Сүйінбай Аронұлы(1822-1895).

Жоспары:

  1. Ақын өмірінен мәлімет.
  2. Ақын мұрасының жариялануы, зерттелуі.
  3. Толғауларының тақырыптық мазмұны.
  4. Айтыстары.

Белгілі қазақ ақындарының бірі – Сүйінбай Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Майтөбе жайлауында 1822 жылы шілде айында туған. Өз әкесі – Аран Күсепұлы, арғы атасы – Жиенқұл деген кісілер. Ол кедей жанұядан шыққан. Әкесі Аранның шаруасы тым шағын болып, кейде ішер ас, мінер атқа зар болған екен. Өзінің өмірі туралы айтқан өлеңдерінің бірінде ақын бұл жайды және екей елінің түгел кедей болғанын толық бейнелейді.

Сол момынның біреуі,Малға кедей жан едім,

Екей деген ел едім.Көже қатық қой сұрап.

Сүйінбай деген мен едім,Дүйсен деген біреуге

Әкем Аран тұқымы.Кеше күндіз кеп едім.

Сүйінбайдың Тезек төремен кездесуі – кейінірек, ақынның ер жетіп, елге танылған шағы. Қалың бұқараға сүйенген ақын тайсалмай сөйлеп, Тезек төрені де жалайырдағы Солтанға ұқсатып ел алдында әшкерелеп, бас көтертпей жалынды сөзінің күшімен бөгеп отырады. Тіпті көрші қырғыз халқының қанды балақ, орақ ауыз Орман хан тұқымдарының орынсыз істерін де батыл сынайды. Ол шындық үшін күресіп, хан-төре тұқымының қылмыстарын бетіне басады. Әр түрлі дауға түсіп, әділ қазыдай әмірлі билік айтады.

Ақынның бұлайша ел ісіне араласуы оның қоғамдық бетін айқындайды.

Болашақ талант иесінің шығармашылық ізденуі басталады. Оңтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстан жерін ол түгел аралайды. Өз кезіндегі халық ақындарының біразымен кездесіп тілдеседі. Өзіне дейінгі ақындардан өз атасы Күсептің жырларын, Жанкісі жыраудың өлеңдерін жақсы білген. Аға буын ақындардан Қабан, Жанақ, Түбек, Шөжелермен кездескен. Ал, өзіне тұстас Майлықожа, Майкөт, Қаңтарбай, Тезекбай, Бақтыбай, Қатаған сияқтылармен кездескен, кейбірімен айтысқан.

Сүйінбайдың соңғы кезде табылған өлеңдерінің ішінде оның өмір белестерін танытатын кейбір толғаулары кездеседі.

Сүйінбай өлерде айтқан бір өлеңінде мұрасының қағаз бетіне түсіп, жазылып қалмағанына өкінеді. Өзі қайтыс болғаннан кейін өлеңдері елдің есінде қалмай, өзімен бірге жойылып кете ме деп қауіптенеді. Өлеңінде ақын кесір мінезді Жұмаққа реніш те білдіреді.

Сүйінбайдың аталмыш өлеңдері — өзінің мәнімен де, көркемдігімен де елеулі шығармалар. Ақынға тән сыншылдық пен шыншылдық бұл өлеңдерде де айқын.

Сүйінбай Алатаудай, атым дардай,

Жатқанымда боламын шөккен нардай.

Еңбегімнен екі ауыз із қалмастай,

Көктемдегі жер тартып кеткен қардай.

Ақылымды қараңғы басып қалған,

Сау күнімде құдайым еске салмай,

Ауру билеп бойымнан әлім кетті-ау,

Бауырсаққа иленген кескен нандай.

Сүйінбай – халқымыздың поэтикасына жетік шебер тілді, жүйрік ақын. Бұған оның билер мен төрелерді сынап, мысқылдап айтқан өлеңдерінің өзі дәлел. Ақынның «Кәрілік» атты өлеңін еске алсақ, бұл да оның адамның қартая бастаған өмір белестерін айқын бейнелеп, шендестіре сөйлеуге ұста екенін танытады.

