Жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырудағы мұражайлардың ролі

Қазіргі жаһандану үдерісінің даму кезеңінде білім ордаларының негізгі қызметі жас ұрпаққа оқу мен кәсіби білім ғана беріп қоймай, жан-жақты жетілген, эстетикалық талғамы биік, рухани-адамгершілік мәдениеті жоғары, әлемдік мәдениеттен хабары бар, ұлттық құндылықтарды қадірлей білетін, отаншылдық рухтағы тұлға етіп қалыптастыру. Осыған байланысты оқу-тәрбие үдерісінде жастарды отансүйгіштікке, ерлікке, адалдыққа, елін, жерін құрметтеуге үйрету, шыншылдыққа тәрбиелеу қазіргі қоғамның басты мәселелерінің бірі.Бұл бағытта өзінің зор мүмкіндігімен мектеп мұражайларының атқаратын ролі жоғары деуге болады. Мұражай-музей сөзін (мусейон) адамзаттық мәдени қолданысқа көне гректер енгізген. Олар үшін бұл орын «храм муз» даналар мен философтар жиналатын, терең ойға бататын, толғанатын орын болған. Музей гректің – museion – орын, музаға арналған орын, муза ғибадатханасы деген түсінік береді. Муза -1. Шабыт. Муза-2. Көркемөнер мен ғылымның қамқоршы құдайы. Ал римдіктер музе (музеум) сөзін философиялық талқылау, айтыстар орны ретінде пайдаланған. Флорентийліктер «музей» сөзін сирек кездесетін бағалы заттар жиынтығы деген мағынада ХV ғасырдан бастап қолдана бастайды. «Музей» сөзі ХVIII ғасырдан бері қарай маңызды ерекшеліктері бар заттарды сақтайтын және көрсетуге арналған ғимарат деген түсінікке ие болды. Ежелгі гректердің рухани өмірінің орталығы болып табылатын осы мусейондарда оқымыстылар мен философтардың, ақындар мен музыканттардың пікірталастары мен жарыстары өтіп, көптеген өнер туындылары жинақталды. Орта ғасырлардан бастап кейбір еуропалық ағартушы ғалымдар өз еңбектерінде мұражайлардың білімдік-тәрбиелік маңызы мәселесіне тоқтала бастады. Мысалы, 1591 жылы Дж.П. Ломаццо өзінің «Муза туралы» трактатында мұражайды көпшіліктің өнер туындыларымен танысатын жері ретінде сипаттама берді. 1658 жылы Я.А.Коменский өзінің «Orbis Sensilium Hictus» еңбегінде алғаш рет мұражай құндылықтарының көрнекі құрал ретіндегі педагогикалық аспектілерін ашып көрсетеді. 1880 жылдары батыс елдерінде мұражайларда оқушыларды ғылыми-техникалық және көркемдікке оқыту мен тәрбиелеу бойынша бірлескен жұмысты қамтамасыз ету үшін мектеп мұғалімдерімен өзара қатынас қызметтері құрылды. Қоғамның барлық жігіне әсер ететіндей деңгейде мұражай мен мектепті біртұтас жүйеге айналдырған Г. Коль болды. Яғни, ол мұражайдың білім беру жүйесіндегі рөлін айқын түсіне отырып, былай деген : «Егер музейлер мен галереялар алдарына білімдік мақсат қоймайынша, тиімсіз және адам жалықтыратын мекеме болып қала береді». Бұл тұрғыда алғашқы білім беру жүйесіндегі кәсіби мұражай Англияда пайда болды. Англиядағы мұражайлар Америка Құрама штаттарында мұражай ісінің қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Бұған бірінен соң бірі Нью-Йорк, Бостон, Филадельфия, Чикагода ашылған мұражайлар дәлел бола алады. Бұл мұражайлардың барлығы дерлік білімдік мақсатта құрылып, тіпті кейбіреулерінде «музей мұғалімі» қызметі енгізілді. 1920 жылы прагматикалық идеологияның үстемдік құруымен мұражайлар педагогикалық мұражайға айнала бастайды. Мұражай педагогикасы ұғымы ХХ ғасырдың басында Германияда ғылыми айналымға енгізілді. Осы уақыттан бастап мұражайлар оқу-тәрбие мекемелері ретінде қалыптаса бастады. Біздің елімізде мұражай педагогикасы 1970 жылдың басынан айналымға енді [1, б. 56-57].

