Соңғы жылдары педагогикалық әдебиеттерде білім беру мекемелеріне қатысты инновациялық педагогикалық тәжірибені үйрену, зерттеу, пайдалану төмендегідей бағытта қарастырылып келеді:
— кафедраның профессор-оқытушылар құрамының, университет басшыларының, білім беру мекемелері қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен кәсіби шеберлігін арттыру өз жұмыстарының құрамды бөлігі;
— университеттің әдістемелік инновациялық бағыты;
-кафедраның профессор-оқытушылар құрамының, білім беру мекемелері қызметкерлерінің шығармашылық дамыту құралы;
— педагогикалық зерттеу әдісі;
— педагогика ғылым мен практикасының өзара байланысының нәтижесі;
-кафедраның профессор-оқытушылар құрамының, білім беру мекемелері қызметкерлерінің педагогикалық іс-әрекетінің арнайы түрі.
Қазіргі кезеңде қолданылып жүрген «ендіру ұғымы» «пайдалану» ұғымымен қатар қолданылады. «Ендіру» мен «пайдалану» ұғымдарының мән – мағынасын жете ашып алуымыз қажет: «Ендіру» — жаңаны міндетті түрде қолдану дегенді білдірсе, «пайдалану» жаңаны ерікті түрде қолдануы [1].
Педагогикалық ғылыми жаңалықтарды оқу-тәрбие үрдісіне ендіру тек қана мемлекет көлемінде ғана жүзеге асырылып қоймайды. Қазір әрбір жоғары оқу орнында өз зерттеу проблемаларына сәйкес жаңалықтар ендірілуде жаңалықты ендіруде университеттің түбегейлі ерекшеліктері ескерілуі тиіс
Дайындық – ендіру іс-әрекетінің тиімділігінің қамтамасыз ететін педагогикалық жағдай деңгейі, сондай-ақ ұжымның психологиялық ахуалын қанағаттандыратын және ғылыми-әдістемелік кешеннің сәйкестігін білдіретін, ендірілетін тәжірибе.
Ғылыми еңбектерде жасалған талдауымыздың нәтижесінде, озат инновациялық білім мен біліктіліктің минимал деңгейін анықтайды:
-педагогикалық іс-әрекеттің арнайы түрлерін ендіру бойынша инновациялық білімі;
-жаңаны зерттеушілік біліктілігі;
-практикада кездесетін инновациялық мәселелерді ғылыми проблема түрінде қарастыра алуы;
-қарастыратын инновациялық проблеманы шешудің өз тәжірибесінен алынған жолдарын көрсету;
-педагогикалық іс-әрекеттің жаңартылған жүйесін жасау;
-қарастырылатын мәселе бойынша мақсатқа бағытталған бақылау;
-қажетті негізгі және қосалқы инновациялық ақпараттарды таба алуы және пайдалана білуі [2].
Жаңашыл мұғалімдердің 10 идеясы бар:
1. Балаларға деген адамгершілік қарым – қатынас, әрбір оқушыны жеке тұлға деп қарау;
2. Оқушының ішкі жан дүниесін, оның мақсат – мүддесін, ынтасын, қабілетін, әлеуметтік жағдайларын танып білу;
3. Оқушылармен қарым – қатынасты дұрыс құра білу, оларды оқу-тәрбие үрдісінің әрептесі, субъектісі қылу, баланың тілегі мен ынта-ықыласын есепке ала отырып танымдық іс-әрекетке араластыру;
4. Оқушыларға үлкен мақсаттар қоя білу және оқушылардың сол мақсаттарға жете алу сенімін нығайту;
5. Балалар ұжымына сүйену, ұстаз бен оқушылардың ұжымдық шығармашылығы;
6. Оқушыларға үлкен мақсаттар қоя білу және оқушылардың сол мақсаттарға жете алу сенімін нығайту;
7. Оқушыларға мүмкін болған кезде, тапсырмаларды еркін таңдау құқығын бере алу;
8. Бағдарламалық, материалдарды ірі блоктарға біріктіру, тірек сызбалар мен тірек конспектілерін пайдалану;
9. Оқушыларды ұжымдық және даралық өзін-өзі тани білуге үйрету;
10. Оқушыларды ұжымдық, қоғамдық шығармашылыққа үйрету;
11. Шығармашылық тұрғыда өзін-өзі басқару.
