәлімет.
- «Абай жолы» эпопеясында Мағауия туралы эпизодтар.
- Мағауияның Әбішке арналған көңіл шері, жастық, махаббат туралы өлеңдері.
- Абайдың ақыл кеңесімен, берген материалдары негізінде жазылған поэмалары.
- Мағауияның ең көлемді және көркем поэмасы.
- «Медғат-Қасым» поэмасының тақырыбы.
- Мағауия – классикалық поэзия үлгісін тудырушы ақын.
- Студенттің үй тапсырмасы
- М.Әуезовтің «Абай Құнанбайұлы» атты монографиясындағы Мағауия туралы деректер.
- «Абай жолы» эпопеясында Мағауияның суреттелуі.
- Мағауияның Әбішке арналған көңіл шері, жастық, махаббат туралы өлеңдеріне талдау жасау.
- Мағауия поэмаларын тақырыптық, сюжеттік тұрғыдан талдау.
- Абай, Ақылбай поэмаларымен салыстыру.
- Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
- Мағауияның поэма саласындағы шығармаларына идеялық – тақырыптық, сюжеттік, композициялық, көркемдік тұрғыдан талдау жүргізу, поэма жанрында Абай дәстүрін таныту.
— салыстыру.
- СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған
— баяндама;
— реферат;
— тестілік сауалнама.
7.Әдебиеттер тізімі
- Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995
- Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991
- Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000
- Абай Құнанбайұлы. Шығ. Екі томдық толық жинағы. -А., «Жазушы» , 1995
- Абай. Энциклопедия. -А., «Ата мұра» , 1995
- Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998
- Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Абай дәстүрі және Шәкәрім. -А., «Қазақ университеті», 1992
- Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. -А., «Санат»,1977
9.Мұхаметханов Қ. Абай төңірегіндегі ақындар. Ф.ғ.к. ғылыми дәреже алу үшін ізденіп жазылған диссертация. А., 1959
- Әуезов М. «Абай жолы» роман-эпопея. 4-томдық. -А., «Жазушы», 2000. 2003. 2007. 2006.
- XIX ғасырдағы қазақ ақындары. –А., 1988