Ағылшын публицисті, өнер теоретигі Дж. Рескин қоғамның мәдени-рухани тәрбиесін зерттей отырып мұражайдың бұл саладағы міндеттеріне былай тоқталған.

— мұражай бұл – барлық адам көріп қызықтай алатын, бәріне де қолжетімді, адамзат баласының өз қолымен жасаған құнды дүниелерін жинап, қастерлеп сақтайтын табиғат және өнер туындыларын сақтаушы орын.

— мұражай бұл — адамды табиғатпен және өткен тарихпен, шығармашылық өнермен байланыстыратын бірден-бір мәдени орын.

— мұражай бұл-адамның рухани және шығармашылық қасиеттерін шыңдайды.

Қазіргі әлеуметтік-мәдени кеңістікте мұражайлардың ролі олардың білім беру қызметінің кең көлемде таралуымен және тереңдігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ сан ғасырлық тарихы бар рухани-мәдени игіліктерді оқу-тәрбие үрдісінде лайықты пайдалану жалпыадамдық құндылықтарды терең түсінуге де ықпал етеді. Қоғамның сұранысына сай мұражайлардың ақпараттық әлеуеті, олардың рухани және материалдық құндылықтардың түпнұсқасын сақтаумен және оны келешек ұрпаққа жеткізуі кәсіби қызметімен сәйкес келеді. Мұражайдың білім беру үдерісіндегі негізгі мақсаты – тұлғаның сол кезеңдегі тарихи-мәдени кеңістіктегі танымын арттыру. Мұражай қойылымдарындағы көрнекіліктер ұлттық мұра-мұрағаттарды халыққа насихаттау арқылы рухани құндылықтарды қадірлеу, отансүйгіштік, адамгершілік деген сияқты баға жетпес құндылықтарды қалыптастыру мақсатында қызмет етеді [2, б. 13]. Бұл күнде мұражайлар типі ғылыми-зерттеу, ғылыми-ағарту, және оқу мұражайлары болып бөлінеді. Мәдени – білім беру және ағарту бағытында ғылыми-ағарту мұражайлары кең ауқымда көпшілікке қолжетімді болып келеді. Білім беру мекемелеріндегі оқу мұражайлары туған жерді терең, жан-жақты тани түсуге көмекші құрал болып табылады. Қазіргі жаҺандану заманында білім беру мекемелерінде адамзаттың рухани құндылығын сақтауға өз ықпалын тигізетін мектеп мұражайларының рөлі маңызды. Осы себепті елімізде мектептерде әр түрлі типтегі мұражайларды ашу жолға қойылуда. Бұл мұражайлар әр типте боғанымен ортақ мақсатта қызмет етеді. Яғни, жас ұрпақты рухани тұрғыда бай мұрамен қаруландыру [2, б.52-54].

Мектеп мұражайларын сөз жоқ рухани-материалдық мәдениет пен білімнің ордаларының жарасымды үйлесім тапқан орнына жатқызуға болады. Ресейлік мұражайтанушы ғалымдар Ю.Б.Яхно және И.Н. Микулан мектеп мұражайлары алғашында тарих, география, биология, дүниетану және т.б. пәндерінің сабақ барысында қолданатын көрнекілік құралдарын атап айтқанда карталар, естеліктер, фотосуреттер, гербарийлер, минералдар және т.б. құжаттар сақтайтын кабинеттер негізінде жасақталған деген тұжырым келтіреді. Мектеп мұражайлары қысқа уақыт ішінде мектеп оқушыларын оқыту мен тәрбиелеуде тиімділігі артып педагогикалық практикада кеңінен қолданылуда. Кез-келген мұражайдың негізгі тұрақты қызмет көрсетуші буыны, басымдық беретін категориясы бұл мектеп оқушылары екені белгілі. Сонымен бірге, балалар бойында рухани-мәдени құндылықтарды дарыту ерте жастан бастап қалыптасу қажеттігіне ешкімнің күмәні болмас. Негізінен мектеп мұражайлары білім ордасының оқу-тәрбие жұмысын үйлестіруші ретінде көбінесе мектеп түлектерінің, ата-аналардың, оқушылардың, педагог-мұғалімдердің бастамасымен жүзеге асырылады. Кей ретте өлке тарихына қызығушы оқушылар мен мұғалімдердің өз бетінше ғылыми-зерттеу, мектеп тарихына байланысты деректерді жинақтау мен іздестіру нәтижесінде құрылып жатады [3, б.76-79].

