Әдебиет – әр халықтың айнасы, тарихы. Олай дейтініміз- адам өмір сүрген ортаны әдебиетсіз,көркем шығармасыз елестете алмаймыз. Өйткені ол, тарихта қалатын ұрпақтан-ұрпаққа қалдырылатын мол мұра, таусылмас қазына.
Әр кезеңдердегі осы кезге дейінгі қазақ ақын-жазушылардың шығармаларын оқи тотырып, сол дәуірдің тарихпен байланысын көреміз. Мысалы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әдебиетке тоқталатын болсақ, сол саптағы қаламгерлердің басында Бауыржан Момышұлы тұрады. Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысының басынан кіріп, аяғынан шыққан, ерлігі елдің есінен кетпейтін талантты да қаһарман қолбасы. Ол жауынгерлерімен бірге соғыста шынықты, соғыста шыңдалды, соғыста өсті. Отан үшін от кешіп, оққа ұшқан ерлердің, ерліктің атаусыз қалуын халық трагедиясымен бірдей көрген сардар елдегі белгілі жазушыларға арнайы хаттар жазды. Соғыстың төртінші жылы Алматыда ғылым мен білім, өнер саласындағы зиялылар үшін оқыған лекцияларында жазушылардың соғыс шындығын жазуы қажеттігіне ерекше мән берді. «Шындықтыжазу – суреткердің ұлы міндеті. Ұрыста шындықты табу оңай емес, ал оны жинақтау одан да қиынырақ. Бәлкім, менің тарапымнан жазушыларға қойылып отырған талап шектен шыққан әділетсіздіктей көрінуі мүмкін, бірақ мен мұны заңды деп білемін», – деді қолбасы осы лекцияларының бірінде. Лекция барысында лектор баспахананың бояуымен жазылған кітаптар да, адам қанымен жазылған кітаптар да болатынын, ал өзінің баспахана бояуымен емес, майдан даласында шынайы қалпында, бар болмысымен қанмен жазылған соғыс кітабын оқығанын баян етті.
Б.Момышұлының лекцияларында, хаттарында, естеліктерінде, соғыс үстінде қойын дәптеріне түсірген қолжазбаларында соғыс шындығын жазу туралы міндетке аса зор мән берілді. Осы бағыттағы ойлар, майдан даласында бастан өткергендері мен көзбен көргендері соғыстан сау оралған сардардың жазбауға мүмкіндігін қалдырмады. Қолбасы өзінің кітаптарында соғыс адамының образын шын қалыпта, ол шайқасқа қалай кіріп, одан қалай шықса, тура сол қалыпта, сол күйде сомдады. Олар автордың өзі айтқандай, қанмен жазылған кітаптар еді. Олардың қатарында соғыстың қызыл жалынын жамылған «Москва үшін шайқас» трилогиясы да бар», — дейді.
Ұлы Отан соғысынан кейін М.Әуезов бастаған бірқатар жазушылар Б.Момышұлының сұранысына қолдау білдіріп, тікелей соғыс майданы шындықтарын суреттеген шығармалар жазды. Ә.Әбішев, Ғ.Мүсірепов үлкен ізденістерге барды. Майданнан жеңіспен оралған Ә.Шәріпов, Қ.Қайсенов, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, С.Бақбергенов және басқа қаламгерлер еңбек етті. Ал соғыс жағдайындағы адам тағдырын үлкен эпос жанры заңдылықтарына сай суреттеген Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ә.Нұрпейісовтің «Курляндия», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» секілді романдары – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің үлкен жетістіктері. Олар әлем әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған шығармалардың қандайынан да кем түспейді. Лирикада С.Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Құлын», «Түбірлер» және басқа шығармаларымен, поэмада Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңызымен» тең түсетін көркем әдебиет үлгісін бүкіл әлем поэзиясынан таба алмайсыз.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Отанға, атамекенге деген сағыныш, ерлік, батырлыққа арналған өлеңдер басылым беттерінде жиі жарық көріп жүрді. Баубек Бұлқышевтың 1942 жылы «Комсомольская правда» газетінің 1 май күнгі номерінде «Өмір мен өлім туралы» деген әңгімесі жарияланды. Әңгімеде қазақ жасының . жүрек сыры, жан күйі тербелді. Отанға деген ыстық махаббаты құйылды, ал «Шығыс ұлына хат» атты шығармасын «Менің бұл жазғандарым болашақта біздің осы ұлы күресімізді зерттеушілердің қолына түсіп, үлкен істердің кішкене бір тетігіне тиянақ болуға жараса, менде одан басқа арман да жоқ; ол зерттеушілер біз осы арпалыста жүргенде қайғыра да, жылай да, қуана да, күле де, кектене де білгенімізді ұғынса болды» — деп аяқтаған еді.
