Тұрақтылық келісім идеологиясының негізі ретінде

Конституция — тұрақтылық пен патриотизмнің іргетасы. Көп жылдар бойы адамның құқықтары мен бостандықтары түсінігінің сипаттамалық белгілері боямаланып келді. Қоғам мүшелеріне құқық – бұл пролетариат пен партия мүддесі деп санаға құйылды. Шынында құқық адам табиғатына тән бостандық нормалары екендігін тәуелсіздік алғаннан кейін ұғынғанымыз рас.

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде
мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарынаберiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орыналуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып
осы Конституцияны қабылдаймыз» [1], – деп басталатын біздің Конституциямыздағы осы сөздерде жаңа ашық азаматтық қоғам орнатуды мақсат еткен халқымыздың тарих сабақтастығы тоғысып жатыр. Ол елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен бейбіт өмірін қамтамасыз ететін және кепілдік беретін өте маңызды құжат. Осы Бүкілхалықтық референдумда қабылданған қолданыстағы Ата Заңымыз елімізде экономикалық және әлеуметтік, саяси реформаларды жүзеге асырып, қоғамды демократияландыру ісінде өзінің жасампаздығынан Қазақстан халқына қызмет етіп отыр.

Осыдан он бес жыл бұрын елімізде демократиялық бастауларға сүйенген Конституциялық құрылыстың қалыптасу үдерісі басталып, жаңа мемлекеттік институттар құрыла бастады. Конституция мемлекеттік құқық жүйесін реформалаудың базасы болды. Қоғам, мемлекет және тұлғаның өзара байланысының конституциялық-құқықтық ауқымы кеңейді. Мемлекеттік институттарды конституциялық реформалау адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталып, жоғары халықаралық-құқықтық стандарттардың саяси-құқықтық тәжірибесіне ене бастады.

Тұлға құқығының басымдығы енген демократиялық конституциялық құрылыс философиясы әлеуметтік құндылық болып саналады. Конституция қоғам демократиялық құрылысының негізі болып табылғандықтан, ол демократияны реформалаудың басты кепілі. Сондықтан ол мемлекет пен қоғам тарапынан ерекше қорғалуы тиіс. Мемлекеттің Негізгі Заңы – бұл құқықтық жүйенің ядросы, бүкіл заңнамалық құжаттар негізделетін фундамент, мемлекеттің демократиялық дамуының тірегі мен мемлекеттік құқық өзгерістерінің процесі. Ол қоғамдағы тұрақтылықтың негізі.

Саяси режим, әлеуметтік-экономикалық дамудың деңгейі, саяси басқарудың дәстүрлері мен құрылымдарына қарамастан барлық елдердің негізгі міндеті саяси тұрақтылықпен қамтамасыз ету болып табылады. Адамзат қоғамының даму тарихы көрсеткендей, саяси тұрақтылыққа жетудің міндеттері мемлекеттік деңгеймен қатар, мемлекетаралық қатынастар жағдайында да шешіледі. Осы мәселелерді шешудегі ең басты фактор болып мемлекет және оның құқықтық, моральдық нормаларына сүйенген институттары саналады. Саяси тұрақтылық мәселесі қоғамның модернизациялануы үдерісінде маңызды орынға ие. Өйткені, осы жолда жүрген мемлекет әлеуметтік қайшылықтар мен көптеген қақтығыстардың пайда болуына ықпал етеді.

Мемлекеттің дамуына әсер етуде қоғамдық өмір-салттың барлық салаларына тұрақтылық қажет. Себебі, тұрақтылық орын алған саланың жағымды сапалық көрсеткішін өзге сала тұрақсыздығымен сипаттау мүмкін емес. Еліміз мемлекеттіліктің негізі ретінде тұрақтылыққа жетуді міндет етіп бекіте түсті. «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты 2010 жылғы Жолдауда Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткендей: «Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді» [2]. Сондықтан Ата Заңымыз саяси тұрақтылықтың Қазақстандағы модернизациялық бағыты мен әлеуметтік-экономикалық реформаларының негізгі шарты болып табылады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев Ата Заңымыздың бес жылдығында: «Халық өзінің егемен құқын пайдаланып, қабылдаған Конституция қол сұғылмас қасиетке, жоғары заңдық қана емес, рухани-адамгершілік киеге ие болады, сөйтіп ол қазақстандық патриотизмді тәрбиелеудің іргетасына айналады», – деп айтқан болатын. Осыған байланысты қазіргі Қазақстандағы қоғамды біріктірудегі негізгі фактор және тұрақтылықты қамтамасыз етумен мемлекеттілікті бекітуде патриотизмнің орны зор. Сондықтан бүгінгі күндегі патриоттық тәрбие қазақстандық азаматтардың саяси санасындағы ең негізгі мәселе болып табылмақ.