Сонымен қатар ресейлік ғалымдар Т.А. Кудрина, Н.В. Шалахова, И.М. Косов, О.В. Лысиков, К.Г. Левыкин, Т.Ю. Юренев, Л.М. Шляхтин өздерінің ғылыми-зерттеу еңбектерінде музей мен білім мекемелері арасындағы байланыс, музей педагогикасы, музей қызметі, типологиясы, мектеп музейлерінің теориясы мәселелерін қарастырған. 1985 жылы Т.А. Кудринаның редакциялауымен жарық көрген «Музей және мектеп» атты еңбекте бірлескен авторлар жас ұрпаққа патриоттық, интернационалистік, эстетикалық, адамгершілік, азаматтық тәрбие берудегі әр түрлі бағыттағы музейлердің мүмкіндіктеріне тоқталған. Сондай-ақ кітапта мектеп пен музей арасындағы байланыс, мектеп музейлерін құрудың шарттары және олардың оқу-тәрбие үрдісіндегі ролі туралы қамтылған.

Мектеп мұражайларын құрудағы ең басты мақсат оқушылардың туған өлкенің тарихы мен мәдениетіне қызығушылығын арттыру, шығармашылық бейімділіктеріне қолдау көрсету, аға ұрпақ бойындағы адамгершілік құндылықтарына құрметпен қарау, елін, жерін сүюге бағытталған ұлтжандылық пен отаншылдық сезімдерін қалыптастыру, рухани-мәдени құндылықтарды бойына сіңіру. Н. Назарбаев «Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу алдымен, өзің тұрған өлкенің тарихын танудан, адамын ардақтаудан басталады» деген. Сондықтан өз өлкеміздің, туған жеріміздің тарихын зерттеу, насихаттау, атақты тұлғаларын жас ұрпаққа таныстыру мектеп мұражайларының негізгі міндетіне жатады. Мұражай тек мектептің ерекше түрдегі оқу кабинеті ғана болып қоймай, ашық білім беру кеңістігіндегі басты тәрбие орталығына айналу қажет. Мектеп мұражайының негізгі мақсаты – жас буынның отбасы, ата-ана, мектеп, қоғам, отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру, туған өлкенің табиғи байлықтарын сақтап құрметтеуге үйрету, еліміздің өткені мен бүгініне құрметпен қарау, адамгершілік-эстетикалық мәдениеті жоғары, ой-өрісі биік азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету. Мұражай жұмысы негізінде оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасы қалыптастырылады, адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке тәрбиеленеді. Мектеп мұражайлары ашық білім беру кеңістігінің бір бөлігі ретінде мектеп пен мәдениет мекемелері, қоғамдық бірлестіктер арасындағы байланыстың дәнекері және білім беру мекемесінің азаматтық-патриоттық қызметінің үйлестірушісі қызметін атқарады. Мұражай материалдары мұғалімдер үшін тәрбие сағаттары, тарихи кештерді жүргізу, сабақ үрдісінде пайдалануда таптырмас құрал екені сөзсіз. Мұражайдың негізгі міндеттерінің бірі жастарға патриоттық тәрбие беру. Патриотизмге тәрбиелеудің негізгі көздеген мақсаты – өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасын, туған өлкесін, отанын сүюге, ар-намысын қорғауға, және т.б. ізгі адамгершілік қасиеттерге баулу. Әрине бұған оқушыларды мектеп мұражайларындағы сақталған құжаттар, түрлі жәдігерлер, фотосуреттер, құнды деректерді сөйлету арқылы және осы оқу ордаларында білім алған еңбек, өнер, мәдениет, денсаулық, білім, өндіріс, спорт және т.б. салаларда биік шыңдарға жеткен алдыңғы толқын аға-апаларымыздың үлгі тұтарлық өмір жолдарымен таныстыру арқылы қол жеткізуге болады. Бұған Абай атамыздың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген өлең шумақтары да дәлел болатын секілді. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың, алдымыздағы аға-апаларымыздың ерліктерін, өнегелі істері, ел үшін жасаған жақсылықтары, еткен еңбектерін дәріптеу – қазіргі кездегі басты мәселелердің бірі. Оқушы жастардың патриоттық тәрбиесі Қазақстанның әйгілі, ұлы адамдарының өмірлік іс-әрекеттерін үлгі етуден басталуы тиіс.Өз өмірін қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін құрбан еткен халқымыздың ұлы батырларының ерлігі болашақ жастарға үлгі, сабақ болуы тиіс. Мектеп мұражайларында оқушылар туған өлке тарихы, мәдениеті, табиғаты, , түрлі жәдігерлермен құжаттардың түпнұсқасын табумен және т.б. мәліметтер мен деректерді іздестіру-жинақтау жұмыстарымен, оларды сақтаумен, зерттеу істерімен айналысады. Негізінен білім ордаларының ресми емес бөлімі ретінде мектеп мұражайларын еліміздегі мұражайлар желісінің ерекше бөлігіне жатқызуға болады7 ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында өлкетану жұмыстарының қарқын алуына байланысты білім ордаларында мектеп мұражайларын ашу жаппай сипат ала бастады. Бұл әсіресе 1950 жылдардан бастап сол кезеңдегі Кеңес өкіметінің мерейтойлық мерекелерін кең көлемде атап өту шаралары кезінде көптеп ұйымдастырыла бастады. Бұл кезеңдеКеңес өкіметі пен коммунистік партияның сара саясаты, олардың ізбасарлары комсомол мен пионер ұйымдарының табыстары мен жетістіктерін насихаттайтын құжаттар мен жәдігерлер мектеп мұражайларының басты экспозициясы болды. [3, б.91].Ғылыми-зерттеу жұмыстары мен мәдени-ағарту саласының тарихын, құнды жәдігерлер, мәдени мұраларды жинақтау, сақтау, насихаттау жұмыстарымен айналыса отырып мұражайлар рухани-мәдени және білімдік-тәрбиелік орасан зор әлеуетке ие. Осы ақпараттық әлеуетті тиімді пайдалану арқылы патриоттық рухы асқақ , азаматтық сана-сезімі биік, рухани-адамгершілік құндылықтары жоғары тұлға ретінде оқушы жастарға тәрбие беру мектеп мұражайларының басты міндеті. Мектеп мұражайының өзіндік тақырыптық бағытына қарамастан оқушылар жоғарыдағы жұмыстарды атқаруы арқылы тарих, әдебиет, археология, этнография, деректану, мұражайтанудың да негізгі түсініктері мен әдістерінен хабардар бола алады. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бейімделіп, зерттеу жұмысын таңдап оны негіздеуге, тарихи талдау жасауға, дерек көздерін тауып жинастыруға, сыни ойлауға, болжамдар, пікірлер, ұсыныстар, қорытынды жасауға машықтанады. Қазіргі таңда еліміз бойынша 8 мыңнан мектеп жас ұрпақты білім нәрімен сусындатса, соның 1400-ден астамында мектеп мұражайлары ұйымдастырылған. Қызылорда облысының білім беру мекемелері жанынан 30-дан астам мектеп мұражайлары жұмыс жасауда. Облыс орталығы мен аудандардағы мектептер, оқу орындар жанында құрылған бұл қоғамдық негіздегі мұражайлар – келешек жас ұрпаққа оқу-білім, адамгершілік, эстетикалық тәрбие беретін, сонымен қатар қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тұрмысын, тағы да басқа ұлтымыздың мұраларынан айырылып қалмауға септігін тигізетін рухани-мәдени орынға айналып отыр.

Әдебиет:

1. Оспанова Ә. Мектеп және мұражай педагогикасы // Қазақ тарихы. – 2009. — №1.

2. Тойлыбаева Ұ. Мұражай ісі – танымға жол // Мәдени мұра. – 2013. — №1.

3. Микулан И.Н. Школьный музей как средство формирования патриотизма учащихся.// дисс……канд. пед. наук: Ставрополь, 2007.

4.Жанбетов Қ. Мұражай – тәрбие мектебі // Мәдени мұра. – 2013. — №1.