Ыбырай Алтынсарин(1841-1889).

Жоспары:

  1. Өмірінен мәлімет.
  2. Ыбырай шығармаларының жариялануы, зерттелуі.
  3. Ыбырай-ұлы ағартушы, ұстаз-жазушы, ақын, этнограф, аудармашы.
  4. Ыбырай-қазақтың ұлттық даму тарихының ұлы тұлғасы.

Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар жазушының бірі-Ыбырай Алтынсарин. Ол – заманының ірі қоғам қайраткері, тұңғыш педагог жазушы, қазақ балалары үшін дүниелік ғылымдар негізін оқытатын тұңғыш қазақ мектебін ашушы. Қазақ елін қараңғылық бұғауынан алып шығып, көзін ашып, көкірегін оятуды көздеген халық қамқоршысы.

Н.Ильминский-Ыбырай туралы тұңғыш естелік еңбек жазып қалдырған адам. Оның “Ы.Алтынсаринді еске алу” деген көлемді кітабы бар. Бұл кітап-Ыбырай творчествосын тануда маңызы зор, алғашқы биографиялық естелік, әрі қазақ жазушысы туралы тұңғыш жарияланған еңбектердің бірі.

Ыбырай шығармаларын талдау орта мектеп оқулықтарынан бастау алады. Оның педагогтік қызметі мен ағартушылық идеялары туралы Ә.Садықов, Т.Тәжібаевтың кітаптары бар. Қоғамдық әлеуметтік көзқарасы туралы Қ.Бисембиев пен Б. Сүлейменов, М. Ақынжанов зерттеулер жүргізді. Ал шығармалары туралы М.Әуезов, С. Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Ә. Дербісалиндер еңбектер жазды. Бұларға қоса, орта мектепке арнап оқулық жазған авторлардың бәрі де Ыбырай творчествосына талдау жасап, оның еңбектеріне тиісті бағаларын беріп келеді.

Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы Қостанай облысы, Затобол ауданында (бұрынғы Арақарағай болысы ) туып өсті. Болашақ ақынның балалық шағы ру басы, ірі феодал Балқожа бидің отбасында өтті. Балқожа-қазақтың белді биінің бірі. Ол өз кезіндегі билерге тән шешендік өнерді меңгерген сөзге орамды, тілге ұста адам ретінде айналасындағыларға әмірін жүргізіп отырған-ды.

Ыбырай, ең алдымен, мұсылманша оқып сауатын ашады. 1850 жылы 9 жастағы Ыбырайды Орынборда қазақ балаларына арналып ашылып жатқан жеті жылдық мектепке апарып берген.

Мектеп сабағы орыс, татар тілдерінде жүрсе де Ыбырай оқуда аса ыждағаттылық көрсетеді.Өзі қатарлас отыз баланың алды болып көзге түседі. Мектеп оқуындағы діншілдік пен патшашылдық тәрбиенің басымдылығына қарамастан Ыбырай ғылымға құштар жас болып шығады.Мектеп жылдарында Ыбырайдың орыс халқы мен Батыс, Орта Азия мен Шығыстың аты шулы ақын-жазушыларының шығармаларын оқуға қолы жетеді.

Ыбырайдың Орынбор сияқты қалада оқуы, өз бетімен ізденуі, орыс интеллегенциясымен араласуы оның ой-өрісінің өсуіне, өмірге көзқарасының қалыптасуына көп жағдай жасайды. Осындай ұзақ та, тұрақты ізденіп оқу арқылы ол өз мақсатын айқындай алады. Тілмаш болып кеңсе қызметінде қалып қоймай, халқына қызмет етуді арман етті. Сол арманының алғашқы қадамы 1861 жылы Торғайдан мектеп ашуға рұқсат алып аттанған сапарынан басталады. Ыбырай бұл мектепті тек 1864 жылы ғана аша алды.Оған дейін өз үйінде 4-5 баланы жинап оқытып, болашақ мектеп оқуының негізін сала берді. Өзінің тәжірибесін арттырды. Осылайша 1864 жылы салынып біткен тұңғыш мектепке үлкен даярлықпен жеткен Ыбырай оқыту жұмысына құлшына кірісті.

Ыбырайдың педагогтік жұмысының ілгері басып, қыза түскен кезі оның Торғай облыстық мектептерінің инспекторы болып тағайындалған (1879) жылдардан басталады. Әрбір уездік қалалардан орыс-қазақ балалары бірге оқитын училищелер ашуды да қолға алады. Ол үшін елден қаражат жиып, ақыры бірнеше алты жылдық уездік училищелерді ашады.

