Нұрлы жол – болашақ есігі

Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап өз елін жарқын болашаққа бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды Ұлы көшбасшысы бар Қазақ елі – аз уақыт ішінде тарихта бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді. Қазақстанның басты мақсаты – экономикасы дамыған, бәсекелестікке қабілетті, ең дамыған отыз елдің қатарынан көріну.

Ата – бабаларымыздың асыл арманы болып кеткен тәуелсіздікке қол жеткізгенмен, тәуелсіздікті өз деңгейінде ұстап тұру өте қиын. Тәуелсіздікті ала тұра өзара алауыздық пен жан – жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібергені тарихи шындық. Оған қазіргі таңда көрші елдерде болып жатқан соғыстар дәлел. Сондықтан да, біз өзгенің қателігін қайталамай, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу – Мәңгілік ел біздің қолымызда. Егемеменді, тәуелсіз, дербес елде өмір сүріп жатқанымыз — біз үшін, Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлт өкілі үшін басқа қонған үлкен бақ. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білу үшін көп еңбек етуіміз керек. Ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды.

Мәңгілік ел болу үшін еліміздің экономикасы тұрақты, берік болуы қажет. Бүгінгі уақыттың күрделілігі сол, оның үдесінен шығып, ілесе білуіміз керек. Қазіргі таңда бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. «Үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» деген ғой халқымыз. Әлемде 2007 жылы басталған қаржы дағдарысының сызы әлі кеткен жоқ. Көреген, парасатты, ақылды Елбасымыздың бастаған экономикалық саясаттың арқасында 2007-2009 жылдардағы экономикалық дағдарыстан еліміз аман шықты. Міне, осыған байланысты Елбасы дәстүрлі Жолдауын жылдағыдан ерте жариялап, «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» деп атап отыр. Өйткені адмзат қоғамының, тәуелсіз елдің жолы әрқашан даңғыл емес еместігін аңғартатын атау. Оған дәлел ретінде, көрші елдердегі болып жатқан соғыстарды айтуға болады. Ендігі баршамыз жұмыла кірісетін міндет — әр басқан қадамымыз бен жолымыздың нұр мен шуаққа бөленуін қамтамасыз ету. «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» деп аталатын биылғы Жолдаудан ең алдымен елдің жағдайы, мынадай аласапыран кезеңде халықты ешқандай қиыншылыққа ұрындырмай, аман алып шығу басты міндет ретінде қойылып отыр. Дағдарыс жағдайының өзінен пайда тауып, елдің әлеуметтік ахуалын түзету көзделген. Ол үшін осыған дейін Ұлттық қорға жиналып келген қаржыны ұтымды пайдаланып, ел экономикасын әлсіретпеу ойластырылған.

Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан — ұшқан құстың қанаты талатын ұлан — ғайыр аумақтың иесі. Сондықтан аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс — келіс пен алыс — берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күрежолдардың бойында. Жол — шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір — тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бір — бірімен сауда — саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету — бүгінгі Жолдаудың басты түйіні болмақ», — деп атап көрсетті. Бұл көтеріп отырған мәселе еліміздегі қаншама жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуі сөзсіз. Ал дағдарыс кезінде көпшілікті толғандыратын осы мәселе. Қарапайым халыққа ең керегі — тұрақты жұмыс орны, уақытылы төленетін жалақы. Ұлан — байтақ жері бар біздің еліміз үшін алдыңғы қатарлы заманауи көліктік инфақұрылым — жарқын болашаққа апарар жол. Елбасымыз көліктік инфақұрылыммен қатар, әлеуметтік маңызы зор, бүкіл экономикамыздың күре тамыры болатын энергетикалық, кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік саладағы: білім беру, денсаулық сақтау, жастарға қолдау көрсету мәселелеріне айрықша мән беру, халықты тұрғын үймен қамту, әр отбасының әлеуметтік тұрмысын жақсарту бойынша нақты бағдарламалар ұсынды.

«Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауда халықты қуантқан ең басты жағдай — баспана мәселесі. «Үйі жоқтың — күйі жоқ» дейді халқымыз. Ипотека сияқты тәсілдер үйсіздерді пәтерлі ете алмады, зардабы қатты білінді. Енді Үкімет қазынасынан қаржы бөлініп, арендалық бағыттағы тұрғын үйлер салынбақ. Төлемі орта шаруаның қалтасын қақпайды. Бұл, әсіресе, жас отбасыларға үлкен көмек болады.

