Алтай тауының теріскей бетіне қазақтар қоныстанып, қазақтың генетикалық тобын қалыптастыруына зор әсерін тигізген фактор олардың шаруашылық, кәсіп әдістерімен тікелей байланысты. Күнделікті тіршілікпен қатар ұсақ тауар өндірісімен шұғылдана отырып, өздерінің тіршілігіне, базарға қажетті бұйымдар мен шикізатты өндіріп, өңдеп келді. Алтай тауының теріскей жағын мекендеген қазақтардың негізгі шаруашылығы, тіршілік көзі, экономикалық және әлеуметтік жағдайының негізгі тірегі көшпенді мал шаруашылығы еді. Жалпы, қазақтардың бұл өңірге көшіп келіп қоныстанудың басты себебіде – тіршілік көзі болған мал шаруашылығы қамы болатын. Алтайдың теріскей беті күнгей жағынан мал үшін көп артықшылығы болды. Мысалы, жайлауы қоңыр салқын, суы таза, шөбі шүйгін дегендей көшпелі ел, жайлым малы үшін қолайлы мүмкіндіктері артық еді. Қазақтың абақ-керей руларының мал жайлымының жайы туралы Г.Ф. Астафьев былай деп жазады. “Осы елді мекеннің кейбір жеріне көшіп қонып мал жайып отыруға қолайлы еді. Көшпенді мал шаруашылығының негізі қыс пен жазға сәйкескен жайлымы бар болуы қажет. Мәселен, Алакөл ойпаты мал қыстатуға өте қолайлы болса да, жайлауға жайсыз болатын”. Қазақ руларының үлкен бір бөлігін жайлымның осындай жайсыздығынан қыс пен жаз бойы малымен бірге үнемі көшіп, қонып жүруге мәжбүр етті. Әсіресе, қыстау мәселесі өте күрделі болды. Г.Е. Грумм-Гржимайло: “Алтайда жер дауы негізінен қыстау дауы болатын” – деп жазады. Жайлау мен қыстаудың ара қашықтығы 20-көш жер болу қазақтардың тіршілігіне өте батты. Сонымен, жайлым мен көштің азабынан безген қазақтың абақ-керей руының аздаған тобы Алтай тауының теріскей жағына біртіндеп жылжып көше орналасуы оларды мал шаруашылығына кездесіп келген қиыншылықтан құтылуына мүмкіндік жасады. Бұл өңір мал бағуға өте қолайлы, қыста қар жауып, қысқы жайлымы су, шөпке мол, қыстау мен жайлау арасы жақын т. б. қолайлы жақтары қазақтар тұрақты мекендеп тіршілік етуіне зор әсерін тигізді. Мал шаруашылығының қауіпсіздігі – қазақтардың өмір тіршілігінің арқауы, өздерінің өмір тірлігінің кепілдігі болды [1,468 б].
Бұл өңірге қазақтар ірге тепкеннен соң 30-дай жыл уақыт өткенде қазақтар Қобда өзенінің батысы, оңтүстігінде Даян, Сырғалы көлі, Сақсай, Буянт, Дэлүн өзендерін қыстап, жайлап отырды. “Моңғолиядағы” қазақтар Қобда өзені бойын қыстап, 6, 7, 8-ші айда тау жоталары мен Сырғалы, Дайын көлі, Сақсай өзенінің сағасы мен Жалғыз ағашта жайлайтын еді” – деп В.В. Сапожников 1906-ші жылы жазғанды . Осы кезде Алтай тауы теріскей жағындағы қазақтардың негізгі кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болып келді. Оның басты ерекшелігі төрт мезгілге сәйкес, көшіп-қонып жүру еді. Қазақтардың көшпенді өмірінде ру, ата, ауыл жағдайлары терең әсер ететін. Бұл өлкедегі қазақтар үшінде ауыл – тек ағайын-туыс адамдардың жиынтығы ғана емес, көшпенді мал шаруашылығы жағдайында өндіріс жүргізудін ең тиімді түрі еді. Бір ауыл – көшпенді өндірістің басты бірлігін құрады. Олар мал жаю, көші-қон, ақ, ет тағамдарын дайындау, өңдеу т.б. еңбек күшін біріктірумен қатар, материалдық және рухани біртұтастықта болатын. Бұл өлкедегі қазақтарда малдың жайына қарай өріс-қонысын ауыстырып, қыстау-көктеме-жайлау-күзеуге көшіп, өндірістің кезеңдерін өткізетін [2, 136 б.].
