Әбубәкір Кердері Боранқұлұлы (1868-1905).

Жоспары:

  1. Өмірі, шығармашылығы.
  2. Ақынның өз өмірбаянын өзі жырлаған өлеңдері.
  3. Ақын шығармаларындағы әдептілік, имандылық мәселелері.
  4. Әбубәкір поэзиясының көркемдік ерекшелігі.

Әбубәкір жастай оқыған, оқығанда Алланы бір, пайғамбарды хақ, құранды шын деп, дін оқуынан бастаған. Зерек те алғыр жас сабақты әжептеуір меңгеріп, ислам қағидаларын тереңдеп үйренген. Ол өз аулында бала кезінде молдадан дәріс үйренеді. Артынан Орынбор, Троицк шаhарларында оқуын жалғастырып, мектеп, медреселерді тәмәмдайды.

Ақынның туған жері Жайықтың маңындағы Теректі деп аталатын елді мекен. Ата тегіне келетін болсақ-Кіші жүздегі Жетіру, оның Кердері тайпасы.

Осы күнге дейінгі зерттеушілер Әбубәкірдің әкесінің атын „Шоқан ” деп келген, бұл әкесінің есімі емес, оған жанама қойылған аты екен. Ақын өз өмірбаянын өзі жырлапты, тіпті қай жаста не істеді, кімнен қандай қарым-қатынаста болды, нені сүйді, неден жиіркенді, бәрін де қолмен қойғандай толғапты, ол:

Әуелі туғаннан соң бірге жеттім,

Еңбектеп екі жаста төрге жеттім.

Үш пенен төрт жасымда тілім шығып,

Шүлдірлеп ата-анамды ермек еттім.

Келген соң бес жасымда ойын білдім,

Ойыннан қалғанымды уайым білдім.

Алтыда балаларымен асық атып,

Ойынның неше түрлі жайын білдім.

Жеткен соң жеті жасқа хайла білдім,

Сегізде залал менен пайда білдім.

Айтса да бөтен қазақ жас бала деп,

Телегей өзімді-өзім дария білдім.

Он бір мен он екіде түркі білдім,

Ғылымды зерек жанның мүлкі білдім.

Шығарған Мүсәннәфтар назым қылып,

Түркіні тәмәм тілдің көркі білдім.

Әбубәкір Кердері өзінің бір жасынан бастап жиырма жеті жасына дейінгі бүкіл өмір жолын санамалап, термелеп жырлапты, жақсымен дос болғанын, парасатты да ақылман жандардың батасын алғаны, көлденең көк аттыға тізгін бермей, өзі әділ деп тапқан сара жолмен жүргенін өлеңмен толғапты. Өзі он төрт жасынан бастап өлеңге әуестеніпті, көңілге түйген ойлары мен әсерлерін қағазға түсіріп отырған. Сонымен бірге, он беске келгенше медреселерде дәріс алса, одан кейін оқуын бір жола тоқтатып, ел ішінің ісіне араласыпты. Ақын бұл жөнінде өзін халайық-қауымға қызық таныстырады.

Алтынды жерге төктім уыстаған,

Ерліктен ғылым артық ту ұстаған.

Тап болдым он алтымда бір мінезге,

Топ көрсе жеті мүшем құрастаған.

Еліміздің тарихында өз өмір жолын өзі жырлаушы ақындардың мол болғаны айта келіп, М. Әуезов: „Қазақ әдебиетінде, өмірбаянын бір жастан бастап, дәл бүгінгі тоқтап тұрған жеріне тізбектеліп, жалпылап санап шығу жалғыз Әбубәкір туғызған түр емес, бұның бір түрі ауызша айтылған „Тарғын” жырында да бар. Бірақ соны Әбубәкір пайдаланғанда жаңағы түрлі бас сырларын ашып, содан ғибрат туғызам деген мақсұтпен айтады.

Ал Қожа Ахмет Иасауи бір жасмынан бастап алпыс үшке дейінгі аралықты кеңінен толғап жырлаған. Екі ақын да өмір сүрген ортасын, кешкен ғұмырын, қандай іспен айналасқанын барынша шынайы жырлаған, айырмашылығы әрқайсысының өзіндік ұстаған жолы бір- жасынан Алланы бір, пайғамбарды хақ, құранды шын деп ұғып, екінші, кәдімге қарапайым тірлікпен күн кешіп, бірте-бірте мұсылманшылық жолына түскенін өлеңмен толғайды.

Әбубәкір Кердері жан-жақты талант иесі, жыршы, шежіресі әрі айтыскер ақын. Осы себепті ақын туындылары әр кездегі баспасөз бетінде жарияланып тұрды, атап айтқанда „Айтыс” (1965), „Үш ғасыр жырлайды” (1965), „Бес ғасыр жырлайды”(1969) кітаптарында басылса, сонымен бірге „Әдебит майданы” (1935ж.) (№10-11), „Әлем” (1991ж.№1), „Жұлдыз” (1991ж.№5) журналдарында, „Қазақ әдебиеті”, „Ақтөбе”, „Жұмысшы” секілді бірнеше республикалық, облыстық газеттерде де басылым көрген болатын.