Сүйінбайды тек қазақ елі ғана емес, көрші Орта Азия халықтары да жақсы білген. Әсіресе, оның есімі – туысқан қырғыз халқына жете таныс. Қырғыз айылдарын өз аулындай аралап, олардың басындағы ауыртпалықтарды да жақсы ұғынған. Қырғыз кедейлері мен қазақ жатақтарының тағдырластығын түсініп, оларды қанап отырған хан, төре, датқаларды бірдей сынаған.

Сүйінбай айтыстары XIX ғасыр ақындары айтыстары ішінде бір төбе жоғары тұрады. Бұл оның айтыстарының мәнділігі мен тіл өткірлігінен байқалады. Ол өзінің өлеңдерінде кейбір ақындарша өз елінің байларын бедел тұтып, тілге тиекті сол бай мен төрелер маңынан қарастырмайды. Ақынның сүйеніші қалың ел және Өтеген, Сұраншы, Сыпатай сияқты батыр атанған ел азаматтары болады.

Сүйінбай шығармаларының ішінде өзінің мәнділігімен ерекше көзге түсетіні – оның Тезек төремен кездесіп, дидарласуы. Мұның өзі әлеуметтік мәні жағынан екі ақынның айтысы деуден гөрі, елдегі қоғамдық екі тап өкілінің саяси тартысы деуге тұрарлық шығарма. Себебі, айтыста екі ақын жарысқа түспейді. Мұнда бір-бірінен жыр өнерін асыру мақсаты қойылмайды. Ашықтан-ашық қоғамдық екі тап өкілі егеседі. Қара халық, еңбекші ел атынан бұқара тілегін көтере Сүйінбай шықса, Абылайдай атақты атаның баласы текті төре Тезек өз табының туын ұстап, тіл безейді. Қоғамдық екі таптың өкілі белдесіп, саяси сайысқа түседі.

Сүйінбай хан-сұлтандар алдында қасқиып тұрып, батыл сөйлеген Махамбет пен Шернияз типтес талант иесі. Әсіресе, ол – Шернияз ақынмен тағдырлас. Екеуі де ел батырларын жақтап, ел мұңын жоқтаған. Екеуі де өз елінің хан-сұлтанын түйреген өлеңдерімен белгілі.

Сүйінбайдың айтыстары ішінде оның Қаңтарбай ақынмен тілдесуінің мәні ерекше. Қаңтарбаймен айтысқанда Сүйінбай да өз елін бай, өз руын күшті етіп көрсетуге тырысады. Қаңтарбайды кедейсің деп кемітеді. Албан, дулаттың көптігін айтып састырмақ болған Қаңтарбайға Сүйінбай екей аз болса да, оның Сұраншыдай батыры бар екенін, талай жауды тойтарып, ол дулатқа да қорған болғанын айтады. Мен ол тірі тұрғанда ешкімнен қорықпаймын деп Сұраншыны мақтайды.

Қорықпаймын дулаттан Сұраншы өлмей,

Қара шұбар жігітке қаза келмей.

Мың кісіңе бір кісім болар, дулат,

Шуылдап Сұрыншыны жерге көмбей.

Бұл айтыста Сүйінбай өзінің ақындық өнерін асырып, Қаңтарбайды жеңіп кетеді.

Сүйінбайды жалайыр, албан, дулат елдерінің ақындары ұстаз тұтып ардақтаған, Бақтыбай деген жалайырдың жас ақыны Сүйінбайдан бата алып, өнер жолына түскен.

Жетісу елінің ақындары Сүйінбайды ұстаз санап, «пір» тұтқан. Сүйінбайдың ақындығын Жамбыл аса жоғары бағалаған. Бұл ретте Жәкеңнің мына бір өлең жолдары көбірек еске оралады:

Ақындардың ақыны,

Айдын көлдей ақылы.