Алтай тауының теріскей бетін мекен еткен қазақтар негізінен Қобда, Сақсай, Дэлүн, Соғақ өзені бойы, Тұлба көлі маңындағы ықтасын жылы өңірлерді қыстады. Бұл жерлер қар аз түсетін, малды табиғи жайлымда ұстауға қолайлы жерлер болып келеді. Дейтұрғанмен бұл өлкеде қыс ұзақ, кей жылдары қатты жұт болуы қазақтардың шаруашылық және денсаулық, рухани өмірінде кері әсерін тигізген. Қазақтар бұл өлкеде көбінесе, қарашаның басында қыстауға қонып, көкекке дейін болатын. Қыстауда негізінен соғым сойып, аң аулап, қол өндірісін жүргізетінді. Қыстауда малдың семіздігін, мал басын аман сақтауға назар аударып, мал шаруашылығы өндірісін бірқалыпта жүргізудің алғашқы шарттарын қамтамасыз етеді.
Осыдан қарағанда мұндағы қазақтар негізінен қой, ешкі, жылқы ұстағаны көрініп тұр [3, 316-318 б.].
Алтай тауынын теріскей бетіндегі қазақтың абақ-керей руларының жылқысының дене бітімі келісті, басы әсем, кеудесі жуан, қарыны тартыңқы, терісі жұқа, жүні қысқа, жылтыр, негізінен ақшыл қара, қаралау өңді болғанын Г.Е. Грумм-Гржимайло байқағанды. Қазақы қой деп аталатын, ет пен сүт бағытындағы тегене құйырықты қой өсірген. Қазақы қойдың денесі үлкен емес, сары, қызғылттау өңді, басының маңдайы, мұрыны дөңес, астыңғы еріні ілгері, құлағы ұзын, беларқасы тегіс, кеудесі жуан, аяғы тура тік, жазда денесіне май мол жинайды. Мұндағы қазақтар ешкі өсірмейді деп Г.Е. Грумм-Гржимайло, түйесі аз деп Г.Н. Потанин жазса да, олар көне заманнан бері ешкі, түйе өсіріп келгені белгілі [4, 71б.].
Баян-Өлгий аймағы құрылғаннан бергі уақытта халықтың әл-ауқаты бір қалыпты болмады. Орталық өлкелерден алыс, экономикалық күш қуаты төмен, мал саны аз, жоспарлы экономика саясаты т.б. салдарынан қазақтардың шаруашылығы әлсіз, әл-ауқаты төмен болды. Халықтың ішіп-жемінің бастысы ет, сүт тағамдары және аз мөлшерде көкөніс болды. Халықтың, ішіп-жейтін тағам мөлшері тым төмен болмаса да адамға қажетті барлық заттарды толық қамти алмады. Ауыл адамдарды дәстүрлі экологиялық таза ет, сүт, өнімдерін пайдаланды.
Ал, Баян-Өлгий аймағындағы қазақтар экономикасы нарықтық қатынасқа көшті. Бірнеше үлкен объектілермен қатар 100-дей шағын өндіріс жұмыс жасай бастады. Қоғамның орташа тіршілік ету деңгейінен төмен өмір сүретін адамдар 1996-шы жылы Баян-Өлгий аймағы халқының 45,7%-іне жетті. 1995-ші жылы Баян-Өлгий аймағында 2187 отбасының 11034 адамы кедей деп есептелінді. Кедейліктен құтқару қорынан оларға аздап жәрдем жасалды. 1995-ші жылы АҚШ-тың шағын өндірісті қолдау қорынан ұн, етік, тері илеу, кір сабын жасау қатарлы 20-дан астам шағын өндіріске 66,8 млн сомның қарызы беріліп, 300-ден астам адам жұмысты болды. Осындай, азды-көпті шаралар болғанымен де кедейлік, жұмыссыздық ішіп-жем, басқа бұйымдар, электр қуаты, бензиннің бағасы салыстырмалы қымбат болуы Баян-Өлгийде ең ауыр мәселе қалпында қалып отыр. Өлгий қаласының өзінде еңбекке жарамды 8863 адамнан 3490-ы немесе 38,2 %-і жұмыссыздар. Сондықтан да, Асгат күміс кені сияқты ірі өндірістер ашуға батыстың инвестиясын кіргізуге арналған қадамдар жасалуда. Қазақстан Республикасы да Баян-Өлгий аймағына инвестиция кіргізуге келіскені белгілі.
