Қазір лингвистикада сөздің мағыналық құрылымының өзіне тән ерекшелігін, коммуникация үрдісінде сөз қызметінің заңдылықтарын зерттеу бірінші орынға қойылуда.
Тілдегі сөздің семантикалық ерекшеліктерін айқындау көбіне сөздер арасында болатын жүйелі қатынастарға байланысты. Лексикалық-семантикалық жүйеде олардың өзара араласуы күрделі де көп жақты болып табылады. Семантикалық өзара араласу мен оның айрықша белгілерін табуда, сол сияқты әлеуметтік құбылыс ретінде тіл жүйесінде осы қатынастың қандай рөл атқаратынын және олардың сөз құрылымын қалайша сипаттайтынын анықтауда нақты лексикалық бірліктердің семантикалық қатынастарын талдау өзекті мәнге ие.
Біз мақаламызда қазақ және неміс тілдеріндегі көру етістіктерінің семантикалық бөліну белгілерін, нышандарын және топ ішіндгі байланыстарын қарастырмақпыз.
Қазақ және неміс тілдеріндегі көру етістіктеріне семантикалық талдаудың негізгі әдісі ретінде компоненттік талдау әдісін таңдап алдық. Компонентті талдауда біз лингвистикалық әдебиетте жиі қолданылатын және ең қолайлы «сема» терминін қолдандық. Сема (грек. Sema — белгі) — мағынаның әрі қарай бөлінбейтін ең кіші бірлігі. Сема белгіленетін заттардың, болмыс құбылыстарының әр түрлі қырлары мен қасиеттерінің тілдегі қарапайым көрінісі. Сема термині туралы В.Г.Гак былай дейді: «Каждая сема представляет собой отражение в сознании носителей данного языка различительных черт, объективно присущих денотату, либо приписываемых ему данной языковой средой и, следовательно, являющихся объективными по отношению к каждому говорящему» [1, 95].
Шындығында да, компоненттік талдау әдісін қолдану негізінде салғастырылып отырған тілдердегі көру етістіктері өрісінің ішкі құрылымындағы ерекшеліктерін құрайтын әр тілдің өзіне тән семантикалық белгілерді анықтауға мүмкіншілік туады.
Сөздердің мағына компоненттері жалпылаушы семалар (интегралды, немесе, архисема) және айырушы семалардан (дифференциалды сема) тұрады. Жалпылаушы семалар мен айырушы семалар сөздің лексикалық мағына құрамына енуі керек, бірақ сөз мағынасын семалардың қосындысы не жиындысына тең деп қарау дұрыс емес. Ситуацияға байланысты бір сема жетекші сема, екінші бір семалар оған қосалқы, көмекші, қызметін атқарып, негізгі мағынаның орталығын жасап тұрған семаны толықтырып тұруы шарт. Қай сөздің мағынасында семалардың саны көп болса, сол сөздің мағынасы жайылыңқы, абстрактылы, көп мағыналы сипатқа ие болады.
Жалпылаушы сема тематикалық, лексика-семантикалық топтарға сөздерді топтастыруға негіз болады, ал айырушы сема сол топтың мүшелерінің жеке-дербес жасауына жағдай жасайтын сема болып есептелінеді.
«Көз салып байқау, көзбен байқау, бағдарлау» жалпы семантикалық белгісіне сүйене отырып көру мағыналы етістіктер мазмұндық құрамындағы «көру» семантикалық белгісі негізінде біртұтас семантикалық класқа бірігеді. Жалпы көзбен көру қабілетін қазақ тілінде көру, қарау етістіктері білдірсе, неміс тілінде sehen, schauen, blicken т.б. етістіктері білдіреді.
Аталған етістіктер көру етістіктерін біртұтас лексика-семантикалық топқа біріктіріп, олардың инварианттық мағынасын құрайды. Басқа етістіктер аталған етістіктермен өзара байланысты қатынасқа, соның ішінде синонимдік қатынасқа түседі. Өріс құрамындағы етістіктердің көру, қарау — sehen, schauen, blicken етістіктерімен арақатынасы түрлік айырушы белгілердің негізінде шектеледі, себебі олар қосымша мағлұмат беріп, тектік семантикалық нышандарды (архисема) нақтылайды.