Жыр тұлпары – Сүйінбай.

Сүйінбайдың көпшілікке мәлім, баспа бетін көрген өлеңдері тым аз және көркемдігі жағынан да онша мәз емес еді. 1940 жылдардан бастап, Сүйінбай шығармашылығын орта мектепке оқу құралдарына енгізу әрекеттері де істелді. Бұл салада Қ. Жұмалиев пен Е. Ысмайылов тұңғыш қадамдар жасаған болатын.

Сүйінбайдың өмірбаянына қатысы бар кейбір мәліметтерді жазушы С. Бегалиннің Жамбыл Жабаев өмірі туралы қолжазба кітабынан да ұшыратамыз. 1960 жылдан кейін Сүйінбай шығармашылығына біз жаңаша талдаулар жасап келеміз. Сөйтіп, ақын шығармашылығын зерттеудің 1960 жылдардан жаңа кезеңі басталды. 1975 ж. «Жазушы» баспасы «Ақиық» атты ақынның жаңа жинағын шығарды. Бұл жинақ 1990 ж. қайта басылды. Сүйінбай Аронұлының шығармаларының жаңа басылымы халық сақтаған қымбат мұраны бірқыдыру мол қамтып, ақынның алып бейнесін толық танытты.

Ақынның қолда бар шығармаларын түгелдей қарастырсақ, оларды негізгі үш салаға жатқызуға болады. Олар: толғаулар, арнаулар, айтыстар.

Бірінші саласына ақынның жиырма шақты толғау-жырлары жатады. Оның мазмұны шет жұрттық басқыншыларға қарсы қол бастаған қазақ батырларының ерліктерін жырлау, өмір сырларын ақтарып, дүние-әлем, бақ-дәулет, талап-талғам, өзгерістерін толғау. Өмір – қоғам құбылыстарын байқаған, дүние, әлем, адам, оның орны туралы толғанысы терең:

Дүние – ескі сарай-ды,Көшіп өткен керуендей,

Жолаушы жүрген азаматАттандырған талайды.

Көркіне оның қарайды,Өміріңнің орағы

Сондадағы тауарихҚуанба көріп жаңа айды.

Ақынның бір арманы еліне әділетті өмір орнатып, еңбек адамын бақ-дәулетке ие ету. Берекелі, бейбіт елді, елі үшін еңіреп туған ерді көрсетіп, бұқара халықты әділ жолға бастар абзал басшыны, адал азаматты қадірлеу. Ел берекесі бірлікте екенін, әсіресе, сыртқы жауға қарсы тұру үшін ауыз бірліктің маңызы ерекше екенін баса айтады.

Сүйінбай шығармалары – образды, сұлу, суретті жырлар. Онда терең мазмұнға сай көркем бейне, сом тұлғалар дараланып, көркемдік шыңға көтеріледі. Әсіресе, үстемдер бейнесін жасауда олардың типтік мінездерін танытарлық суреттер қонымды бояулар арқылы реалистік өнер дәрежесінде тұлғаланады. Ал датқа, ұлық, болыс, би, ояз сияқтыларды суреттеуде Сүйінбай Абайдың «Болыс болдым, мінекей!» классикалық шығармасы дәстүріне лайық, соған пікірлес стильде тамаша сатиралық туынды жасайды. Мысал үшін, Сүйінбайдың «Датқаларға» толғауын атасақ та болады.

Адам мінезін жасауда Сүйінбай өзі тұстас көркем сөз шеберлерімен бәсекеге түскендей, Махамбеттің Жәңгірге, Шернияздың Баймағамбетке, Жанақтың Рүстем төреге, Шөженің Бәйтікке айтқандары сияқты Сүйінбайдың төре-сұлтандар алдында айтқан тебіреністері – үндес те мұңдас; түрі – тілі, стилі де бір қалыптас шығармалар.