Сөйтіп, Баян-Өлгий аймағы өзіндік дара ерекшеліктеріне сәйкес көп салалы экономикалы болуға талпынуда. Ол үшін Баян-Өлгий аймағы өзінің экономикалық артықшылықтары мен кемдіктерін есепке ала отырып өзіндік экономикалық саясатын белгілеу қажеттігін өмір өзі көрсетіп отыр.
Біріншіден, Баян-Өлгий аймағы жері табиғи байлыққа бай, еңбек күші, инженер-техникалық мамандар жеткілікті, рух потенциалды, шекара өткелектері – Қазақстан, Ресей, ҚХР-мен қатынас жасауға қолайлы және экономикалық еркін өлке болдыру жайында ойланыстырылуда. Таяудағы 20 жылда жан саны 127,5 мың адамға жетіп, еңбек жасындағы адам саны өседі. Міне, осыған сәйкес жұмыс орнын пайда болғызу шетел инвестициясын кіргізу, жаңа өндіріс орындарын ашу маңызды істер ретінде туындап отыр. Баян-Өлгий аймағы экономикасында сыртқы сауда өте маңызды орын алып келеді. Аймаққа қажетті бұйымдардың 48 – 93%-ін шекара саудасы арқылы қанымдап отыр. Сондықтан аймақ өндірістері өз өнімдерін халықаралық бағамен шет елдерге шығару, мал өнімдерін өңдеп экспортқа дайындау т.б. қажеттігі туылуда .
Екіншіден –батыс өңірі экономикалық зонасымен интеграциялауда маңызды іс болып отыр. Сонымен бірге, жол, әуе жолына, байланысты замандандырудың маңызы зор.
Үшіншіден – Баян-Өлгий аймағының қоғамдық-экономикалық ары қарайғы дамуын қамтамасыз етуге арналған дамудың ғылыми моделін жасау қажет. Ондай моделді іске асыру жолдары Баян-Өлгий аймағының географиялық орналасуы, экологиялық табиғи жағдайы, тек демография, психология т.б. факторлармен қатар аймақтың қоғамдық-экономикалық өмірінің өткенімен бүгінгісіне терең ғылыми талдау жасап, сол зерттеудің нәтижесіне сүйенген экономикалық даму бағдарламасын жасау қажет болып отыр.
Баян-Өлгий аймағы құрылғаннан бері қазақтардың экономикалық-әлеуметтік өмірінде белгілі мөлшерде алға басушылықтар болды. Дейтұрғанмен, халықтың экономикалық өмірін тұрақты, бірқалыпты жүргізуіне социалистік экономикалық саясат аумағында әр түрлі кедергі, ауытқулар ұшырасумен келді [5, 158-161 бб.].
Сонымен, Алтай тауының теріскей беткейіндегі қазақ ауылдарының өмірі мен тіршілік көзі мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Сол себептен шаруашылықтың басқа салаларын меңгеру өздерінің өмір қажеттігін қамсыздап, бұл өлкеде қазақ этносының қалыптасуы мен дамуына өзіндік әсерін тигізді. Баян-Өлгий аймағының құрылуы, бұл өңірдегі қазақтардың қоғамдық-экономикалық өміріне жаңа мүмкіндіктер ашып берді.
Жоспарлы экономика дәуірінде жалпы шаруашылықта кейбір жетістіктер болғанымен халықтың өз дәулеті болмауы олардың экономикалық мүмкіндіктерін шектеумен келеді. Міне, соның кесірінен нарық экономикасына өткен өтпелі кезеңде қазақтар өмірі ауыр қалге түсті. Баян-Өлгий аймағының жалпы экономикалық өмірінен, мұндағы қазақтардың болашағы өмір сүру деңгейімен айқындалатыны белгілі.
Резюме
В статье даны сведения о экономических проблемах казахского населения, проживающих в регионах Баян Улке Монгольской Республики.
Summary
This article considered the economical problems of Kazak nation in Mongolia, Bayan -Ulke area.
Пайдаланған әдебиеттер
- Грум-Гржимайло Г.Е. (Очерк) “Северно-заподной урианхайский край”. Т 3, – Москва: 1936. – 465-468 бб.
2.Мініс Ә, Сарай А. МХР Баян-Өлгий аймағындағы қазақтар тарихы. – Өлгий, 1960. -136 б.
3.Қинаятұлы З. Моңғолиядағы қазақтар. – Алматы: 2001.- 316 б.
4.Ислам Қ. Моңғолия қазақтарының тарихы. – Өлгий: 1980. -71б.
- Қозғанбаева Г.Б. Моңғолиядағы қазақ диаспорасы тарихы, бүгіні мен ертеңі. Тарих ғыл. канд. дисс., – Алматы, 2003.-158 б.