- Сабақтың жоспары:
- Өмірі туралы мәлімет.
- Ақылбайдың ақын ретінде қалыптасуына әкесі Абайдың әсері.
- Ақылбайдың поэмалары.
- «Дағыстан» поэмасы – романтикалық шығарма.
- Ақылбай — Абайдың өз тәрбиесінде болған ақын шәкірті.
- Теориялық мәліметтер
Ақылбай Абайдың Ділдә деген бәйбішесінен 1861 жылы туған тұңғыш баласы. Ділдәдан Ақылбайдан басқа Әбдірахим (Әбіш), Мағауия деген балалары болған.
Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным, өзінен бала болмағандықтан, Ақылбайды кішкене күнінен өз бауырына басады. Ақылбай туғанда Абайдың өзі де жас, жаңа отау иесі еді. Сөйтіп, Ақылбай жас күнінен Нұрғаным тәрбиесінде болып, Құнанбай баласы, Құнанбайдың кенже тоқалының еркесі атанып өседі.
Ақылбайды Нұрғаным жас басынан бетімен жіберіп, аса шолжың ерке бала етіп өсіреді. Ақылбайды тек 9-10 жас шамасында, Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханға оқуға береді. Ақылбай 4-5 жылдай молдадан оқу оқиды. Одан әрі оқымайды. Ақылбай бір жасынан бастап, Нұрғаным қолында өскендіктен және Абайдың 16 жасында туған баласы Ырғызбайдың бір мырзасы сияқты көрінеді.
Құнанбай өзімен тең жерден қыз айттырып, Ақылбайды үйлендіреді.
«Өзімен тең жер» деген сөзімізді түсіндіре кетейік. «Біржан-Сара» айтысында Сараның аузынан айтылған:
… Құдайдан қорыққан Арғын осал демес,
Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді, —
деген сөз бар. Қисық Тезекұлы Найман ішінде Мұрын руының басшы адамы. 1844 жылы құрылған Көкпекті (Семей облысы) округінен аға сұлтан болып сайланған. Сондықтан Қисықты: «Қара қазақтан шығып, хан болған» деп дәріптейді.
Найман руының шежіресін өлеңмен жазған Қырықмылтық Сүлеймен би, Қисық шежіресін былай таратады:
… Көшімбайдың баласы Тезек дейді,
Тезек ұлы Қисық хан найман білген.
Жұмақан, Қасен, Әлсейіт, Нұрпейістер –
Төртеуі хан баласы үлгі көрген.
Құнанбай өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы Ізіқанға құда түсіп, Ақылбайды үйлендірген.
Үйленген соң Ақылбайға енші бөліп беріп, Құнанбай бұл баласын да жеке бір ауыл етеді. Бұл кездердегі біраз жыл Ақылбай сияқты Құнанбайдың жаңа отау көтерген мырзасының ауылы болып, сауық-сайранмен өтеді. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ақылбай жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай атағына, нағашыларының ата аруағына масаттанатын. Бұл кездердегі Ақылбай айтатын өлең сарыны:
Нағашым ер Қазыбек әулие өткен,
Фәниден уақыт жетіп о да кеткен.
Сасқан жан жер шетінен бабам десе,
Аруағы көз ашқанша келіп жеткен.
деген сияқты болған. Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» дейтіні: Қаракесек, Қаздауысты Қазыбек би. Оның баласы Бекболат би, оның баласы Тіленші би, Тіленшінің баласы Алшымбай би. Алшымбайдың баласы Жүсіп. Жүсіптің қызы Ділдәға 1860 жылы Абай үйленген. Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай.
Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек»- дейтіні сол. Сөйтіп Ақылбай Абай маңына да жақын тартып жуыңқырамай, сирек қатынасып жүреді. Сонымен қатар Ақылбай соншама ақ көңіл, алды-артын ойламайтын, аңқылдаған адам болатын. Бір іске көңіл аударып, бет қойып беріліп кетсе, аса қабілетті де болады.
Ақылбайдың жас күнінен әкесі Абайдан аулақ өскенін, оның ақ көңіл аңқаулығын пайдаланып, Абай дұшпандары әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, екеуін мүлдем ажыратпақ та болған.
Абай баласының осындай мінездеріне, жасынан көрген жағымсыз тәрбиесінен пайда болған әдеттеріне қатты кейіп «Ата-анаға көз қуаныш» деген (1890) өлеін жазады.
Абайдың бұл өлеңі талпынбай жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Бұл кезде Абай ауылы нағыз үлкен үлгілі мектепке айналған болатын Ақылбай жігіт ағасы болып қалған кезі де еді.
Енді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Ақылбай аса щебер музыкант, домбыра, гармонь, скрипкаға жүйрік, мақтаулы өнерпаз болады.
Құнанбайдың мырзасы атанып, «бұлғыннан ішік киіп» бұлғақтай өткізген мағынасыз өмірін Ақылбай қалжың – шыны аралас:
Бұлғыннан ішік кидім кәмшат жаға,
Сарп еттім дүниені білмей баға.
Талай қыз «Ақылжан» деп тұрушы еді,
Дейтұғын сұмдық шықты-ау: «Ақыл-аға»,-
деп кейін өлең етеді. Бұл өлеңнің арнаулы әні де болған.