Патриотизм түсінігінің күрделі табиғаттылығы мазмұнының көп қырлылығымен сипатталады. Сонымен бірге, патриотизм мәселесін білім берудің барлық салаларын қамтыған және Отанға деген қатынастағы авторлардың тарихи, әлеуметтік-экономикалық, саяси шарттарындағы азаматтық көзқарастары негізінде қарастырылады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды шарты – бұл әлемдік бәсекелестік үдерісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім”, – деп пайымдайды. Сонымен қатар, Елбасымыз қазақстандық патриотизм сияқты ұлт табысының маңызды құрамдасына тоқталады. “Бұл өз Отаның мен жеріңе деген сүйіспеншілік, оның тарихы мен мәдениетіне деген зор құрмет, әркімнің өз күш-жігеріне деген сенімі мен барша қоғамның топтасуы. Бұл бүгін тұрғызылып жатқан өз еліңнің тарихына қатыстылықтың және оның болашағы үшін жауаптылықтың жоғары сезімі. Бұл әрбір қазақстандықтың табыстары үшін мақтаныш және қандай тұрғыда болғанына қарамастан өз салаңда табыстарға қол жеткізу ниеті. Және бұл табысты әркім Отанына бағыштап, әлемде оның даңқын асыруы, беделін көтеруі тиіс. Патрио­тизмді, әсіресе жастардың арасында, біздің балалардың бойында барша қоғамның ортақ күш-қуатымен қалыптастыру керек. Біздің әр азаматтың табысы және халықаралық тұрғыда мойындалуы – бұл баға жеткізгісіз капитал, барша қазақстандықтардың мақтанатын нәрсесі және байлығы екендігі сөзсіз. Осындай үлгілермен ұлттың рухын көтеру керек! Өз Отаныңның патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату. Мен сіздерді осыған шақырамын» [3].

Бүгінгі шарттарда мемлекеттілікті патриотизм негіздерімен қалыптастыру қоғамның модернизациялануына ықпал етуімен қатар, оның қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Бірақ, ұлттық құндылықтары айқындалған мемлекетте ғана ұлттың өзін-өзі тану, ұлттық мақтаныш сезімдері туындайды. Сондықтан осы үдерістегі жетекші рөл патриоттық тәрбие берудегі нормативтік-құқықтық базаларға толықтай сүйенген мемлекет институттарына жүктеледі. Қоғамдық ұйымдар патриоттық жұмыстар жүргізуде ұйымдастырушылық, құқықтық және экономикалық қиыншылықтарға ұрынатыны жасырын емес. Оларға мемлекеттің тікелей белсенді көмегі қажет. Көптеген қоғамдық ұйымдар мәселені өзіндік көзқарастармен бағалап, көп бөлігі патриоттық тәрбие беру жүйесіне араласпайды. Осыған сәйкес мемлекет патриоттық тәрбие беруде азаматтық қоғам институттарын араластыруы қажет.

Жалпы еліміздің Конституциясы жинақы түрде, қысқа тұжырымдалған, еліміздің негізгі сипаттамасын, қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік негізін, демократиялық бастамаларын көрсетіп берді. Ол еліміздің негізгі құндылықтары – тәуелсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі. Әрбір ел азаматының ендігі парызы – осы құндылықтарды сақтау. Ата Заңымызды қадірлеу, заңдарын орындау, Елбасымызға қызмет ету баршамыздың қастерлі міндетіміз. Ол еліміздің саяси және этносаралық тұрақтылығымыздың негізі болып табылады.

Тұрақтылықты қамтамасыз етудегі бұқаралық ақпарат құралдарының орны. Тұрақтылықты қамтамасыз ету үдерісіндегі маңызды рөл бұқаралық ақпарат құралдарына да байланысты. Өйткені, қазіргі шарттарда саяси жүйенің өзгерістерге дағдылануы БАҚ көмегінсіз мүмкін емес. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық консолидацияның саяси тұрақтылығының факторы негізіндегі рөлін атқарады және негізгі құралы болып табылады. Сенімділік, жеке белсенділік, төзімділік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік секілді көңіл-күйлерді орнықтыратын материалдарды жиі беру керек. Сондықтан журналист қауымы тұрақтылықты сақтауға бағытталған модельдерді қалыптастырады.