Хан емессің, қиықсың,Ұры-қары, залымның,

Қалың елді айдап жеп,Жаныңа барын жиыпсың, —

Теріңе зор сиыпсың,

деп басталатын Сүйінбай тебіреністері «Хан емессің қасқырсың», «Мен едім» сияқты Махамбеттің жалынды жолдарына пара-пар өжеттік пен өткірлікке толы шығарма.

Сүйінбай шығармаларының халықтық беті – айқын.

Сүйінбай шығармаларының көпшілігіне тән қасиет – сын-сықақ, ащы сарказм. Бұл сарын ақынның барлық шығармасының негізгі өзегі дерлік. Сөйтіп, Сүйінбай да Махамбет сияқты хандар мен төрелердің халықтың хас жауы екенін ашық айта алды.

Сүйінбай әділ билікті керек етіп, халыққа қызмет етер адал азаматты көкседі. Жастарды әділдік рухта тәрбиелеуге күш салды.

Сүйінбай – халық батырларын үлгі етіп, қаһармандық жырлар толғаған эпик ақын. Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Тотан, Ботбай, Бөлтірік, Жабай, Өтеген батырлар туралы жырлар шығарған. Бірақ олар бізге түгел жетпеген. Тек кейбір үзінділері мәлім. Оның «Тотан батыр» жырын халық ақыны Сариев Әбдіғали жырлап келген-ді. Жамбылдың айтуынан С. Сейфуллин жазып алған ноғайлы батыры Жабай туралы жырдың үзіндісі де назар аударарлық.

Сұраншының ерлігін ол өмір бойы жырлап өткен.

Сүйінбайдың жұртшылыққа мәлім шығармаларының көбі – сын-сықақ өлеңдер, арнау, толғаулар, айтыстар.

Өмірдің қызығы – татулық, бірлік, ізеттілікте екені көрсетіліп, адамгершілікке үндейді. Көркемділікті, табиғилықты дәріптеп, адамның рухани азығы — өнер, өлеңді жоғары бағалайды. Бұған «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері», «Жұмыққа», «Құлқайырдай ағарды сақал-мұртым», «Сүйінбай Алатаудай атың дардай», «Кәрілік» тәрізді өлеңдер циклын жатқызуға болады.

Кезінде Жамбылға ұстаз болған Сүйінбай ақындығы — өз бедері, өз сипатымен оқшау тұрған мәнді шығарма. Ол – біз үшін Алатаудай асқақ, сарқырама өзендей екпінді, нәрлі, саялы салқын, жанға жайлы, мәнді рухани азық.

Сүйінбай — өлең техникасына жетік, саңлақ ақын. Оның шығармалары әдебиетіміздің төрінен орын алады. Өлеңдерінің көп жолдарында қатар бір жолдан бастап, анафора, эпифора, аллитерация үлгілерін шебер пайдаланады. Ал бұл сиқты қасиет профессионал жазушыларға тән құбылыс екені мәлім.

Сүйінбай — өзі туып-өскен еңбекші халық ортасында жасап, сол ортадан тәлім алып, жетілген өмір саңлағы, дәуір қайшылықтарын аша да жырлай да білген шыншыл ақын. Оның шығармалары — өзінің өміршеңдігі, көркемдігімен құнды.

Әдебиеттер

1.°óåçîâ Ì.Î. °äåáèåò òàðèõû (1927) æî¹àð¹û îºó –îðûíäàðûíû» ñòóäåíòòåðiíå àðíàë¹àí. — À. 1991.

2.ƽìàëèåâ ². XVIII – XIX ¹. ºàçຠ¸äåáèåòi. — À. 1907.

3.²î»ûðàòáàåâ °. ²àçຠ¸äåáåèåòiíi» òàðèõû. — À. 1994.

4.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. XIX ¹àñûð ¸äåáèåòi. — À. 1992.

5.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. ²àçຠ¸äåáèåòiíi» òàðèõû. — À. 1997.

6.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

7.Айтыс.3-томдық.-А.,1965-1991.