Мәриям Хакімжанова өзінің сүйікті кейіпкері Мәншүк жайында, оның ерлік көрсеткен «Мәншүк» поэмасы 1945 ж. жазылған. Соғыс тақырыбына Мүсірепов «Қазақ батырын (қазіргі—«Қазақ солдаты») жазса, Ұлы Отан соғысының ерлік істерінен бір топ поэма туып жатты. Қасым Аманжоловтың «Абдолласы», Диқан Әбіловтің «Майданбек» поэмасы, Мәриям Хакімжанованың «Мәншүк» деген поэмасы; Қапан Сатыбалдиннің «Әлия» деген поэмасы; Ілияс Есенберлиннің «Айша», «Сұлтан» деген поэмасы; Нұрлыбек Баймұратовтың «Ер Төлеген» деген поэмасын мысал етіп атауға болады.
Отан соғысы үстінде ерлікпен қаза тапқан қаһармандарға арналған Ж.Саинның «Өмірден өксіп сен кеттің» атты жоқтауы, Ғ.Ормановтың И.В.Панфиловқа арнаулы жоқтауы, Жамбылдың ұлы Алғадайды жоқтауы мен оған Кененнің көңіл айтуы секілді фольклорлық жанрлар да осы кезеңде жазба поэзияға көркемдік әрлеуімен қайта келді. Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов сынды тұлғаларды атамау мүмкін емес.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әдебиеттің айқын көрінісі деп F.Мүсірепов, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Шәріпов, Қ.Қайсенов сынды майдангер жазушылардың көлемді туындыларын қазақ халқы үлкен ықыласпен қабылдаған. Отан соғысы шындығы белгілі кезеңдегі адамзат қоғамының сипатын, мемлекеттік билеу болмысын барынша шынайы көрсеткен, көрсететін айрықша сұрапыл шындықтардың қатарына жатады. Оны көзімен көрген, басынан өткерген, қаны мен терін төккен, от пен оқтың ортасында қан кешкен ұрпақтан артық білетін жанды табу қиын. Сондықтан өзегіне соғыстың сұрапыл шындығын арқау еткен шынайы шығарма жазуға екінің бірінің тәуекелі жете бермейді.
Рейхстаг баспалдақтарының кіре беріс бағанына бірінші болып шабуыл туын қадаған Ақмола қаласының Қырыққұдық деген жерінде туып өскен Қазақ лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер орыс Григорий Булатов еді. Бұл туралы 1945 жылдың 3 мамырында Берлинде шыққан «Воин Родины» газетінде: «Они отличались в бою!Родина с глубоким уважением произносит имена героев… Над цидателью гитлеризма они водрузили знамя Победы.Запомним имена храбрецов: Рахымжан Кошкарбаев,красноармеец Григорий Булатов» деп жазылған екен. Төсін оққа төсеген батыр аталарымыз Т.Токтаров, М.Ғабдуллин, Н.Әбдіров, Р.Амангелдиев, С.Баймағамбетов, Д.Шыныбеков, С.Жылқышев, Т.Мырзатаевтың есімдері алтын жұлдыздың сәулесімен шағылысып, өткен ғасырдағы сұрапыл күндерді еске салады.Сол майданда біздің аруларымыз да талай қиындықтарды бастан кешті.Қолдан келместей көрінгенімен, сол кездері нәзік жанды әйелдер кез-келген батырдың өзін қайыстыратын жүк көтерді.Олар өздеріне ешқандай жеңілдікті талап етпестен, қашан да жауынгерлермен бір сәтте тұрды. Тіпті, дәл осы қыздардың бар болуы жауынгерлерді рухтандырып, оларға күш-қуат берді.