Жоғары оқу орнындағы білім мазмұнын және құрылымын жаңартудың негізгі бағыттары жоғары мектептегі білімнің мемлкеттік жалпыға міндетті стандартында ерекше атап көрсетілді: ХХІ ғасырдың әлемдік және қазақстандық білім беру жүйесінің дамуының негізгі басымдылықтары:
біріншіден – білім сапасын арттыру; психология,педагогика, тәрбие теориясы, дидактика, педагогиканың оқыту әдістемесі пәндерің оқыту сапасын жақсарту;
екіншіден – білімде ақпараттық – коммуникациялық технологияларды тиімді қолдану, жаңа технологияларды жасау және тарату, инновацияларды өрістеу және ынталандыру;
үшіншіден – оқыту, жұмыс орнын дайындау жұмыс нарығы арасындағы өзара байланысты нығайту;
төртіншіден – оқытушылар мен студенттердің білімі мен біліктілігін жетілдіру;
бесіншіден – қоғамдық ресурстарды сондай-ақ білімдегі инвестицияларды біріктіретін сектор аралық қатынастарды тиімді қолдану және т.б. болып табылады.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың басым бағыттарының бірі – мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастыру. Ғалымдар педагогикалық іс-әрекетті білім берудің ізгіліктік парадигмасы негізінде қарайды, мұғалімнің инновациялық іс-әрекетін бағалау критерийлерін қарастыруда. Мәселен, ғалым И.И.Цыркуннің зерттеуіне сүйенсек, болашақ педагогтардың инновациялық іс-әрекетінің бағыттылығын төмендегідей сипаттауға болады: [3].
— білім беру мазмұнын жағарту; жаңа оқу бағдарламасын жасау, интегративті, элективті курстар, факультативтер үшін жаңа бағдарламалар құру;
— тәрбиелеу мен оқытудың жаңа технологияларын құру: оқытудың жаңа технологиясын жасау, тәрбиелеу мен оқытудың жаңа іс-әрекетін анықтау;
— студенттерді дамыту мен олдардың танымдық іс-әрекеттерін бағалаудың диагностикалық әдіс – тәсілдерін іздестіру;
— білім беру жүйесін басқару мен өзін-өзі басқарудың жаңа менеджменттік жүйелерін құрастыру.
Инновациялық іс-әрекет және болашақ педагогтардың инновациялық даярлығының педагогикалық шарттарын қарастыруды бастамас бұрын, біз инновацияның педагогика ғылымында қаншалықты мәні барын және әлеуметтік – педагогикалық алғы шарттарын қарастырғанды жөн көрдік:
Шарт – объектінің өмір сүруі үшін немесе әрекет етудің керекті базасы негізгі ретінде көрінеді. Педагогика ғылымында шарттарды объекивті және субъективті деп ажыратады. Философтар шарттарды қажетті және жеткілікті деп бөліп қарастырды. Шарт оқиға салдарының, заттар өзгеруінің және әлемнің объективті құбылысын анықтаушы ретінде қарастырылады.
«Шарт» ұғымының көптеген анықтамаларын талдау оларды төмендегідей жіктеуге мүмкіндік береді:
Біріншіден, бұл – белгілі заттың, дененің, өзін қоршаған ортаға, құбылыстарға қатынасын білдіретін философиялық категория, яғни дене зат жағдайға тәуелді, ал жағдай – ол денеге, затқа сырттай ықпал жасайтын, объективті әлемнің алуан түрлі құбылыстары; белгілі құбылысты немесе үрдісті дүниеге әкелетін себепші күштен шарттың немесе жағдайдың айырмашылығы, ал ой-пайда болған құбылысқа, нәрсеге, затқа — өмір суретін және әрі қарай дамуыға мүмкіндік беретін орта болуында;
Екіншіден, бұл — өзіне бір нәрселердің тәуелді жағдайы;
Үшіншіден – бұл өмірдің, қоғамның қажеттілігіне орай қалыптасқан ережелер, ұстанымдар;
Төртіншіден бұл – басшылыққа алынатын талаптар.
