Жоспары:
1.Трансфекция және клетканың жиналған ДНҚ-мен қосылуы
2.Микроинъекция және вирустардың өзін қолдану әдістері
Лекция мәтіні:
1.Рекомбинантты генетикалық материалды сүтқоректілер клеткасына енгізудің бірнеше тәсілдері белгілі. Ең қарапайым тәсіл — трансфекция немесе ДНҚ-ны клетка мембранасынан өтуін жеңілдететін күйде енгізу. Бұл үшін кальций фосфаты ерітіндісінде ген орналасқан ДНҚ фрагментін тұнбаға түсіреді. Мұндай тұнба кейбір клеткаларға еніп, өз активтілігін көрсете алады. Басқа жағдайда клеткаларды электрофорез немесе электропорация арқылы арнайы химиялық затпен (декстран ДЕАЕ) әсер етіп, оларды шоққа түсіреді, бұл ДНҚ-ның сома клеткалары ішіне енуіне (трансфекциясына) мүмкіндік береді.
Генді сүтқоректілер клеткасына енгізудің екінші тәсілі клетканың жиналған (липосомаларда, бактериялық протопластарда немесе эритроциттерде) ДНҚ-мен қосылуы. Мысалы, ДНҚ-ны липосомаға түсірсе, онда ДНҚ-ның су ерітіндісіндегі микротамшысы фосфолипидті мембрананың ішіне жиналады. Сүтқоректілер клеткасының мембранасы да фосфолипидті қабаттан құралған, сондықтан липосомалар клеткамен қосылып кетеді, яғни ген клетканың ішіне енеді.
2.Кейінгі кезде микроинъекция тәсілі кең қолдану алуда және оның болашағы зор. Мұнда, ДНҚ ерітіндісін шприцпен байланысқан өте жіңішке микротүтікшелер арқылы клетканың ядросына тікелей енгізеді.
Рекомбинантты ДНҚ-ны вирустардың өзін қолдану арқылы эукариоттық клеткаларға тасымалдауға болады. Бұл үшін рДНҚ-ға вирустық ДНҚ енгізу керек. Мұндай гендердің экспрессиясы ДНҚ-ны вирустарды қолданғанда жоғары деңгейде өтеді. Әрине, вектор — вирус лизистік немесе лизистік емес жолмен клондарын көбейте алады. Соңғы жағдайда вектор эписома сияқты репликацияланады.
Сонымен, біз жоғарыда баяндалғандардан жануар клеткасы үшін вектор терминінің кең түсіндірме алатынын байқаймыз. Мұнда вектор деп өзінің генетикалық активтілігін эукариоттық клеткада қамтамасыз ете алатын ДНҚ-ның кез келген тізбегін түсінеді. Жануарлар векторларына қойылатын негізгі талап — геннің клеткадағы дұрыс және тиімді активтілігін қамтамасыз ету. Эукариоттық клеткада транскрипция деңгейі, старт алу және терминация нүктесі, процессингтің дұрыс өтуі және иРНҚ-ның тасымалдануы промоторлардан басқа энхансерлерге байланысты. Сүтқоректілердің векторлары өтпелі болғаны ыңғайлы, өйткені мүндай векторларды бактериялық плазмида сияқты таңбалауға болады, немесе эукариоттық вектор селекциялық белгіні анықтайтын гендер бойынша таңбалануы қажет: рецессивті және доминантты. Рецессивті гендерді, олардың активтілігі жоқ мутантты клеткаларда ғана қолдануға болады. Доминантты гендер, өзі енген клеткаларға төзімділік қасиет береді, нәтижесінде геннің экспрессиясы байқалатын кез келген клетка үшін селекциялық таңба болып саналады.