«Ерліктің қос қанаты деп білемін, аяулы Әлия мен Мәншүгімді»,-деп есімдерін ән-жырға арқау еткен шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк есімі бүгінгі ұрпаққа ерліктің ғажап үлгісі деп айтар едім. «Майданға жіберетін ешкім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан менің өзімді жіберуді өтінемін»,- деп Алматыда медицина институтының жас түлегі Мәншүк Мәметова Отан қорғаушылар қатарында өз еркімен қосылғысы келетінін білдірген болатын. Жас қыздың қайтпас қайсарлығы таң қалдырмай қоймайды.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің. Нева өзені сүйкімді, бұлағындай көремін»,- деп басталатын толғауы қалада радиолардан беріліп, әр көшеде, алаңда плакат ретінде жазылып, қазақ халқына, Ленинградты қорғаушыларға зор қуат берді, орталық газеттерде және майдан газеттерінде басылып жатты. Майдандағы әскерлер де, тылдағы жұмысшылар да , аналар мен қарт әжелер де, тіпті жас балалар да Жамбыл өлеңін сүйсініп оқиды.Жауынгер ақынның жалынды сөздерінен керемет рухтанып, арыстандай арпалысты, мыңдаған адамдар көздеріне жас алып, жігерленді. Себебі, Жамбыл бұл өлеңінде әскердің қаһармандығын, жауға деген өшпенділігін айтады.
Халық ақыны Н.Байғанин шығармаларының басты тақырыбы майданға көмекті күшейту, жауынгерлердің рухын көтеріп, олардың бойында ел алдындағы борышты өтеу сезімін тәрбиелеу болды.Ақын жауға деген ыза-кегін: «Өлер күнің таянды, Халық түгел ашынған. Алар сенен қанға-қан, Алар сенен жанға-жан. Жоқ боларсың,бітесің. Адам жауы-сұр жылан»,- деп білдірді.
Осындай сұрапыл жылдары бір қолына қару, бір қолына қалам ұстаған өршіл рухты, сыршыл батырымыз, жан дүниесі шымырлатқан шерге толы ақынымыз Қасым Аманжолов болды. Буырқанған була күшке, шиыршық атып, бұлқына ойнап тұрған айбыны, қайраты,тепсініп темір үзердейішкі қуаты сапырылса, шайқала шапшыған ақын өлеңдерінде Отанға деген шексіз махаббатын керемет суреттейді.ақынның осындай отты, өршіл шығармаларының бірі –«Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы. Басқыншы зұлым жауға ең соңғы оғы қалғанша берілмей соғысып, ажалмен бетпе-бет тұрған, ерлікпен қаза тарқан жауынгер Абдолланың ерлігін, батырлығын суреттейтін бұл шығарма керемет ұлтжандылықпен, ерекше айбындылықпен жазылған. «Қасиет-күші Ұлы Отанның, Қанатын бер қыран құстың! Ашуын бер арыстанның, Жүрегін бер жолбарыстың!,- деген поэма үзіндісі «ата жаумен арпалысқан ұланды ұлы ететін, жаужүрек батыр ететін-оның Отанына деген махаббаты» дегенді дәлелдейді. Шынымен де жерін тебірене сүйген адам ғана батырға айналады. Махаббат пен ашыгнудан серпіліп тұрған сұрапыл жігер-қайратты өр кеудесіне сыйғызған жас батырға арналған поэма-ақынның қасқырдай анталаған жауға қарсы ашынуы, айбары, дос туралы жан азасы еді…
Ұлы Отан соғысында жүрген елді қорғаушыларымызға аталған жазушыларымыздың қаламынан шыққан қарымды шығармалары үлкен демеу болғаны айғақ. Отан соғысы оқиғаларының қазақ әдебиетінде үлкен эпикалық көлемде көрініс табуына, негізінде, жазушылардың сіңірген еңбегі зор.
Пайдаланылғанәдебиеттер:
1.Жакупова М., Тыловыеэкакогоспитали Казахстана иРеспублик Средней Азий (САВО) Алматы, 2005.
2.Боздақтар, Қызылорда облысы, ІІ-том, Алматы, 1995, 456 бет.
3.Боздақтар, Қызылорда облысы, ІІІ-том, Алматы, 1956, 512 бет.
Ертаева Ж. Д. Ұлы Отан соғысы оқиғаларының қазақ әдебиетіндгі эпикалық көлемде көрініс табуы [Текст] / Ж. Д. Ертаева // Молодой ученый. — 2015. — №8.2. — С. 50-52.