Ыбырай мектеп тәрбиесін жоғары бағалап, оның оқытушыларының сапасына да ерекше көңіл аударды. Жақсы мұғалімді дүниедегі ең қымбат көретін адамы санайды.

Балаларды тәрбиелеуде тағы бір қажет нәрсе – оқу құралы. Ол балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз ету жолында да біраз еңбек етеді. Мектеп кітапханасын ұйымдастырып, оқулықтар алдырып, орыс тіліндегі құралдарды аударып, қазақ тілінде оқулық жазып, бұл салада да тынымсыз іс қылады.

Балаларды оқыту әдістері жағынан Ыбырай – белгілі өзіндік жүйе-әдісі бар педагог. Ол қазақтың тұңыш бұқарашыл педагогикасын, халықтық мектептерін негіздеуші. Өзінің дидактикалық көққарасынан ол — ұлы ағартушылардың озық идеяларына сүйенген, бұқарашыл педагогикасын жаңа жағдайда іске асырған ізгі ниетті адам. Белинский, Добролюбов, Чернышевскийлердің озық идеялары, ағартушылық, педагогтік оқулары Ыбырай жүрегінен нық орын тепті. Ушинский, Толстой, Паульсон сияқты даңқты педагогтерді ұстаз тұтты. Ыбырай осындай ұлы адамдардан тәлім алып өсті.Ыбырайдың педагогтік қызметі осы айтылғандармен ғана шектелмейді. Ол қазақ мектебін керекті құралдармен жабдықтай білді.

Ыбырай – көрнекті ақын, талантты жазушы. Оның қаламынан бойындағы тамаша талабын танытқандай маңызы зор көркем шығармалар туды. Ол өзінің бар күш-қуатын халықты ағарту, жастарды тәрбиелеу қызметіне жұмсады. Ыбырайдың жазушылық қызметінің түпкі қазығы да сол оқу-өнер, білім мәселесімен сабақтас. Оның ақындық шабытына дем беріп, жазушылық қиялына қанат бітіретін зор нысанасы-қараңғы қазақ халқының көзін ашу, көңілін ояту, оны озық мәдениетті елдердің қатарына қосу.

Ұлы педагог-ақын өзінің өлеңдері арқылы оқудың, өнер-білімнің маңызын түсіндіріп, надандыққа қарсы шықты. Ол қазақ балаларын білімге баулып, олардан болашақтың иелерін даярлауды бірінші мақсатым деп санады.

Өнер-білім – бәрі де

Оқуменен табылған…

Кел, балалар, оқылық!-

деп жар салды.Ыбырай өлеңдері тек оқу, өнер, білім тақырыбы шеңберінде қалып қоймайды. Оның көп өлеңдері әлеуметтік, гуманистік идеяны нақтылы мәселелер төңірегінде көтеріп, өз кезінің шындығын аша түседі.

Ақынның “Араз бол кедей болсаң ұрлықпенен” деген өлеңінің мәні де терең. “Әй, достарым!” деген өлеңінде “Қолыңнан келсе қыл қайыр!” деп, қайырымды , кең пейіл, адал азамат болуға шақырады.

Ыбырай – жаңашыл жазушы. Ол — ең алдымен қазақ әдебиетіне жаңа идея мен тың тақырыптар әкелуімен жаңашыл. Қазақ ақындарынан оқу, тәлім-тәрбие, мәдениет мәселелерін Ыбырайдай арнайы жыр еткен ешкім болған жоқ-ты. Өнер, еңбек, кәсіп, адалдық, адамгершілік идея, отырықшылыққа байланысты тұрмыс жаңалықтары кең көтеріліп, европалық мәдениет үлгісі уағыздалды.

Ыбырайдың табиғат туралы өлеңдері осындай, бастан-аяқ адам тіршілігіне байланысты. Ақынның бұл өлеңдері реалистік суреттерімен ерекшеленетін, әдебиетімізге қосылған зор үлес.

Ақынның өлеңдерінің көпшілігі – тәлім–тәрбие мақсатын көздеген, дидактика сарыны басым шығармалар. Сондықтан олардың көпшілігіне публицистика стилі тән деуге болады.

Ыбырай өлеңдерінің тілі қарапайым, жатық та тартымды, мақал-мәтелдерге де толы. Ақын айтайын деген ойын оқушысының көңіліне құйып, қолыңа нық ұстатқандай әсер қалдырады.