Сондықтан зерттеудің бастапқы кезеңінде семантикалық талдаудың негізгі мақсаты салғастырылып отырған тілдерде көру етістіктерінің ортақ айырушы семантикалық белгілерін және семантикалық топтары мен микроөрістерін табу болып табылады. Көру етістіктерін мағынасына қарай топтау және микротоптарға бөлу көру етістіктері ішінде гипонимиялық қатынастарын анықтап, тектік және түрлік семантикалық қатынастарын белгілейді. Тектік және түрлік семантикалық белгілерді анықтау салғастырылатын тілдердегі көру етістіктерінің топтарын, тектерін және түрлерін анықтауға мүмкіндік береді. Көру етістіктерінің жалпы топтарын, тектерін және түрлерін анықтау қазақ және неміс тілдеріндегі көру етістіктерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтауға негіз болады.
Көру етістіктерінің лексика-семантикалық өрісіндегі бірліктердің семантикалық компоненттерінің құрамын айқындау негізінде аталмыш өрістің орталық және шеткері аймақтарын анықтадық. Орталық және шеткері аймақтарға жататын етістіктер мағынасы жағынан біркелкі болып келмейді.
Қазақ және неміс тілдеріндегі „көру“ мағынасындағы етістіктердің лексика-семантикалық құрылымына талдау бұл топтардың орталығына көру, қарау; неміс тілінде sehen, schauen, орталыққа жақын орналасқан етістіктер: байқау, шолу т.с.с. салғастыратын тілде blicken (көбінесе әдейі, саналы түрде қарауды білдіреді), mustern- т.с.с. екендігін көрсетті. Ал шеткері аймаққа қазақ тілінде аңғару, аңдау, үңілу, тану т.с.с. етістіктері жатса, неміс тілінде merken, schielen, strahlen, fixiern, lauern т.с.с. етістіктері жатады. Етістіктерді семантикалық белгілері бойынша әріқарай талдау зерттелініп отырған етістіктердің белгілі бір топтарға ортақ айырушы нышандары бойынша бірігетінін көрсетті. «Көру, қарау» семантикалық нышаны орталықта орналасқан етістіктердің семантикалық құрамында негізгі мағынаға ие болады. Сондықтан көру етістіктері мен орталық аймақта орналасқан етістіктер гипер-гипонимиялық қатынаста болады: көру, қарау — sehen, schauen тектік термин болып табылады да, орталық аймақтағы етістіктер «көру, қарау» семасының әртүрлі аспектісін анықтайды. «Көру, қарау» семантикалық нышаны көру етістіктерінің архисемасы болып табылады және ол әрі қарай айырушы нышандары арқылы бөлініп әртүрлі көру етістіктерін семантикалық топтарға біріктіреді. Көру, қарау — sehen, schauen етістіктері салғастырылатын тілдердің орталық аймақтарын құрайды және олар қазақ тілінде де, неміс тілінде де жалпы көру процесін білдіреді. Топтық семантикалық айырушы нышандары бар көру етістіктерінің мағынасы «көру» архисемасына қарағанда күрделірек. Мысалы, қадалу, тесірею, шұқшию, тесілу, сұқтану, жіті қарау етістіктерін „біреуге немесе бір нәрсеге зер салып үңілу“, „көз алмай назар аудару“, „көз алмай қарау“ айырушы семалары біріктіреді. Аталған етістіктер өрістің орталығына жақын орналасып, бір-бірімен синонимдік байланысқа түсіп тұр. Тесіле қарап, Майырдан жалғыз көзін алмай, сызданып отыр. Майыр: «аудар!» деп, тілмәшқа қарады [2, 81 б.]. Жаңағы арыз жөнінен Ақбас берген бірнеше сұрауларға жауап айтып болды да, Абай тағы да кітаптарға қадалды [2, 277б.]. Абайдың мынау жауап, мынау жүзінен соң жандарал оған бір сәт жалт бұрылып, ұзақ ойлана үнсіз тоқтап, қадалып тұрды [3, 277б.]. Мынау отырған сендерге салық! – деп аз тоқтап, Сүйіндікке қадалып отырған жалғыз көзін енді төрдегі Байсалға аударды. Одан өзінің оң жағында отырған Бөжейге қадалды [2, 16б.].