Бүгінгі ғылыми зерттеулерде бұқаралық ақпарат құралдарының екі негізгі қызметін айқындай аламыз: 1) гуманитарлық (ақпараттандыру, білім беру, ойын-сауықтық); 2) саяси (бұқаралық сана қалыптастыру).

Өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдарының саяси қызметі қазіргі кезеңдегі өзіндік құрамдас бөлігін құрайтын және гуманитарлық қызметпен тығыз байланысты бірнеше өзіндік ерекшелігі бар қызмет түрлерін қамтиды.

Бұқаралық ақпараттар құралының ең негізгі қызметтерінің қатарына ақпараттандыру жатады. Саяси ақпаратқа қоғамдық маңызы зор, мемлекеттік органдар тарапынан назарды қажет ететін және оларға ықпал жасайтын мәліметтер енеді. Алынған ақпарат негізінде азаматтардың үкімет, парламент, партиялар мен басқа саяси институттар қызметі, қоғамның экономикалық және мәдени өмірі туралы ойлары қалыптасады.

Бұқаралық ақпараттар құралының ағартушылық қызметі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді өз дәрежесінде бағалау мен реттеуге бағытталады. Масс-медиа азаматтардың бүкіл өмірін қамту арқылы олардың саяси және әлеуметтік ақпаратты ұғынуға ықпал жасайды. Сондықтан азаматтардың саяси біліміне БАҚ-тың әсері мол.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ағартушылық әлеуметтендіру қызметімен тығыз байланысты. Дегенмен, ағартушылық жүйелі білім игеру мен тұлғаның танымдық және құндылық мүмкіндіктерін кеңейтсе, саяси әлеуметтендіру халықтың саяси нормалар, құндылықтар мен мінез-құлық үлгілерін игеруге ұмтылдырады. Сонымен қатар, тұлғаның әлеуметтік ақиқатқа бейімделуін қамтамасыз етеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының сыниқызметін саяси жүйедегі масс-медиамен қатар, оппозиция кеңінен қолданады. Бірақ, ақпарат құралдарындағы сынның көлемділігі өте кең болғандықтан, мемлекеттік саясаттың барлық бағыттары оның назарында болады.

Қоғамдық пікірдің беделділігіне негізделген бақылау қызметінің артықшылықтары өте мол. Қоғамдағы келеңсіздіктерге әкімшілік және экономикалық жазалау шараларын қолданбаса да, кез келген оқиға мен саяси тұлға қимылына құқықтық және адамгершілік бағасын ұсынады.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ықпалдастық қызметі саясат пен қоғамдағы кемшіліктерді сынаумен қатар, саяси ойыншылар мен түрлі қоғамдық мүдделер ықпалдастығын қамтамасыз етеді. Түрлі әлеуметтік топтар мүшелері пікірлерін бұқараға ашық білдіру мүмкіндігін ұсынып, қоғамдық пікірдегі өз мүдделерін қорғауға жағдай қалыптастырады.

Жоғарыда аталған БАҚ-тағы саяси қызмет түрлерінің барлығы жұмылдыру қызметімен бірлескен. Қызметтің бұл түрі азаматтардың белгілі бір саяси қызмет түріне итермелеуге жол береді. БАҚ халықтың санасы мен сезіміне ықпал ете отырып, нақты саяси мінез-құлықтың қалыптасуына әсер етеді. Өйткені кез келген жоғары білімді азамат қарама-қайшылығы мол саяси процестерде жауапты шешім қабылдауда теледидар, радио, газет пен журналдарға сүйенеді.

Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының саяси қызметі жоғарыда аталған түрлерімен шектелмейді. Кейбір ғалымдар бұқаралық ақпарат құралдарының саяси қызметі түрлеріне инновациялық,жеделдету және қоғамдық пікірді қалыптастыру қызметтері туралы да айтады. Бұл БАҚ-тың саяси кеңес беру қызметі ерекшеліктерін толықтай айқындайды.