Жоғары оқу орнындағы ғылыми — әдістемелік жұмыс – болашақ педагогтардың инновациялық даярлығын қалыптастырудың алғышарттары.
Студенттің әдістемелік, инновациялық жұмысқа қатысуы соңғы нәтижеде оның жеке педагогикалық жүйесінің, дербес педагогикалық жұмыс стилінің қалыптасуына ұласады. Педагогикалық инновация толық дәрежеде әлеуметтік инновация мәнінің жалпы теориясын инноватикаға бейнелейді. Инноватиканың әдістемелік негіздерінің көмегімен педагогикалық инновация анықтамасының төменгі белгілерін беруге болады:
— инновация педагогика ғылымының және білім беру саясатының әлеуметтік – педагогикалық қарама –қайшылықтардың шешеуші құралы ретінде;
— инновациялық идеялардың практикалық құралға айналуы және келесі кезекте оның кеңейтілген тәжірибеде қолданылуы;
— білім беру мен тәрбиенің әртүрлі кезеңдеріндегі ғылыми қағидаларда, мазмұнда, ұйымдастыруда педагогикалық үрдісті материалды – техникалық қамтамасыз етуде жаңа сапа ретіндегі инновациялар;
— студент пен оқытушы арасындағы қалыптасқан қарым – қатынас түрлерін жаңаша ұйымдастыру;
— педагогикалық қызметтің шығармашылық пен даму мәселесін жаңалықты игеру негізінде қарау.
Инновацияның даму заңдылықтары білім берудегі дәстүрлі көзқарастан бас тартудан пайда болады. Бұл кезеңде педагогика инновация толық аяқталып қаралмады. Прогрессивті идеялардың көпшілігі педагогикалық инновацияны белгілі бір дәрежеде тереңдетіп, енгізе алады. Алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибенің кеңейтілген құрылымын М.Ф.Харламов береді. Алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибе генезисін әр кезеңдердің бірлігіне байланысты сипаттайды:
Бірінші кезең – педагогикалық іскерлік (теориялық, практикалық даярлығы);
Екінші кезең – педагогикалық шеберлік (мұғалімнің гуманистік бағыты, педагогикалық қабілеттері, педагогикалық техникасы);
Үшінші кезең – педагогикалық шығармашылық (оқу-тәрбие жұмысының тәсілінің түр өзгерісі, олардың модернизациясы);
Төртінші кезең – жаңашылдық кезеңі (оқыту үрдісіндегі жаңа прогрессивті идеяларды ұсыну мен жүзеге асыру).
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының міндеттері білім беруді басқаруды одан әрі демократияландыру негізінде Қазақстандық білім беру моделінің жұмыс істеуінің заңламалық, нормативтік, құқықтық базасын жетілдіру; білім берудің мазмұны мен материалдық-техникалық базасын жаңарту; білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін құру; білім беруді, ғылым мен өндірісті ықпалдастыру; кәсіптік білім берудің сапасын арттыру үшін нақты экономика салаларын тартудың тетіктерін құру; әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдасуды қарастырады. Ол өз кезегінде әлемдік желі арқылы білім алу тәсілдеріне сүйенеді [4].
Әдебиет:
1. Қазақстан Республикасының 12 жылдық білім беру тұжырымдамасы. — Астана, 2010 — 8 б.
2. Бұзаубақова К.Ж. Мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастыру. — Алматы, 2006.
3. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. — Астана, 2007.
4. «Білім» ғылыми-педагогикалық журнал. №1 (49)2010 (22,23бнт), №3.
Тауипбаева А. Т. Деңгейлеп саралап оқыту технологиясын жоғары оқу орындарында қолдану ерекшелігі [Текст] / А. Т. Тауипбаева, А. М. Базарова, Г. Т. Абдихайымова // Молодой ученый. — 2015. — №6.2. — С. 64-67.