Ұлы ғалым, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логик, музыка зерттеушісі Әл-Фараби Әбунасыр Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби Оңтүстік Қазақстан өлкесінің көне Фараби, кейіннен Отырар қаласы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. 20жасына дейін сонда оқып , тәрбиеленеді де өсе келе Шығыс елдерін аралап білімі мен ғылымын дамытады. Солардың ішінде араб халифатының саяси-мәдени орталығы Бағдатта, Кайрде, Алеппода, Дамаскіде болып көптеген ғылыми зерттеулер жасайды. Шам шахарында көптеген жылдар бойы тұрып ғылыми салаларды игереді. Фараби бабамыздың асыл ғылыми шығармашылығы дүние жүзі мәдениеті мен ғылыми жаңалықтарына Шығыстың Аристотелі деп танылған. Болашақ ұрпаққа қалдырған ғылыми мұрасы, 160-қа жуық трактаты біздің заманымызға жетті. [1.]
Әл-Фарабидің еңбектерінің ішіндегі ең шоқтығы биігі ол-музыка саласы. Негізінен алғанда, Фарабидің өзі -асқан музыкант, аспапта шебер орындаушы болған. Ол жайлы ел арасында мынадай бір аңыз -әңгіме бар:
Шығыс патшаларының бірінің сарайында той-думан қызып, бек-патша , бай-манап, қожа-молдалар жиналып үлкен жиын-тамаша құрып жатқан көрінеді. Оған Фараби де қатысады. Бірақ шарап ішіп елірген қауым Фарабиге ілтипат жасамайды. Шыдамаған Әбунасыр бір шетке шығып, домбырасын қолға алып, аса бір мұңды күй орындайды. Оның мұңдылығы сонша жұрттың бәрі ойын-сауықты тастай салып, уайымға беріліп егіліп жылайды. Енді бір сәт аса бір қуанышты, көңілді күйді ойнай жөнелгенде әлгі жұрт еңселерін бірден көтеріп, балаша билеп, жын қаққандай сақылдап ойнап кетеді. Мұнан соң Фараби бір түрлі жаймашуақ , бір сарынды қоңыр ырғақты күй ойнағанда отырғандар музыка әуеніне елітіп , бірі қалмай ұйықтап қалады. Оларды ұйықтатып тастап Фараби жайына жүріп кеткен екен. [6.]
Музыка зерттеу саласында Фараби әр алуан шығармаларымен қатар «Музыка туралы үлкен кітап» атты көлемді еңбек қалдырды. Бұл жұмыс музыкалық дыбыстың сипаты мен құрылымынан бастап, музыканың поэзиямен байланысына дейінгі музыканың эстетикалық – теориялық принциптерін шешуге бағытталғын. Музыка зерттеу саласындағы еңбектерінде Фараби музыканың адамға емдік қасиетін, жағымды әсерін жан-жақты дәлелдеді.
Фараби жалаң орындаушы ғана емес , аса ұлы музыка зерттеушісі , асқан теоритик болған. Оның «Музыканың ұлы кітабы» деп аталатын көлемді шығармасын бүкіл музыка тарихшылары бірауыздан музыка теориясы жайлы жазылған үлкен еңбектердің қатарына қосуы тегін емес. Мәселен, француздың көрнекті музыка зерттеушісі, осы еңбекті 1930-35 жылдары француз тілдеріне аударған Р.Эрланже: «…Фарабидің бұл салада кейіннен араб тілінде жазған авторлардан айырмашылығы жер мен көктей» десе , ағылшынның қазіргі музыка зерттеушісі Г.Фармер : «Музыканың ұлы кітабы» Фарабиді орта ғасырлардағы музыка жөнінде жазған ең үлкен автор болды деген пікірімізді дәлелдеп отыр» деп жазған.
Фарабидің пікірінше, музыканың ғылыми іргетасы тәжірибе-бақылау мен физика-математика ғылымдарының қағидаларынан тұрады, ал оның негізгі мақсаты мен адамның эстетикалық мұқтаждығын қанағаттандыруға тиісті, оның бір ұшы поэзияға тіреледі, өйткені поэтикалық тіл мен музыка тілі бір-біріне етене болып қабысқан кезде музыканың әсерлігі мен эфектісі күшейе түседі, яғни музыка ғылым ретінде математикаға жақын тұрса, өнер ретінде поэзияға туыстас.[3.]
Кейбір деректерге қарағанда Фараби шығарған әндер осы күнгі Иран, Ирак, Түрік және басқа да Шығыс елдерінде орындалады. Оның өзі жасаған «Канун», «Уд», «Қыпшақ» деп аталған аспаптары болған сияқты. Фарбидің музыка теориясына арнап бірнеше еңбек жазғаны баршамызға мәлім. «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка жайлы талдау», «Ырғақтардың классификациясы», «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдардың энциклопедиясы» атты туындыларында музыка ғылымын талдауға арналған тараулар бар. Ғалым музыка ғылымының шығуын материалистік тұрғыдан түсіндіреді.[5.]