Ақпараттық қоғам мәселелері бойынша жоғарғы көрсеткіш көрсету ниетіндегі қоғамның жаңа түрін қалыптастырудағы бұқаралық коммуникацияның жаңа институттары теледидар мен Интернеттің орны мен рөлі ерекше. Адамзаттың жинақтаған ақпараттары мен мәдени құндылықтарына еркін қол жетімділік демократиялық қоғамның базалық құндылығы болып табылғандықтан, теледидар мен Интернет секілді өзге де ақпараттық коммуникациялар өзара байланысты.

Сонымен бірге, екі ақпарат құралы адам мен азаматтардың құқық нормалары мен бостандықтарын түсіндіретін, идеологиялық ұстанымдар қалыптастыратын ақпараттық диалог жүргізуге септігін тигізетінсаяси кеңес береді.

Қазіргі таңда теледидар мен Интернет, әсіресе, әлеуметтік желілердің саяси күштер орнын анықтауға, бүкіл қоғамның қоғамдық-саяси өміріне ықпал ететін ақпарат құралы. Бұл қоғамды демократияландыру процесіндегі күрделі байланыс құбылысы болып саналады. Саясат ең алдымен ақпараттық кеңістікте іске асады. Ақпарат коммуникацияның технологиялық негізі ғана емес, ол қоғамдық қатынастардың негізгі құралы.

Коммуникация мен технологиялардың дамуындағы негізгі бағыттық жұмыстар теледидар мен Интернет мүмкіндіктері біріккен жағдайда ғана орындалады. Бүгінгі көше теледидары мен хабарлары қалыптасқан интерактивті технологиялар деңгейіне жетуіне қадамдар жасалуда.

Ақпараттық қоғамның қалыптасуындағы мәселелер технологиялық және технократиялық дағдыларға ие. Ақпараттық қоғамда электронды БАҚ-тың маңызды рөлі жоғары сапалы ақпараттармен бірге пайдалы кеңестерден тұрады. Сондықтан әлемдік ақпараттық кеңістіктің және отандық медиа жүйенің даму тенденциялары айқындалуы тиіс. Бұл теледидардың әлеуметтік жауапкершілігі мәселесінің жоғарылығын танытады. Сондықтан ақпараттық қоғамдағы теледидардың даму ерекшеліктерін анықтау өз өзектілігін жоғарылата түседі.

Теледидар — (грек. τήλε — алыс, қашық және лат. video – көремін; жаңа латын televisio – алысты көру) – қозғалыстағы бейне мен дауыстың ара қашықтықта көрсету мен қабылдау байланысының жүйесі болып табылады.

Тұрақтылықты қалыптастырудың сапалық деңгейі теледидардың маңызды қоғамдық қызметін сәтті орындауымен айқындалады. Оның өлшемі төмендегідей: әлемде, елде болып жатқан ақпараттарды тарату – ақпараттық қызмет; қоғамды, мемлекет пен қоғамдық жүйені біріктіру – коммуникативтік-интеграциялық қызмет; билік алдында қоғам мүдделерін жариялау – vox populi («халық үні»)қызметі; мемлекет, басқарушы тап, билік өкілдерінің бұқара халық мінез-құлқын басқару (манипуляциялауға дейін) – саяси қызмет; жастарға білім беру, ересектерге саяси тәрбие беру –халықты әлеуметтендіру қызметі; қазіргі заман тарихын көрсету – тарихнамалық қызмет; ойын-сауықтық қызмет [4].

Интернет (ағылшынша Internet) біріккен компьютерлік желілердің әлемдік жүйесі. Жаһандық ақпараттық кеңістік құрып, әлемдік өрмектің физикалық негізін құрады. Ал, бүгінгі таңдағы қоғам өміріндегі әлеуметтік желілердің дамуы, халықтың өмір сүруіне әсер еткені сонша, онсыз әр күнін елестетуі мүмкін емес сияқты. Сондықтан, тұрақтылықты қамтамасыз етуде Интернеттің бұл саласын бақылау маңызды саналады деп ойлаймыз.