Ал неміс тіліндегі anstieren, stieren, glotzen, anstarren, anglotzen, anstaunen, angaffen, gaffen, begaffen, fixieren (umg.) етістіктерін „j-n oder etw. staunend betrachten – біреуге тадана қарау“, „starr oder erstaunt blicken – таңдана, тесірейе қарау“ айырушы семалары бір топқа біріктіруге негіз болып тұр. Аталған етістіктер біреуге немесе бір нәрсеге көз алмай тесірейе қарау, көзін бақырайтып қарауды білдіреді және бір бірімен синонимдік байланысқа түсіп тұр. Мысалы: Der Trunkenbold glotzte mit seinen glasigen, feuchten Augen Hardekopf an (сөзбе сөз: Ішкіш Хардекопфқа бедірейіп шыны көзін қадады [ 4,142б.] Hardekopf starrte in sein Bierglas, strich sinnend den Vollbart (сөзбе сөз:. Хардекопф ойлана сақалын сипап алдындағы сыра құйылған ыдысына тесіле қарады [4,41б. ] Er stierte sie mit verschlafenem Blick an. (сөзбе сөз: Ол оған ұйқылы көзімен тесірейе қарады [4,160б.] Frieda Brenten starrte mit ahnungsvoll aufgerissenen Augen auf die fremde Frau… (сөзбе сөз: Фрида Брентен бөтен әйелге бірнәрсені сезгендей тесіле қарады [5, 81б.]
Адыраю, одыраю, бадыраю, бақшию, бажыраю, едірею, ежірею, бақыраю, ажыраю, ақыраю, бежірею, оқшию, алару, ақшию, ақшия қарау, шадыраю т.б етістіктерінің семантикалық құрылымында «көз салып байқау, көзбен байқау» семасы негізгі емес, бұл етістіктер көру процесінің әрекетін (актін) емес, оның сипатын, әртүрлі қырларын білдіреді. Олардың мағыналық құрамында „бақшиып қарау“, „жақтырмай қарау“, „сескеніп қарау“, „үрке қарау“, „үрейлене қарау“, „қорқып қарау“, „таң қалып қарау“, „көз алартып тесірейіп қарау“ сияқты мағыналық реңктер бар. Мысалы: Екеуі оңаша қалып, бір-біріне ажырайысып қарасқанда, түстерінде үлкен ыза бар еді [2, 557б.]. Ит көрген текедей боп, иегі мен сақалын омырауына тыға түседі. Екі көзін ежірейте қарап тыңдап қапты [3, 276 б.]. Бұл жауапты естігенде, бағанадан бері үндемей мелшиіп отырған Майбасар, Жақыптар селт етіп, қабақ түкситіп, ажырая қарасты [2, 80б.]. Сілем қатып өлгелі отырсам, — деп Қалампырды оқты көзімен атып, одырая сөйледі [2, 80б.]