Фараби музыка ілімін жасауда сөз жоқ ертедегі грек оқымыстылары Пифагор, Аристотель, Евклид, Аристоксен, Птоломейдің еңбектеріне сүйенеді. Алайда Фараби бұл авторлардың идеяларын сын көзбен қарап, логикалық сарапқа салып, ғылымның жаңа жетістіктері негізінде қайта талдап шығады. Олардың дұрыс-бұрыс жерлерін дәл басады. Сондықтан да Фараби бұл салада гректерден көп озық кеткен. Мәселен, ежелгі грек ғұламалары аспаптарды зерттеуді тіпті қолға алмаған. Ал, Фараби музыкалық аспаптарды зерттеуді тыңнан бастап, математика мен физиканы жетік білгені сонша , олардың музыка іліміндегі мүлт кеткен жерлерін дәл тауып түзетеді, дамытады. «Мен тек музыка ғылымын бағалаушы ғана емеспін, музыка өнерін бағалаушыдамын, сондықтан да ертедегі гректерге қарағанда, көбірек зерттеуіме, ізденуіме мүмкіндігім болды» деп жазды. Фараби Шығыстың ғылымы мен өнері ескі грек ғылымы мен өнерінің жай ғана көшірмесі болды деп кемітетін буржуазия ниеттес оқымыстылары бұған не дер екен.
Фарабидің музыка саласында жазған «Музыканың ұлы кітабы» атты трактаты құрғақ музыкалық шығарма емес, бүкіл орта ғасырлық ғылымдардың сындарлы ескерткіші. Мұнда ғылымның философиялық мәселелері мол қамтылған, музыканың тәжірибелік және теориялық негізін қалап, музыкалық аспаптарды қалай жүзеге асыру жолдарын көрсетіп береді. Нақтылы айтқанда , Фараби теориялық ғылым жасаудың үш шартын қойып, осы шарттар негізінде музыка теориясын өз бетінше жаңадан жасап шығады. «Музыканың ұлы кітабы»: музыка ғылымына кіріспе, музыка ғылымының негіздері, музыкалық аспаптар, музыкалық композиция атты үлкен –үлкен тараулардан тұрады.
Бұл еңбек IY ғасырда –ақ латын тіліне аударылып, Европада музыка ғылымының дамуына үлкен әсер етті. Мәселен, бұл еңбекте музыканың теориясы мен практикасында қазір қолданып жүрген он екі жарты тондық музыкалық жүйенің бастамасы бар.
«Музыканың ұлы кітабының» бірінші тарауында мелодия, музыкаға бейімділік, практикалық және теориялық музыка, музыканың шығуы, музыкалық білім беру, музыкалық өнер, сезім және ақыл қорытындысы, бастапқы , негізгі принциптер, музыкадағы табиғи нәрселер жайлы айтылады.
Екінші тарауында музыка ғылымының негіздері жайлы баяндаса, үшінші тарауында музыкалық аспаптар жайлы айтылады. Ал төртінші тарауында ырғақ, фонема және фраза, тондар жайлы айтылады.
Фараби бұл еңбекті замандастарының өтініші бойынша жазған, оның себебі жайлы былай дейді:
«Сен ежелден келе жатқан байырғы музыка өнерін білгің келіп, түсінікті әрі жеңіл , жұрттың көдесіне жарайтын кітап жазуды өтінген едің… Сол тапсырмаңды осы уақытқа дейін орындай алмай келдім. Себебі бұл мәселе жөнінде жазған ертедегі ғалымдардың еңбектерін тегіс, мұқият қарап шығуға тура келді.
Мен қарап шыққан еңбектерде бұл өнердің кейбір жақтары мүлде ескрусіз қалған сияқты. Көпшілік кітаптарда музыка мәселесі , әсіресе, оның теориясы бір-біріне байланыссыз жазылған. Алайда бұл кемшіліктер ертедегі ғалымдар қабілетінің нашарлығынан кетті. Ал енді олардың музыка жөнінде жазған еңбектері не жоғалып кеткен немесе арабшаға нашар аударылған болуы керек. Бұл мәселенің олқы болып отырғанын мен осылай түсіндіре аламын. Міне, сол себептен мен сенің тілегіңді орындауды өзіме борыш санап, осы кітапты жаздым. »[2.]
Музыка зерттеушісі Әбунасыр Мұхаммед ибн Тархан әл-Фарабидің әлем өнеріндегі басты жаңалығы музыканың теориясын жасағандығында. Себебі осы уақытқа дейін музыка зерттеушілерінің сөзіне сүйенер болсақ, «Әл-Фараби жасаған музыкалық теория нақты әрі айқын.» [4.]
Резюме
В творческом исследовании музыки Фараби, наряду с различными произведениями, оставил «Большую книгу о музыке». В этой рассматривается структура и характеристика музыкальных звуков, их эстетико – теоретические принципы до его взаимосвязи с поэзией.
Summary
In the creative study of music Farabi left along with various works « Great book about musiс».
Пайдаланылған әдебиеттер
- К.Кенжетаев. «Асылдар мен ардақтылар» Алматы. Өнер-2002.
- Ә.Төлебаев. «Өнер үрдісі»
- М.Ахметова. «Ән өнері және уақыт» Алматы. Өнер-1993.
- П.Момынов. «Қазақ музыкасының тарихы.» 1-том.
- Балабеков. «Қазақтың музыка фольклоры.» Алматы. 2006.
- Ә.Қоңыратпаев., Т.Қоңыратпаев. «Көне мәдениет жазбалары.» Алматы.