Ыбырай Алтынсарин қазақ әдебиеті тарихынан мәдениетті прозашы ретінде де елеулі орын алады. Ыбырайға дейін шын мәніндегі көркем проза қазақ жазба әдебиетінде қалыптасқан жоқ-ты. Ыбырай қазақ прозасының европалық шағын түрін қалыптастырды. Бұл жанрдың сырын ашты. Көркем әңгіме, новелла жазудың жақсы үлгісін көрсетті. Сондықтан қазақтың жаңа үлгідегі көркем прозасы Ыбырай әңгімелерінен басталады деу орынды.

Ыбырай әңгімелерін үш топқа бөлуге болады: оның бірі-новелла, екінші тобы-ауыз әдебиетінде қалыптасқан ертегі-аңыз үлгісіндегі әңгіме, үшінші тобы-шағын көлемді мысал үлгісіндегі өнеге сөздер.

Мазмұны жағынан Ыбырай әңгімелері өз кезінің келелі мәселелерін қамтиды, әділдікке, ізгілікке, адамгершілікке, талаптылыққа, өнерпаздыққа, тапқырлыққа, еңбекке, тазалыққа, ақылды іске, білімділікке, жомарттыққа, қайырымдылыққа, зеректікке, отырықшылыққа, кәсіпқорлыққа, шынайы достыққа шақырады. Тәкаппар, еріншек, ұқыпсыз болмауға, жақсылыққа әуестеніп, жамандықтан аулақ болуға баулиды.

Балаларға ақыл айтып, ой салмайтың оның бірде-бір әңгімесі жоқ. Жалпы алғанда оның әңгімелері – негізінен, дидактикалық прозаның жақсы үлгілері.

Еңбек тақырыбындағы “Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш”, “Бай мен жарлы баласы”, “Дүние қалай етсең табылады”, “Байлық”, “Әке мен бала”, “Асыл шөп”, “Қыпшақ Сейітқұл”, “Киіз үй мен ағаш үй”, т.б. әңгімелері — өзінің өнегелілігімен, образдылдығыменерекше мәнді тәлім берер күші мол көркем шығармалар.

Ыбырай творчествосында еңбекке тәрбиелейтін әңгімелерінің ішіндегі ең биік шыңы — “Бай мен жарлы баласы”.

Асан – бай баласы. Ол өмірдің қиыншылығын көрмеген. Екі қолын жылы суға малып, алдындағы асын алып ішуге ерінетін ерке.

Ал Үсен — кедей баласы. Ол өмір мектебінен өткен. Басына түскен қиыншылықтан құтылудың жолын да ойластыра біледі.

Ы.Алтынсарин әңгімелерінің көтеретін тағы бір өзекті мәселесі-адамгершілік. Ол әр кезде адам сабырлы, мейірімді, қайырымды, әдепті, ұқыпты болса, деген ізгі ниет білдіреді. “Шеше мен бала”, “Бір уыс мақта”, “Мейірімді бала”, “Аурудан аяған күштірек”, “Әдеп”, “Әділдік”, “Петр патшаның тергелгені”, “Тәкаппарлық”, “Таза бұлақ” әңгімелері мен аудармалары жазушының осы ниетінің жемісі еді.

Ыбырай шығармаларының ішіндегі ертегі-аңыз ретінде келетін “Қара қылыш”, “Тазша бала”, “Қара батыр”, “Алтын айдар”, “Жиренше шешен” сиқты халықтың аңыз-ертегі сюжетіне құрылған әңгімелері де бар.

Ыбырай Алтынсарин — нағыз халықшыл жазушы, ағартушы, ақын, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер, аса қажырлы қоғам қайраткері, заманының ең маңызды мәселесін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы, сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат.

Әдебиеттер

1.°óåçîâ Ì.Î. °äåáèåò òàðèõû (1927) æî¹àð¹û îºó –îðûíäàðûíû» ñòóäåíòòåðiíå àðíàë¹àí. — À. 1991.

2.ƽìàëèåâ ². XVIII – XIX ¹. ºàçຠ¸äåáèåòi. — À. 1907.

3.²î»ûðàòáàåâ °. ²àçຠ¸äåáåèåòiíi» òàðèõû. — À. 1994.

4.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. XIX ¹àñûð ¸äåáèåòi. — À. 1992.

5.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. ²àçຠ¸äåáèåòiíi» òàðèõû. — À. 1997.

6.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

  1. Дербісәлин Ә. Ыбырай Алтынсарин. –А.,1965.
  2. Алтынсарин Ы. Мұсылманшылықтың тұтқасы. –А.,1991.