- Сабақтың жоспары:
- Шәкәрімнің қазақ елінің ескі өмірінен реалистік дастандар жазуы.
- «Қалқаман — Мамыр» поэмасы.
- «Еңлік — Кебек» дастаны.
- Поэма жанрында ақынның Абай дәстүрін жалғастыруы
- Теориялық мәліметтер
Шәкәрімнің төл туынды ретінде саналатын үш поэмасы бар. Олар – “Қалқаман — Мамыр”, “Еңлік – Кебек” (алғашқы аты “Жолсыз жаза, яки кез болған іс”), “Нартайлақ пен Айсұлу”. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұлардың ішінде “Нартайлақ пен Айсұлуды” Шәкәрімнің өзі көркемдік деңгейі төмен деп бағалаған. Бұл шығармалардың тақырыбы – бір сөзбен айтқанда әйел теңсіздігі. “Қалқаман — Мамыр” мен “Еңлік – Кебек” те өз дәуірлерінің тарихи болмысы ашылып, өмір шындығы көркемдік шындыққа айналып, көркемдік шешім тапқан.
Осыдан 113 жыл бұрын жазылып, 89 жыл бұрын жарық көрген “Қалқаман — Мамыр” – Шәкәрімнің іргелі шығармаларының бірі. Кезінде бұл шығарма туралы Әлихан Бөкейханов “Қазақ” газетінің 1915 – жылғы 121 – санында сын жазып, поэманың жанрын тарихи жыр деп таныған.
Кейінгі зерттеушілер (М. Мағауин) бұл поэманы лиро-эпикалық дастан санайды. 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан жарық көрген поэмасын ақынның өзі «Қазақ тіліндегі тарихи хикая» деп атаған. «Мұтылған» деген бүркеншік есіммен жазған автордың кіріспе сөзі де осының бір дәлеліндей.
Екі ғашықтың махаббат трагедиясын арқау өткен бұл поэма – Қалқаман мен Мамыр атты екі жастың ғашықтық сырын шертеді. Шығармада екі ғашықтың махаббаты романтикалық сырын да бейнелеген. Мәселен мұны Мамырдың Көкенай батыр қолынан қаза табар сәттегі сөзінен айқын аңғаруға болады:
Тілегім келді орнына арманым жоқ,
Артында Қалқаманның қалғаным жоқ.
Мені сен өлтіргенмен жасармайсың,
Сүйткенмен жас жанымды алғаның жоқ.
Тағдырдың сүйгенінің алдында алып, махаббатының пәктігі сақталғанын жұбаныш еткен Мамыр рухының биіктігі осы жолдардан анық сезіледі.
Поэмада баяндалған оқиғаның қысқаша мазмұны мынадай. Ағайындас екі жас Қалқаман мен Мамыр бір-біріне ғашық болып қалады. Шын сүйген жүрек өз дегеніне жетіп, олар қосылады. Бұған Мамырдың немерелес ағасы Көкенай батыр қарсы болып, ақыры ол Мамырды садақпен атып өлтіреді. Қалқаманның жақыны, тобықтының әулиесі іспетті Әнет бабадан Қалқаманды ұстап беруді сұрайды. Әнет баба үкімді қанша жұмсартқысы келгенімен, одан ештеңе шықпайды. Ақыры жүйрік атпен шауып өтетін Қалқаманды Көкенайды садақпен атуына шешім шығарады. Көкенай батырдың атқан оғы Қалқаманның қара санынан тиіп, ердің қасын жарып өтеді. Тірі қалған Қалқаман еліне өкпелеп, Ұлы жүздегі нағашы жұртына жол тартады. Осы кезде қалмақ-қазақ соғысы басталып кетіп, бұл оқиға ұмытылып, аяқсыз қалады. Кейін ел есін жиған тұста Қалқаманды іздестіру мүмкін болмай қалады.