Besehen, betrachten, beobachten, beschauen, begucken (umg.), besichtigen, ansehen, anschauen, beaeugen етістіктерін „aufmerksam und genau betrachten – зер сала қарау“, „j-n neugierig betrachten – бір нәрсе білгісі келіп зейін сала қарау“, „den Blick laengere Zeit (auf j-n /etw.) richten – біреуден не бір нәрседен көп уақыт бойы көз алмау“ айырушы семалары біріктіреді. Besehen етістігі көретін зат туралы толық мағлұмат алу мақсатында бір нәрсеге зер сала, назар сала қарауды білдіреді. Beschauen, begucken (umg.) етістіктері де осы мағына береді, бірақ та сирек қолданылады, оның ішінде begucken етістігі ауызекі тілде қолданылады. Besichtigen етістігі бір нәрсені ерекше ықыласпен, зер салып қарауды білдіреді, жиі өнерде. Қарайтын нәрсе бір ғана зат емес, көруге тұратын тұтас бір комплекс болуы мүмкін (музей, көрме, қала, өндіріс және т.б.). Ал betrachten етістігі көзбен ішіп жеу, көзбен қарау, бір нәрсені ойлана, сезіне қарауды, бүкіл назарын қарамақ затқа сала қарауды білдіреді. Мысалы: Überhaupt betrachtete er in diesen Tagen seine Frau genauer und fand, daß sie gar nicht so reizlos war, wie er sich immer eingeredet hatte, ja, er entdeckte, daß sie ein rührendes, kindliches und frisches Aussehen habe und so gar nicht anderen Frauen glich, die er kannte (сөзбе сөз: Осы күндері ол өз әйеліне анығырақ, зер сала қарап, ол өзі ойлағандай онша көзге түспейтін емес, керісінше, көңіл елжіретерлік, жас, бала әлпетті екенін және өзі білетін басқа әйелдерге мүлде ұқсамайтынын байқады) [4, S.179] Mit betont abschätzendem Blick betrachtete er Ernst Timm von unten bis oben (сөзбе сөз: Ол Ернст Тимді аяғынан басына шейін баға бере қарап шықты). [5, 525б.] Frau Herdekopf beobachtete ihre Tochter unauffällig (сөзбе сөз: Фрау Хардекопф қызын байқатпай бақылады [5,109б.]
Зерттеліп отырған етістіктерді әрі қарай семантикалық нышандарына қарай жіктеу көру етістіктерінің әрі қарай топтарға бірігуі олардың жалпы айыру семантикалық нышандары негізінде жүзеге асатынын көрсетті. Талдау нәтижесінде бөлініп шыққан топтар жалпы көру процесінің әртүрлі аспектісін көрсететіні белгілі болды. Өрістің орталық және шеткері аймағындағы етістіктер мағынасы жағынан біркелкі емес екеніне талдау нәтижесінде көзіміз жетті.
Сонымен, айырушы семантикалық нышандарды салғастыру, оларды жүйелеу қазақ және неміс тіліндегі көру етістіктерін тектік және түрлік мағыналық топтарға бөлудің негізі болып табылады. Қазақ және неміс тіліндегі көру етістіктерін салғастыра зерттеу олардың мағыналық арақатынасы күрделі екенін көрсетті. Екі тілдегі осы арақатынасты анықтау – көру етістіктерін зерттеудің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақ және неміс тіліндегі көру етістіктерінің мағыналық топтары құрамы жағынан біркелкі емес. Зерттеу материалдары көру лексика семантикалық өрісіндегі көру-sehen етістіктерінің мағыналық құрылымында айырушы белгілеріне қарай жалпы көру процесін білдіретін жақын немесе ұқсас лексика-семантикалық топтар бар екенін көрсетті. Бірақ бір мақалада неміс және қазақ тілдеріндегі көру етістіктері мен олардың топтары туралы айтып шығу мүмкін емес. Сондықтан біз мақаламызда көру етістіктерінің топтары, оларды айыру белгілері, топ ішіндгі байланыстар туралы алғашқы ойымызды бердік.
Әдебиет:
- Гак В.Г. Сопоставительная лексикалогия. М., 1977. -229 с.
- М.Әуезов. Абай жолы, Бірінші кітап – Алматы «Жазушы», 1989
- М.Әуезов. Абай жолы. Екінші кітап – Алматы «Жазушы» ,1989
- W.Bredel. Die Vaeter – Aufbau—Verlag Berlin, 1960
5.W.Bredel. Die Soehne – Aufbau—Verlag Berlin, 1960
Резюме
В данной статье рассматриваются дифференциальные семантические признаки глаголов зрения в казахском и немецком языках
The article considers differential and semantic features of the verb «sight» in German and Kasakh languages