Жоспары:
- Майлықожа- сауатты білімдар ақын..
- Ақын шығармаларының жанрлық түрлері.
- Айтыстары.
Қазіргі Шымкент облысы, Қызылқұм жерінде туып өскен. Әкесі Сұлтанқожа мұсылманша сауатты, шағын дәулетті, көзі ашық, діндар адам болған. Қожа деген даңқына лайық кәсіп еткен.
Майлы әуелі үйде, әкесінің үйретуімен сауатын ашып, кейін өз бетімен көп ізденіп, заманына сай білімді адам дәрежесіне жеткен.
Майлы 14 жасқа толғанда әке, шешесі бірдей өліп, жеті жасар Есехан деген інісі екеуі жетім қалады. Тумысынан пысық Майлы жетімдікке бой алдырмай, басқа түскен ауыртпалықтарға қарсы тұрып, күнкөріс қамын жасайды.
Ақынның өз сөздеріне қарағанда, ол 20 жас шамасында сөзге араласып, өлең өнеріне беріле бастаған. Өз басының еркі өзіне тиген кезден бастап, ел ақындарымен кездесіп, сауық кештерге, ас берген жерлерге барып, ескі ел дәстүрі бойынша сөз өнеріне дағдылана берген. Кейін өзінің сауатын молайтып, жазба әдебиет өкілдерін, шығыс әдебиетін оқуға, оның кейбір үлгілерін жаттап айтып, таратуға мүмкіндік алған. Көрші елдерді, мәдениет орталықтарын аралап, мұсылман мәдениеті орталықтарында да болған. Бұқар, Самарқант, Ташкент сияқты қалаларда болып, көрші елдер өмірімен, шығыс мәдениетімен танысқан. Осындай оқуы мен тынымсыз ізденуіне байланысты ол тез жетіліп кеткен.
Майлықожа 1860 жылдары Сырдан Әулиеатаға келіп, Сыпатай батыр асында Сүйінбаймен кездесіп, онымен сөз қағысқан. Бұл жыр бірінші рет 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналында басылды. Ақын Сыпатай асының бастаушысы боп жүрген Есім деген байдың құрметіне разы болмай, оны сынайды. Өлеңнің жалпы көлемі – 68 жол. Онда басқа рудан келген қонақтардың елеусіз, құрметтен тыс қалғаны сөз болады.
Майлы Шығыс әдебиетімен танысып қана қоймай, оны қазақ тіліне аудару әрекетін де істеген. Діни қиссалар сюжетіне дастан жазумен де айналысқан. «Зархұм» үлгісінде «Абдолла бала» жырын шығарған. «Тотынаманы» өзінше, қысқаша толғаған.
Майлықожаның кейбір толғаулары баспа бетін ерте көрген. 1883 жылы Ташкент қаласында басылған «Қырғыз хрестоматиясы» атты жинақта Майлықожаның бірнеше ұзақ толғаулары басылады. Олар – «Райымқұлға», «Қасқыр», «Ноғай мырзаға», «Үш жігіт» деп аталады. Ақының бұл өлеңдерінің жалпы мазмұны адамгершіл ұғымдағы ғибрат сөздер.
«Қасқыр» атты өлеңінде ақын өзі тойса да, көзі тоймайтын қасқыр мінезді жыртқыштар тобын сынайды. Қызғаншақтық пен ашкөзділік мінездерді әжуалайды.
Оңай байлыққа жетуді аңсау, қанағат қылмау – адамның бойындағы ең жаман қасиеттер деп ұққан ақын өзінің «Үш жігіт», «Аққу мен қу» толғауларында осы жұғымсыз мінездерді сынайды.
Майлының «Тотынама» толғауы да мысал сөз үлгісіндегі шығарма.
Майлықожа елдің ауыр тұрмысын, халықтың басына түскен қиыншылықтарға, жұт болған ауыр жылдар қасіретіне көптеген өлеңдер арнаған. Әсіресе, қоян жылғы аштық пен қиыншылық, шаруалар күйзелісі ақынды мықтап толғантады.
Майлы өлеңдерінің біразы қазақтың би, болыстарын сынауға арналады дедік. Мысалы, ол өзінің «Ескі мырза, манаптар, бегі, салы» атты бір өлеңінде үстем тап өкілдерін өлтіре сынайды. Олардың ұрылар жұмсап, арамнан жеп, халықты аяусыз тонап жатқанын әшкерелейді.
Ақын түсінігінше, әйелдің өмірдегі орны өзіне бөлек. Оларды ескермеуге болмайды. Үй құты, өмір көркі, семья сәні, жігіт қызығы – жақсы әйел. Әр үйдің ырысын молайтатын да, ер азаматтың даңқын зорайтатын да сол шаруаға жақсы, сыпайы, көркіне сай жан жары болмақ. Бірақ әйелдердің де «жақсы», «жаманы» бар. Олар да ерлер сияқты екі топқа бөлінеді. Әйелдің жақсылығы тек көркінде ғана емес, ісінде, адамгершілігінде, ақылы мен өнерінде. Жақсы әйел жігітке шын серік, сарқылмас ырыс.
Майлы шығармалары халықты адал еңбекке үндеуден жалықпайды. Ол адам өмірін жан-жануарлар тіршілігімен ұштастыра мысалдап жырлайды. Мысалы, «Бұлбұл» өлеңінде ақын еңбек үшін табыс тауып, қыс қамын жасар шақ жаз күндерін босқа қызықтап өткізіп алмаудың керек екенін қатты ескертеді.
Ақын өзінің «Не жүйрік өтті дүниеден» өлеңінде тіршілік өмірдің баянсыздығын, дүниеге келген адамның өлмесі де қақ болатынын түсіндіре келіп, санаулы күнді босқа өткізіп алмауға, мүмкін болғанынша оны маңызды, мазмұнды, қызғылықты өткізе білуге шақырады.
Дүние, өмір туралы Майлы өлеңдерінен көрінетін тағы бір шындық – ол ақынның өмірден түңілмейтіндігі. Ол өлімді күтіп жатып алуға қарсы. Тіршілік қамы әр кезде де керек. Ол – адамды ілгері жетелеп отыратын күш.
Ақын өзінің «Ажал бір келмес болсайшы» өлеңінде өлімге қарсы тіршілікті, жастық жігерді қоя жыр шертеді.
Майлы шығармалары — өлеңге қойылатын биік талаптарға жауап беретіндей әрі мәнді, әрі сәнді жырлар. Ақын негізінен нақыл термелер шығарып, өлеңнің осы бір түрінен шеберлік танытады. Өзі тұстас оқушылары мен тыңдаушыларына мәтелдеп, мысалдап, нақылды сөз айтып, өз ойын тайға таңба басқандай анық білдіруді мақсат етеді.
Әдебиеттер
1.°óåçîâ Ì.Î. °äåáèåò òàðèõû (1927) æî¹àð¹û îºó –îðûíäàðûíû» ñòóäåíòòåðiíå àðíàë¹àí. — À. 1991.
2.ƽìàëèåâ ². XVIII – XIX ¹. ºàçຠ¸äåáèåòi. — À. 1907.
3.²î»ûðàòáàåâ °. ²àçຠ¸äåáåèåòiíi» òàðèõû. — À. 1994.
4.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. XIX ¹àñûð ¸äåáèåòi. — À. 1992.
5.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. ²àçຠ¸äåáèåòiíi» òàðèõû. — À. 1997.
6.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.
7.Айтыс.3-томдық.-А.,1965-1991.