Шәкәрім сюжеттік желіге осынау тарихи оқиғаларды негіз ете отырып, қазақтың бұрынғы тұрмысын, әдет-ғұрпын кеңінен көрсететін махаббат драмасына құрылған дастан жазып шыққан. Поэмадағы махаббат мәселесі Шәкәрімнің жалпы адамгершілік, азаматтық көзқарасының негізі ретінде көрініп, оның бостандық сүйгіш бағытын айқындайды.
Шәкәрім Құдайбердиевтің «Қалқаман-Мамыр» поэмасы – Қалқаман мен Мамыр арасындағы махаббатты бейнелей отырып, сол дәуірдегі адам санасын, қоғамдық-әлеуметтік өмірді, ондағы қайшылықты құбылыстарды кең көлемде көрсетуге бағышталған туынды.
Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасының жазылғанына ғалым Қайым Мұхамедхановтың айтуы бойынша 109 жыл болыпты. Бұл поэма 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан жарық көрген. Шәкәрім «Еңлік-Кебекті» тікелей Абайдың тапсыруымен жазған. Поэманың жанрын — әлеуметтік дастан деп қарастырған орынды. Көп ғалымдар осы пікірге тоқтап жүр(М. Мағауин, Б. Әбдіғазиев т.б.). Өйткені ақын ғашықтар трагедиясын сыртқы арқау ретінде ала отырып, негізінен сол кезеңдегі әлеуметтік мәселелерді басты назарда ұстаған.
Автор ел ішінде аңызға айналған, болған оқиғаның ізімен жаза отырып, поэмадағы екі жастың махаббат трагедиясын жеке адамның қасіреті ретінде бағаламай, сол тұстағы қазақ қоғамының қасаң қағидаларын ескілікті сананың қасіреті ретінде бейнелеуге ұмтылады.
Поэмадағы оқиға сюжеті қысқаша былай болып келеді. Матай мен Тобықты арасындағы жерге байланысты тартыс-талас толастаған бір сәтте Тобықтының жас батыры Кебек Еңлік сұлуға кездеседі. Екеуі бір-біріне ғашық болып, ақыры тағдырын қосып, елден жырақ тұрып жатады. Осы тұста Матай елі қалыңын төлеп, айттырып қойған қызды қайтарып, Кебекті жазалауды сұрап, Тобықты еліне кісі салады. Ел арасы тағы бұзылатын болады. Осыны сезген Тобықты басшысы Кеңгірбай Матайларға қашқындарды өздері ұстап алып, жаза қолдануға рұқсат береді. Олар Кебек пен Еңлікті жасырынып жатқан жерінен қолға түсіріп, өлім жазасына кеседі. Сөйтіп екі жас қайғылы қазаға ұшырайды.
Поэманың басты кейіпкерлері Еңлік пен Кебек. Бірі – ел мақтан тұтқан батыр, екіншісі – ардақ тұтар ару. Кебек «Қалқаман-Мамырдағы» Қалқаман секілді қарапайым жан емес. Ол – елге енді танылып жатқан жас батыр. Ертеңгі ел қорғаны болуға ұмтылып, көзге түсіп, елдің үміт отын жаққан жігіт.
Кебектің нағыз ер ретінде танылар тұсы Еңлікпен кездесуден басталады. Алдында кездесуге аса мән бермеген Кебек, Еңлік арудың жан-дүниесін терең түсінген соң, өзі сүйген «биік қабақ, ақ сұр» қыздың тағдырына араша түсуге бел буады.
Поэмадағы Еңлік – қазақ әдебиетіне соны жаңалық болып қосылған көркем бейне. Жалпы бұған дейін қазақ әдебиетінде Еңліктей ару бейнесі сомдалған емес. Бұрынғы батырлар жыры мен лиро-эпостық жырларымыздағы арулар батырдың ерге серік адал жары, өздерінің ажар-көркімен, ақылдылығымен олардың сүйіспеншілігіне бөленген жандар болса, жазба әдебиеттегі Гүлхашима т.б. тағдырына мойынұсынған қыздар. Ал Еңлік – сұлулықты да, батылдықты да, күрескерлікте тал бойына жинақтаған тың бейне, соны образ.