Жалпы әлеуметтік желілерде жазылған заңдылықтар жоқ. Десек те, әлеуметтік желілер отбасы, мектеп, дос-жарандар секілді әлеуметтендірудің классикалық институттарын қарқынды түрде ығыстыру қаупін туындатып отыр. Виртуалды қауым қалыптастыру шын мәнісінде әлеуметтендірудің дәстүрлі уәкілдерін ауыстыруға ықпалы мол. Бірақ, пайдаланушылардың виртуалды әлемде игеретін жағымсыз қасиеттері шын өмірге келгенде әлеуметтендірудің нақты процесін күрделендіріп, қалыптасқан қоғамдық ережелерді күйретуі мүмкіндігін ұмытпауымыз қажет. Өйткені, әлеуметтік желілерде ішкі тәртіптерге негізделген нормалар мен ережелер қоғамдық стандарттармен сәйкес келе бермейді және оны бұзғаны үшін шын жауапкершілікке тартылатындығын кеш түсініп жатамыз.

«Internet World Stats» агенттігінің кезекті зерттеу нәтижесіне мән берсек. Ондағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады. Ең танымал әлеуметтік желілердің қатарында күніне 1 млн 125 мың рет қаралатын «Мой мир», 558 мың рет қаралатын «Одноклассники», 525 мың рет қаралатын «В контакте», 410 мың рет қаралатын «Facebook»-ті жатқызуға болады.

Күніне 350 мың қазақстандық ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ке кіреді. Өйткені, бұл ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы. Агенттік ұсынған тағы бір қызықты дерек, әлеуметтік желілердегі әрбір екінші адам өзі жайында өтірік мәлімет жазады. Тарқатып айтсақ, олардың 29 пайызы есімі мен жасын, 23 пайызы отбасылық жағдайын, 22 пайызы түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы, 17 пайызы білімі мен жұмысына қатысты өтірік айтатын болып шыққан [5]. Әрине, бұл нәтижелер көпшілікті ойландыруы қажет деген пікірдеміз.

Мәселеге қарап отырғанымыздай, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікірге ықпал жасауы әр түрлі. Қазіргі таңдағы түсініктерде де оның өзгеруі заман талабы екені анық. Теледидар мен Интернет, оның ішінде әлеуметтік желілерге мән беруіміз тақырыпты тереңдетті деп ойлаймыз. Әсіресе, киберәлеуметтендіру проблемасын ашуға жол ашылады деген пікірдеміз. Мақаладағы тұжырымдар жаңа ойларды туындатуға септігін тигізеді деп ойлаймыз және тың зерттеулерге ықпал жасайды.

Жалпы қоғамдағы тұрақтылықты қалыптастыру экономика, әлеуметтік өмір, саясат, мәдениет секілді бір-бірімен байланысты үдерістердің жеке тәртіптілік қатынастармен байланысты болады. Қоғамдық өмірдің маңызды төрт саласы болып табылатын ұғымдар арасында өзара қарама-қайшылықтар мен шиеленістер болып тұрған жағдайда жүйедегі тәртіпті сақтау мақсатында мемлекеттік институттар жиынтығы арқылы реттеліп отыратыны анық. Бұл әлеуметтік өмірдегі тәртіп пен даму үшін жасалатын қимылдарға жол ашады. Сондықтан ғылыми зерттеу жұмысында берілген мәселелер тереңдетіліп қарастырылады және Конституцияның тұрақтылық пен патриотизмнің іргетасы ретіндегі орны анықталды. Саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі бұқаралық ақпарат құралдарының орнын анықтау нәтижелі жұмыс нәтижесін берді деп ойлаймыз.

Әдебиет:

1.Қазақстан Республикасының Конституциясы // Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты [Электрондық ресурс]. – Көру режимі: http://www.akorda.kz/kz/page/kazakstan-respublikasynyn-konstitutsiyasy_1339065134

2.Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы // Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты [Электрондық ресурс]. – Көру режимі: http://www.akorda.kz/kz/page/kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-n-a-nazarbaevtyn-khalykka-zholdauy-2010-zh_1341123470

3.Назарбаев Н.Ә. Әрқашан бірге, әрдайым алда болайық // Егемен Қазақстан. —2006. —25 қазан.

4.Третьяков В.Т. Как стать знаменитым журналистом. – Москва: Алгоритм, 2010. – 559 с. — С. 93. – ISBN: 978-5-9265-0768-0.

5.Әлеуметтік желілерді күніне 5,6 миллион қазақстандық пайдаланады //[Электрондық ресурс]. – Көру режимі: http://www.baq.kz/news/18917

Насимов М. О. Тұрақтылық келісім идеологиясының негізі ретінде [Текст] / М. О. Насимов, Б. Ж. Паридинова // Молодой ученый. — 2015. — №8.1. — С. 24-27.