Бүкіл жан дүниесімен Алланы бір деп таныған Әбубәкір Кердерінің кез келген өлеңін оқысаңыз шариғат жолын барынша терең , барынша нәзік жырлайды. Ақынның шығармаларын оқып отырып, оның дін қағидаларын жақсы меңгергені анық байқалады:

Қараңғы көрге кіреді,

Ажал жетіп, ер өлсе.

Періште келер сұрауға.

Бұдан әрі ақын әдептілік пен имансыздықтың қандай күй кешетінін, олардың кескін- келбеті ахиретте қандай болатынын толғай келіп:

Инабат- ердің дәулеті,

Өсер басының әулеті.

Инабатсыз ерлердің,

Итке ұқсар келбеті.

Ұқсағаны емей немене,

Кем болған соң құрметі.

Инабат-діннің бүтіні,

Пайдасына керекті.

Біздіңше, Әбубәкір Кердері ислам дінінен, шариғаттан, Мұхаммедтің (Ғ.С.) хадистерінен де хабардар болған секілді. Оның әр түрлі жолдарымен, ішкі жақтарымен де таныстығы бар сияқты. Әбубәкір Кердері жасынан жоғарыда айтқанымыздай, дін ісімен айналысқан, бала оқытады, „бала молда” атанып жаназа шығарып, кейін кемеліне келген соң болыс пен елбасылардың хатшысы да болып қызмет атқарған. Ақын жиырма жеті жасында „біреулердің тілі тиіп ауырады”.Ол ақыры осы аурудан айыға алмай, дүние салыпты. Сүйегі Ақтөбе облысының Алға ауданына қойылыпты.

Ақын ауыл атқа мінерлерінің қасында жүріп, ел аралап, жер көріпті, бірнеше қалаларды да көрген, бір сөзбен айтқанда, ащының да, тұщының да дәмін татқан. Тіпті сол кездегі ел мен жерді дүрліктірген ақ патшаның қызметіндегі оқалы киім кигендермен де аралас-құралас болған. Сөйтіп, нәзік жанды Әбубәкір Кердері өзі сезген, өзі түйген келелі мәселені келістіре жырлаған, ол:

Әкімдіктен не пайда,

Әділ үкім етпесе?

Арам менен адалға,

Ақыл мен ойы жетпесе,

Залымдарды мұқатып.

Жүзінің суын төкпесе,

Жаны қас деп айтамыз,

Пара жеуге ептесе.

Ақын қай өлең-толғауында болсын, әр азамат халыққа қызмет етсін, ел-жұртына пайдасы тимеген кісілік емес, өз қара басын ойлау адамдыққа жатпайды деген пікір айтады. Ол мұндай ұлағатты ойларын, әсіресе, әкімдерге арнапты.

Ақынның тағы бірнеше туындылары Алланың ақ жолымен жүрмеген кесапат-кесірлерге арналыпты. Атап айтсақ, „Бір қатынға насихат қылып айтқаны”, „ Бір саудагерге айтқан насихаты”, „Қожасының тілін алмаған қызметкерге айтқаны”, „Бір насыбай атқан адамға айтқаны”, „Бір ұрыға насихат қылып айтқаны”, „Бір биге айтқаны”, „Бір қарт қажының қатыны ерімен араз болғанда, насихат қылып айтқаны”, „Қатындарға айтқан насихат сөздері” деп келетін толып жатқан өлеңдері мен толғаулары елдің ішін бірлікке, ағайын арасын татулыққа шықаратын туындылар.

Әбубәкір Кердерінің поэзиясы шебер жазылған, ақын он бір буынды қара өлеңмен де, жеті-сегіз буынды жыр өлеңмен де толғаған. Ұйқастары да әртүрлі, бірде дәстүрлі түрді бұзбай ырғақ, екпін, буын, бунағын қатаң сақтаса, бірде шұбыртпалы ұйқаспен ағындап кетеді.

Ақын поэзиясынан теңеу, салыстыру, эпитет, метафора, метонимия, синекдоха, символ, аллегория, ирония, гипербола, литота сияқты көркемдегіш тропаның барлық түрін кездестіруге болады.

Әдебиеттер

1.°óåçîâ Ì.Î. °äåáèåò òàðèõû (1927) æî¹àð¹û îºó –îðûíäàðûíû» ñòóäåíòòåðiíå àðíàë¹àí. — À. 1991.

2.ƽìàëèåâ ². XVIII – XIX ¹. ºàçຠ¸äåáèåòi. — À. 1907.

3.²î»ûðàòáàåâ °. ²àçຠ¸äåáåèåòiíi» òàðèõû. — À. 1994.

4.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. XIX ¹àñûð ¸äåáèåòi. — À. 1992.

5.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. ²àçຠ¸äåáèåòiíi» òàðèõû. — À. 1997.

6.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

  1. Айтыс.3-томдық.-А.,1965-1991.