Поэмадағы сюжеттік байланыс, даму, шиеленіс, шешімнің бүкіл желісі осы. Еңлік іс-әрекетіне тізгінделген. Әрбір істің бастауында Еңлік тұрады. Ақын Еңлікті өмір шындығынан алып, көркемдік шындыққа сай бейне етіп сомдаған. Ол — өзгеден артылып жатқан, қиялдағы адам нанғысыз бейне емес, сұлулығы да, бітім-болмысы да, мінез-құлқы да реалистік шындыққа тән белгілермен көркемделген заманына сай тұлға.
Шәкәрім «Еңлік-Кебек» арқылы қазақ поэзиясындағы психологиялық поэманың негізін қалады. Бұл, әсіресе, Еңлік бейнесі арқылы өз иірімін тауып жатады.
Өз тағдырының таңдауын таба алмай жүрген Еңлік Кебекпен кездескен сәтте-ақ берік байлам жасап, нақты шешімге келеді. Ақылды қыз өз бақыты да, қасіреті де құдай айдап кез келтірген осы батыр жігіттің қолында екенін көкірек көзімен көріп, жүрек пернесімен сезінеді. Сондықтан да тағдыр тартқан сыйдан айрылмауға ұмтылады. Қазақ салтында жоқ әрекетке барып, жігітке өз сөз салады. Бұл батыл әрекет Кебекті жеңіл ойға жетелегенмен, Еңлік өз шешімінің шын астарын жайып салғанда, аңқау батырдың асау сезімін ноқталап тастайды.
Шәкәрім сомдаған Еңлік бейнесіне тән күрескерлік қасиеттің көрініс табар үшінші бір тұсы – қолға түскен сәттегі жауларынан саспай, өлімді қаймықпай, қасқайып қарсы алуы.
«Еңлік-Кебек» поэмасы өткен тарихи оқиғаға өзіндік көзқарасымен, кейіпкерлерін жаңаша сомдауымен, көркем тілімен қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, поэма жанрын дамытудағы Шәкәрім ақынның ең үлкен табысының бірі болып табылады.
- Бақылау сұрақтары:
- Шәкәрімнің ертедегі оқиғалар желісімен дастандар жазуы.
- Поэмаларындағы көркемдік – реалистік әдіс.
- Қалқаман мен Мамыр образдары.
- Поэмадағы әлеуметтік идея.
- «Еңлік — Кебек» поэмасындағы ішкі драматизм.
- Поэмадағы этнографиялық детальдар.
- Студенттің үй тапсырмасы
- Зерттеуші ғалым М.Мағауиннің Шәкәрім поэмаларының тақырыбы мен жанры туралы пікірі.
- «Қалқаман — Мамыр» поэмасындағы ғашықтар хикаясынан өрбіген тартыс.
- «Еңлік — Кебек» поэмасындағы портреттік детальдар.
- «Еңлік — Кебек» поэмасында көтерілген әлеуметтік мәселелер.
- «Нартайлақ — Айсұлу» дастанының тақырыбы.
- Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
- Шәкәрімнің поэмаларын идеялық – тақырыптық тұрғыдан талдау жүргізу, поэма жанрында Абай дәстүрін таныту.
— салыстыру.
- СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған
— баяндама;
— реферат;
— тестілік сауалнама.
- Әдебиеттер тізімі
- Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995
- Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991
- Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000
- Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі – А., 1995
- Абай Құнанбайұлы. Шығ. Екі томдық толық жинағы. -А., «Жазушы» , 1995
- Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998
- Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Абай дәстүрі және Шәкәрім. -А., «Қазақ университеті», 1992
- Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары. -А., «Жазушы», 1998
- Әкімов Т. Даналық мәйегі. -А., «Ана тілі», 1995
10.Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. -А., «Санат»,1977
11.Мұхаметханов Қ. Абай төңірегіндегі ақындар. Ф.ғ.к. ғылыми дәреже алу үшін ізденіп жазылған диссертация. -А., 1959
- Сәтбаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев. -А., 1990