Ақылбай – Абай төңірегіндегі әр жақты талантты шәкірттерінің бірі. Ақылбайдың ақындығымен бірге ән шығаратын композиторлық өнері де болған.
«Ақылбай сауықшыл әнші, скрипкашы болатын… Домбыраға қазақтың ескі күйлері: «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күйлерді тартады. Скрипкаға Абайдың әнші атанған Мұқадан үйренген бірнеше түрлі орыс күйлерін тартады. Дойбы ойынынан Ақылбайды ұтатын адам бола қойған жоқ», — дейді Ақылбайдың замандасы Рақымжан Мамырқазов.
Өз ойынан шығарған біз білетін екі әні бар. Біріншісі, «Ішік кидім бұлғыннан кәмшат жаға». Екіншісі, мынандай өлеңмен айтылады:
Матай да алыс бірталай жер деген соң,
Бір ән тауып Әлекем бер деген соң.
Он минутта ойыма осы ә түсті,
Қапаш-құпаш көңілді сермеген соң.
Бұл кейінгі әнді Матай еліне, Абайдың бір баласы, Ақылбайдың інісі Тураштың қайнына күйеу жолдас болып барарында әнші Әлмағанбет: «Ақыл аға, бір жаңа ән тауып берші», — дегенде қолма-қол айтып берген әні екен.
Ақылбайдың жастық, махаббат тақырыбын жазған көптеген өлеңдері болады. 1895 жылы Әбдірахим өліміне жазған жоқтау өлеңі болған. 1904 жылы інісі Мағауия қайтыс болғанда жазған жоқтауы сақталған.
Ақылбайдың ақындық атын тарихта қалдырған оның поэмалары. Ақылбайда бізге мәлім ондай поэмалар үшеу. Олар: «Дағыстан», («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррах батыр».
«Жаррах батыр» поэмасы бізге жетпеген. «Зұлыс» поэмасының басқы бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 санында басылған. «Дағыстанның» («Кәрі Жүсіптің») үзіндісі 1918 жылы «Абай» журналының 5 санында жарияланған.
Ақылбай жас кезінде төрт-бес жыл Құнанбай аулының молдасынан ескіше оқып хат танығаннан басқа, ұзап оқымаған. Абайдың үлгі-өнегесімен Ақылбай заманының саналы азаматы, әдебиетке шын берілген ақын болады. Абайдың әдебиет, өнер-білім жайындағы, адамгершілік, мәдениет жайындағы өсиеті Ақылбайдың дүниеге көзін ашады. Әсіресе, орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып өсуі, ақындық талантына кең жол ашады. Ақылбайдың Абай өсиетін тыңдап қана емес, өз бетімен орыс ақындарын оқуға, терең түсініп ұғуға қолы жетеді. Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ұлы ақындары болады. осындай ұлы ақындарды оқып, өнеге алған Ақылбай – қазақ әдебиетінде тұңғыш Кавказды жырлаған ақын.
- Бақылау сұрақтары:
- Ақылбай өмірі туралы мәлімет.
- «Абай жолы» эпопеясында Ақылбай туралы эпизодтар.
- Абайдың «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңінің Ақылбайға арналу мәні.
- Ақылбайдың домбырашылық, скрипкашылық, сазгерлік өнері.
- Ақылбайдың жазып шығарған поэмалары.
- «Жаррах», «Зұлыс» поэмаларының тағдыры.
- «Дағыстан» поэмасындағы кек, тартыс, оның романтикалық әуенмен жырлануы.
- Студенттің үй тапсырмасы
- М.Әуезовтің «Абай Құнанбайұлы» атты монографиясындағы Ақылбай туралы деректер.
- «Абай жолы» эпопеясында Ақылбайдың суреттелуі.
- «Ата-анаға көз қуаныш» өлеңін жаттау, талдау.
- Ақылбай поэмаларын тақырыптық, сюжеттік тұрғыдан талдау.
- Абай поэмаларымен салыстыру.
- Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
- Ақылбайдың поэма саласындағы шығармаларына идеялық – тақырыптық, сюжеттік, композициялық, көркемдік тұрғыдан талдау жүргізу, поэма жанрында Абай дәстүрін таныту.
— салыстыру.
- СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған
— баяндама;
— реферат;
— тестілік сауалнама.
7.Әдебиеттер тізімі
- Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995
- Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991
- Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000
- Ахметов З . Абайдың ақындық әлемі – А., 1995
- Абай Құнанбайұлы. Шығ. Екі томдық толық жинағы. -А., «Жазушы» , 1995
- Абай. Энциклопедия. -А., «Ата мұра» , 1995
- Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998
- Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. -А., «Санат»,1977
9.Мұхаметханов Қ. Абай төңірегіндегі ақындар. Ф.ғ.к. ғылыми дәреже алу үшін ізденіп жазылған диссертация. -А., 1959
- Әуезов М. «Абай жолы» роман-эпопея. 4-томдық. -А., «Жазушы», 2000. 2003. 2007. 2006.
- XIX ғасырдағы қазақ ақындары. –А., 1988