Аңғарғанымыздай, Елбасымыз осы Жолдауда ел экономикасының одан әрі өркендетудің темірқазықтай басты бағдарын тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Экономиканың әр саласына бағытталатын қаржы көлемін нақтылап, Үкіметке қажетті қаржыны Ұлттық қордан бөлуге нақты тапсырма жүктегені Елбасының саяси даналығын, көрегендігін байқатады. Мәселен, шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеуге 100 миллиард теңге бөліп отыр. Бұл, нарықтық экономиканың жаңа секторы үшін үлкен демеу. Өйткені, бүгінгі нарықтың талабы баяғыдай ірі зауыттар арқылы емес, шағын және орта бизнесті өркендету арқылы экономиканы тұрақтандыруға басым бағыт беріледі. Әлемнің бар елі осы жолмен өтіп келеді. Біздің елімізде шағын және орта бизнесті күнделікті тірлігіне айналдыруға ұмтылушылар көп. Соның арасында жастардың қатары да көбейіп келеді. Бизнестің бұл түріне тек ірі қалаларда ғана емес, аудандарда, тіпті ауылдарда кең тарала түсуде. Шағын және орта бизнес өкілдері арасында құндылықтарымыз бен төл мәдениетіміздің, қазақы отбасы мен ғасырлардан үзілмей келе жатқан дәстүріміздің тынысын ашуды көздегендерді байқап жүрміз. Демек, елімізде әр азаматтың, әсіресе, жастардың ерінбей, жалықпай еңбектенуіне, ел игілігіне қызмет етуіне тағы да үлкен қолдау жасалып отыр. Бұл жай ғана айта салынған емес, Елбасының, мемлекеттің тарапынан жасалған маңызды қолдау. Біз сан ғасырлардан бері аңсаған тәуелсіздігімізді бекем қылуға талпынып, сол жолда бірнеше ауқымды істерді атқарып келе жатқан айбынды елдің ұрпағымыз. Біздің мақсатымыз — Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің егемендігін сақтау, еліміздегі ішкі бірлікті нығайтып, ұлттар татулығына қаяу түсірмеу, ең бастысы — отандық экономиканы өркендетуге лайықты үлес қосу. Себебі, Елбасының жастарға, жастар мәселесіне қатысты айтқан ойлары мемлекет үшін, оның әрбір азаматы үшін үлкен маңызға ие. Н.Ә.Назарбаев елдегі туризмді жандандыруға да айрықша мән берді. Бұл жасылелдіктер үшін де назар аударарлық мәселе. Өйткені, біз сол арқылы елімізді көгалдандыруға, абаттандыруға ат салысып, Қазақстанның өсіп — өркендеуіне үлес қосқымыз келеді.

«Білімсіздің күні қараң»,- деп ата — бабамыз айтқандай, кез — келген мемлекеттің болашағы — білімді жастардың қолында. Сондықтан да, Жолдаудағы тағы бір мәселе — білім мәселесі. Бүгінде дамыған елдердің барлығы осы білім саласына ұдайы инвестиция құйып келеді. Соның нәтижесінде, табиғи байлықсыз -ақ , олар өздерін әлемдік сахнада экономикасы жетілген, табысты мемлекеттер ретінде танытты. Елбасының білім саласына қыруар қаражаттың бөлінетінін және еліміздің беделді 10 ЖОО әлемдік стандартқа сай етіп жасақталғанын мәлім ету біздің дамыған ел болуға бағыт алғанымызды көрсетеді.

Қорыта келсек, ел тұрғындарының алдындағы бүгінгі мақсат — тәуелсіздік алған жылдардан бері қол жеткізген игіліктерді одан әрі ұлғайтып, келешек ұрпақтың өмір сүруіне қолайлы жағдай тудыру. Көреген Елбасымыз осының барлығын өз Жолдауында нақты түрде атап көрсетті. Бұл Жолдау тек қана алда болатын 2-3 жылдық дағдарыстан шығудың жолы ғана емес, Қазақстанның түпкі дамуының бағдары деп айтар едім.
Негізі біз бақытты елміз, бақытты елдің ұрпағымыз. Жарқын болашақ үшін қажетті мақсат — міндеттерді Елбасымыз саралап, жіктеп, қалай жүзеге асыру қажеттігін көрсетіп береді. Біздің ұлы мақсатымыз — Мәңгілік Ел болудың жолында жұдырықтай бірігіп, әркім өз саласы бойынша адал еңбек ету және бірлігімізді бекемдеу. Себебі, бірлік бар жерде — тірлік бар, ырыс алды — ынтымақ дейді халқымыз. Міне, осы бірлік пен татулықтың арқасында Қазақстан биік белестер мен шыңнан көрінуде.

Біздің басты құндылығымыз — төл тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз, дәстүрлі дініміз. Қазақ — ұдайы биікке самғатар асыл мұратқа ұмтылған, бар бақытқа жеткізер еңбектің қадірін білген ұлы халық. Бірлігі мен татулығы бекем, экономикалық өркендеуі алға арындаған еліміздің жастары, яғни біз, Елбасы жүктеген сенімді ақтауға атсалысамыз. Өйткені Жолдауда алға қойған бар міндеттер біздің жарқын болашағымызға апарар нұрлы, жарық жол. Елін сүйген, өз халқына әлеуметтік қолдау мен қамқорлық туғызуды әркез назардан тыс қалдырмайтын Нұрсұлтан Назарбаевтай басшысы бар елдің туы ешқашан жығылмақ емес.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. «Егеменді Қазақстан» газеті;
2. «Солтүстік Қазақстан» газеті;
3. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы.

Авторы: Ақышова Динара Жолбырқызы